Жұмбақ өлім немесе штаб пәтерін Қазалыда ұстаған ғағауыз

0
5493
Бірінші атты әскердің қолбасшысы С. Будённый, Оңтүстік майданның қолбасшысы М. Фрунзе, Бірінші атты әскердің мүшесі К. Ворошилов, 1920 ж.

Қазақ даласы әскери тұлғаларға кенде емес. Олардың ішінде Қазақстанда кеңес өкіметін орнатушылар да, ақгвардияшылар көтерілісіне жетекшілік еткендер де бар. Сібір армиясының қолбасшысы, әскери министр, генерал-майор Павел Ивановтың, генерал-лейтенант, атаман Александр Дутовтың (Қазалыда туған), генерал-лейтенант, атаман Борис Анненковтың, қос үкіметтің премьер-министрі Александр Керенскийдің, инфантерия генералы Лавр Корниловтың (Өскеменде туған), қос үкіметтің 5-ші соғыс министрі Михаил Ханжиннің (Жамбылда қайтыс болған) қазақ даласында іздері сайрап жатыр. Кезінде Қазақстанның Отар әскери полигонында әскери іс-қимыл тәжірибелерінен өткен Сирия президенті Хафез Асад пен Мысыр президенті Хосни Мүбарактың да іздері қалған. Осылардың ішінде революционер, саяси және әскери қайраткер Михаил Фрунзе туралы әңгіме бір басқа.

Михаил Фрунзе (1885-1925)

ҚАМШЫНЫҢ САБЫНДАЙ ҚЫСҚА ҒҰМЫР КЕШКЕН САЯСИ ҚАЙРАТКЕР

Өмір жолы құпияға толы Михаил Фрунзенің дүниеге келуінен бастап, өмірден өтуіне дейінгі барлық тарих аса құпия белгі салынған тәртіппен күні кешеге дейін көзден таса сақталып келді. Атақты әскербасының ғұмырнамалық анкетасында ұлтының «молдаван» деп көрсетілуінің өзі большевизм саясатының қитұрқы амалы болса керек. Біз оны бірнеше бағытта қарастыруға тырыстық.

Михаил Фрунзе небәрі 40 жыл өмір сүрді. Осы қамшының сабындай қысқа ғұмырында оқып та үлгерді, «терроризм ұйымдастырды» деген айыппен өлім жазасына да кесілді, түрмеге тоғытылып, жер де аударылды. Революциялық істе шыңдалған қайраткер барлық майдан қолбасшыларының ішінде даңққа бөленді, әскери және теңіз істері жөніндегі халық комиссары болды.

Революция өз дәстүріне сай баласын да ешнәрседен аямаған. Оған тарихи мысалдар жетерлік. Алайда, саяси күрестің жазылмаған бір ерекшелігі бар. Ол – өз саяси құрбанын ешуақытта батыр жасамайды. Дәл осы ереже Фрунзеге келгенде жүрісінен жаңылды. Кеңестік саяси қайраткерлер, тарихшылар даңқты қолбасшының даңқын асыруда сараңдық жасамады. Оның өлімінің өзі саяси басшылық үшін өте қауіпті болды. Сондықтан да, ол өлгеннен кейін барлық абырой атағымен Кремль қабырғасына қойылды. Іле-шала оның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында қалаларға, колхоз-совхоздар мен алаңдарға, оқу орындарына аты берілді. Кітаптар мен мақалалар жазылып, көрнекті әскербасының талантына саяси баға берілді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Фрунзенің аты ұмытыла бастады. Жер-жерлерде оның атымен аталған нысандар мен елді мекендер қайтадан бастапқы қалпына келтірілді. Конъюнктуралық зерттеу мәселесінде тарихшы мен ғалымдар Фрунзенің әдейі өлтірілгенін, оған Сталиннің тікелей қатысы барын бірауыздан дәлелдеп берді. Енді оның өмірбаянына назар аударып көрейік.

1923 жылы өз қолымен жазған өмірбаянында Фрунзе өзінің 1885 жылы Пішпек (Бішкек) қаласында отставкідегі әскери фельдшердің отбасында дүниеге келгенін баяндайды. Түп тамыры молдаван ұлтынан бастау алатын фамилиясының мәнін орыс тіліне аударғанда «өсімдік жапырағы» деген ұғымды береді екен.

