Болмысы бөлек қаламгерлер еді…

0
1619

Күллі әлемді жайлаған пандемия біраз қадірлі де елге танымал әріптестерімізді арамыздан жұлып алып кетті. Әйтпесе, бүгін ерекше сағынышпен еске алып отырған Сырым ағамыз бен Бәтира жеңгеміз өлімге қиятын жандар ма еді. Олар енді ұрпағының қызығын көріп, қаламгерлік кемеліне келген шақтарында мәңгілік сапарға аттанды.

СЫРЫМНЫҢ САБЫРЛЫ МІНЕЗІ

Ерлі-зайыптылар қазағы қалың Торғай елінде дүниеге келіп, сонда өнегелі отбасында тәрбиеленді. Сөздің орайы келгенде қос қайталанбас қаламгердің шыққан орталары мен олардың шығармашылықтағы табыстары айқын көрініс тапқан өткен кезеңдерге қысқаша шолу жасап өтелік.

Шаңырақ иесі Сырым аға бүгінгі жарқын заманымыз үшін ғұмырын арнаған Алаш ардақтысы, ұлтымыздың мақтанышы Міржақып Дулатов секілді біртуар дарынды перзентті берген Жангелдин ауданына қарасты Қызбел ауылының тумасы. Ол зиялы отбасында дүниеге келді. Әкесі Кәрім мен анасы Гүлсім сол өңірге танымал кісілер еді. Екеуі де талай шәкірттерді тәрбиелеп, оларды сапалы білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздар болатын.

Отбасында төрт ұл және екі қыз өсті. Осы үйдің бір перзенті Сырекең әкесімен бірге туған бауыры Ерман атасы мен әжесі Кәбираның қамқорлығымен ер жетті.

Ардақты жандардың арқасында сабырлы да салмақты, қолынан келсе өзгелерге жақсылық жасауға құлшынып тұратын бозбала ретінде көзге ерте түсті. Қазақтың ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұрасын, оның ішінде батырлар жыры мен танымдық-тағылымдық жағы мол, қиялыңды қияндарға шарықтататын таңғажайып ертегілерді зейін қоя оқып, үлкен кісілердің тәрбиелік мәні зор әңгімелері мен естеліктерін көкірегіне ұялата білді.

Әрине, өз әке-шешесі Кәрім және Гүлсім де оның келешегінен мол үміт күтті. Елгезек әрі кішкентайынан тиянақты оқушы атанып, сонау мектеп қабырғасында жүргеннен бастап жазу-сызуға бейімділік танытып, тырнақ алды еңбектері жергілікті басылымдарда жариялана бастады.

Бейнетқор жігіт сол кездегі жоғары оқу орындарындағы талап бойынша еңбек өтілі қажет болғандықтан қолына кәмелеттік аттестат алған соң, өзінің талай жұртшылық қызыға оқыған Торғай селосындағы аудандық «Жаңа өмір» деп аталатын газетте қызмет атқарып, әбден шыңдалды. Халықтың бел ортасында жүріп, өмірді таныды. Тонның ішкі бауындай араласа тілшілік қызмет атқарған аға буын өкілдері егер ол шығармашылық жолда тынбай ізденсе, жас жігіттен келешекте мықты журналист шығатындығына шүбәсіз сенді.

Ол өзіне қашан да биік талап қоятын. Жазу мен шығармашылық жұмыстың шыңына көтерілгісі келген адам ең алдымен табиғи дарынмен қоса терең білім алу керек екенін де жете ұғынды. Сондықтан көптен бергі асыл арманына жету үшін көрікті Алматы қаласына барды. Сол кездегі республикамыздағы журналистерді дайындайтын жалғыз факультетке, яғни С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжаттарын тапсырды.

Жолы болып, алғыр студенттердің қатарына қосылды. Студенттік дәурен зырылдап өте шықты. Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген өзі сияқты бозбалалар және бойжеткендермен бірге білім алып, жоғары оқу орнын 1975 жылы ойдағыдай аяқтады. Сөйтіп, өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне оралды. Бұрынғы облыстық «Торғай таңы» газетінде қаламы төселіп, есімі елге танылды.

Сағымдай бұлдырап артта қалған кезеңдерде біршама уақыт солтүстік өңірге кеңінен белгілі, бастауында Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин секілді ұлы тұлғалар тұрған басылымда аянбай қызмет атқарды. Оған осы рухани дүниемізді жазу барысында тағы да тоқталатын боламыз.

Көрнекті әріптесіміздің қолтаңбасы елімізге белгілі «Жұлдыз» журналында да қалды. Оны сол басылымды өркендетуде уақытпен санаспай жұмыс істеген ағаларымыз бен апаларымыз жақсы біледі.

Көңілдері жарасқан жастар 1973 жылы жеке шаңырақ көтеріп, кейінгілерге өнеге көрсетер үлгілі отбасы болды. Ұрпақ сүйді. Жүректері елім мен халқым деп соқты. Бүкіл қазақ оқырмандары олардың жазған туындыларын асыға күтетіндей деңгейге жетті.

