Автокөлікті минутына 34 теңгеге қалай жалға алуға болады?

0
3449

2018 жылдан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мегаполисте «Anytime» атты автомобильдерді жалға беретін қызмет түрі іске қосылды. Сол төрт жылдан бері каршеринг арқылы қалада автомобильді бірнеше минутқа, сағатқа, тіпті, тәулік бойына жалға алуға болады. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін аталған каршерингтің қызметіне тоқталады.

АЛМАТЫДАҒЫ КАРШЕРИНГ КІМДЕРГЕ ҚОЛЖЕТІМДІ?

Әлемнің көптеген елінде бар «Anytime» каршерингі 2015 жылдан бері мобильді қала саласына инвестиция құюмен айналысатын «Mikro Kapital Group» компаниясының қолдауымен біздің елімізде жүзеге асып келеді.

Автопаркте алғашында жүз Volkswagen Polo көлігі болса, қазір олардың қатары Kia Rio X, Nissan Qashqai көліктерімен толықты. Көлікті жалға алу құны 1 минутқа – 34 теңгеден, 24 сағатқа – 11 990 теңгеден басталады. Тарифтерге төменде арнайы тоқталамыз.

Автомобильді жасы 18 немесе 22-ден асқан, жүргізуші куәлігі және екі жылдық тәжірибесі бар кез келген адам мобильді қосымша арқылы жалға алады. Ол үшін алдымен смартфонға «Anytime каршеринг Қазақстан» қосымшасын жүктеп алып, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін және банк картасын тіркеу қажет. Мобильді қосымшаның көмегімен жақын жердегі көлікті тауып, көлікке жеткенше 20 минутқа дейін бұғаттап қоюға мүмкіндік беріледі. Бұл кезде көлік басқа қолданушыларға қолжетімсіз болады. Ал, көлікті 20 минутқа бұғаттап қою тегін екенін айта кетейік.

«Автомобильді қалай ашамын?» дейтін сұрақ кез келген қолданушыны мазалайтыны айтпаса да түсінікті. Автомобильді ашу үшін ешқандай кілт пен пульттің қажеті жоқ. Цифрлық жүйенің арқасында автомобильді мобильді қосымшаның көмегімен ашуға болады. Сәйкесінше, көлікті қолданып болған соң оны кез келген рұқсат етілген тұраққа апарып, мобильді қосымшаның көмегімен жауып кетесіз. Ал, көлікті қолдану үшін ешқандай кепілдің қажеті жоқ. Себебі, компания қызметкерінде Сіз туралы және жалға алған көлік туралы барлық мәлімет бар.

КАРШЕРИНГ ҚАНДАЙ ТИІМДІ ТАРИФТЕРДІ ҰСЫНАДЫ?

«Anytime» қолданушыларға Volkswagen Polo, Kia Rio X, Nissan Qashqai көліктеріне бес тариф ұсынады. Көліктің түріне қарай олардың бағасында да айырмашылық болады. Айталық, «Базалық» тариф бойынша Volkswagen Polo көлігін жалға алу минутына – 34 теңге. Осы тарифтің 3 сағат немесе 6 сағат түрін таңдасаңыз, біріншісіне – 5 990 теңге, екіншісіне – 7 490 теңге төлейсіз. Көлікті 12 сағатқа (9 990 теңге) немесе 24 сағатқа (11 990 теңге) да жалға алуға болады. Яғни, тарифтің уақыты ұзарған сайын жалға алу құны да төмендей береді. Мысалы, «Базалық» тарифтің 3 сағаттық түрі бойынша құны минутына шамамен 33 теңгеден айналса, 24 сағаттық тарифте ол 11 теңгеге жетпейді. Ал, бұл Volkswagen Polo көлігін жүргізуші куәлігі бар 18 жастан асқандарға тізгіндеуге рұқсат беріледі.

«Anytime» каршерингіндегі Kia Rio X көлігі тек жүргізуші куәлігі бар 22 жастан асқандарға ғана қолжетімді. «Базалық» тариф бойынша жалға алу құны бір минутқа – 51 теңге, 3 сағатқа – 7 490 теңге, 6 сағатқа – 9 990 теңге, 12 сағатқа – 11 990 теңге, 24 сағатқа – 15 990 теңге.

Жоғарыдағы екі көлік түріне қарағанда Nissan Qashqai көлігін жалға алу қымбатқа түседі. Бұл көлікті минутына жалға алу құны Kia Rio X көлігіне қарағанда 2 теңгеге арзан болғанымен, «Базалық» тарифтің 3, 6, 12, 24 сағаттық түрлері арзан емес. Кроссоверді 3 сағатқа – 10 990 теңгеге, 6 сағатқа – 13 990 теңгеге, 12 сағатқа – 14 990 теңгеге, 24 сағатқа – 21 990 теңгеге жалға аласыз.

Жол-көлік оқиғасы кезінде барлық тариф бойынша айыппұл мөлшері 200 мың теңгеден артық болмайды.

Бір ескерерлігі, барлық тарифтің ішіне көлікті жалға алу, жанармай, ақылы тұрақ, техникалық қызметтер мен көлік жуу, сақтандыру кіреді.

Егер минуттық тарифта автомобильді қолдану кезінде дүкенге немесе басқа жерге тоқтап, көлікті уақытша пайдаланбайтын болсаңыз, бірақ жақын арада қайта көлік керек болатынын білсеңіз және автомобильді басқа қолданушы алып кетпегенін қаласаңыз, оны «Күту режиміне» қоюға болады. Ал, «күту режиміндегі» автомобиль үшін минутына 31 теңге төлеуге міндеттісіз.

Автомобильді қолданушыларға салонда темекі шегуге болмайды. Жалға алынған автомобильді басқару кезінде жол ережесін бұзған немесе жылдамдықты шамадан тыс арттырған жүргізушіге айыппұл салынады.

Толық ақпаратты www.anytime.kz сайтынан немесе 8 702 333 44 88 нөмірінен алуға болады.

Айта кетейік, каршеринг – көлікті қысқа мерзімге жалға беретін жүйе. Әлемде алғаш рет бұл жүйе 1948 жылы Швейцарияның солтүстігіндегі Цюрих қаласында қолданысқа енді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары АҚШ-та және Еуропаның дамыған елдерінде каршеринг кеңінен тарады. Бұл жүйе КСРО-да алғаш рет 1956 жылы пайда болды. Бірақ, сұраныстың көп болмауына байланысты 1974 жылы өз қызметін тоқтатты. Ал, каршеринг Қазақстан нарығына 2018 жылы келді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here