Бүгінгі заманның Атымтай Жомарты

0
7875

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық  қорының төрағасы,  «Qazaq» газетінің  құрылтайшысы, «Марсель  групп» компаниясының  президенті, «Алтын  жүрек», «Халықтың  сүйіктісі» ұлттық  сыйлықтарының және Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты,  меценат Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев  65 жасқа келді.

Ат үстінде жүрген азаматтың жақсы атын халыққа сіңірген еңбегі шығарады. Өйткені, халық жады – тасқа түскен таңбамен тең. Өшіруге де, көшіруге де көнбейді. Әрбір ісің мен сөзіңді халық жады қалт жібермей, ой төрінде өрнектеп, сана кеңістігінде сақтайды. Сақтап қана қоймай, қажетті жерінде азаматтың абыройын асқақтатып, беделін биіктетер әрлі әңгімеге қанат бітіреді. Ақиқатын аңыздай тербеп, аңызын ақиқаттай етіп тереңнен қозғап, сырын айтады…

Біз таныған, танып та жүрген Махмұт Нәлібаев – тұлғалы басшы, тұғырлы азамат, жүрген жерінде жақсы атымен, абыройлы ісімен, сабырлы мінезімен, халықшыл қалыбымен танылған, өзін тағылымды ұйымдастырушы, табанды басшы ретінде көрсете білген үлкен жүректің иесі.

Қазақстан мұнай-газ саласының өркендеуі жолында зор еңбек сіңіріп, еліміздің экономикасының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан тұлға ретінде де танымал. Махмұт Ыбырайханұлының басқаруымен бірнеше жаңа жобалар қолға алынып, қазіргі таңда кен орындарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс орындары ашылып жатыр. Сонымен қатар, елдің әлеуметтік саласына да баса назар аударып келеді. Оның барлығын жазуға газет беті көтермейді. Сондықтан біз бүгін қалталы азаматтар руханиятқа бет бұрмайтын, қол ұшын созбайтын уақытта Махмұт Ыбырайханұлының ұлт руханиятына жасап жатқан жанашырлығына қыс-қаша тоқталмақпыз.

Махмұт Нәлібаев басқаратын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының да атқарып жатқан шаруасы толайым. Бұл – Халық Қаһарманы көзі тірісінде рұқсатын беріп, құрылған қор. Қоғамдық қор 10 жылдан астам уақыт ішінде біраз игі істердің ұйытқысы болды, соның ішінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының (Ақмола облысы), Қобыланды батырдың (Қостанай қаласы), Сағадат Нұрмағамбетовтың (Мәскеу) еңселі ескерткіштерінің ашылуына демеушілік көрсетті. Қордың қаржыландыруымен «Ұлт мақтанышы – Сағадат Нұрмағамбетов» атты арнайы фотоальбом, «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» атты кітап үш тілде, «Мұстафа Шоқай көзімен» атты шы-ғармашылық туындылары бес тілде шығарылса, сондай-ақ «Елбасының сыныптастары», «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты энциклопедиясы, Оразбек Сәрсенбайұлының «Азаттық құрбандары», Құдайберген Сұлтанбаевқа арналған және  басқа да кітаптар оқырман назарына ұсынылды. Сағадат Қожахметұлы ескерткіштерінің ашылып, көшелерге есімінің берілуіне ұйытқы болып жүр.

Бір айта кетерлігі, ұлттық дәстүрді сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беру, шет елдегі қазақ диаспораларымен қарым-қатынасты жандандыру мақсатында құрылған Қор бұл күндері сол бағыттарда өнімді еңбек етіп, бұл мақсатқа Махмұт Нәлібаев және Қордың белсенділері 700 млн теңгеден астам қаражат жұмсап, еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық, патриоттық жұмыстардың сапалы жасалуына тікелей ықпал етті. Жалпы, Махмұт Ыбырайханұлының басқаруындағы ұжым осы кезге дейін біраз шаруаны тындырды. Оның бәрін айту бізге мақсат та емес. Біздің айтпағымыз, ұлт жанашырының 2017 жылы «Qazaq» газетін қолға алып, оның жандануына қосқан үлесі туралы болмақ.

Иә, руханият жанашыры болып жүрген Махмұт Нәлібаевтың шарапаты «Qazaq» газетіне көп тиді. Оның үстіне Әлихан, Ахмет, Міржақыптар негізін қалап, 1913-1918 жылдары 265 саны жарық көрген «Qazaq» газетін араға 88 жылдан кейін халқымен қайта қауыштырған жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің қолға алған тарихи бастамасына шын ықыластық танытқан азамат та Махмұт Ыбырайханұлы болды.

2014 жылы Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткенде «Газеттің күні енді не болар екен?!» деген екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, тіпті редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, марқұм Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Бар ауыртпалық Қоғабай Сәтенұлының жары Гүлбаршын Мүталапқызы, ұрпақтары мен редакцияға түсті. 2014-2016 жылдары газет қиын-қыстау кезді басынан өткерді. Сол сын сағатта тағы да тау тұлғалы Махмұт Ыбырайханұлы шықты. Газеттің бар ауыртпалығын мойнына алды.

