Шетелге бетбұрыс: Мұстафа Шоқай эмиграциясының Грузиядағы кезеңі

0
4921
Мұстафа Шоқай және грузин қайраткерлері

Алаш ұлт‑азаттық қозғалысының Әлихан Бөкейхан бастаған жетекшілерінің идеясымен, Орта Азия мұсылман қайраткерлерінің белсенді ұйымдастыруымен, бұқара халықтың қатысуымен Түркістан Мұқтарияты орнаған болатын. Бірақ, ол 64 күн ғана өмір сүрді. Кеңес үкіметі оны құлатып, Қоқан қаласын үйіндіге айналдырды. Содан Мұқтарият басшысы Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды. Бетбұрыс Грузин Демократиялық Республикасынан басталып еді.

Ақпан революциясы патшаны тақтан тайдырып, түрлі партиялардың бой көтеруіне мүмкіндік жасады. Солардың бірі – социал‑демократиялық  партияның фракциясы ретіндегі большевиктер халықты өздеріне тарту үшін Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне «өз тұрмыс‑тіршіліктеріңізді өздеріңіздің салт‑дәстүрлеріңізге сай, өз қалауларыңызға орай құрыңыздар» деген болатын. Алайда, тарих сахнасына шығып, билікке келген соң олар басқаша сайрап, басқаша әрекетке көшті. Соның бірі – 1917 жылдың 27 қарашасында Орта Азияда алғаш дүниеге келген Қоқан автономиясын қанды қырғынға ұшыратып, қаланы үйіндіге айналдырды. Басшыларын тұтқынға алды. Өз басын жеткізген адамға большевиктер 1000 рубль беруге уәде еткенін білгеннен, елде тұру қауіпті екенін анық сезгеннен кейін Үкімет басшысы Мұстафа Шоқай Кавказ мемлекеттеріне карай ығысты. Каспий теңізі арқылы 1919 жылғы ақпанда Бакуге жетеді. Бұл Түркістанға бір табан жақын еді. Алайда, мұнда жұмыс істеу қиындық туғызғаннан кейін Грузияға кетуге мәжбүр болды. Ол жақтан тиісті хабар жеткен соң Мұстафа Шоқай өзіне 1919 жылдың 18 наурызында Грузин үкіметінің осындағы өкілі Н.Я. Карцевадзеге куәлік жаздырып алады. Онда Түркістан құрылтай жиналысын шақыру жөніндегі комитеттің төрағасы Мұстафа Шоқайға Грузия Республикасында ешқандай кедергі келтірілмеу сұралды. Осы құжатпен 1919 жылғы наурызда Тифлиске (Тбилиси) жетеді.

1918 жылы 24 қарашада Мария Яковлевна Екатеринбургтен шығып, жалғыз өзі қаншама қиыншылықтарды көріп, бірақ жарының тұрақты жол сілтеуімен әртүрлі көліктермен жүріп отырып, 1919 жылы 1 мамыр күні аман‑есен Тифлиске келеді. Екеуі әуелі бірер апта «Ореан» қонақ үйінде, кейін Грузиядан кеткенше Грибоедов көшесі, 23 үйде  тұрады. Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде көшелерде алуан түрлі киінген адам көп болғанын, олардың біразы қашқындар екенін, Грузия өкіметі оларды қамқорлығына алғанын жазған болатын.

