Ерекше балаларға демеу болған орталық

0
2801
Салтанат Есмағанбетова басқаратын «Орда» оңалту орталығының үш бөлімшесінде 320-дан аса ерекше бала оңалту курстарынан тегін өтіп жүр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде аутизммен ауыратын балалар саны 2016 жылы 220 ғана болса, 2021 жылы 1,2 мыңға жеткен. Яғни, олардың саны соңғы бес жылда бес есеге артқан. Ал, бейресми деректерге сенсек, осындай ерекше балалардың саны 30 мыңнан асады. Өйткені, баласының аутизммен ауыратынын жасыратын ата-аналар да кездеседі.

Мамандардың айтуынша, аутизмнің статистикасын азайту үшін алдымен екі бағыттағы жұмысты қолға алу керек. Біріншісі, ауруды асқынбай тұрған кезде, яғни алғашқы кезеңде анықтау. Бұл білікті маман мен заманауи технологияны талап етеді. Екіншіден, аутизмге шалдыққан балаларға арналған оңалту орталықтарының санын арттыру. Сөйтіп, аталған дертке шалдыққан балалардың психологиялық, физикалық дамуын қамтамасыз етуге болады.

Ерекше балаларға арналған оңалту орталығы бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан аутизмі бар балаларды әлеуметтендіру және бейімдеуге арналған «Орда» орталығының жұмысы туралы Салтанат Есмағанбетова айтып берді.

Орталық басшысының айтуынша, «Орда» оңалту орталығы 2016 жылы дімкәс бала тәрбиелеуші ата-аналардың бастамасымен құрылған. Алты жылдық тарихы бар мекеме бүгінде қаладағы үздік әлеуметтік жобалардың біріне айналған. Бүгінде үш бөлімшесі бар мекемеде 72 маман жұмыс істейді. Ұжым логопед-дефектолог, психолог және дене шынықтыру пәнінің нұсқаушысы сияқты жоғары білімді қызметкерлерден құралған. Мамандар жылына бір рет шет елдегі үздік орталықтарға барып, білім-білігін жетілдіріп отырады.

Алты жылдық тарихы бар «Орда» оңалту орталығының үш бөлімшесінде сайдың тасындай іріктелген жоғары білімді 72 маман жұмыс істейді

«Қазір біздің орталықта 320-дан аса бала бар. Олар қаладағы үш бөлімшемізде оңалтудан өтеді. Орталықта инклюзивті білім алатын балалардың да саны артып келе жатыр. Бір қуаныштысы, сал ауруын сәл болса да «тізе бүктіріп», алғашқы қадамын жасаған балдырғандар да бар. Біздің орталық Елордадағы үздік жиырма әлеуметтік жобаның бірі саналады. Орталыққа келген балалардың 70 пайызы бір жыл ішінде жақсы нәтиже көрсетуде. Олар интеллектуалдық, физикалық жағынан жылдам дамып, жетіліп келе жатыр», – дейді Салтанат Есмағанбетова.

«Орда» оңалту орталығының мақсаты – аутизмге шалдыққан балаларға толыққанды педагогикалық көмек көрсету. Нақтырақ айтсақ, оңалту сабақтары аталған орталықта аптасына үш рет жүргізіледі және ата-аналардың сұранысы бойынша мамандар аптасына екі рет үйлерді аралап, тегін әлеуметтік көмек көрсетеді. Оңалту орталығының дімкәс балаларға тегін қызмет көрсетуі үкіметтік қолдаудың аясында жүзеге асып отыр.

«Орда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Есмағанбетованың мәліметінше, орталық астанадағы аутизмге шалдыққан балдырғандарды толық қамтамасыз етуде.

Аутизмнің нақты емі және арнаулы дәрісі жоқ. Бұл сырқаттан құлан таза айығып кету де мүмкін емес. Ал, ауруды бәсеңдетіп, өмірдің ырғағына бейімделудің жалғыз жолы – оңалту. Сондықтан дімкәс балалардың физикалық, психологиялық, интеллектуалды тұрғыдан дамуы үшін үнемі оңалту орталығының көмегі керек. Бір атап өтерлігі, ордалық мамандар бүлдіршіндерді оңалтуда әлемнің үздік технологияларын пайдаланады. Мысалы, «АВА» терапиясы мен «Teacch» бағдарламасын кеңінен пайдаланып, елімізде алғаш рет адаптивті дене шынықтыру емі де қолданылады.

«Біз алты жылдан бері нақты бекітілген жоспар бойынша әр баламен жекелей және топтық бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Мамандар балаларды арнайы оңалту кестесі бойынша емдейді. Мысалы, топтық сабақтар кезінде АРТ музыкалық және ойын арқылы балалардың шығармашылық қабілетін арттырады. Ал, арнайы мамандар әр баланың қабілетіне, қарымына қарай жекелей жұмыс істейді», – деп нақтылады Салтанат Есмағанбетова.  

Өкінішке қарай, аталған сырқаттың емін әлі де ғалымдар іздестіруде. «Аутизм» терминін алғаш рет швед психиатры Эйген Блейлер 1911 жылы ашқан еді. Ол – дамуы өзге балаларға қарағанда тұмаға тұйық, ортамен еркін араласып кете алмайтын және әлеуметтік ортамен байланысы бұзылған неврологиялық мәселе. Қазіргі таңда аталған ауытқушылықтың нақты себептері әлі ашылмаған. Ғалымдардың көбі аутизм орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан болатынын айтады. Сонымен қатар, тұқым қуалауы да мүмкін. Аутизмге шалдыққан балалар көбінесе қатты шудан, тұрмыстық электр құралдарының дыбысы мен дірілінен, бораннан, жануарлардан, үлкен көліктерден қорқуы ықтимал.

Қалай десек те, өмірге келген әр адам, әр бала – қоғамның белді мүшесі, мемлекетіміздің байлығы. Сол үшін де дімкәс балалардың болашағынан үмітті үзбегеніміз абзал. Тіпті, солардың қатарға қосылып кетуіне де сенімнің зор болғаны дұрыс. Осы орайда Салтанат Есмағанбетова басқаратын «Орда» оңалту орталығының атқарып жатқан жұмысына көңіл толады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here