Биыл отандық кикшеринг нарығы көптеген өзгеріске ұшырағалы тұр. Өйткені, елімізде электрлі самокаттарды пайдаланудың ұлттық стандарты енгізілді. Аталған стандарт электрлі самокаттардың жылдамдығы мен басқа да қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін реттейді. Соған байланысты бұл құрылғыда міндетті түрде жарық шамдарының болуы сияқты талаптар да ескеріледі. Құзырлы орындардың мұндай шешімге баруына «көлікті» тізгіндегендердің жол ережесін сақтамайтыны себеп болды. Айталық, жыл сайын электрлі самокаттарға қатысты жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Мысалы, былтыр электрлі самокаттарға қатысты 68 жол-көлік оқиғасы орын алса, биылғы жылдың бес айының өзінде 41 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл сайын арта береді. Себебі, үлкен қалаларда оларға сұраныс көп. Алматы нарығында ресейлік жаңа «ойыншының» пайда болуы осы сөзімізге дәлел бола алады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін электрлі самокаттардың тарихына, отандық кикшеринг нарығына тоқталады.
КӨЛІК ҚҰРАЛЫНЫҢ ЖАҢА ТҮРІ
Рас, соңғы жылдары қала көшелерінде діттеген жеріне электрлі самокаттармен жүйткіп бара жатқан алматылықтарды жиі ұшырататын болдық. Жүз жыл бұрын біз атпен жүргенде, Батыс елдерінде екі доңғалақты «көліктің» қолданыста болғаны да рас. Кикшеринг нарығының алғаш АҚШ-та пайда болғаны да талас тудырмайды. Қазір өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмай қалды. Содан елімізде электрлі самокаттарға сұраныстың артуы кәсіпкерлер үшін жаңа кәсіпті игеруге жол ашты.
Әрине, екі доңғалақты «көліктің» түрін дәл кімнің ойлап тапқаны туралы кесіп айту қиын. Бізге белгілісі, электрлі самокаттың 1895 жылы 19 қыркүйекте америкалық инженер Огден Болтонның атына заңдастырылғаны ғана. Өнертапқыш артқы дөңгелектің астыңғы торына 10 вольттық аккумулятор орнатылған үлгісін ұсынған. Демек, электрлі самокатты Огден Болтонның төл туындысы ретінде қарастыруға болмайды. Себебі, аталмыш ықшам «көлік» түрін дамыту мен құрастыруға біраз өнертапқыш бас қатырған.
Самокаттың ең алғаш үлгісін 1818 жылы Карл Дрез жасаған. Өзінің құрылғысын «жүретін көлік» деп атаған. Оның барлық бөлігі ағаштан жасалған. Ол қазіргі балаларға арналған самокаттарға көбірек ұқсайды. Неміс өнертапқышы құрылғысын өз заманында белсенді түрде насихаттады. Көп ұзамай оның құрылғысы үлкен танымалдылыққа ие болды. Франция, Ұлыбритания, АҚШ халқының сұранысын арттырды.
Алғашқы самокаттың негізгі тұтынушылары – балалар мен пошта қызметкерлері болды. Қолданылу аясы кеңейе бастаған соң, самокаттарды жетілдіру процесі де басталды. Жоғарыда аты аталған Огден Болтонның үлгісі құрылғының иесіне өз күшін үнемдеуге мүмкіндік берді. Бірақ, 10 вольттық аккумулятордың күші алыс қашықтыққа шыдас бермеді. Содан инженерлер самокаттың кемшіліктерін жоюға барын салды. Олар өнертабыстарының басты кемшілігі – аккумулятор зарядының көпке шыдамайтындығын салмағы мен көлемінің сәйкес келмеуімен түсіндірді. Осыдан барып самокатты ықшамдау идеясы туды. Алғашқы қадам жиналмалы, құрамалы рөл жасаудан басталды. Ықшамдалған үлгі шыққан соң, балалар мен пошташылардан бөлек, самокаттарға Голливуд жұлдыздары мен белсенді жастар қызығушылық танытты.
Жалпы алғанда, электрлі самокаттар уақыт өткен сайын дамып келеді. Демек, «көліктің» бұл түрінің жаңа үлгілері әлі де шыға береді.
Велошерингтің тарихы 1974 жылдан бастау алады. Ал, кикшеринг қызметін ең алғаш 2017 жылы Bird америкалық компаниясы ұсынды. Компанияның негізін Uber компаниясының бұрынғы вице-президенті Трэвис Вандерзанден қалады.