Сырекең сөздің емес, нағыз істің адамы болатын. Сонау студент кезден араласып, тіпті қара нанды бірге бөліп жеп, жатақханадағы бір бөлмеде тұрған көкшетаулық белгілі ақын Бақберген Амалбек жан досы туралы тебірене сыр шертеді.

Досының айтуына қарағанда, курстасы өте кішіпейіл, адам баласының қадір-қасиетін жоғары қоятын, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Өзінің қалаған мамандығына деген құштарлығы да ерекше болыпты. Олардың арасындағы сыйластық пен бір-біріне деген шынайы адалдық ғұмыр бойы жалғасқан.

«Кешегі бозбала Сырым араға уақыт салып, еңбекқорлығының арқасында дарынды журналистердің бірі болды. Алматыға жолым түскенде кездесіп, өткенді еске алып, мәре-сәре болып қалатынбыз. Сүйіп қосылған жары Бәтира да бір бойынан қазақ қызына тән асыл қасиеттердің бәрі табылатын талантты қаламгер еді. Оның дидарынан үнемі жылы шуақ төгіліп тұратын», – деп толғанады Бәкең.

БӘТИРАНЫҢ ШУАҚ ШАШҚАН НҰРЛЫ ЖҮЗІ

Сырым ағаның жан-жары, сонау жастық шақтан бір-бірін шығармашылық сыйластық, өзара түсіністік жағынан үндестік тапқан өмірлік серігі Бәтира Қарағұлова да ұлтымыздың бүкіл салт-дәстүрін берік ұстанған әрі халқымызға тірек болар талай азаматтарды түлетіп ұшырған Жангелдин ауданының Көкалат ауылында дүниеге келді.

Әкесі Қарағұл мен анасы Бикен осынау сүйкімді перзенті жарық дүние есігін ашқанда қалай қуанғаны жұртшылықтың әлі жадында болса керек. Аталмыш жаны жайсаң жандардың отбасында он екі бала тәрбиеленді.

Әңгіме арқауына айналып отырған Бәтира үйдегі үйелмелі-сүйелмелі балалардың екіншісі, дидарларынан инабаттылық пен ибалылықтың нышаны айқын сезіліп тұратын қыздардың үлкені.

Қыз бала қашанда ата-анаға жақын келеді ғой. Ол әке-шешесіне қолғанат болумен қатар, өзінен кейінгі інілері мен сіңілілеріне қай жағынан болсын өнеге көрсетті. Олар әпкелеріне еліктеп, өскенде сондай тындырымды, жауапты, тиянақты, бірсөзді, мейірімді болуға талпынды.

Бүкіл ғұмырын ұстаздық кәсіпке бағыштаған оның арқа сүйер сіңілісі Сәуле Шакинамен тілдескенімде жаны жайдары замандасымыз маған Бәтираның беймәлім қырлары жайлы әңгімеледі. Оның бауырмалдығын, ер мінезділігін, талап қойғыштығын, бос сөз бен өсек-аяңнан мүлдем алыс болғандығын баяндады.

Оның пікіріне сүйенсек, әпкесі Бәтира сонау мектепте оқып жүрген кезінен бастап әдебиетке шексіз құштарлық танытқан. Көркем шығармаларды көп оқып, оның жазған мақалалары бұрынғы жұртшылық әрбір санын асыға күтіп отыратын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланып, есімі оқырманның жадында қалды.

Талантты бойжеткен өзінің шашына ақ бантик байлаған балауса кезіндегі асыл арманына қол жеткізіп, ол да отағасы Сырым сияқты еліміздегі журналистика факультетінде ғұлама ғалымдардан дәріс алып, оны 1974 жылы аяқтады. Содан кейінгі өмір жолында сол кездегі Торғай өңіріндегі Қима аудандық «Дала таңы», облыстық «Торғай таңы» газеттерінде өзінің шебер журналист екенін дәлелдеді.

Әрбір мақаласы көркем туындыдай оқылатын әріптесіміз республикалық «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында жүргенде өзі де нағыз қабілетті әрі ізденімпаз жан ретінде құрметке бөленді. Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты болды.

Мен Сырым ағам мен Бәтира әпкемізбен көп араласпасам да олардың адамгершілік, кісілік, қаламгерлік қырларына бір кісідей қанықпын. Өмірден түйгенім, адамның мейірбандық, бауырмалдық, ұлтжандылық секілді жайларды біліп, тануы үшін ұзақ мерзім керек емес екен.

Жарасымды жұп бұрынғы Торғай облыстық қазақ газеті жабылғаннан кейін қызмет бабымен Қостанайға келді. Осындағы «Қостанай таңы» газетінде жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Екеуі де ә дегеннен қалың жұртшылықтың көкейінде жүрген өзекті деген тақырыптарды дер кезінде көтере білді. Табанды әрі сөз өнерін ардақ тұтатын журналистер екендігін айқын көрсетті.

