Балалар жылы қандай жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр?

0
3842

Биылғы Балалар жылы барша қазақстандық балалардың мерейін тасытты деуге әбден болады. Президентіміздің 19 қаңтардағы №780 Жарлығымен осынау игілікті бастаманың жоспары бекітілген болатын. Бұл жоспардың негізгі мақсаты – балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани, имандылық дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау жолымен олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

Жоспарда жалпы жетпіске жуық іс-шара бекітіліп, оның жиырма бірі баланың шығармашылық, спорттық, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатына тікелей бағытталды. Пандемияның екі жылы бұқаралық іс-шаралардың қысқаруына байланысты балалардың өзара қарым-қатынасының «жетіспеуіне» әкелді. Сондықтан да, аудандық, облыстық, республикалық мерекелерге, концерттер мен шығармашылық жобаларға оқушыларымыз белсенді қатысуға дайын, қатысып та жүр.

Республикалық жоспардан басқа, 17 өңірлік, 280 аудандық, қалалық және білім беру ұйымдарының жоспарлары қабылданды. Жоспарлармен ғана шектеліп қалмай, түрлі ұйымдастыру шаралары да қарастырылған. Мәселен, министрлік ЖАО-мен, ОМО-мен бірлесіп, Балалар жылын ұйымдасқан түрде өткізу мақсатында түрлі шаралар қабылдады. Атап айтсақ, жедел штабтар құрылып (220 адам), штаб туралы үлгілік ереже әзірленді, спикерлер пулы іске қосылды, Балалар жылының логотипі жаппай қолданылады, жоспарлар мен жоспардан тыс іс-шараларды іске асыру бойынша күнделікті, апта және тоқсан сайынғы негізде ақпарат жинау жүргізіледі, балаларды, оның ішінде жекелеген санаттарды қамту бақылауда.

Республика бойынша балалар саны 6,3 млн баланы құраса, соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік қолдаумен 100 пайыздай жекелеген санаттағы балалар қамтылып отыр, оның 460 мыңы – аз қамтылған отбасынан шыққан балалар және 22 мыңы – жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Елімізде алғаш рет әл-ауқат индексі әзірленіп, оны іске асыру процесі жүзеге асуда. Бес айда 34 мың орындық 322 балабақшаның 9,4 мың орындық 130-ы ашылды, 300 мың бала үйірмелер мен секциялармен қосымша қамтылса, бірінші рет Халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100 жеңімпазы мен жүлдегері «конкурстан тыс» қағидаты бойынша отандық жоғары оқу орындарының гранттарына ие болмақ. Және беделді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғаш рет ақшалай сыйлықтар табыс етіліп, бұл сыйлықтар олардың ұстаздарына да берілмек.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы алғаш рет енгізіліп жатыр. Білім алушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында тұңғыш рет үлгерімі төмен оқушыларды қолдауға бағытталған «Цифрлық мұғалім» жобасы да іске аса бастады. Мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының форматы да өзгерді. Енді әдеттегі ата-ана жиналыстарының орнына педагог пен ата-ана консилиумдары өткізіледі.

Республиканың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға ұлғайтылды. ЖОО гранттарының саны 15 мыңға артты. Колледжге алғаш рет оқуға түсушілер үшін белгілі бір жағдайлар жасалған түсу емтихандары алынып тасталды, талапкер 4 колледждің өзін және 4 мамандықты таңдайды. Қабылдау квотасының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді.

Балалар жылында тегін ыстық тамақ берілген бастауыш сынып оқушыларының саны он пайызға артты. «Балаға лайық» республикалық акциясы арқылы мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жағдайы ерекше бақылауға алынды. Сондай-ақ, «Балалар игілігі үшін» балалар құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік жобалық офистерді құру бойынша жұмыс басталды. Қазір әр өңірде облыс әкімінің кеңесшісі және кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік комиссия төрағасының орынбасары болып табылатын Бала құқықтары жөніндегі өңірлік Уәкіл институтын құру жөніндегі бастама пысықталып жатыр.

Психологиялық-педагогикалық қолдау, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары да бекітілді. Өңірлерде 19 түзету кабинеті және 7 оңалту орталығы ашылады. Балалар жылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 98 арнайы мектеп-интернатқа арнайы жабдықтар сатып алынады.

Алдағы 1 қыркүйектен бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 26 маусымдағы №56-VII Заңына сәйкес ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық (түзету) қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы іске асырылады. Және жасөспірімдер арасында депрессиялық мінез-құлық және суицидтік бейімділік белгілері туралы куәландыратын жарияланымдарды әлеуметтік желілерде мониторингтеу үшін жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, суицидтердің алдын алу бойынша «Alem Mental» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жоба Қазақстанның коммуникациялық интернет ортасындағы суицидтік бейімділіктер мен көңіл-күйлерді қадағалауға, алдын алу шараларын әзірлеуге мүмкіндік беретін шешімдердің біріне айналды.

Балалар жылының атап айтарлық ең маңызды жобасы – республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы. Бұл жобаға республика бойынша 6 400 кітапханашы мен 3,4 млн оқушы тартылды. Және де республикалық мектеп кітапханаларының кітап қоры 2,2 млн дана жаңа көркем әдебиетпен жаңартылды.

Барлық білім беру ұйымдарында оқушылар мен олардың ата-аналарына тегін консультациялық көмек көрсету бойынша «Bala Qorgau» жобасы жүзеге аса бастады. Жаңа жоба аясында Вalaqorgau сайты іске қосылып, QR-коды бар тақтайша орналастырылған. Онда қиындықтарға тап болған оқушылар тақтайшалардан QR кодты сканерлеу арқылы көмек ала алады.

Тағы бір жағымды жаңалық. Арнайы мектеп автобустарының автопаркі де ауқымды түрде жаңартылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар 515 мектеп автобусын сатып алды.

Букмекерлік кеңседе, оның ішінде интернет желісінде ойыншыларды тіркеу МЕАО-да алдын ала тіркеусіз мүмкін болмайды. Бұдан былай 21 жасқа толмаған адамдар МЕАО-ға тіркеле алмайды, тиісінше, заңды жолмен ұйымдастырылған бәс тігуге қатыса алмайды.

Барлық аймақтардағы мектеп және студенттер парламенттерінен 350 мың жас саясаткер өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруды дамыту тұжырымдамасы негізінде түрлі мектептегі танымдық, шығармашылық және еріктілер жобаларын дербес жүзеге асырады. Министрлік мектеп парламенттерінің 500 көшбасшысымен 8 онлайн тренинг ұйымдастырды.

Балалар әдебиетінің «Дана бала» сайты 100 кітаппен (ертегілер, көркем әдебиеттер және оқу-әдістемелік әдебиеттер) толықтырылды.

Интернет-ресурстар (телеграмм-бот, әлеуметтік желілер және т.б.) арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаның қамтамасыз етілуіне қоғамдық бақылау тетігін құру және мектептегі тамақтану сапасын, асханалар мен санитариялық тораптардың жай-күйін бағалау бойынша «Балаға LIKE» республикалық акциясы іске асырылуда.

Сөзіміздің түйінін айтсақ, Балалар жылы Үкіметтің ерекше бақылауында, Президенттің тікелей назарында. Қазақстанның болашағы – білімді, парасатты, тәрбиелі ұрпағымыздың қолында. Ендеше, балаларымыздың бүгінін жарық етіп, жарқын өмір сүруіне біздер де барынша қолдау көрсетейік!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here