Цифрлық трансформация жағдайындағы дауларды баламалы шешу жолдары талқыланды

0
924

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ордасының 90 жылдығына арналған «Тұрақты даму және цифрлық трансформация жағдайындағы дауларды баламалы шешу» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әділет департаменті, Алматы қаласы полиция департаменті, Қазақстан медиаторлары мен заңгерлерінің қоғамдық бірлестігі, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік орталығының өкілдері, Алматы облыстық және қалалық адвокаттар алқасының, заң консультанттары палатасының және ЖОО мен ҒЗИ қызметкерлері қатысты.

Жиынның мақсаты – тұрақты даму және цифрлық трансформация жағдайында дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолданудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Басқосуда Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а., заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов сөз алып, дауларды баламалы шешу институтын қазақстандық құқықтық жүйеге интеграциялау процесі толыққанды аяқталмағанын айтты. Ол «Бүгінгі таңда бұл институт тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарына сәйкес халықтың әлеуетін ескере отырып, құқықтық базаны теориялық тұрғыдан түсінуді, жетілдіруді талап етеді», – деп атап өтті проректор.

Қырғыз Республикасы әділет министрінің орынбасары Орозбек Сыдықов Қырғызстандағы даулар мен медиацияны баламалы шешудің ерекшеліктерін атап өтті. «Көшпелі халықтар арасындағы медиация жаңа құбылыс емес. Шоқан Уәлиханов қырғыз билері дәстүрлі құқыққа сүйене отырып, барлық сот дауларды шешеді деп жазды. Осыған қарап қырғыздар мен қазақтар дауларды сот талқылауына жеткізбей реттеу әдістерін қолданды. Даулы мәселелер ата-баба дәстүрі негізінде шешілді», – деді Орозбек Қадырбекұлы.

Дөңгелек үстел отырысында Алматы қаласы әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаева, «Адам және құқық» медиаторлар және заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ұлбара Жирембаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, профессор Уәлихан Ахатов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарын ескере отырып, дауларды баламалы шешу саласындағы заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды бірлесіп дайындау туралы шешім қабылдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here