ВАНДАЛИЗМ ВЕЛОШЕРИНГ ПЕН КИКШЕРИНГТІҢ ДАМУЫНА ТҰСАУ САЛДЫ
2011 жылы Алматыда алғаш рет Абай даңғылында веложолдар төселді. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш веложол. Бір атап өтерлігі, ресми түрде 2 млн тұрғыны бар Алматы қаласы осы «тұңғыш» деген мәртебесінен әлі айырылған жоқ. Неге десеңіз, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ұзын веложолдар да осы мегаполиске тиесілі.
Алматы қалалық Мобильділік басқармасының мәліметіне сенсек, биыл мегаполисте тағы 10 км болатын веложолдар төселеді. Ал, күні кеше өткен Алматыны дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын талқылау барысында шаһар басшысы Ерболат Досаев келесі жылдан бастап веложолдардың ұзындығы 2025 жылы 60 км-ге дейін, 2030 жылы 125 км-ге дейін, яғни екі есе ұлғайтылатынын хабарлады. Өйткені, басқа өңірлерге қарағанда көлік кептелісінен көз ашпайтын мегаполисте жыл сайын велосипедтер мен самокаттарға сұраныс артып келеді.
Осы велошеринг нарығы бүгін сөз болып отырған кикшерингке жол ашты. Сондықтан кикшеринг туралы сөз болғанда велошерингті атап өтпеуге болмас.
2018 жылы Алматы қаласында велосипедтерді жалға беру үрдісі кеңінен қолданысқа енді. Оған сол жылы қазақстандық нарыққа шыққан қытайлық «Ofo» компаниясы оң әсер етті. Дегенмен, веложолдар бар болғанымен, веложолда жүру, жалға алынған велосипедтерді қолдану мәдениеті жоқ екені рас. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Әйтсе де, бұл мәселені «Ofo» компаниясының мысалында қаузап көрсек.
Қытайлық «Ofo» компаниясының негізі 2014 жылы Бейжіңде қаланды. Велошеринг нарығындағы алпауыт 2017 жылдың соңында әлемнің 20 еліндегі 250 қалада 10 млн велосипедті жалға беруді бастады. Сол 250 қаланың ішінде Алматы қаласы да болды. Өкінішке қарай, қытайлық компанияның Қазақстан нарығындағы «ғұмыры» бір жылға да жетпеді.
Бастапқыда Қытай компаниясының Қазақстандағы өкілдігі: «Велосипедтерді ұрлау, қосалқы бөлшектерін шешіп алу мүмкін емес. Өйткені, олар GPS жүйесімен маяк арқылы байланған», – деп өздеріне нық сенімді болған. Арада 4-5 ай уақыт өткен соң-ақ велосипедтерді жалға берушілердің сеніміне әккі ұрлықшылар селкеу түсірді. Барлық бекеттегі велосипедтер ұрланған болып шықты.
«Ofo» велосипедтерінің кебін электрлі самокаттарын жалға берумен айналыса бастаған кәсіпкерлер де киді. Сол 2018 жылы кәсіпкер Жандос Сейіт бір басылымға берген сұхбатында жалға беруге қойылған барлық электрлі самокаттардың қолды болғанын, ұрылар GPS-трекерін тауып алып, жарып жібергендерін айтты. Электр самокаттарды жалға алғандардың кепілдікке жеке құжаттарын алып қалғанымен, ұрыларды ұстауға еш көмектеспеген. Себебі, ол құжаттар ұрыларға тиесілі болмай шыққан.
Әрине, жағдай осылай болған соң, көп инвестордың нар тәуекелге баруға батылы бара бермейді. Электрлі самокаттарды жалға беруді іске қосуға деген қорқыныштың болуын велосипедтерді жалға берген «Ofo» компаниясының сәтсіздікке ұшырауымен ғана емес, шындап келгенде, вандализмнің тигізген зардабымен де түсіндіруге болады. Сөйтіп, вандализм кикшеринг идеясын қолдайтын барлық инвесторларды үрейлендіріп тастады.
