Қаңтар оқиғасы: 25 адам өзін ыстық үтікпен азаптады деп арызданған

0
1309

Азаптау істері бойынша бейнежазбалар жоқ, себебі полиция ғимаратына шабуыл жасау кезінде құрал-жабдықтар бүлінген. Қазір дәлелдерді жинау бағытында тергеулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта 8 резонансты істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Бұл істер бойынша 15 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері күдікті ретінде танылды. Оның тоғызы қамауда отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында қызған бу үтікті пайдалану арқылы азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленуші болып танылды. Барлық арызданушы азаптауды қолданудың ұқсас тәсілін сипаттады», – деді Серік Шалабаев.

Прокуратура мәліметінше, жедел-тергеу әрекеттері нәтижесінде арнайы прокурорлар жоғарыдағы істерге 5 полиция қызметкерінің қатысы барын анықтады. Олардың үшеуі кінәсін мойындады.

«Алматы облысының ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу әрекеттерін аяқтадық. Олар ұсталған адамды ұрып-соғып, соның нәтижесінде кісі өлді деген күдікке ілініп отыр», – деді бас прокуратура өкілі.

Сонымен қатар, ол азаптаулар бойынша қылмыстық істі тергеудің ерекшелігі бар екенін атап өтті. Жәбірленушілердің көпшілігі өзін азаптаған адамды анықтай алмай отыр. Өйткені, кейінгілері бетперде киген немесе арнайы киім-кешегі болмаған. Сондай-ақ, істер бойынша бейнежазбалар жоқ, себебі полиция ғимаратына шабуыл жасау кезінде құрал-жабдықтар бүлінген.

«Осыған қарамастан, дәлелдерді жинау бағытындағы тергеу мен процестік әрекеттердің барлық кешенді шарасы жүргізіліп жатыр. Барлық іс бойынша тергеушілер адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес азаптауларды тергеп-тексеру әдістемелерін пайдаланып отыр», – деп қосты Серік Шалабаев.

Бұдан өзге психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп, жәбірленушілердің психоэмоционалдық жай-күйі зерделенуде.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here