Әлем алпыс жыл бұрын ядролық апаттың қалай алдын алды?

0
1750
Фидель Кастро мен Никита Хрущев (ортада) Ленин кесенесінің мінберінде. Мәскеу. 1962 ж.

Осыдан тура 60 жыл бұрын әлемде Үшінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанып кете жаздады. 1962 жылы 15 қазанда АҚШ-тың Орталық барлау қызметі Кубада кеңестік зымырандарды орналастыру туралы ақпарат алды. Содан Вашингтон мен Мәскеу қауіпті ойынды бастады. Сол тұста АҚШ пен КСРО арасындағы текетіреске әлемдік қауымдастық үреймен қарады. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғысты бастан өткергеніне 17 жыл ғана болған адамзаттың тағдыры екі ұлы державаның қолында тұрды. Алып елдер арасындағы араздық тарихқа «Кариб дағдарысы» немесе «Кубалық зымыран дағдарысы» деген атпен енді. Өкінішке қарай, арада алпыс жыл өтсе де, адамзат тарихтан тиісті тағылым алмағанға ұқсайды. Өйткені, бүгінгі «Украина дағдарысы» сол «Кариб дағдарысын» еске түсіреді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін алпыс жыл бұрын Вашингтон мен Мәскеу Үшінші дүниежүзілік соғыстың қалай алдын алғанына тоқталады.

1962 жылы 14 қазанда АҚШ-тың барлау ұшағы төмен биіктікте ұшу кезінде түсірген Кубадағы кеңестік зымырандардың суреті

ДАУДЫҢ БАСЫ

Даудың басы Бейімбет Майлиннің әңгімесіндегідей Дайрабайдың көк сиырынан басталған жоқ. АҚШ пен Куба арасындағы дау «Бостандық аралындағы» революциядан басталды. 1959 жылы революционер Эрнесто Че Гевара мен Фидель Кастро ақыры Вашингтон қолдап келген Фульхенсио Батистаны биліктен тайдырды. Сөйтіп, бес жыл бес айға созылған революцияның соңы Фидель Кастроның билік басына келуімен аяқталды.

Әрине, Куба билігіне революционердің келуі АҚШ-қа оңайға соқпады. Фидель Кастро Вашингтонға 1 млрд доллардан астам қаржы шығынын келтіріп, оларды 2 млн гектар жерден, 39 мұнай және қант өңдейтін зауыттан айырды. Ал, Кубаның социалистік елге айналуы, шығын келтіруі Ақ үйдің өңешіне қадалған қылтанақтай болды. Сөйтіп, кішкентай ғана ел алып көршісін досқа күлкі, дұшпанға таба етті. Бұл өз кезегінде социалистік елді жазалау операциясын бастауға ықпалын тигізді. Тарихтағы ең ұзақ экономикалық блокада осылай басталды.

Фидель Кастроның саяси бастамаларынан көңілі әбден қалған АҚШ алғашында кек алудың классикалық әдісін қолдана қоймады. Яғни, әлем елдерінің алдында өзін бейтарап ретінде көрсеткісі келді. Халықаралық келісімдерді «қатаң» ұстанатын АҚШ Кубадан кегін алу үшін біреудің қолымен от көсеуге «мәжбүр» болды. Бір кездері Кастро мен оның жақтастары биліктен құлатып, елден түре қуып шыққан Батистаның жақтастарын қолшоқпар етті.

Куба билігін құлату үшін Ақ үй «қожайындары» АҚШ аумағындағы кубалық контрреволюционерлерді әскери жасаққа айналдырды. Оларды азық-түлікпен, қару-жарақпен, дәрі-дәрмекпен қамтыды.

1961 жылы сәуірде АҚШ-тың сойылын соққан кубалық контрреволюционерлер Кубаның Плайя-Хирон ауданына шабуыл жасады. Алайда, Фидель Кастро билігін жақтаған халықтың ауызбіршілігінің арқасында үш күнге созылған қанды шайқаста контрреволюционерлер толықтай талқандалды. Соның нәтижесінде кубалық революционерлер өз билігін сақтап қалды.

ІЗДЕГЕНГЕ – СҰРАҒАН

Ақ үйдің «Бостандық аралына» қарсы әрекеттерінен Мәскеу хабардар болып отырды. Содан КСРО Кубаның жаңа серіктесіне айналды. Ал, КСРО-ны өз мүддесіне пайдаланып, АҚШ-тан кек алмақ ниетте Фидель Кастро 1962 жылы Коммунистік партия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтен Кубаға әскери көмекті арттырудан бөлек, «Бостандық аралына» ядролық зымырандарды орналастыруды сұрайды.

