Педагогтерді өңірлерге тарту бағдарламасының үшінші кезеңі басталды

0
709

Кадр тапшылығы немесе білім сапасы төмен өңірлерге үздік мұғалімдерді тартудың арнайы бағдарламасына қатысу үшін құжат қабылдаудың үшінші кезеңі басталды. Құжаттар 20 қыркүйектен 4 қазанға дейін қабылданады. Ал, алғашқы екі байқаудың қорытындысы бойынша 1,5 мыңнан астам педагогтен өтініш түскен. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова хабарлады.

Конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан, тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар еліміздің педагогтері; жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында педагогикалық қайта даярлаудан өткендер, сондай-ақ «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар мамандар; үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес гуманитарлық бағыт бойынша, үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,2-ден төмен емес жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектері және педагогикалық мамандықтар бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,4-тен төмен емес магистратура түлектері қатыса алады. Конкурстан өткен мұғалімдермен еңбек шарты 5 жылға жасалады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы салыстырмалы түрде төмен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары туралы болып отыр. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет. Арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдау шараларының пакеті бар. Атап айтқанда, бағдарламаға қатысатын педагогтер лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде жалақымен, жалға алған пәтер және коммуналдық қызметтер төлемімен қамтамасыз етіледі. Жоғарыда аталған 4 облыстың біріне қоныс аударған мұғалімдердің балалары балабақша мен орта мектептерден орын алады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here