Қайта даярлау курсынан өткендер мектепте сабақ бере алады

0
2233

Елімізде қайта даярлау курсынан өткен педагогикалық білімі жоқ мамандар мектепте сабақ бере алады. Жаңа бастама білім саласындағы маман тапшылығын жою мақсатында қолға алынды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

«Жаңа бастама мектепке сапалы мұғалімдерді тарту мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ педагогика бойынша диплом алмаған мамандар бар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріс бойынша математиктер педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады. «Педагог болуы керек» деген міндет жоқ. Басты шарт – математиканы жақсы білу», – деп түсіндірді министр.

Педагогикалық қайта даярлау бағдарламасы педагогикалық білімі жоқ, бірақ мектептерде сабақ бергісі келетін адамдарға арналған. Бағдарламаға тиісті мамандық бойынша жоғары білімі бар адамдар жазыла алады. Оқу мерзімі – алты ай. Ақылы. Курсты сәтті аяқтаған тыңдаушыларға мектепте мұғалім болып жұмыс істеуге құқық беретін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі.

«Курсқа қатысушы өз бағытын дұрыс таңдауы қажет. Мысалы, IT маманы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасына қатыса алмайды. Сондай-ақ, алты айлық курс барысында ЖОО-ларда төрт жыл оқытатын базалық білімді емес, сабақ берудің заманауи әдістемесін үйрететінімізді атап өткім келеді. Яғни, қатысушының жоғары, не орта білім алғанын растайтын құжаты, мамандығы бойынша базалық білімі болуы қажет. Оған қоса ағылшын тілін кем дегенде А2 деңгейінде меңгеруі керек. Оны растайтын сертификат болмаған жағдайда, өтініш беруші университетте ағылшын тілінен тест тапсырады», – деп түсіндірді Сулейман Демирель атындағы СДУ ректоры Давронжон Гаипов.

Айта кетейік, Педагогикалық қайта даярлау курстарын өткізу – әлемдік үдеріс. Бұл – Англиядағы PGCE бағдарламасының қазақстандық аналогы болып табылатын зияткерлік өнім. Алты айлық оқыту курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға мектепте мұғалім болып жұмыс істеуге құқық беретін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here