Түркіменстан Ресей газын Еуропа нарығынан ығыстыра ала ма?

0
4805

Былтыр Еуропалық Одақ (ЕО) құбыр арқылы табиғи газдың 45 пайыздан астамын Ресей Федерациясынан импорттады. Былтырғы көрсеткішке сенсек, Одаққа мүше Финляндия (94%), Латвия (93%), Эстония (79%), Болгария (77%), Словакия (70%), Хорватия (68%), Чехия (66%), Австрия (64%) елдері ресейлік газды көп сатып алған. Грекия (51%), Германия (49%), Италия (46%), Литва (41%), Польша (40%), Венгрия (40%), Словения (40%) елдері де орыстың көгілдір отынына біршама тәуелді. Соған қарамастан 24 ақпанда ресейлік әскер Украинаға басып кіргеннен кейін Еуропалық Одақ Ресейге жүздеген санкция салды. Содан өзінің еуропалық нарықтағы энергетикалық басымдығын саяси қысымның құралына айналдырған Путин бастаған билік басындағылар ресейлік газға тәуелді Еуропалық Одаққа көзін алартып, азулы тісін батыра бастады. Дегенмен, біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүруді білмейтін Брюссель енді басқа елдерден газ тасымалдауға бет алды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін кәрі құрлық елдерінің тығырықтан шығар жолды қалай іздеп жатқанына, түркімен газының еуропалық нарыққа шығуына түріктердің қалай көмектесетініне тоқталады.

МӘСКЕУ БРЮССЕЛЬДІҢ ӘЛСІЗДІГІН
ПАЙДАЛАНҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс 27 елдің басын біріктірген Еуропалық Одақтың энергетикасына үлкен соққы болып тиді. Тіпті, Брюссель Ресейдің әскери агрессиясына тойтарыс беру үшін өзінің энергетикасына нұқсан келтіруге дейін барды. Өйткені, Брюссель мыңдаған адамның өмірін жалмап жатқан соғысты қаржыландыруды тоқтатып, Ресейді Еуропалық Одаққа ықпал ету тетігінен айыру үшін барын салмақ. Мысалы, осы тамыздан бастап ресейлік көмірден бас тартты. Келесі жылы орыс мұнайын импорттауды да тоқтатады. Еуропалықтар мұны энергетикалық тәуелділіктен құтылудың ауыр өтемі ретінде қабылдады. Алайда, ресейлік газға келгенде Брюссель «өз қолын өзі кесе алмай» пұшайман күй кешеді. Себебі, табиғи газдан бірден бас тарту мүмкін емес.

Әрине, Еуропалық Одақ Ресей Федерациясынан сатып алатын газ көлемін мейлінше азайтуға бұрыннан мүдделі. Мысалы, 2014 жылы Ресей Украинадан Қырымды «тартып алған» соң табиғи газды басқа бағыттар бойынша тасымалдау мәселесі Еуропалық Одақта кеңінен талқыланды. Бірақ, сол тұста Брюссель батыл шешімге бара қоймады. Бәрі сөз күйінде қалды. Іске асқан жоқ. Ал, биылғы 24 ақпанда жағдай күрт өзгерді.

Брюссель Ресей банктері мен компанияларына санкция салып, Украинаға қару-жарақ жібере бастағанда, Мәскеу еуропалық 6 елге газ беруді тоқтатып, 6 елге жөнелтетін газ көлемін азайтты. Тіпті, өзінің табиғи газын саяси қысымның құралына айналдырған Мәскеу кәрі құрлыққа газ жіберуді бір күнде тоқтатып тастауы да ықтимал. Бұл Еуропалық Одақ экономикасына орасан зор шығын келтіреді. Себебі, ресейлік газбен еуропалықтар тұрғын үйлер мен өндіріс орындарын ғана жылытып қоймайды, оны автокөлік өндірісі сияқты көп салада пайдаланады. Демек, ресейлік газдан толықтай бас тарту 450 млн халық тұратын Еуропалық Одақтың онсыз да жағдайы күрделі экономикасын одан бетер құлдыратады. Мұны Брюссель де, Мәскеу де жақсы түсінеді.