Болашақ қолбасшының әкесі Василий Михайлович Мәскеуде фельдшер мектебін бітірген соң, Түркістанға жіберіліп, осы жерде 1878-1891 жылға дейін Пішпек қаласындағы дәріханада жұмыс істепті. Ал, анасы Мавра Ефимовна Воронеж губерниясынан жер аударылып келгендер отбасынан екен. Олар осы келгеннен Қырғыз жеріне бауыр басып, осында мәңгілікке қалыпты. Бала Фрунзенің әкесі 40 жасында қайтыс болыпты. Екі ұл, үш қызбен жесір қалған әйел балаларының бәрін гимназияда, училищеде оқытып, арнайы білім алып беріпті. Олардың бәрі үлгілі оқыған көрінеді. Ол туралы мұрағаттарда сақталған құжаттар соны айғақтайды. 1896 жылғы 12 сәуірде классикалық ерлер гимназиясының директоры Вахрушевке Пішпек қалалық училищесінің мұғалімі Масленниковтің жазған хатына назар аударып көрелік: «Аса құрметті государь Матвей Васильевич, мен Сізден гимназияда оқып және жатақханаға орналасу үшін екі баланы – Константин мен Михайл Фрунзелерді қабылдауыңызды өтінемін. Бұлардың алғашқысы өте икемді, екіншісі – өте дарынды балалар».

Осы хаттан соң, Пішпек қалалық қоғамдық басқарма жыл сайын балаларға ортақ қазынадан 120 рубль бөлуге шешім қабылдапты. Кейін ағайынды Фрунзелер гимназияны алтын медальмен бітіріпті.

1900 жылы Фрунзелер отбасы Верный (Алматы) қаласына көшіп келеді. Осыдан кейінгі олардың өмір жолы осы қалада қалыптасады. Үлкені Қазан университетіне оқуға түседі. Қаржы тапшылығынан Михаил ағасының алтын медалін сатқызуға үгіттеп, өзінің де алтын медаль алатынына анасының көзін жеткізеді.

1903 жылы ол өзге әріптестерімен бірге Жетісу өлкесінің көптеген жерлеріне саяхат жасайды. Екі айлық саяхат кезінде ол 1 200 өсімдік тамыры мен 3 000 құрт-құмырсқа жинап, оларды Ресей императорлық география қоғамы мен Ботаникалық баққа өткізеді. Фрунзенің табиғат фаунасын жақсы көріп, жергілікті халықпен ортақ тіл табысуы оның қантамырында бар қасиет.

Фрунзенің жалпы түркі тілдерін еркін білуі – оның түп-тамырында түркілік таным жатқандығы, оның арғы тегі ғағауыз ұлтынан екендігі байқалады. Өйткені, орыс ұлтының доминатты ұлт ретінде дәріптеліп, ұлттық идея ретінде айтылып жатқан кезінде даңқы асқан әскербасын өзгеге телу ешуақытта оның ниетінде болмаған. Ресей энциклопедияларында көптеген көрнекті ғалымдар мен әскербасыларының туған жерлерін көрсетпеуінде де үлкен құпиялар бар. Біз олардың көпшілігіне көз жеткіздік.

МИНСК ҚАЛАСЫНА ЖАЛҒАН ҚҰЖАТПЕН НЕГЕ БАРДЫ?

Сонымен, 1904 жылы гимназияны алтын белгімен бітірген Фрунзе емтихансыз Петербург политехникалық институтына қабылданады. Студент кезінде-ақ құпия маркстік ұйымдарға қатысып, көзге түседі. Осы жылы Қазан соборының жанында өткен үкіметке қарсы шеруде ол тұңғыш рет полиция қолына түседі. Осыдан кейін Саратов губерниясына жер аударылады. 1905 жылы Фрунзе Мәскеуге жасырын түрде барып, Иванов-Вознесенск қалашығына тоқтайды. Құпия жағдайда пәтер жалдап, консперативті «Трофимич» деген атпен жүреді. Бір қаладан екіншісіне жасырын өтіп, революциялық іспен шындап айналысады. Партиялық «Арсений» деген лақап атпен іс-қимыл жасайды. 1906 жылы 21 жасында ол өзін басыбайлы революциялық жұмыстарға арнайды. Бірнеше рет түрмеге қамалып, ату жазасына кесіледі. Ақгвардияшылармен болған соғыста да оның абырой беделі артады. Ол партия қайда жіберсе, сол жерден табылатын резервистер қатарында болады. Партиялық жалған есімдері де көп болатын.