Іздегенге – сұраған. Мұндай мүмкіндікті Мәскеудің мүлт жібермесі анық еді. Ядролық зымырандарды Кубаға орналастырса, ата жауы АҚШ қол созым жерде тұр деуге болады. Өйткені, Куба мен АҚШ арасын 180 шақырым ғана бөліп тұр. Бұл – бір.

Екіншіден, 1961 жылы Вашингтон Мәскеудің шамына тиген болатын. Атап айтқанда, АҚШ «Юпитер» атты орта қашықтықта атылатын 15 зымыранын КСРО көршісі Түркияға орналастырды. Яғни, қос держава арасында соғыс өрті тұтанса, Түркиядағы америкалық зымырандар КСРО-ның батыс бөлігіне күйрете соққы бере алатын жағдайға жетті. Оның үстіне Хрущев Қара теңіздің жағасында орналасқан Ялтада көп демалатын. Ал, жағаның арғы бетінде америкалық зымырандар бар Түркия тұр. Осы фактор да Хрущевке маза бермейтін.

Үшіншіден, өзіне тиімді Фидель Кастро режимін сақтап қалу әрі кеткен есесін қайтару үшін Кремль басшылары Кубаға өз зымырандарын орналастыруды құп көрді.

АҚШ-тың Кубаға әскер кіргізуінен қауіптеніп отырған Фидель Кастроның сұранысын КСРО қанағаттандырды. Үлкен державаның құрығынан дәл сондай мықты державаның ғана қолымен құтылуға болатынын саясаткер жақсы түсінді.

СОҒЫС АЛДЫНДА…

1962 жылдың көктемінде Мәскеу Р-12 және Р-14 орта қашықтықтағы зымырандармен жабдықталған дивизияны Кубаға орналастыру туралы шешім қабылдады. Олардың қатарына ИЛ-28 бомбалаушыларының жеке эскадрильясы да қосылды. Олар ядролық зарядтардың сенімді тасымалдаушылары болып саналды және америкалықтарға шабуыл күші ретінде ерекше қауіп төндірді. Бұл топтарды қорғау үшін Куба жеріне 144 жер-әуе зымыран қондырғысы мен МиГ-21 жойғыш ұшақтары орналастырылды.

Кубаға теңізшілер жүзден астам оқтұмсықты зымыран бар жүкті жасырын түрде жеткізді. «Анадырь» деп атау алған кубалық-кеңестік операцияны АҚШ-тың Орталық барлау қызметі байқамай да қалды. Тек 14 қазанда АҚШ-тың барлау ұшағы зымырандарды ұшыру алаңдарына ұқсайтын нысандарды суретке түсірді. Келесі күні әскери сарапшылар суреттерде Вашингтонға ұшуға қабілетті кеңестік орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандар бар екенін анықтады. Бұл күн «Кариб дағдарысының» басталуы ретінде тарихта қалды. Сол түні ақпарат АҚШ президенті Джон Кеннедидің құлағына жетті. Оның әскери кеңесшілері Кубаға жедел десант бригадасын жіберіп, ұшыру алаңдарын жоюға кеңес берді. Бірақ, АҚШ-тың 35-ші президенті екіұшты пікірде болды. Ол тек Кубаның үстінен барлау жұмыстарын белсенді жүргізуді бұйырды.

Джон Кеннедидің бірден батыл қадамға бармағаны да түсінікті. Неге десеңіз, КСРО осал қарсыласқа жатпайды. Сондықтан барлық нұсқа жан-жақты қаралды.

«АҚШ Кубаға басып кірсе, КСРО қалай жауап береді?» деген сұраққа Пентагонда әскерилер бас қатырды. Әскерилердің пікірінше, АҚШ Кубада ауқымды интервенция бастап, аралдағы кеңестік әскери күштерді де жояды. Ал, КСРО оған жауап ретінде Германия Федеративтік Республикасындағы америкалық базаларға шабуыл жасайды. Содан Америка мен Еуропа құрлығында Үшінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ақ үй осы нұсқадан қатты қорқып, батыл қадамға бара алмады.

Осы арада америкалықтар бойында қорқыныш пен үрей пайда болды. Ядролық апаттан қорыққан АҚШ тұрғындары жаппай Мексикаға ағылды.