Сөзіміз жалаң болмауы үшін 2018 жылы Алматыда қолға алынған «Arba» стартабын мысалға алайық. Идея авторы Лазиз Назаров сол тұста кәсібін Қазақстанда дамытуды жоспарламағаны туралы жасырмай айтқан еді. Оның себебін Қазақстанда сапалы жолдың жоқтығымен, ең негізгісі, «Ofo» тәжірибесінен айқын көрінген халықтың жабайы менталитетімен түсіндірген болатын.
Бастапқыда «Arba» жобасы қаланың кез келген бұрышында бекеттерсіз тұратын электрлі самокаттардың қолжетімді жүйесі ретінде жоспарланған. Картада мобильді қосымшада тегін тасымал қызметі көрсетілуі керек еді. QR-кодын қолдану арқылы іске қосу пысықталып та қойған. Ұрлықтың алдын алу үшін үш түрлі қорғаныспен қамтамасыз етілген. Айталық, дабыл қосатын, қозғалысын бұғаттайтын және картадан GPS-трекер арқылы оның тұрған жерін көрсететін бағдарлама іске қосылған.
Лазиз Назаровтың айтуынша, ол көп уақытын осыған жұмсаған. Өндірушілерден құлып жасауды, қозғалысты тежейтін бағдарлама әзірлеуді талап еткен. «Arba» бәсекелестерінен сынған электр самокаттарды өз бетінше жөндеп, ерекшеленуді де ұмыт қалдырмаған. Содан 2018 жылы «Arba» қосымшасы толығымен дайын болған. Инвестор аталмыш жобаға сеніммен қарап, қызығушылық танытқан. 35 электрлі самокатты сатып алуға, оны іске қосуға қажетті 20 мың долларды инвестициялауға келгенде жағдай күрт өзгерген. Дәл осы кезде «Ofo» компаниясының банкротқа ұшырағаны инвестордың құлағына жеткен. Сөйтіп, Алматыда «Arba» жүрмей қалған. Жалпы, осыдан кейін отандық және шетелдік инвесторлар велошеринг пен кикшерингтен бойларын аулақ салуға тырысатын болған көрінеді.
КИКШЕРИНГ ҚЫЗМЕТІН ТӨРТ КОМПАНИЯ ҰСЫНАДЫ
Велошеринг, кикшеринг нарығында жүргендер ұрылармен күресуде табандылық танытып келеді. Олар велосипедтер мен электр самокаттардың қорғанысын жетілдірді. Соның арқасында жаппай ұрлықтың жолы кесілді. Содан «тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген тәмсіл жанға қуат берді. Қазір елімізде бұл салаға ақша құюға дайын инвесторлар табылады. Мысалы, өткен айда Қазақстан нарығына Whoosh ресейлік компаниясы келді.
Қазір елімізде төрт компания кикшеринг қызметін ұсынады. Осы төртіктің ішінде Ozim Scooters компаниясының орны бөлек. Неге десеңіз, Ozim үш жылдан бері «аттан түспей» келеді. Нарықтағы мықты ойыншы.
2021 жылы нарықта тағы екі ойыншы пайда болды. Олар – қазақстандық JET және беларусьтік Eleven компаниялары. Қазақстанмен қатар біріншісі Беларусь, Грузия, Армения, Сербия мен (соғысқа дейін) Украина елдерінде, екіншісі Беларусь пен Грузия елдерінде қызмет көрсетеді. Бұлардың қатарына енді ресейлік Whoosh компаниясы қосылды.
Өкінішке қарай, осы төрт компанияның үшеуі кикшеринг қызметін Алматы қаласында ғана ұсынады. Тек қазақстандық JET компаниясы ғана Алматыдан бөлек Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қызылорда қалаларында электрлі самокаттарын жалға береді. Былтыр бұл қызмет түрін ақтаулықтарға да ұсынған болатын. Бірақ, Ақтаудың аптап ыстығында электр самокатын тізгіндеу қолайсыз болғандықтан, JET компаниясы электр самокаттарын Ақтаудан Шымкентке көшіру шешімін қабылдады.
Сала мамандары кикшеринг қызметіне сұраныстың артып келе жатқанын айтады.
«Өткен жылдың сәуір айымен салыстырғанда осы жылдың сәуір айында алматылықтар біздің электрлі самокаттарды бес есе артық қолданды. Бір жылда біздің қызметті 235 мыңнан астам клиент, яғни Алматы тұрғындарының 10%-дан астамы пайдаланды», – дейді JET компаниясының басшысы Мұсалав Әлібеков.