Бұл кезде Грузиядағы саяси‑әлеуметтік ахуал тұрақты еді. Закавказье Федерациясының ыдырауы нәтижесінде 1918 жылғы 26 мамырда Кутаиси  және Тифлис провинциялары, Батуми облысы мен бұрынғы Ресей империясының Сухуми округі кірген Грузияда тәуелсіз демократиялық республика орнаған-ды. Грузия үкіметінің басшысы Ной Жордания мен Ішкі істер министрі Ной Рамишвили Мұстафа Шоқайды қуанышпен қарсы алады.  Осында 1917 жылы Мұстафа Шоқай Ташкентке жол жүрерде жолыққан, «автономия құрудан аулақ болыңыздар, ол Ресейден бөліну болады» деген Петроград жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Чхеидзе де тұратын. Тифлисте Солтүстік Кавказ азаттық қозғалысының жетекшілері, Версаль конференция Жоғарғы комиссарының резиденциясының болуы да қолайлы жағдай туғызады. Сонымен Түркістан ұлт‑азаттық күресіне жаны ашитындар табу жағынан Мұстафа Шоқай үшін Грузия сәтті қадам болды. Ол өзінің кейінірек жазған «Менің 1919 жылы Ресей империализміне қарсы күреске Украина, Түркістан және Кавказ күштерін біріктіруге тырысуым» атты мақаласында сол кездегі Грузиядағы саяси жағдайды қысқа да нұсқа жазып, өзін Тифлисте өте жылы қабылдағанын, Грузия үкіметі сол кездегі жағдайды нақты түсініп, қолынан келгеннің бәріне көмектесуге уәде бергенін, осының өзі Тифлисте қалуына жеткілікті болғанын жазған еді.

Тағдыр тәлкегімен қонақжай грузин жеріне тап болған Мұстафа Шоқай  Түркiстан құрылтай жиналысын шақыру жөнiндегi комитеттiң өкілі ретінде өзіне тапсырылған тарихи миссияны абыроймен орындап, Отанында қалғандардың сенімін ақтауға тырысты. Ол көп ұзамай өзінің саяси жұмысына кірісіп кетеді. 1919 жылдың 4 наурызында Швейцарияның Берн қаласында өтіп жатқан Халықаралық социалистердің конференциясы Секретариатына хат жолдайды. Онда Түркістан аумағындағы мәдени адамзатты масқаралайтын және интернационалдың араласуын мәжбүр ететін төтенше маңызды фактілерді мәлімдейді. 1920 жылдың сәуір айында өзінің орынбасары Вадим Чайкинмен баспасөз өкілдеріне арналған сұхбат ұйымдастырады. Ондағы негізгі мәселелер – Түркістанның жаңа қайраткерлерінің Кавказ баспасөзінде елдегі саяси жағдайды сөз етуі, советтік орталықтың жергілікті демократиямен келісімге келуін қарастыру, Түркістандағы ішкі және сыртқы ұлттық қарым‑қатынастар мен экономикалық жағдай туралы болатын.  

Мұстафа Шоқай Кеңес өкіметінің саясатына әлем жұртшылығының назарын аудару, түрік халықтарының азаттық күресінің әділеттілігіне, олардың бастан кешіп отырған зорлық-зомбылықтарын, большевиктердің ұлттық саясатының бетпердесін барлық күш‑жігерімен ашып көрсету мақсатын жүзеге асыру үшін одақтастар іздестірді. Ол большевиктер режиміне қарсы күреске Түркістаннан басқа да елдерді жұмылдыру  мәселесін алға қойды. Осы бағытта Украинаның өкілі Красковскиймен бірге ақпараттық бюро, орыс және батыс еуропа тілдерінде басылымдар ұйымдастыру жөнінде жоспар жасайды. «Түркістан және Украина» бірлескен ұлттық орталығы құрылады. Грузиндер де қолдаған бұл идея кейін Кавказ ұлт‑азаттық қозғалыстарын біріктіріп, «Вольный союз» («Еркін одақ») ұйымына айналады. Осы ұйым «Вольный союз» атты баспа да құрады. Алайда, ұйымның қызметі  көпке созылған жоқ. Дегенмен, ол ұйым кейін Франциядағы «Прометей» ұйымының басы болғанына күмән жоқ.