КСРО Сыртқы істер министрі Андрей Громыко және КСРО-ның АҚШ-тағы елшісі Анатолий Добрынин АҚШ президенті Джон Кеннедимен кездесуде. 1962 жыл,18 қазан

АЛЫПТАР АРАСЫНДАҒЫ АЙҚАС

Джон Кеннеди тығырыққа тірелді. Дегенмен, Үшінші дүниежүзілік соғысты болдырмауға тырысты. Содан әдеттегідей санкция салды. Вашингтон Гавананы блокадаға алатынын мәлімдеді. Басқа кемелер сияқты кеңестік кемелер де енді аралға жіберілмейтіні ескертілді. Алайда, Мәскеу бұл талапты орындаудан бас тартты және қажет болған жағдайда өз кемелерін қорғау үшін кез келген шара қолданатынын жасырмай айтты. Жалпы, халықаралық құқық бойынша кубалықтар кеңестік зымырандарды орналастыруға құқылы еді.

22 қазанда АҚШ-тың әскери-теңіз күштері, әуе қорғанысының сарбаздары Кубаны толықтай қоршауға алды. Жауап ретінде кеңестік әскерилер 27 қазанда Куба көгінде ойнақ салып жүрген АҚШ ұшағын атып түсірді. АҚШ әскери-әуе күштерінің майоры Рудольф Андерсон өлім құшты. Америкалықтар бұл күнді «қаралы сенбі» деп атады. Ызаға булыққан америкалық әскерилер президентке шабуылға бұйрық беруін сұрады. Сөйтіп, 27 қазанда алыптар арасындағы айқас шарықтау шегіне жетті.

Қос держава бір-біріне сес көрсеткенімен, екі алып империяның ашық соғысуға батылы жетпеді. Себебі, ядролық соғыстың жеңімпазы болмайтынын екі тарап та жақсы түсінді.

Осы арада Хрущев америкалық әріптесіне телеграмма жолдады. «Арқанның ұшын тартуды тоқтатып қана қоймай, түйінді шешу үшін шаралар қабылдайық. Біз бұған дайынбыз», – деп жазды КСРО басшысы.

Алпысыншы жылдары АҚШ КСРО-ға қарағанда стратегиялық ядролық күштерде айтарлықтай артықшылыққа ие болды. Бірақ, бұл оларға үлкен соғыста жеңіске жетуге кепілдік бермеді. Оның үстіне Хрущев те, Кеннеди де соғысты көзімен көрген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Хрущев саяси бюроның мүшесі ретінде майдандардың әскери кеңестеріне кірген, Киев, Харьков, Сталинград шайқастарында болған. Ал, лейтенант Кеннеди жапондарға қарсы соғысқа қатысқан. Олардың әрқайсысы ұлы державаның кеңеюге, одақтастарды қатаң басқаруға құқығы бар екеніне іштей сенімді болса да, қан суша ағып, сүйек тауша үйілетін соғысқа жол беруге болмайтынын ұқты.

ТАБЫЛҒАН ШЕШІМ

Америкалық әкімшілікте президенттің туған інісі Роберт Кеннеди кеңестік дипломаттармен байланыс орнатуға жауапты болды. Содан екі ұлы державаның өкілдері келіссөздерді бастады.

«Ортақ келісімге келмесек, соғыс өрті лезде тұтанады. Онда алдымен миллиондаған америкалық пен орыстың қаны төгіледі. Біз бұл жағдайдан аулақ болғымыз келеді. КСРО үкіметінде де осындай ұмтылыс бар екеніне сенімдімін. Сондықтан артық сөзді доғарып, тығырықтан шығар жолды бірге іздейік», – деді АҚШ-тың Бас прокуроры Роберт Кеннеди КСРО-ның АҚШ-тағы елшісі Анатолий Добрынинге.

Иә, «елдестірмек – елшіден» демекші, кез келген мемлекеттің дипломатиялық қызметі қашанда маңызға ие. Сол айтқандай, «Кариб дағдарысында» дипломаттар алға шығып, Үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алуға зор үлес қосты. Сол күнгі кездесуде Роберт Кеннеди Анатолий Добрынинге АҚШ президенті КСРО басшысының хатына жауап беретініне уәде берді.

Ақ үй уәдесінде тұрды. Ертеңіне Вашингтоннан Мәскеуге телеграмма жолданды.

«1) Сіз (КСРО) БҰҰ өкілдерінің бақылауымен Кубадан қару-жарақ түрлерін шығаруға, сондай-ақ тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, Кубаға қару-жарақ түрлерін жеткізуді тоқтату бойынша қадамдар жасауға келісесіз. 2) Біз, өз тарапымыздан, БҰҰ көмегімен осы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін шаралар атқару шартымен – а) қазіргі уақытта енгізілген блокадалық іс-шараларды тез арада жоюға және б) Кубаға шабуыл жасамауға кепілдік беруге келісеміз», – делінген Джон Кеннедидің Никита Хрущевке жолдаған телеграммасында.