Eleven компаниясы да қаладағы пайдаланушылар саны жылда арта беретінін атап өтті.
ВЕЛОЖОЛДАР БАР, СОЛ ЖОЛДА ЖҮРУ МӘДЕНИЕТІ ЖОҚ
Ақиқатын айтқанда, ірі қалаларда веложолдар бар болғанымен, сол жолда жүру мәдениеті жоқ. Жоғарыда жазғанымыздай, екі доңғалақты «көлікті» тізгіндегендер көп жағдайда жол ережесін сақтамайды. Соның салдарынан жыл сайын электр самокаттарға қатысты жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Мұны ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев те растайды.
«2021 жылы электр самокаттарға қатысты 68 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы бес айының өзінде 41-ге жетті. Егер оларды көлік құралы ретінде енгізсек, онда жолдағы қозғалыс туралы заңнамаға, жол ережесіне өзгерістер енгізе аламыз. Сонымен қатар, кодексте тиісті жауапкершілікті қарастырамыз. Әзірге, адамдар электр самокаттармен жалпы талаптар бойынша қозғалып жүр», – деп тағы бір мәселенің ұшын шығарған болатын Жандос Дүйсебайұлы.
Бір қуаныштысы, күні кеше Қазақстанда электр самокаттарды пайдаланудың бірыңғай ережесі қабылданды.
ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙТІН ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАНДЫ
Қазақстанда жол ережесі мен әкімшілік кодекске өзгерістер қосылды. Аталған құжат 1 шілде күні күшіне енді. Енді ҚР СТ 3769-2022 жаңа стандартында «электр самокат» ұғымына түсініктеме берілді. Соған сай электр самокат – екі не үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышпен жүретін, орындығы жоқ, бір адам ғана тасымалдауға арналған, ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 км-ден аспайтын электрлі жеке мобильділік құралы болып табылады.
Кolesa.kz порталының жазуынша, жаңа стандартқа сай жылдамдығы 25 шақырымнан жоғары самокат Кедендік Одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне бағынады әрі L санатына жатады. Ал, сағатына 50 км-ден жоғары жылдамдықпен жүретін самокатты жүргізу үшін A1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу міндет саналады.
Электр самокатқа қойылатын техникалық талаптар мен пайдалану шарттары да толық белгіленді. Атап айтқанда, оларда:
- кернеуі 100 В-тан жоғары емес тұрақты тоқ немесе кернеуі 240 В-тан жоғары емес айнымалы тоқ батареясынан қуат алатын электр моторы орнатылады;
- тұғыры, рөлі, екі немесе үш дөңгелегі, жарықтандыру құрылғысы (алдыңғы және артқы шамы), сигналы, тежеу жүйесі, басқару элементі болады;
- ең жоғары жылдамдығы – сағатына 25 км-ден, ал кері жүрген кезде немесе жаяу жүргінші режимінде жылдамдық 6 км-ден аспайды.
Стандартта ең жоғары жылдамдықты арттыру немесе белгіленген жылдамдық шегін алып тастау мақсатында электр самокаттың кез келген түйінін өзгертуге тыйым салынатыны жазылған.
Электр самокатта:
- жүргізушінің ең ауыр салмағы, жүргізушінің ең жоғары және қажет болса, ең аласа бой биіктігі, жүргізушінің ең жоғары және ең төменгі жасы қосымша құжатта көрсетіледі;
- жолаушы тасымалдауға, басқа көлік құралын (электр самокат, тіркеме, жартылай тіркеме) сүйреуге болмайды;
- жүрген кезде жүргізуші тек түрегеп тұрады.
Сала мамандарының айтуынша, заңнамадағы бұл өзгерістер электр самокатты тізгіндегендерге жауапкершілік жүктейді, жол-көлік оқиғаларының алдын алады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Расында, бұған дейін еліміздің нормативтік актілерінде электр самокаттар көлік құралының қандай да бір түріне жатпауы, оның үстіне заңнамада оларға қойылатын талаптардың болмауы электр самокатқа қатысты жол қозғалысын реттеуге мүмкіндік бермей келді. Ал, электр самокатты тізгіндегендерге жауапкершілік жүктелмегендіктен, жол ережесін сақтамағандарды заң аясында жауапқа тартуға мүмкіндік болмады. Енді елімізде электр самокаттарды пайдаланудың бірыңғай ережесі қолданысқа енгізіліп, бұл олқылықтың орны толды.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