1916 жылдың сәуір айының соңында Фрунзе Минскіге Михаил Александрович Михайлов дегеннің атына толтырылған жалған құжатпен келіп, Земский одағына статист болып жұмысқа орналасады.

Бұл жолы Минск кездейсоқ таңдалмады. Бұл қалада сол кезде Батыс майданының штабы орналасқан болатын. Оның қолбасшысы инфантерия генералы Алексей Эверт әскери ортада жақсы маман, адал адам және ерікті басшы ретінде танымал еді. Ол майдан басшылары мен жауынгерлердің қолдауына ие болған жауынгерлік дәстүрлерге ие және сенімді қолбасшы болатын.

Бұл қағидаларды ұстану – большевиктердің басты міндеттерінің бірі еді.

Майдан шебінде Фрунзе өзіне сенімді жақын көмекшілері арқылы агенттерді жалдаумен, оларды армияның тыл және әскери ұйымдарына жасырын жіберумен де айналысты. Мақсатты ұран бір болды. Шаршаған сарбаздар бұл ұранның саяси салдары туралы ойламады, олар отбасыларына оралғысы келді. Олардың көпшілігі марапаттарға ие болды және ол үшін алған артықшылықтарын пайдаланғысы келді.

Большевиктік үгіт-насихатта жалпыға ортақ игілік пен интернационализм туралы жалынды сөз аз болды. Большевиктер бір күндік күнделікті мәселелерге баса назар аударды. Бұл қалың бұқараны қатты алаңдатты. Большевиктер бейбітшілік пен соғыстың аяқталуын, ал билік – соғыстың жалғасуын жақтайтындығы белгілі болып қалды.

1916 жылдың жазында және күзінде Михаил Фрунзе Земство одағы қызметкерінің құжаттарын жасырына қолданып, Беларусь аумағында еркін жүріп, әскери бөлімдердің орналасқан жерлерінде болды. Осылайша, Батыс майданының аумағында большевиктік ұйымның негізі қаланды. Ол кезде бұл ұйым заңсыз әрекет етіп жүрген болатын. Бірақ, Батыс майданының қарсы барлауы оның бар екенін білетін. Үкіметтің әлсіздігі, жоғары әскери билік және патшалық биліктің айқын либерализмі қарсы барлау мен полицияға Фрунзе мен оның жолдастарын тез арада жоюға мүмкіндік бермеді.

Мұрағаттық құжаттарға айқындағандай, Фрунзе ресми түрде Минск полициясының бастығы қызметін атқарды. Бұл жерде Фрунзе мүлдем зиянсыз іспен – қоғамдық тәртіпті орнату, бандитизм мен ұрлыққа қарсы күрес, жеке тұлғалардың қаруды сатып алуы мен сақтауын бақылау, заңсыз саудаға қарсы тұру істерімен айналысты. Фрунзе жаңа лауазымдағы жұмысын бұрынғы іс жүзінде болған құқықтық тәртіп құрылымдарын таратудан, маскүнемдік пен самогон қайнатушылармен күресуден бастады. 1917 жылғы 9 наурыздағы «Минск губерниялық комиссариатының хабаршысы» газетінде оның қала тұрғындарына деген қарым-қатынасы айқын көрсетілген. Онда: «Қалалық милиция бұрынғы тәртіп сақшылары мен полицияларды қарусыздандырып, қалалық полиция басқармасы мен полиция бөлімшелерін басып алды. Жандарм басқармасы таратылды. Қоғамдық күштерді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде» делінген. Алайда, Минскіде түрлі бұзақылар қоғамның берекесін қашырып тұрды.

1917 жылдың тамыз айының бірінші жартысын Фрунзе Беларусьтен тыс жерде өткізді. Большевиктік орталықтың тапсырмасымен ол Шуйге барып, жергілікті партия жетекшілерімен кездесіп, жұмыс топтарының жұмыстарымен танысты. Кеңес тарихшылары оның халыққа жақындауын жоғары бағалады. Ол осы тәжірибесін Түркістан даласында да қайталады.