«Егерде АҚШ Түркиядан зымырандарын шығаратын болса, Мәскеу Вашингтонмен келісімге келуге дайын», – деп мәлімдеді КСРО басшысы. Дегенмен, Ақ үй бұл тақырыпты көпшілік алдында талқылаудан бас тартты. Келіссөздер құпия түрде жүргізілді. Себебі, америкалықтар әлем алдында беделін жоғалтқысы келмеді. Қалай десек те, Түркиядағы зымырандар мәселесі Мәскеудің пайдасына шешілді. Ал, 28 қазанда Мәскеу ресми түрде Куба жерінен әскері мен зымырандарын шығаратынын мәлімдеді. Өз кезегінде Вашингтон да Кубаға әскер кіргізбейтініне кепілдік бере отырып, бұрын басып алған Гуантанамо теңіз-әскери базасын Гаванаға қайтарып берді.

Тарихшылардың айтуынша, «Кариб дағдарысында» Кеннедидің Хрущевтің алдында әлсіздік танытқанына америкалық элита қатты наразы болған. Осы келісім үшін кеңестік элита да Хрущевке қырын қараған. Көп тарихшы 1963 жылғы Кеннедидің өлімін, 1964 жылғы Хрущевтің қызметтен шеттетілуін «Кариб дағдарысындағы» келісіммен байланыстырады.

Айта кетейік, 1963 жылы  22 қарашада Техас штатының Даллас шаһарында әлемді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. АҚШ президенті Джон Кеннеди өз кортежінде өлтірілді. Сапарының мақсаты – жаңа сайлау науқанының басталуын атап өту еді. Жиналған жұртқа өздерін көрсету үшін президент пен оның жұбайы ашық көлікте отыруды таңдады. Олар төртінші кортежде болды. Сағат 12:30-да оқ даусы естілді. Куәгерлер оқтың үш мәрте атылғанын естігендерін айтады. Мергеннің бірінші оғы Кеннедидің арқасына, екіншісі басына тиді. Президенттің серіктері мен көлік салонына бас сүйектің сынықтары мен ми бөліктері шашылған. Саясаткер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің күш-жігерінен қайран болмады. Сағат 13:00-де Джон Кеннедидің жүрегі тоқтады.

«Металлург Аносов» кеңестік сауда кемесі мен АҚШ Әскери-теңіз күштерінің «Barry» әскери кемесі Кубаға бет алды, олардың үстімен «Lockheed P-3A-20-LO Orion» ұшағы ұшып келеді, 1962 жыл, 10 қараша

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әу баста Фидель Кастро «Кариб дағдарысының» бейбіт жолмен шешілуін қалаған жоқ. Кубаның аумағына КСРО-ның ядролық зымырандарын кіргізіп алған соң, текетірес қызған тұста Мәскеуден АҚШ-қа алдымен ядролық соққы беруді талап етті. Әрине, мұндай жағдайда АҚШ Кубаны бірінші кезекте жойып жіберетіні түсінікті еді. Мұны Кастро да жақсы түсінді. Бірақ, бұл әрекетін «Куба халқы америкалық империализмді жеңу үшін өзін құрбан етуге дайын» деп түсіндірді.

Ең бастысы, Мәскеу өзінің одақтасы Гавананы Вашингтоннан қорғай алды. Кастро Куба жерінен кеңестік зымырандарды алып кеткеніне Хрущевке қатты ренжісе де, АҚШ-тың Кубаға басып кірмейтініне кепілдік алды. Яғни, Кастро өз билігін сақтап қалды. Әйтпесе, «Кариб дағдарысы» болмағанда, америкалықтардың ондаған жылдар бойы дәл іргесіндегі диктаторлық режимге көз жұма қарауы мүмкін емес еді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Куба билігінің тізгінін елу жыл бойы ұстаған Фидель Кастроны Ақ үй басшылары тағынан да тайдыра алмады, жанын да ала алмады. Кастро режиміне қарсы шаралар АҚШ-тың 34-ші президенті Эйзенхауэрдің тұсында басталып, Кеннеди мен Джонсонның басшылығымен жалғасты. Ал, 40-шы президент Рейганның ықпалымен күшейді. Алайда, диктатордың саяси ұстанымын өзгертуге шамалары да жетпеді. Денсаулығына байланысты Фидель Кастро 2006 жылы биліктен кетіп, тақты інісі Рауль Кастроға сеніп тапсырды. 2016 жылы 25 қарашада 90 жасында қайтыс болды. Бір атап өтерлігі, Фидель Кастро Кубаны билеген 49 жыл (1959-2008) ішінде АҚШ-та 11 президент ауысқан.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here