Зейнет жасына қатысты шешім жыл соңында қабылданады – Тоғжанов

0
1392

Мемлекет 2018 жылдан бері әйелдердің зейнетке шығу жасын жыл сайын алты айға ұзартып келеді. Кезінде биліктің бұл реформасы қоғам тарапынан қолдау таппаса да, 2027 жылға қарай әйелдер зейнетке ерлер сияқты 63 жастан шығады. Осыдан бес жыл бұрын сол тұстағы билік бұл өзгерістерді «зейнет жасы ұзарған сайын зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің «қартайған шағында қамсыз» болуға мүмкіндігі артады» деп түсіндірді. Ал, ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер о бастан-ақ зейнет жасын ұзартуға қарсы шығып келеді. Шерулетіп жүргендері де көп. Бұған дейін әйелдердің бұл талабын атқамінерлер ескермей келді, мәселені «жабулы қазан» күйінде қалдырды. Дегенмен, қаңтар оқиғасынан кейін биліктің беті бері қарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сүйенген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді.

ҮКІМЕТ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫН ТӨМЕНДЕТУДІ ҚАЙТА ҚАРАУ МӘСЕЛЕСІН ҚАРАСТЫРАДЫ

Рас, бұрын зейнет жасын төмендетуге қатысты сұрақтардан атқамінерлер басын алып қашатын. Ал, соңғы саяси өзгерістерден кейін билік басындағылар халық талабына құлақ асып жүр. Өйткені, ел тарихындағы жаңа кезең белесі азаматтық қоғамның іргесін берік орнатумен тікелей байланысты. Осыған баса мән беріп отырған Мемлекет басшысы 2019 жылы жариялаған халыққа Жолдауын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп атады. Президент тапсырмасынан кейін көпшіліктің көкейінде жүрген, көңілін күпті еткен күрделі мәселелерге билік тізгінін қолына ұстағандар үн қата бастады. Күні кеше ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдіргені осы сөзімізге дәлел болса керек.

«Премьер-министрдің орынбасары ретінде осы мәселеге мен жауап беремін. Бұл мәселемен қаржыға жауапты вице-министр емес, мен жеке айналысамын. Жұмыс тобы құрылды, ол Әлеуметтік кодексті әзірлеу аясында тиісті жұмыстарды атқаруда. Сондықтан бұл мәселе талқыланып жатыр. Түрлі топпен, соның ішінде осы мәселеге бастамашы болғандармен кездесулер өткізілуде. Биыл Әлеуметтік кодекс қабылданады. Бұл бір күннің ісі емес. Жыл соңына дейін шешім қабылданады. Жазда да, күзде де талқылаймыз», – деп нақтылады Премьер-министрдің орынбасары.

Ералы Лұқпанұлы кеншілердің зейнет жасына қатысты да пікір білдірді.

«Ең ауыр жұмыс – кеншілердікі. Мен шахтаға бірнеше рет түстім, олармен кездестім. Расында, бұл – ауыр жұмыс. Бірақ, айтайын дегенім, кеншінің бәрі зейнет жасын төмендеткенді қаламайды, өйткені жерасты жұмысы үшін олар жоғары жалақы алады. Ондай ақшадан ешкім айырылғысы келмейді. Түрлі ұсыныс түсіп жатыр, біреу қысқартуды, біреу ұзартуды ұсынады. Әркімнің денсаулығы мен физикалық әлеуеті әртүрлі. Денсаулығы мүмкіндік бермейтіндер жер үстіндегі жұмысқа барады», – деп пікір білдірген Ералы Тоғжанов Үкімет зейнет жасын төмендетуді қайта қарау мәселесін қарастырып жатқанын тілге тиек етті.

МИНИСТР ДЕ ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН ТАҚЫРЫПТАН  ТЫС ҚАЛМАЙ ЖҮР

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдер қозғалысының өкілдерімен бесінші кездесу өткізді. Кездесуге қоғамдық қозғалыс өкілдері Майкен Бигарыстанова, Марина Бачаева, Ольга Смирнова, Гүлнәр Смайылханова, Жанар Жибегенова, Ләйла Оспанова, Қарлыға Ахметбекова және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Азиза Шужеева қатысты.

Келіссөз барысында Тамара Дүйсенова белсенділердің ұсынысын министрлік жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерттегенін хабарлады. Бұл ретте келесі факторлар ескерілді:

  • 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі үшін алынатын ынтымақты зейнетақы жүйесі мөлшерінің кемуі;
  • экономиканың түрлі секторларындағы жасы 50-ден асқан әйелдердің табыс деңгейі;
  • әйелдердің зейнеткерлік демалысқа ерте шыққан кездегі зейнетақыларының болжамды мөлшері, олардың табыстары және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі.

Министр еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында зейнетке ерте шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейтінін атап өтті. Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға зейнетке ерте шығу құқығы беріледі. Осылайша, зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары 55 жасқа (ерлер) және 52,5 жасқа (әйелдер) толғанда жеткілікті болған кезде қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін (зейнет жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан төлем алу құқығы) рәсімдей алады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы аннуитетін 40 жастан бастап пайдалануға мүмкіндік беріледі. Осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады.

Тамара Дүйсенова қозғалыс белсенділеріне азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында министрлік әзірлеген жаңа тәсілдер жөнінде де айтты.

«Біріншіден, біз базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау кезінде параметрлерді өзгерту туралы бастама көтердік. Қазір біздің ұсыныстарымыз басқа да мүдделі мемлекеттік органдарда қаралады, егер олар қолдау тапса, бұл келесі жылдан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жұмыс істеп жүрген және болашақта құрметті демалысқа шығатын зейнеткерлерге де оң әсерін тигізеді. Екіншіден, біз «Күміс жас» жобасының тетіктерін зейнет жасына дейінгі әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін қайта қарастырамыз. Атап айтқанда, біз жобаға қатысу мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз және әйелдерді жұмысқа орналастыру үшін бюджет қаражаты есебінен олардың жалақысын ішінара субсидиялай отырып, арнайы бағыттарды қарастырамыз. Бұл олардың зейнетке шыққанға дейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне барынша белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, еңбек өтілі аз және зейнетақы қорында жинағы аз әйелдер үшін өте маңызды», – деп түсіндірді министр.

Кездесу соңында Тамара Дүйсенова азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Айта кетейік, 2022 жылғы қаңтарда әйелдер зейнетке 60,5 жаста шықты. Ары қарай әйелдерге жасы бойынша зейнетақы төлемі мен базалық зейнетақы былай тағайындалады: 2023 жылғы қаңтардан бастап әйелдер – 61 жаста, 2024 жылғы қаңтардан – 61,5 жаста, 2025 жылғы қаңтардан – 62 жаста, 2026 жылғы қаңтардан – 62,5 жаста, 2027 жылғы қаңтардан – 63 жаста зейнетке шығады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here