Бір медальдің екі жағы болады. Сол сияқты Ресей Еуропаға газ экспортын азайтса, өз экономикасын өзі күйретеді. Дегенмен, тілі де бір, діні де бір, ділі де бір көршісіне бір күнде басып кірген Ресей билігінен бәрін күтуге болады. Өйткені, Мәскеу Ресей газының ең ірі тұтынушысы болып отырған Брюссельді өзіне тәуелді болып қала бергенін қалайды. Еуропалық Одақтың осы әлсіздігін пайдаланып қалуға тырысады. Айталық, соғысқа дейін Ресей газы Еуропалық Одаққа келетін барлық газдың 45 пайызына тең болса, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендеген.

Әлемде газ қоры бойынша төртінші орын алатын Түркіменстан Каспий теңізінің түбінен құбыр жүргізіп, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы еуропалық нарыққа көгілдір отынын сатуға мүмкіндігі бар…

ТҮРКІМЕН ГАЗЫН ЕУРОПА
НАРЫҒЫНА ШЫҒАРУ ҮШІН АНКАРА
АШХАБАДҚА КӨМЕКТЕСЕДІ

Кәрі құрлыққа Ресейден жылына шамамен 150 млрд текше метр газ келеді. Бұл – Еуропалық Одақтағы газ импортының 45,3 пайызы. Ал, қазіргі жағдайдан кейін еуропалықтар ресейліктерден сатып алатын газ көлемін азайтуға бұрынғыдан да қаттырақ ұмтыла бастады. Қазір Мәскеуге кіріптар болып тұрған Брюссель үшін бұдан басқа жол жоқ. Брюссель басқа бағыттарды да қарастырып жатыр. Басымдық сұйылтылған табиғи газға беріледі. Неге десеңіз, бұл мәселеде Еуропалық Одаққа Катар сияқты азиялық елдер мен АҚШ көмектесе алады. Дегенмен, Брюссель үшін сұйылтылған газ қымбатқа түседі әрі оны тасымалдау уақытты талап етеді. Сондықтан ол бір жылда ресейлік газды толық алмастыра алмайды.

Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс басталғанда-ақ Еурокомиссия Еуропалық Одақ биыл ресейлік газ импортының үштен екісін қысқартатынын, ал 2030 жылға дейін одан толығымен бас тартатынын мәлімдеді.

Үлкен еуропалық нарық үшін Түркіменстан да күресе алады. Шілде айының басында Түркия вице-президенті Фуат Октай түркімен газын еуропалық нарыққа шығаруда Анкара Ашхабадқа көмектесетінін айтты. Еуропалықтар да түркімен газынан дәмелі. Осылайша, ресейлік газға тәуелді болып қалуды қаламайтын еуропалықтар біраз жыл өткеннен кейін көгілдір отынның қоры бойынша әлемде төртінші орын алатын Түркіменстанды еуропалық нарыққа қайта шақырды.

Сарапшылардың пікірінше, Түркіменстан Әзербайжанға дейін Каспийдің астымен газ құбырын тартса, ары қарай түркімен газы еш кедергісіз «Оңтүстік дәлізімен» Әзербайжан, Түркия арқылы Еуропа нарығына шығады (суретті қараңыз). Бұдан Ресей газына күні қарап қалған Еуропа елдері де, газын тек Қытайға ғана сатып отырған Түркіменстан да ұтады.

Біріншіден, түркімен газының құны Ресейге қарағанда айтарлықтай төмен болғандықтан еуропалықтар қалтасын қақпайды. Екіншіден, Еуропа Ресей газына басыбайлы тәуелді болмайды. Үшіншіден, газын Қытайдан басқа қайда сатарын білмей отырған Түркіменстан үшін үлкен нарыққа жол ашылады. Сөйтіп, соңғы жылдары экономикасы кері кеткен «жабық елдің» табыс көзі кеңейеді.

ЕНДІ АШХАБАД ЕУРОПАҒА
ГАЗ ТАСЫМАЛДАУ ҮШІН МӘСКЕУДІҢ
«БАТАСЫН» АЛМАЙДЫ

Жалпы, Түркіменстан жылына 150 млрд текше метр газ экспорттайтын мүмкіндікке ие. Дегенмен, Ашхабад өзінің осындай экспорттық әлеуетін толықтай пайдалана алмай келеді. Мәскеудің кейбір қадамдары Ашхабад үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Өйткені, сыртқа көгілдір отын сатуда Мәскеу мен Ашхабад бір-бірімен бәсекелес саналады. Әлемде газ қоры бойынша Ресей – бірінші орынды (48 938 млрд текше метр), Түркіменстан – төртінші орынды (15 365 млрд текше метр) алады.