ТРОЦКИЙ ФРУНЗЕГЕ НЕЛІКТЕН СЕНІМСІЗДІК ТАНЫТТЫ?

Армия Ресей тағдырында шешуші рөл атқарды. Оның революцияға қатысуы, өмірі, күйзеліске түсуі және қайтыс болуы – орыс өмірінің жаңа құрылысшылары үшін ескерту сабағы болды.

1917 жылы РСДРП(б) ОК қаулысымен М.В. Фрунзе Минскіден жедел қайтарылады. Оны станцияда кездестірген жолдастары Ресейде большевиктердің билігін нығайту жөніндегі барлық жоспарларына теріс әсер етуі мүмкін оқиғаларының жақындап келе жатқанын айтып жатты. Бұл оқиғалар Жоғарғы Бас қолбасшы Лавр Корниловтың есімімен тығыз байланысты екенін ескертеді.

Бұл әскерилер арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Фрунзе генерал Корниловты жақын білмесе де, ол адам туралы көп еститін. Корнилов өте ақылды, шешімді, қатал стратег болатын. Әскерде оған деген көзқарас екі жақты болды. Оның жеңіске жететініне сенетін жақтастары мен тәртібін жақтайтын әскери ортада әріптестері көп болатын. Соғыстан шаршаған орыс армиясында Корниловқа құрметсіз қарайтын адамдар болған жоқ, ал кейбіреулері оны өте қатты жақсы көрді. Фрунзе оны құрметтей отырып, өз көзқарасын айқындап алды.

Фрунзе жоспарды жасау және нақтылау кезеңінде де, оны жүзеге асыру кезінде де үлкен қиындықтарға тап болды. Жау алға жылжуды жалғастырды және жағдай күн сайын өзгеріп отырды. Резервтер тартылса да, олардан жақсылық күту мүмкін болмады. Командарм Симбирск пен Қазан маңындағы жағдайдың қауіптілігі сондай, майдан қолбасшылығын Оңтүстік топты нығайтуға арналған әскерлерді басқа жерлерге бағыттауға мәжбүр етті. Алайда, Фрунзе мен майданның Революциялық әскери кеңесі және әскери бас комитет арасында келіспеушіліктер туындады. Олар, атап айтқанда, қарсы шабуылдың басталу мерзіміне қатысты болды. Шығыс майданының қолбасшылығы бір кездері оны распутицадан кейін бастауға бейім болды, ал Фрунзе жедел әрекет етуді талап етті.

Революциялық әскери төтенше комитеттің төрағасы Троцкий Фрунзеге сенімсіздікпен қарады. Фрунзе оның нұсқауларына ешқандай қарсылық білдірмеді, ең бастысы, шығыс майдан әскерлерінің Оңтүстік тобының қолбасшысы кейбір мәселелер бойынша әскери бөлімді айналып өтіп, БКП(б) Орталық комитетімен тікелей қарым-қатынас жасады. Бұл көңіл-күй ауанын 5-ші армияның қолбасшысы Тухачевский Фрунзеге бағына отырып, Троцкийге өзінің бастығының барлық әрекеттері туралы үнемі айтып, кейбір фактілерді ойдан әдейі құрастырып, оны бұрмалап жеткізіп отырды.

ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІК ҚЫЗМЕТТІ ҚАЛАЙ АТҚАРДЫ?

1921 жылдың тамыз айының басында Фрунзе Мәскеуге шақырылды. Онда оны Сыртқы істер халық комиссары Чичерин қабылдап, Фрунзенің Түркияға Төтенше елшіліктің басшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Оның елшілік қызметке жіберілуі түрік тілін білуі әсер етті. Бұл ешбір тарихта жазылмаған сыр еді.