Осындағы бірқатар әріптестеріне ағалық, апалық қамқорлықтарын аяған жоқ. Отағасы салиқалы мінезімен дараланса, зайыбы жаныңды жадыратар жылы лебіздерімен кімді болсын бірден баурап алатын.

Сырекеңнің кісілік келбеті меніңше барша қостанайлықтардың жадында болса керек. Жазу-сызуы да әрқашанда өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп тұратын. Жарқын бейнесі жас қаламгерлердің жүрегінде мәңгілік сақталатындығына шүбә келтірмеймін.

Бәтира Қарағұлова қазақ қыз-келіншектерінің есінде әдебиеттегі новелла, әңгіме жанрларының шебері ретінде қалатыны даусыз. Бұл сөзімізге республикаға белгілі басылымдарда жарық көрген көркем дүниелері, жеке кітаптары нақты айғақ бола алады.

Алматыда ғұмыр кешуді кім қаламайды дейсіз. Өйткені, бұл әлемдегі сұлу шаһар, өнер мен мәдениет ордасы ғой. Өмірлік және кәсіби мол тәжірибелеріне берік сүйенген ерлі-зайыптылар көп ойланып жатпастан аталған қалаға қоныс аударды. Оларды ондағы барша достары мен қаламдастары қуана қарсы алды. Шығармашылық ортаға барған соң да ізденістерін бір сәт тоқтатқан жоқ. Шаһардың байырғы тұрғындарының қатарына қосылды.

Қай жұмыста да батылдық пен тәуекелшілік ауадай қажет. Өздерінің бойларындағы қабілет-қарымдары мен қиындықтан қашпайтын қайсарлықтарына сенгендіктен де болар, көп ойланып жатпастан «Отбасы және денсаулық» журналын ашып, қаншама қауымға пайдасын тигізетін мақалаларды үздіксіз жариялады. Аты-жөні жұртшылыққа кеңінен таныс көрнекті ғалымдар мен медицина саласының білікті мамандарын тартты.

Сырым аға айтулы қалаға барған соң да бізбен байланысын үзген жоқ. Киелі Қостанай облысынан шыққан әйгілі тұлғалар мен ақ халатты абзал жандар жайлы жазып, тұрақты автор болуға шақырды. Мен де қолымнан келгенше аймақтан белгілі және ұлтжанды азаматтар туралы  тағылымды мақалалар мен сұхбаттар жазып, электронды пошта арқылы жіберіп тұрдым. 

Олар бір-бірін шексіз құрметтеп, шын мәнінде сыйласа білді. Әу баста оларды шығармашылық табыстырса, 1973 жылы жеке шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар екі жақтағы туысқандарға да қамқорлық жасап, қуаныштарына ортақтасты. Сырекең бір әулеттің күйеу баласы ғана емес, ұлындай болса, Бәтира ата-енесіне сүйікті келін атанды.

 Қос аққудай жарасқан жұбайлар Сағат есімді ұлдары мен қыздары Салтанатты жастайынан адам қадірін білетін парасатты әрі білімді етіп тәрбиеледі. Осы перзенттерінен Әбілмансұр, Зарина, Дархан, Томирис секілді немерелер сүйді. Тек өкініштісі, Сағаттың ғұмыры қысқа болды. Содан кейін отағасы Сырым аға дүниеден өтті. Ұлы мен күйеуінің қазасы Бәтира жеңгемізге оңай соққан жоқ. Былтырғы қаңтар айында жүрегіне салмақ түсті ме, өзіне ерекше қымбат қос азаматтың қайғысын көтере алмады ма, өзі де кенеттен қайтыс болды.

Міне, айрандай ұйыған бір әулеттен араға көп уақыт салмай, үш бірдей аяулы кісілердің өмірден өтуі естіген ағайынның жанына қатты батты. Бәріміз де қатты қиналдық. Бірақ, тағдырдың жазуына не істерсің?! Амалсыз көнуге тура келді. Алайда, олардың жарқын бейнелері сөз өнерін ардақ тұтқан әріптестері мен зиялы қауымның, шапағатын көрген жастардың жадында ұзақ сақталады.

Қазақ руханиятында өшпес ізін қалдырған, халқын шексіз сүйген, адами қалпын биік ұстаған ерлі-зайыптылардың жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа, имандары серік болсын!

Бәтира Қарағұлқызының туған бауырлары Сәуле мен Торғай өңірінде «Бикен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқаратын Хамитжан екеуі Қостанайдағы Қазақстанның құрметті журналисі Сапар Әбілкәкімтегі жетекшілік ететін «Шапақ» баспасынан дарынды журналистер – ардақты жезделері мен әпкелерінің ғұмырларынан сырт шертетін «Таланты табыстырған қос жүрек» деп аталатын ғибраты мол естелік кітабын шығарды. Ал, оны қолға алған оқырман көп жайға қанығары сөзсіз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here