Ең бастысы, газет таралымын арттыру мақсатында біраз істер атқарылды. Оның ықпалымен газет таралымы 20 мың данаға жетті. Айталық, газет Халықаралық Алматы әуежайында, «Сайран» автобекетінде, «Алматы-1», «Алматы-2» теміржол бекеттерінде, Алматы метрополитенінің 9 бекетінде тегін таратылады.

Мұны Махмұт Ыбырайханұлының ұлылар қалдырған ұлағаттың үнпарағы болған «Qazaq»-тың шығармашылығына азаматтық айбар, қайраткерлік қажыр қосқанын, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух бергенін Алаш арыстары тапсырған аманаттың жауапкершілігін жан жүрегімен сезінгені деп қабылдадық.

1913 жылдың 2 ақпанында «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болсын деп, ұлттың тұңғыш демократиялық басылымы «Қазақ» газетін Алаш қайраткерлері шығарғаны тарихта таңба басқандай етіп анық жазылған. Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды арыстар газетті ұйымдастырып, шығарушылар сапында тұрды. Алайда, сол қиын-қыстау дәуірдің өзінде басылымның дер кезінде шығып, қара орман қазағының қолына жетіп отыру үшін де үлкен қаражат керек болғаны анық. Бүгінгі тілмен айтсақ, демеушілері, қолдаушылары болған. Тап сол қоғамдағы қаражат тапшылығын жаңа ХХІ ғасырда «Qazaq» қайта басынан кешіргенін, сын сағатта Махмұт Нәлібаев «Qazaq»-ты қайта «Qazaq» етіп, қанатының астына алғанын жоғарыда жаздық.

Езілген елдің жоқтаушысы болған газет ХХ ғасырда қандай жомарт жандардың қаржылай көмегімен шыққандығына осы арада дәлелдер келтіре кетейік. Сол дәуірдің өзінде дәулетімен ұлтқа қызмет ету жолында аттары шыққан қазақтың ақ жүрек қалталы азаматтарының көбі газеттің жарық көруіне септігін тигізген. Бұл көмектерін әрқайсысы әр уақытта жіберген еді. Біз олардың бәрін жарияламасақ та, мүмкіндігінше біразының аты-жөндерін жариялауға тырыстық. (Төмендегі деректер алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбайдың мақаласынан алынды).

«Көмек берушілер: Есенқұл қажы Маманұлы – 100 сом, Ғайнижамал Еменқұл қажы жамағаты – 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы – 429 сом, Айтмұхамбет Тұрысбекұлы – 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы – 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы – 50 сом, Егеубек Жиенбайұлы – 10 сом, Ғ.Әлібекұлы – 150 сом, Хұсайын Үкенұлы – 25 сом, Жолымбет Тұрымбетұлы – 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы – 20 сом, Нығметолла Күзембайұлы – 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы – 5 cом, Өмірәлі Пәнтешұлы – 5 сом, Тілеген Бадырақұлы – 5 cом. Барлығы – 1 274 сом» деп газет басқармасы алғысын білдірген.

Енді тарихи дерекке жүгінсек, газет патшалық саясатқа қарсы мақалалар жариялағаны үшін төрт-бес мәрте үлкен айыппен тоқтатылған. Сондай қысылтаяң кездерде оның қайта ашылуы үшін төленетін қаржыны (әр кездері 50, 1 500, 2 000, 3 000, 4 550 сом айыппұл тағылған) ұлтымыздың ауқатты ақ жүрек азаматтары төлеген еді.

«Дүниеден бір сабақ жіптен жиылса, жалаңашқа көйлек» деген мақал бар. Қазақ оқырмандары үшін қазақ даласының әр шалғайынан ата басылымның редакциясына осылайша демеушілік жасалып тұрған.

Міне, сол Алаш қайраткерлері Атымтай Жомарттардың қаржылай демеушілігімен ата басылымды Ұлы далаға таратып еді…

Иә, қиын-қыстау шақта халқына пана болып, бейбіт заманда ақыны мен батырын әспеттеп, тө-бесіне көтерген қазақтың қалталы азаматтары әр кезеңде болған. Өнерлісін еркелете төбесіне көтеріп, білімдісін жасына қарамай төрге оздыратын бабаларымыз рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден басым екенін о бастан-ақ терең түсінген. Бабадан жалғасқан осы дәстүрді ары қарай дамытып, қазақ руханиятының дамуына атсалысып жүрген Махмұт Ыбырайханұлын «Бүгінгі заманның Атымтай Жомарты» деп атасақ, оның еш сөкеттігі болмаса керек.

Әдетте, қазақшыл болу бар да, сол қазақтың қамын ойлау, өзіңді сөзбен емес іспен көрсету тағы бар. Ал, тұғырлы тұлға топқа емес, ең алдымен ұлтқа қызмет етуді ойласа керек. Ендеше, Махмұт Нәлібаевтай үлкен жүректі азамат барда ертеңгі ұрпақ та осындай мәрттік пен жақсылықтан кенде болмайтындығына кәміл сенеміз.

Құрылтайшымызды ертеңгі туған күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here