Михаил Фрунзе Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы күрделі екенін жақсы білетін және бұл қиындықтар ғасырлар бойы қалыптасқанынан да хабардар болатын. Ежелгі дәуірден бастап түрік және татар ордалары жыл сайын оңтүстік Ресейді жойып, олжа мен құлдарға қарық болатын. XVIII-XIX ғасырларда Ресей Түркиямен бірнеше рет соғысқан еді. Ресей бұл соғыста Қырым мен Қара теңіздің солтүстік жағалауын басып алған-ды.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Түркия дәстүрлі түрде Ресейге қарсы шықты. Бірақ, Түркия әскерлері бірқатар ауыр жеңілістерге ұшырады. 1915 жылы 5 қаңтарда орыс әскерлері түрік шекарасынан өтіп, оның біраз аумағын басып алды. Алайда, Қазан төңкерісі бәрін төңкеріп жіберді. Түрік әскери-саяси басшылығы Кавказ майданының әлсіреуін және жаңа Петроград үкіметінің әлсіздігін тез сезінді. 1917 жылы 9 желтоқсанда Брестте неміс, австро-венгр, болгар және түрік қолбасшылығының өкілдерімен бейбіт келіссөздер бастаған большевиктер бірден «аннексиясыз және төлемсіз» әлемге дайын екендіктерін мәлімдеді. Жартылай жүрегі мұздаған Түркия үшін бұл жеңіспен тең болды. Сонымен қатар, түрік өкіліне 1915-1917 жылдары орыс әскерлері басып алған барлық аумақтар оның мемлекетіне қайтарылатындығы мәлімделді.

Бұл кезеңде Түркияның өзінде де мемлекеттік төңкеріс әбден пісіп-жетілген еді. 1920 жылы сәуірде Түркияда Мұстафа Кемал Ататүрік билікке келгеннен кейін антиимпериалистік үкімет Кеңес басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнатуға шешім қабылдады. 1920 жылы 3 маусымда Сыртқы істер жөніндегі халық комиссары Чичерин Мұстафа Кемалға: «Кеңес үкіметі Ұлы ұлттық ассамблеяның Сіздің жұмысыңыз бен империалистік үкіметтерге қарсы әскери операцияларыңызды езілген халықтарды азат ету идеалдарын көтеру туралы шешімін ескереді», – деп мәлімдейді.

Мұстафа Кемал революция идеалдарынан алыс еді және кеңестік Ресеймен қарым-қатынасқа тек прагматикалық тұрғыдан қарады. 1920 жылдың қыркүйегінде 30 мыңдық түрік әскері Армения аумағына басып кіріп, елдің көп бөлігін басып алды. Басып алынған аудандарда кем дегенде 150 мың адам қаза тапты, ауыр жарадан, аурудан, аштықтан қайтыс болды. Түріктердің басып алынған аймағына келтірген материалдық шығыны, кеңестік мәліметтерге сәйкес алтынмен 19 миллион 743 мың рубль мөлшерінде анықталды.

Осыдан кейін кеңес әскерлері 1921 жылдың көктемінде Дашнак әскерлерін жеңіп, Эриванды басып алды. 1921 жылы 16 наурызда Мәскеуде Ресей-Түрік достығы туралы кеңес-түрік келісіміне қол қойылды. Осы келісімнің шарттары бойынша Түркия Грузиядан – Батумиға жол ашты және Нахичеван облысының автономиясын кеңестік Әзербайжанның мемлекеттік егемендігі ретінде мойындады.

ЛЕНИН ФРУНЗЕНІ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНЕ НЕГЕ ЖІБЕРДІ?

1919 жылы Фрунзе Оңтүстік әскерлерінің қолбасшысы ретінде Ақтөбе қаласына бекініп, Орынбор-Орал бағытын Колчак армиясынан тазартуға басшылық етеді. Осыдан кейін ол ұзақ уақыт Орта Азия және Қазақстаннан ұзап шықпайды. Түркістанда басшылармен болған соғыста да ол өзін әскери стратег ретінде таныта білді.

Адалдық сөйлеген сөзден, ең алдымен істеген істен байқалады. Ал, рухани бай адамды әрбір жаңа іс жетілдіріп, оның басқа да қасиеттерін ашып отырады. Фрунзе – қызметі қанша жоғары болғанмен, жеке басының қасиеті одан да биік тұратынын көрсете білген қолбасшы.

Біріншіден, ол жергілікті халықтың тұрмыс-салтын, әдеп-ғұрпын, бай тілін құрметтеп, жанына жақын тұтты.

Совнарком Лениннің ұсынысымен Фрунзені Түркістан майданына қолбасшылыққа жібергенде оның осы ерекшелігі қатты ескеріледі. Оның үстіне Ленин Түркістан өлкесінде өзіне сенімді адамды ұстағысы келді. Фрунзенің Пішпекте дүниеге келіп, осы аймақтағы ұлттардың тілдерін еркін білгендігі және ол арқылы кеңес өкіметінің барлық идеялық саясатын жүргізуге деген ішкі есебі оңынан туады.