Саяси жұмыстармен қатар Мұстафа Шоқай өзінің кәнігі қаламгерлік кәсібімен батыл айналысты. Бұрынғы Түркістан Мұқтариятының басшысы, қазіргі Түркістан құрылтай жиналысының мүшесі ретінде Мұстафа Шоқайдың  айтары аз емес еді. Көзімен көргені де, құлағымен естігені де, қолымен атқарғаны да жетіп артылатын. Грузияның Орталық архивіндегі, Парламенттің кітапханасындағы материалдармен танысу Мұстафа Шоқайдың Грузияда тынымсыз тірлік еткенін көз алдыңа келтіреді. Он екі томдық шығармаларының толық жинағының екінші және он бірінші томдарына (бұрын енбей қалған еңбектері қатарында) 1919 жылдың 18 қарашасынан 1921 жылдың 9 наурызы аралығында жарық көрген 57 мақала енген. Іздестіру нәтижесінде «Вольный горец» газетінің 1920 жылғы 6 қыркүйектегі №52 санынан бірнеше қысқа материалдар таптық.

 «Вольный союз» баспасының демеушілік жасауымен, Солтүстік Кавказдың көрнекті өкілі, Осетин-мұсылман, кавказ халықтарының тәуелсіздігі қозғалысының қайраткері Ахмет бей Цаликатидің (Цаликов) көмегімен Мұстафа Шоқай 1919 жылдың қараша айынан «На рубеже» журналын шығарады. Оның негізгі міндеттері – халықтардың еркін ұлттық өмірін қалыптастырудың және мемлекеттік тәуелсіздікті орнатудың теориялық және тәжірибелік жолдарын көрсету, ескі Ресейдегі халықтардың мүдделерін, экономикалық мұраттарын біріктіретін жаңа мемлекеттік құрылым идеяларын насихаттау болды. Біздер бұл журналдың 1919 жылдың  №1 санын орталық архивтен, №3 және 1920 жылғы №6 сандарын Грузия Парламентінің кітапханасынан тауып, олардың электронды нұсқаларын алдық. 

Тамаша публицистің Тифлисте ерекше белсенділікпен қатысқан қоғамдық-саяси және әдеби басылым «Вольный горец» болды. Мақалаларының дені осы газетте басылған. Ол 1919 жылдың қыркүйегінде шығып, өзін Солтүстік Кавказдың таулы халықтарының революциялық демократиясының органы деп жариялап, 1920 жылдары жарық көрген. Бұл газетте басылған мақалаларды тақырып жағынан қарағанда бірден көзге айқын түсетіні алыстан атойлап тұратын автордың мәңгілік тақырыбы – Түркістан, оның кеңестік кезеңдегі тыныс‑тіршілігі, халқының көріп отырған озбырлығы мен қиянаты. Бұл «Вольный борец» 1921 жылдың қаңтарынан «Независимый горец» деп аталады да, мұнда Мұстафа Шоқайдың төрт мақаласы шығып үлгерген. Сол жылдың 14 ақпанында жарық  көрген «Қазіргі Түркістан шындығы» атты мақаласында өткенді баяндай және бүгінгіге жүгіне отырып, Мұстафа Шоқай тағы да Түркістанның нағыз бақытсыз ел екенін дәлелдеген.

1921 жылдың 16 ақпанында Кеңес әскерлері Грузияны тізе бүктіреді. Грузия Демократиялық Республикасы құлайды да, бұрынғы «Вольный горец» газетінің орнына шыққан «Независимый горец» те жабылады. Осыдан кейін іле-шала Мұстафа Шоқай Батумиге ауысып, «Батумская жизнь» газетінде басылған «Грузияның тәуелсіздігі үшін және мұсылмандар» атты мақаласында «Грузияның қасіреті – бүкіл алдыңғы Азия халықтарының қасіреті, өйткені еркін, тәуелсіз Грузия – ұлттық өзін-өзі растау үшін күрескендердің барлығының тірі символы» деп жазды.