Әрине, Еуропа елдеріне газ сатуда Ашхабадқа қарағанда Мәскеудің қолы ұзын. Ресейге қол созым жерде көгілдір отынға зәру еуропалық нарық тұр. Ал, түркімен газы Еуропаға жету үшін екі елді, атап айтқанда, Иран мен Түркияны басып өтуі керек. Иран арқылы газ құбырын тарту да оңай шаруа емес. Біріншіден, бұл қыруар қаржыны талап етеді. Еуропалық елдердің көмегінсіз газ құбырын тартуға Ашхабадтың қалтасы көтермейді. Екіншіден, ядролық бағдарламаға байланысты Тегеран мен Батыс елдері арасының суып кеткеніне біраз жылға тақады. Үшіншіден, Иранның өзі әлемдегі газды көп өндіретін үшінші және газ қоры көп екінші ел. Яғни, Түркіменстандай бәсекелес Иранға керек емес.

Түркіменстанның Каспий теңізінің түбінен құбыр жүргізіп, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы еуропалық нарыққа өзінің көгілдір отынын сатудан басқа жолы да жоқ. Түркімен газының еуропалық нарыққа шығуына газ сатудан алдына ешбір елді салмайтын Мәскеу ұзақ жылдар бойы тұсау салып келді. Әйтпесе, Ашхабадтың сонау екі мыңыншы жылдардан бастап еуропалықтарға көгілдір отын сатуға мүмкіндігі болды. Мәселен, 2002 жылы Түркіменстан, Иран, Ирак және Әзербайжан Ресейді айналып өтіп, Түркия арқылы Еуропалық Одақ елдеріне Каспий аймағынан газ жеткізуді мақсат еткен «Набукко» газ құбыры жобасын дайындады. Тіпті, 2009 жылы Анкарада Түркия, Австрия, Болгария, Румыния және Венгрия елдері «Набукко» құбыр желісі бойынша үкіметаралық келісімге де қол қойды. Дегенмен, бастаманың аяқсыз қалуына Мәскеу тікелей себепкер болды. Неге десеңіз, 2018 жылға дейін Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалмады. Ұзақ жылдар бойы Каспийдің жағалауында жатқан бес елдің өкілдері (Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан, Иран) оны теңіз немесе көл деп атау бойынша ортақ бір шешімге келе алмады. Егер Каспийді бес ел «теңіз» деп мойындаса, онда әр мемлекет өз секторын өз ықтиярымен пайдалануға мүмкіндік алады. Ал, Каспий «көл» болып шықса, онда бес ел табыстан түскен пайданы теңдей бөліседі. Каспий табанынан өтетін құбыр жобасы мұндағы экологияға кері әсер ететінін алға тартқан Мәскеу қарт Каспийге құқықтық мәртебе бермей созбақтап жүрді.

Естеріңізде болса, 2018 жылы Ақтау қаласында өткен Каспий жағалауы елдерінің V саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Ресей және Иран елдерінің басшылары Каспий теңізіне арнайы құқықтық мәртебе беретін Конвенцияға қол қойды. Енді Ашхабад Еуропаға газ тасымалдау үшін «Транскаспий» газ құбыры өтетін Әзербайжанмен ғана келіссөздер жүргізеді, яғни жағалаудағы басқа елдердің рұқсатын алуға міндетті болмайды. Осылайша, қолда бар газын еуропалықтарға сата алмай келген түркімендер үшін Еуропаға қарай бағдаршамның жасыл түсі жанды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Түркімен газы еуропалық нарыққа шықса, онда орыс газын алмастыратын елдердің біріне айналады. Мәскеуге бұл барлық жағынан тиімсіз. Ең бастысы, кәрі құрлықты алқымынан қысып, жанын мұрындарының ұшына келтіруде газын пайдаланып отырған Кремльдің мүмкіндігін шектейді. Дегенмен, Украинаға соғыс ашқан Ресей ерте ме, кеш пе түбі еуропалық нарықтан айырылатыны қазір белгілі болып отыр.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here