ВЦИК пен Совнаркомның Түрік комиссиясын құрып, оған төрағалыққа Фрунзені сайлауы да жоғарыдағы мәселелерді ескергендіктен болатын. Әрине, ол шешімге қолбасшының реніш білдірмей, керісінше қуанғанын байқаймыз. Бұл туралы Фрунзе Ленинге жазған өз хатында: «Мен бұл шешімнен кейін екіұдайы пікірде қалдым. Әскери адам болу керек пе, әлде түпкілікті партиялық жұмысқа көшу керек пе? Түркістанда қызмет ету дегеніміз – менің майдандарда үйреншікті болып кеткен жұмыстарымнан тіпті өзгеше, оған жаңа қырынан келу керек. Бұл өлкедегі халықтар ежелден өздеріне тән заңдылықпен ғана өмір сүреді және Кеңес өкіметінің идеяларын қабылдай қоймайды. Ол идеяларды ыждағаттылықпен тарату керек, егер қажет болса күштеп тану керек», – дейді.

1919 жылы 8 қыркүйекте ВЦИК пен Совнарком бірлескен қаулы шығарып, Түркістанға революционерлер Фрунзе, Рудзутак, Элиава, Куйбышев, Голощекинді жібереді. (Зерттеушілер Голощекиннің қазақ даласына ашаршылық жылдарынан бұрынғы осы келісін назардан тыс қалдырып келеді). Аз ғана уақыт ішінде Түрік комиссия мүшелері арасында түрлі келіспеушіліктер пайда болады. Фрунзе олардың бірде-бір іс-қимылына қолдау білдірмейді. Ол бұл туралы Ленинге хат жазып, онда: «…Комиссия ісінің жұмысы жеке мәселелер бойынша өте нашар жүргізілуде. Элиава денсаулық жағдайына байланысты жазға қарай Түркістанда жұмыс істемейтіндігін білдірсе, Рудзутак өзінің ақыл-ойының орталыққа қажет болғандығын айтып Мәскеуге кететіндігін айтып жүр. Ал, Голощекин де өзінің талантын Түркістанда көрсету мүмкін емес екендігін, ол да Мәскеуге кететіндігін ашық білдіріп жүр», –  дейді.

Фрунзенің бұл хатының астарында комиссия мүшелерінің жергілікті ұлтқа деген сүйіспеншілігінің жоқтығы, мұндай жағдайда кімге болса да жұмыс істеу қиын соғатынын білдіру мақсаты барын байқауға болады. Сондықтан Фрунзе 1920 жылы Жетісу гарнизонының астанасы Верный қаласында партия қайраткерлері мен әскери командирлер алдында сөз сөйлеп, олардан ең біріншіден жергілікті ұлттық наным-сенімі мен ұлттық дәстүрін сыйлауды талап етеді. Өзінен бастап барлық командирлерден жергілікті халықтың тілін үйренуді, сол тілде ұғынысуды міндет етіп қоюын да оның ұлтқа деген құрметі деп білгеніміз жөн. Мұны айтқан адамның өзінің тіл білмеуі мүмкін емес. Фрунзе қазақ тілінде сөйлеп, өз бетінше ұғындыра да білген.

Атақты қолбасшы Алматыда тұрып, бүкіл Орта Азия әскерлеріне басшылық жасады. Оның қызмет барысында штаб пәтері болған ғимараттар қаламызда әлі де бар. Оларға мемориалдық тақта да орнатылған. Фрунзенің сондай штаб пәтерлерінің бірі – Қызылорда облысының Қазалы ауданында болды. Орта Азия басмашыларына қарсы Қазалы қаласының Сырдария жағалауында оның үлкен әскери штабы болған. Ол сол кездері жергілікті халықпен түрік тілінде сөйлескендігі туралы «Фрунзе. Тайна жизни и смерти» кітабында жан-жақты айтылған.

КОМАНДАРМНЫҢ ТҮБІНЕ СТАЛИН ЖЕТТІ МЕ?

Жалпы, адамзат баласына шындықтан гөрі өтірік көп қызмет еткен. Даңқты қолбасшының өлімі де адам сеніп болмайтын болжамдардан тұрады. Ақиқатқа қарсы жүргізілетін астыртын әрекет Ресейдің қоғамдық өмірінің өзегіне айналған тұста оны ашу мүмкін де емес.

