Ұлт жоқшысы

0
1699

Саяхат-сапарлар кезінде қасыма жоқшы ертетін әдетім бар. Кей-кейде өзімнің де сол жоқшыға ергім келетін кездерімде жанына бір ере қалсаң, сана-сезіміңді сергітіп, ақылыңа – ақыл, біліміңе – білім қосатын, бағыт-бағдарыңды компастай айқындап беретін білікті азаматтардың бірі – Өтеген Жексенбайұлы Әбдіраман деп білемін.

Әр аймақтың, әр өлкенің өз жоқшысы болады, ал біздің Өтеген ағамыз бүгінде тұтас қазақ ұлтының жоқшысына айналды десек артық айтқандық емес. Кәсіби тарихшы ретінде ол ең алдымен ұлт тарихының, этнографиясының, одан қалды туған өлке табиғатының, тіліміз бен дініміздің, ең бастысы, діліміздің жоқшысы. Алтай мен Атыраудың арасында Өтегеннің табаны, қуатты қаламының шапағаты тимеген жер кемде-кем болар-ау. Сонау Сыр бойында дүниеге келген азаматтың бірде еліміздің шығыс шетіндегі Алтайдың дәрілік шөптерін, бірде еліміздің батыс қиырындағы Маңғыстау түбегінің ғажайып аңыздарын жинап жүргенін көргенде таңданбасқа амал жоқ. Өтегеннің қаламынан туған шығармалар «Есабыз әулие», «Қазақтың қара емдері», «Қазақтың дәстүрлі халық медицинасы», «Халық медицинасының ғылыми көкжиектері, «Қазақстан шипажайлары және минералды бұлақ көздері», «Қазақстан теміржолдарының медицинасы» «Қазақ елінің астаналары», «Самарқан қаласының әмірі Жалаң-төс баһадүр», «Қыпшақ қайраткерлері», «Қоқанның соңғы ханы Қыпшақ Әлімқұл (Әмірләшкер) Хасанби», «Қазақтың үш жауы», «Қазақтың Ұлы дала төсіне жүргізілген тарихи шойын жолдарға қатысты мұрағаттық деректер», «Әлем мұсылмандарының қасиетті орындары. Мавзолейлер мен мешіттер», «Қамысқала, Ақмешіт, Перовск, Қызылорда қаласының тарихы Ресейдің әскери деректерінде» деп кете береді. 1986 жылы Ташкентте өткен Ибн-Синаның мыңжылдық тойында жасаған «Қазақтың халық медицинасының ғылыми медицинамен байланысы», 1997 жылы Түркияның Қайсері қаласында өткен халықаралық конгресте жасаған «Қазақтың халықтық медицинасы – түркітілдес халықтардың ежелгі білімдерінің бірі» деп аталған баяндамалары Өтекеңнің білім көкжиегінің кеңдігін танытып қана қоймай, «Қазақтану» деп аталар қызғылықты ғылымның түп бастаушыларының бірі екенін көрсетсе керек.

Өтеген ағамыздың тағы бір ерекше қасиеті – еліміздің батырлары мен бағландарының, жақсылары мен жайсаңдарының тарихын іздеп, солардың жоқшысы бола білуі дер едік. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген емес пе, егер Өтеген Әбдіраман есімді жазушы-шежірешіні іздей қалсаңыз, бірде Ташкенттің «Қыпшақ махалласында» аты тарихтан өшіп бара жатқан ұлы қолбасшы Қыпшақ Әлімқұл (Әмірләшкер) молда Хасанбиге көше атауын беруді сұрап табанынан тозып жүргенін, енді бірде кезінде Әбдіжәлил бабтың (Қорасан әулие) кесенесінің дәл алдына жерленген Қожамсүгір бабасының бейітін қалыпқа келтіруге ұрпақтарын жұмылдырып жүргенін көрер едіңіз. Бүкіл ғұмыры жол үстінде, ізденіс үстінде өтіп келе жатқан ағамыздың қашанда таптаурын тақырыптардан бойын аулақ ұстап, тек соны деректерді сұрыптай білетін шеберлігіне тәнтімін.

Өткен күзде Өтеген ағам телефон арқылы хабарласып: «Серік інім, сен екеуміз бір атаның, яғни Қожамсүгір бабаның ұрпағы екенімізден хабардарсың. Сол кісіге Самарқаннан «Құлпытас», «Бесіктас» әкелуге бірер ұрпақтарының атынан кетіп бара жатырмын» десе, енді міне, «кесенесінің бүгінгі кейпі» деп фотосын жіберіпті.

«Сен қанша айтқанмен, Қожамсүгірдің бүгінгі ұрпақтарының ішінде есімің елімізге белгілі жазушысың. Қожамсүгір баба, Есабыз әулие, Құдайберген палуандар жайлы аз-кем деректерден құралған шағын жинақ құрастырып отырмын. Сол жинақтың сенің алғы сөзіңмен жарық көргенін қалап отырмын» дегенінде, Өтекеңнің осы мамыр айында 75 жасқа толатынынан хабардар едім. Осы ретте көптен бергі Өтекең жайлы пікірлерімнің бір парасын қағазға түсірудің реті келгендей.

Менің бір білетінім, Сыр елінің тарихи тұлғалары саналатын Қожамсүгір, Есабыз әулие, тарихта пілді жыққан Құдайберген палуандардың аруақтарын кейінгі ұрпақтарына тірілтуші бірден-бір тарихшы қаламгер – Өтеген Әбдіраман. 

Негізгі мамандығы тарихшы, ұлтымыздың тарихи тұлғаларының жоқшысы Өтеген аға, жасыңызға Алла тағала жас қосып, Жамбылдың жасы 100-ге жетіңіз демекпін.

Серік БАЙХОНОВ,
жазушы, А. Байтұрсынұлы атындағы
ұлттық сыйлықтың лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here