Мұстафа Шоқай Грузия қайраткерлерімен байланысын Францияға барғаннан соң да жалғастырған. Оған Поликарп Мдивани, Никифор Имнаишвили, Акакий Чхенкели, Ной Рамишвили сияқты саяси қайраткерлермен алмасқан хаттары дәлел бола алады. Ал, ұлы тұлғаның Грузия халқына, оның эмиграциядағы қайраткерлеріне деген таза сезімі Парижде Ной Рамишвилидің (1930) өлтірілуіне байланысты «Прометей» журналында «Рамишвилиді жерлеу» деген атпен жарияланған сөзінен айқын байқалады. Грузин қайраткерлері де Мұстафа Шоқайға қарыз болып қалмаған. Еуропадағы Грузия Демократиялық Республикасының елшісі Акакий Чхенкели Мұстафа Шоқай қайтыс болғанан кейін оның еңбегіне мынандай баға беріп еді: «Мұстафаның қызметі Парижде, Лондонда, Женевада және басқа Батыстың орталықтарында соншалықты есептеуге келмейтін сан салалы және жемісті болды».

Өткен жылдың аяғында арнайы іс‑сапармен Тбилисиде болған  Мұстафа Шоқайдың жерлестері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің  бір топ ұстаз ғалымдарының Грузиядағы негізгі жұмыстары да, елмен танысуы да нәтижелі болды. Бізге көмектескендер аз болған жоқ. Біз бұрыннан хабарласып, шығармашылық байланыс жасап жүрген Тбилиси аймақтық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Лела Саралидземен, Тбилиси мемлекеттік университетінің Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Натия Жалабадземен кездестік. Олар да бізге қажетті көмектерін көрсетті. 

Бізді Мұстафа мен Мария Шоқайлар тұрған Грибоедов көшесіндегі үй қызықтырды. Мария Яковлевна өзінің «Менің Мұстафам» атты естелігінің  277‑бетінде былай деп жазған болатын: «Бағымызға орай Тбилисидің буржуалар тұратын ауданынан шыны террасалы екі бөлме табыла қалды. Бұл тұрған жерден Эльбурс таулары көрінетін». Үй иелері Балтық жағалауының немісі, бұрын мемлекеттік басқару органдарында қызмет еткен Людвиг Першке деген кісі төңкерістен кейін қызметінен айырылып, он бөлмелі пәтерінің төрт бөлмесін жалға берген екен. Осының екі бөлмесінде Шоқайлар тұрған. Осы үйге бізді М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген философ, Сухум университетінің профессоры Вадри алып барды. Елгезек кісі бізге көп жайды мәлім етті. Ол университетке шақырып, ректормен таныстырып, жаңадан ашылған Абай аудиториясын  көрсетті. Мұстафа Шоқайды да жақсы білетін, оны ерекше бағалайтын Вадри мырза осында ұлы тұлғаға арнап бұрыш ашқысы келетінін айтты. Бұл кісілермен кейін де хабарласып тұруға келістік. Хабарласып тұрмыз.

Сыр бойынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілген ардақты тұлғаға екі жылдай құтты мекен болған Грузия еліне шын жүректен шыққан ризашылығымызды білдіріп, тәуелсіздік туын бекем ұстап отырған халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Реті келіп Шоқайлар тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылып жатса, осыдан бір ғасыр бұрынғы тарихи деректің көрінісі болар еді.

Мұстафа Шоқай екі жылға жуық тұрған Грузиядан алған әсеріміз аз емес. Ең бастысы, саяси сергек халықты таныдық. Бұл адам қызығарлық жай ғой. Грузия Демократиялық Республикасы сонау 1918-1921 жылдары аз уақытта біраз тірлік бітірген көрінеді. Жаңа мемлекет үшін аса маңызды Парламент және мемлекеттік тіл туралы арнайы заңдар қабылдаған. Білетіндер грузин тілі туралы қабылдаған қазіргі заңды посткеңестік кеңістіктегі ең үздік заң деп бағалайды. 

Мұстафа Шоқайдың Грузияда бедерлі із қалдырған қайсар қажырлығы, тынымсыз тірлігі, замандастарымен тіл табыса білуі, ерекше публицистикалық қабілеті алдағы бүкіл эмиграциялық өмірінің беташарындай  болып қана қойған жоқ, болашақ әлемге танылудың хабаршысындай әсер етті.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры,
Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here