Даңқты қолбасшы 1925 жылы 31 қазанда сағат 5-тен 40 минут өткенде қазіргі Боткин ауруханасында қайтыс болған. Сол кездегі ресми ақпарат бойынша командарм асқазанға жасалған отадан кейін жүрек талмасынан қайтыс болды деген ұйғарым жасалған. Халық 60 жыл бойы осы тұжырымға сеніп келді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған «қайта құру» мен жариялылықтың арқасында кеңестік тарихты қайта мазмұндау сипаты белең алды. Осы жылдары цензура таратылып, әркім өз ойындағысын жаза бастады. Олардың пайдалы жақтары да болды. 1989 жылы «Әскери тарих» журналында атақты диссидент, тарихшы Рой Медведевтің «М.В. Фрунзе мен Ф.Э. Дзержинскийдің өлімі туралы» атты мақаласы жарық көрді. Ол өз мақаласында дәрігерлердің асқазан ауруын емдеудің консервативті жолын таңдамай, неге хирургиялық жолына жүгінгеніне таңданыс білдіреді.

Сол күні Фрунзе өзін өте жақсы сезінген. Ауруханаға баруға да, ота жасатуға да қарсылық білдіріпті. Алайда, қолбасшының сырқаты саяси бюрода қаралып, Сталин мен Ворошиловтың ұсынысымен оған ота жасау қажеттігі айтылыпты. Ал, Саяси бюроның шешімі талқыланбайтыны белгілі. Фрунзе осы шешімнен кейін түрлі ойларға барып, өзін қоярға жер таппаған көрінеді. Ота жасауды жөн көрмесе де, одан құтылудың жолын таппай, әбден ашыныпты. Бойын қорқыныш билеп, бірдеңені сезгендей ауыр күйге де түсіпті. Соңында «…амал не, Сталин ота жасатып, асқазан сырқатынан түпкілікті айығып шығуымды қалап отыр. Мен пышаққа түсемін», – депті. Бұл оның соңғы сөзі болған. Жансыздандыратын наркоз орнына хлороформ қолданылған. Оның қажетті мөлшері екі есе ұлғайтылған. Отадан кейінгі жарты сағаттан кейін ұйқысынан оянбаған.

Оның өлімінен кейін Иваново-Вознесенск қаласының коммунистері митинг жасап, арнайы комиссия құрып, тексеруді талап етеді. 1925 жылы Ресейдің қарт большевиктері мәжіліс өткізіп, оған Денсаулық сақтау министрі Семашко шақырылады. Комиссия құрылады, бірақ оған мүшелікке тартылғандарға министр сенімсіздік білдіреді. Өйткені, Фрунзеге наркоз берген профессор Розановты дәрігерлер консилиумның алдында Сталин мен Зиновьевтің шақырып әңгімелескені белгілі болып қалады. Бұл туралы 1926 жылы «Новый мир» журналында жазушы Борис Пильняктің «Сөнбеген айдың жарығы» атты повесі жарық көріп, ол үлкен дауға айналады. Пильняк жауапқа тартылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. Фрунзенің құпия өлімі туралы басылған журналдың барлық тиражы өртеліп, қатаң бақылауға алынады. 1937 жылы жазушы Пильняк-Вогау кеңестік идеологияға қарсы кітап жазғаны үшін жауапқа тартылып, ату жазасына кесіледі.

ХХ ғасырдың екінші жартысында атақты командарм туралы бірнеше кітап жарық көреді. Олардың түпкі мәнінде командармды өлтірген Сталин болып шығады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Атақты әскери стратег Фрунзенің соңында әйелі және қызы мен баласы қалды. Командарм қайтыс болғанда қызы Татьяна үш жаста болатын. Әйелі Софья Алексеевна Фрунзенің өлімінен 8 айдан кейін өзіне-өзі қол салып, дүниеден өтеді. Қызы Татьянаны ВЦИК хатшысы Енукидзе, Тимурды Ворошилов қамқорлығына алып, өз балаларымен бірдей бағады. Кейін Татьяна Мәскеуде институт бітіріп, тұрмыс құрады, ал Тимур Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Кеңес Одағының Батыры атанады.

Ермек Жұмахметұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here