Музей-үй қызметкерлері Шолпан апаға дұға бағыштады

0
1199

Шолпан Ахметқызы. Бұл есім күллі алаштану мен ахметтануда жиі аталатын есім. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қызы – Шолпан ғалымның артында қалған жалғыз ұрпақ еді. 1914 жылы 25 мамырда дүниеге келіп, 1994 жылы 27 қарашада Алматыда дүниеден озды.

1914 жыл Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш серкелері «Қазақ» газетін шығарғанына екі жыл, ғалым қазақтың Ұлттық жазуы – төте жазуды қаймана қазағына ұсынғанына үшінші жыл еді. А.Байтұрсынұлы қырпулы қырық жасқа толып, өрге шапса өршеленген шын жүйріктей Алаш жолындағы ұлан-ғайыр жұмыстарды тындырған жылдар еді бұл. Қазақ, татар, ноғайлардан тартып күллі мұсылман түрік жұртына аты мәшһүр болған жылдары Ахметтің осы алтын асықтай қызы өмірге келген.

Шолпан Ахмет пен жұбайы Бадрисафа бауырына басып, балапандай баптаған балаларының бірі еді. Шолпан Ахметтің інісі Мәшеннің қызы.  Ахметте Шолпаннан бөлек Ғазихан, Аумат атты балалары болған. Алаш үшін ауыр болған жылдарда бұл екі бала   жастай жарық дүниеге қош айтқан.

Шолпан әке-шешесінің махаббатына өле-өлгенше адал болып, қысасқа толы қиын кезеңде де ақиқаттан таймаған алаш арысының адал перзенттерінің бірегейі деуге болады. Әкесі Ахмет бес рет сотталып, екі рет қуғындалып, 1937 жылы «Халық жауы» деген айыппен атылғанда, анасы Бадрисафа Мұхаммедсадыққызы сүргінге айдалған қасіретті кезеңдерді көзбен көріп, көкірегі жаралана жүріп азапты ғасырдың куәсі болған. Өзіне де «Халық жауының ұрпағы» атты айып тағылып, жазықсыздан жалалы болған. 1958 жылы ақталған. 1988 жылы алып тұлға әкесі Ахметтің өзге Алаш көшбасшыларымен бірге ақталып, ұлт рухы болып оралған сәтін көрді.

Осыдан кейін алаштану ісі жандана бастағанда көз көрген естеліктерін зиялы қауымға мүмкіндігінше жеткізді. Бүгінгі таңда Шолпан мен жолдасы Қабиден марқұмнан туған Айман Қабиденқызы ұрпақтарымен бірге Алматыда тұрады. Ұлт ұстазының 88 жасқа келген жиені А.Байтұрсынұлы музей-үйіне жиі келіп тұрады.

14 мамыр күні А.Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкерлері Алматыдағы Кеңсай қабірстанына барып, Ұлт ұстазының қызы Шолпанға құран бағыштады. Тағзым жасаушылар Қабір айналасын арамшөптерден арылтып, тазалық жүргізді.

Биыл елімізде мамыр айының екінші жексенбісі тұңғыш рет «Аналар мерекесі» ретінде аталып өтті. «Алматы қаласы музейлер бірлестігіне» қарасты музейлердің аналар құрметіне арнаған жоспарына сай, Ахмет музей-үйі міне осы игі шараны қолға алған.

Шолпан Ахметқызының басына қызметкерлерді музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбет бастап апарды. Р.Имаханбет Ахмет Байтұрсынұлы ақталған жылдардан бастап Шолпан апаның қасында болып, Алаш арыстарының өмірдеректері мен еңбек жолы туралы көптеген құнды мәліметтерді жинақтаған.

Ұлылардың және олардың көзін көрген ұрпақтардың рухына тағзым ету – бабалардан жеткен жақсы дәстүр. Бүгінгі өмір – кешегінің жалғасы, ертеңгінің бастауы екені белгілі. Мұндай дәстүрді Ұлт ұстазы үйінің қызметкерлері ешқашан естен шығармақ емес.  

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here