ҚазҰУ түлегі 90 жылдыққа автобус сыйлады

0
550

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы президиумының мүшесі, «FalconEuroBus» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділханов оқу ордасына жаңа автобус сыйлады.

Салтанатты рәсімге ҚазҰУ Директорлар кеңесінің және Түлектер қауымдастығының төрағасы Қайрат Мәми, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, «FalconEuroBus» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділханов, білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Шарада ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, университет атынан меценат Мұрат Әділханұлына алғыс білдірді.

«Биыл университетіміздің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Мерейлі жыл аясында университетте ауқымды іс-шаралар өтуде. ҚазҰУ ғалымдары, танымал түлектері 90 жылдыққа өз үлестерін қосуда. Жыл басында, 15 қаңтарда Әл-Фараби кітапханасында, мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өткен болатын. Жиында біздің түлегіміз Мұрат Әділханұлы ҚазҰУ-ға автобус сыйлайтынын айтып, арнайы сертификат табыстады. Бүгін сол жаңа автобус ҚазҰУ-ға салтанатты түрде берілді. Университет атынан меценат түлегіміз Мұрат Әділханұлына алғыс айтамын», – деді ректор.

Өз кезегінде Қайрат Әбдіразақұлы: «Алдарыңызда тұрған жаңа автобус ұстаздардың, жастардың игілігіне қызмет етсін. Түрлі конференцияларға, табиғат аясындағы демалыстарға осы көлікпен баратын боласыздар. Әрдайым өмірде, ғылымда жолдарыңыз болсын», – деп ыстық лебізін жеткізді.

ҚазҰУ-ға сыйға тартылған жаңа автобус оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастардың іссапарларына пайдаланылатын болады. Бұл жайлы көлік университеттен тыс шараларға, яғни түрлі байқауларға, спорттық жарыстар мен фестивальдерге студенттердің баруына өте ыңғайлы.

Өз кезегінде Мұрат Әділханов сөз сөйлеп, жаңа автобус оқу ордасының игілігі үшін пайдаланатынын атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетін 1994 жылы бітірген болатынмын. Бұл жоғары оқу орны менің жастығымның куәсі. Мұнда мен оқытушы-профессорлардың тәлімін алып, көп достармен таныстым. Сондықтан мен ҚазҰУ-ға мәңгілік қарыздармын. Қара шаңырақ оқу ордасына ризашылығымды жеткізу үшін арнайы автобусты сыйлап отырмыз», – деді меценат Мұрат Әділханұлы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here