Басынан бағы тайған Ауғанстан

0
1531
Бет-аузын тұмшалап жүруге міндеттелген қыз-келіншектер үйінен 72 шақырымнан арыға ұзап шыға алмайды әрі көшеде бір өзі жүре алмайды

Бір жыл бұрын «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Батыс елдері қолдап келген Ауғанстан үкіметін құлатып, 20 жылдан кейін билік басына қайта келді. Сөйтіп, елдің 1996-2001 жылдардағы атауын қайтарды. 40 млн халық тұратын елдің қазіргі ресми атауы – Ауғанстан Ислам Әмірлігі. Дегенмен, бір жыл бұрын да, бір жылдан кейін де «Талибан» үкіметін әлемдік қауымдастық мойындаған жоқ. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін басынан бағы тайған елді осы бір жылда тәліптердің қалай басқарғанына тоқталады.

Әрине, қарулы қақтығыс арқылы билікке келген экстремистік топтан жақсылық күту артық болар. Қару асынған тәліптер былтыр билік тізгінін ұстағанда мұны Ауғанстан халқы да, әлемдік қауымдастық та жақсы түсінді. Содан жағдайы барлар оқ пен оттан үйлерін тастап, туған жерінен үдере қашты. Бірақ, сырт елде лайықты өмір сүру мүмкіндігін пайдаланғандар саны өте аз болды. Себебі, Ауғанстан халқының басым бөлігі кедей тұрады.

Ауғанстан экономикасы бұрыннан сырттың қаржылай көмегіне тәуелді. Мысалы, тәліптер билікке келгенге дейін үкімет шығындарының шамамен 75 пайызы шетелдік гранттар мен гуманитарлық көмек есебінен жабылған. Ал, экстремистік топтан құралған қазіргі үкімет тұсында Оңтүстік Азияда орналасқан елге халықаралық ұйымдар мен дәулетті елдер бұрынғыдай материалдық көмек көрсетпейтіні түсінікті. Себебі, тәліптер ол көмекті қарапайым халыққа жеткізбейтіні бесенеден белгілі жәйт. Содан Ауғанстанның бюджеті 2022 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 60 пайызға дейін қысқарып, елде жаппай жұмыссыздық белең алды. Халықаралық еңбек ұйымы бұған тәліптердің әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салғаны да түрткі болғанын атап өтеді.

Жоқшылыққа қатысты статистика да сұмдық. Онымен танысқан адамның төбе шашы тік тұрады. Айту да, есту де қиын. Дегенмен, айтпасқа тағы болмайды. БҰҰ-ның соңғы мәліметіне сенсек, азық-түлік тапшылығынан жапа шегіп жатқан елде 23 млн адам аштық жағдайында өлместің күнін көріп отыр. Халықтың 95 пайызы тойып тамақ ішпейді.

Тәліптер адам құқығын, соның ішінде әйелдер мен балалар құқығын таптап келеді. Мысалы, тәліптер өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу үшін сотсыз өлім жазасына кеседі, қамауға алып азаптайды. Содырлар құқық қорғаушыларды, белсенді әйелдерді, журналистер мен зиялы қауым өкілдерін, бұрынғы билік басында қызмет еткендерді аяусыз қудалап жатыр.

Тағы да статистика келтірейік. «Талибан» билігінің алғашқы он айындағы адам құқықтары туралы Ауғанстанға көмек көрсету бойынша БҰҰ миссиясының есебінде журналистерді, құқық қорғаушылар мен наразылық білдірушілерді жаппай тұтқындау жалғасып жатқаны баяндалды. БҰҰ сарапшылары 160 соттан тыс өлім жазасына кесу, 178 заңсыз қамауға алу, Ауған әскери күштері мен үкіметінің бұрынғы қызметкерлеріне тәліптер қолданған 56 азаптау деректерін тіркеді. Этникалық және діни азшылықтар арасында 2 106 адам тәліптер саясатының құрбаны болды. Бұл бізге белгілісі ғана. Ал, БҰҰ сарапшыларының назарына ілікпей қалған жан түршігерлік жағдайлар қаншама?!

Билікке тәліптердің келуімен Әйелдер істері бойынша министрлік бірден таратылды. Әйелдердің құқығы шектелді. Жоғарыда жазғанымыздай, нәзік жандыларға жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұл – бір. Екіншіден, қыздардың мектепте білім алуларына шектеу қойылды. Үшіншіден, қыз-келіншектер бет-аузын тұмшалап қара жамылып жүруге міндеттелді. Төртіншіден, олар үйінен 72 шақырымнан арыға ұзап шыға алмайды әрі көшеде бір өзі жүре алмайды. Қасында бір ер адам жүруге міндетті. Ережені бұзғаны үшін оның әкесі немесе еркек кіндікті басқа жақын туысы жауап береді. Заңды бұзғандар жұмыстан шығарылады немесе бас бостандығынан айырылады.

Айта кетейік, БҰҰ-ның есебінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Анашаның отаны» саналатын Ауғанстандағы есірткі экспортының көлемі 2,7 млрд долларды құрады. Осылайша, есірткі саудасы ЖІӨ-нің 11 пайызына тең болды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here