«Патриоттар уақыты» 16 маусымда Ресейде прокатқа шығады  

0
1303

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген режиссер Серікбол Өтепбергеновтің «Патриоттар уақыты» атты ауқымды қазақстандық экшн-фильмі 16 маусымнан бастап көрші мемлекетте кең прокатқа шығады. 

Картина прокатымен ірі ресейлік дистрибьютор – «Централ Партнершип» кинокомпаниясы айналысады. Бүкіл ел бойынша фильмнің 800 көшірмесі шығарылмақ. 

Естеріңізге сала кетейік, фильм отандық прокатқа 28 сәуірде шыққан. Фильмде отбасылық дәстүрді жалғастырып келе жатқан екі ағайынды туралы баяндалады: үлкені әскери барлауда қызмет етсе, кішісі – талантты жойғыш-ұшқыш. Олардың әкесі арнайы операцияны орындау кезінде қайтыс болған. Әкелері жайлы естелік пен әскери қызмет – бір бірімен тіл табыса алмайтын ағайындыларды жақындастырады. Және ауқымды террористік қастандық жоспарланып жатқаны белгілі болған кезде, ағайындылар адамдардың өмірін құтқарып қалу үшін бірігеді…     

Фильмдегі басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов пен Данияр Алшынов сомдады. Сондай-ақ картинаға Дастен Шәкіров, Зарина Хаджиметова, Асқар Ілиясов, Саят Исембаев және т.б. талантты актерлер түскен.   

«Біз әу бастан әлемдік блокбастерлер деңгейіндегі сапалы фильм түсіруді міндет етіп алдық.  Ол үшін түрлі қызмет ардагерлері кеңесші ретінде жұмылдырылды. Сондай-ақ, картинада әскери қызметшілердің ұлттық қауіпсіздік органдарымен және басқа құрылымдармен өзара әрекеттесуі көрсетілген. Бұл қазақстандық кинематограф үшін ерекше жанрлық кино», – деп атап өтті идея авторы Нұрлан Ермекбаев.

Мықты актерлік құрамнан басқа, «Патриоттар уақыты» картинасының ерекшелігі – оның техникалық құрамдас бөлігінде. Фильмде компьютерлік технологиялардың көмегімен жасалған керемет экшн-көріністер қамтылған. Сонымен қатар, фильм инновациялық түс тарату және жоғары ажыратымдылық қасиеттеріне ие Sony Venice кинокамераларымен түсірілген. Мысалы, дәл осындай камералар Том Круздың қатысуымен шығарылған Голливудтың жаңа «Топ Ган: Мэвер» блокбастерінің түсірілімінде қолданылған.

Картинаның түсірілімі өткен жылы өтті. Фильмде көрермен Қазақстанның көркем жерлерін тамашалайды – Бозжыра шатқалы, Каспий теңізі, Іле Алатауының қарлы тау бөктерлері. Сонымен қатар, материалдың бір бөлігі Түркия мен Әзірбайжанда түсірілген.

«Патриоттар уақыты» – қазақстандық авиацияға деген сүйіспеншіліктің белгісі, бірақ біздің картина авиациядан да ауқымды кеңістікті қамтиды. Бұл фильм қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерін еске алуға арналған және Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орайластырылады», – деп атап өтті картинаның бас продюсері Акбар Құрманбаев.    

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here