Беделді биік білім ордасы

0
755

Тарихымызға көз жүгіртсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің іргетасы қаланған 90 жылдың ішінде ғалым мен білімге құштар студент атаулының ортақ қара шаңырағына айналды. Осы университеттен білім алып, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан танымал тұлғалардың шоғыры өте көп.

 Ұлттық университеттің әр студенттің заман талабына сай тұлғалық ерекшеліктерін дамытып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауына мүдделі болып отырғандығы баршамызға белгілі. Қасиетті қара шаңыраққа айналған бұл мекен талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп, сыйластық пен шынайы достықтың ордасына айналды. Көп жылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол жоғары оқу орны қазіргі таңда елімізде ЖОО-ның алдыңғы орнында. Халықаралық сараптама қорытындысы бойынша ҚазҰУ ғылыми, технологиялық және инновациялық дамуы Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында сөзсіз көшбасшы болып келеді.

Бүгінгі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көптеген мамандықтардың таңдауын ұсынып, талай шәкірттің қанатын қатайтты. ҚазҰУ әлем­нің жетекші университеттерінің халық­аралық тәжірибесін негізге алып, шетелдік стандартқа жақын келетін жағдайда қызмет етіп, өз кезегінде халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді.

Қазақ ұлттық университеті – жаңа білім, озық идеялар мен технологиялар жинақталатын ірі ғылыми-білім беру және инновациялық орталығы, толық білім мен ғылым беру кешені болып табылады. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының рейтингісіне кіру, инновациялық қызметті жүзеге асыру және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу, заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру – білім ордасының басты мақсаты.

Университетте әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлауда сан-салалы заманауи, факультеттер мен кафедралар қызмет көрсетіп келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезде мемлекет басқару ісіне ойшыл, заманауи білім, білік, іскерлік дағдылары дамыған озық ойлы, саяси белсенді, отаншыл жастарды қалыптастыру мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Осы тұрғыда заманауи білім беру жүйесінде жеке тұлғаға білімді жинақтап беруді емес, өзінің білімін капиталға айналдыру дағдылары мен іскерліктерін дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан «Философия және саясаттану» факультетінің үлесі зор.

«Философия және саясаттану» факультеті құрамындағы педагогика және білім беру менеджменті, саясаттану және саяси технологиялар, жалпы және қолданбалы психология, дінтану және мәдениеттану кафедраларында қос дипломды білім беру бағдарламалары және шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен іс-тәжірибе алмасу ұтымды шешімін тапқан.

«Сапалы білім негізін білікті ұстаз қалайды» деп халық даналығында айтылғандай, «Философия және саясаттану» факультетінің елімізге танымал ғалымдары, үздік педагогтары үнемі ізденіс үстінде қызмет атқарып, қазіргі таңда ғылым саласында өзекті монографиялар, оқулықтар, оқу құралдарын т.б. шығарумен белсенді айналысып, оқу үрдісінде жаңа инновациялық технологияларды енгізуде де ерекшеленіп келеді.

Білім алушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, халықаралық бәсекелестікке сай білім беру, студенттер арасында түрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі жобалар ұйымдастыру ісі ерекше жолға қойылған.

Заманауи талаптарға сай келетін ғылыми-инновациялық орталықтар, жас ғалымдар мектебі, студенттердің ғылыми қауымдастығы және басқа да көптеген құрылымдар сөз жоқ, білім мен ғылымның дамуына жаңаша серпін берері анық.

Дархан БАЙДАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  
философия және саясаттану факультетінің
педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here