Франция қазағы Түркиядағы қауымдастық өкілдігінде болды

0
1299

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілдігінің жетекшісі – өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс Ыстамбұлдағы кеңсесінде Түркия және Франция азаматы, Мұстафа Шоқай атындағы Француз-Қазақ достық қоғамының төрағасы, қазақ бауырымыз Яшар Динч мырзаны қабылдады. Еуропада тұратын Яшар бей Түркияда өткен қазақтардың Түркияға келгеніне 70 жыл толуы шарасына қатынасуға келген еді.

Яшар Динчтің аталары Қазақстанның Шығыс өңірлерінде туып-өскен. Кеңестік коммунистердің солақай саясатына қарсылық білдіріп, тағдыр тауқыметімен олар Қытай еліне бет түзейді. Ол жақта да қуғанға ұшыраған. Содан ұзақ жолда Гималай тауынан асып, Үндістан, Пәкістан елдерін паналайды. Бірінші көшті Оспан батыр, Елісқан батыр, Зайып Тәйжи, т.б. 1939-50 жылдарға дейін бастаса, екінші көшті Сұлтан Шәріп, Қалыбек, Нұрқожай батыр, Хусейін Тәйжи, Дәлелхан Жаңалтай 1950-52 жылдарда жалғастырды. Осы көшпен Яшардің әкесі Түркияға келген болатын. Сол тұстағы Түркия үкіметіне, премьер-министр Аднан Мендереске қазақтардың алғысы шексіз.

Яшар Динч 1949 жылы Пәкістанда өмірге келген. Үш жасында Түркияға, нақтырақ айтқанда, Ниде облысының Алтай ауылына ата-анасымен қоныстанды. Соңғы көшпен 164 қазақ отбасы келді. Түркияда орта мектепті бітірген соң, бір топ қазақ жастары Еуропаға, Францияға жол тартты. 1972 жылы Парижде тоқыма өндірісінде жұмысқа тұрады.

Қазір Еуропадағы қазақтар дегеніміз, осы Яшар мырзаның замандастары. «Екі-үш жыл жұмыс істейміз», – деген қандастар 50 жылдан бері Париж қаласында өмір сүруде.

Яшар Динч 2006 жылы қазақтың ұлт жанашыры Мұстафа Шоқай атындағы Француз-Қазақ достық қоғамын құрды. Қоғамның құрметті мүшесі, Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қарамен бірге Париж маңындағы Ножан-сур-Марн қаласының мэрі Жак Мартеннің рұқсатымен жер алып, саябақ жасап, Мұстафа Шоқай бюстiнің ашылу рәсімін өткізді. Салтанатты шараға сол кездегі Мәдениет министрі, бүгінгі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары, бүгінгі сенатор Мұрат Бақтиярұлы, М. Шоқай халықаралық қорының төрағасы Базарбай Атабаев, тең төрағасы Тұрғанбай Маханов, ғалым Әбдіжәлел Бәкір, ескерткіш авторы Аман Кенебаев қатысты.

Сол қалашықта Мұстафа Шоқай мұражайы да ашылды. Бұл істің басы-қасында жүрген Яшар мырзаның еңбегі орасан зор. Мұражайдың ашылуында профессор Әбдуақап Қара Мұстафа Шоқай жайында қазақ, түрік, француз тілдерінде баяндама жасады. Ножан-сур-Марн қаласының мэрі Жак Мартен елінің азаттығы жолында ерекше еңбек еткен қайраткердің үлкен істеріне жоғары баға берді, Яшар мырзаға алғысын білдірді.

Осы шараға Қазақстаннан, Түркиядан көп қонақ келді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және «Отандастар» қорының басшылары Зауытбек Тұрысбеков пен Абзал Сапарбекұлы да мұражайда болды. Ұлы тұлғаның ескерткішіне тағзым етті.

Яшар мырза Франциядағы осы мұражайда, саябақта, ескерткіштің ашылу рәсімінде түсірілген суреттерді жинақтап шығарған фотоальбомын Ыстамбұлдың қауымдастық өкілдігіне тапсырды.

«Ендігі мақсатым – Париждегі қазақ балаларының 15-17 жас аралығында бір тобын Қазақстанға, Мұстафа Шоқайдың ауылына алып барып, баба рухына тәу ету. Оларға қайраткердің қасиетті Сыр бойында жүріп өткен жолдарын, Қызылорда қаласының қақ ортасында тұрған алып ескерткішін, Шиелінің орталық алаңындағы, Сұлутөбедегі клуб үйінің алдындағы ескерткішін, М. Шоқай атындағы мектептің алдындағы бюстін көрсету. Бұл алып жүректі азаматқа деген құрмет болар еді. Түптеп келгенде, бұл біздің парызымыз, Еуропадағы ұрпақты атажұртымен таныстыру», – дейді Яшар Динч.

Өкілдік жетекшісі, қоғам қайраткері Ержан Уәйіс Мұстафа Шоқайдың шырақшысы, нағыз қызметшісі Яшар мырзаға дәстүрлі қазақ шапанын кигізді.

Түркиядағы қауымдастық өкілдігі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here