2,1 миллион халқы бар Алматыға серіктес қалалар неге керек?

0
2623
Ауқымды жоба сөз болғалы 16 жыл өтсе де, әзірге G4 City серіктес қаласының орнына темір жақтаудағы «Gate City» атауы мен онда ұзақ жылдар бойы салынып жатқан бірнеше үйдің қаңқасын ғана көреміз...

Алматы – Қазақстанның ең ірі қаласы. Қазір мегаполисте 2,1 млн халық тұрады. Бұған білім, жұмыс іздеп келген студенттерді, ауылдағы ағайындарды және келімсектерді қосыңыз. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, жыл сайын тұрғындар саны артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда халық саны 350 мың адамға көбейген. Әу баста жобалаушылар қаланы 400 мың тұрғынға есептеп салғанын ескерсек, қазірдің өзінде мегаполисте бес есе артық адам тұрып жатқанын байқауға болады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді тудырады. Баспана тапшылығы, көлік кептелісі, көк түтіннің астында қалған қала мәселесі осыдан шығады. Бұл бір Алматыға ғана тән мәселе емес, олар кез келген мегаполисте кездеседі. Дегенмен, өркениетте елдердің мегаполистерінде күрделі мәселелер серіктес қала салумен шешіледі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Алматы мен Қонаев арасында салынғалы жатқан серіктес қалаларға тоқталады.

Қазір Базилдон бауырына 110 мың адамды сыйдырып, Лондонға тиесілі біраз жүкті өз мойнына алып отыр…

СЕРІКТЕС ҚАЛАЛАР ЛОНДОННЫҢ МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШТІ?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мегаполис жанынан серіктес қала салу идеясы өркениетті елдерде кеңінен тарады. Осылайша, Лондон іргесінен 1946 жылы Базилдон, Сингапур іргесінен 1953 жылы Квинстаун, Мәскеу іргесінен 1957 жылы Зеленоград, Париж іргесінен 1965 жылы Эври, Хьюстон іргесінен 1974 жылы Вудлендс, Мадрид іргесінен 1976 жылы Трес-Кантос серіктес қалалары пайда болды.

Мысалға Лондон қаласын алайық. Бүгінде Ұлыбритания астанасының өзінде 9 млн, маңындағы елді мекендерді қосқанда 14,5 млн халық тұрады. Сөйтіп олар «Үлкен Лондонды» құрайды. Еуропаның ең ірі үшінші қаласының маңында 34 серіктес қала бар. Соның бірі – Базилдон. Лондоннан 42 шақырым арыда орналасқан ол астанаға серіктес қала ретінде 1946 жылы құрылды. Яғни, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін салынған сегіз серіктес қаланың бірі.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары Ұлыбританияда серіктес қала салу бастамасы қажеттіліктен туды. Неге десеңіз, тұрмысы жоғары Лондонға жан-жақтан халық ағылып келіп жатты. Мегаполисте халықтың тығыз орналасуы өзекті мәселеге айналды. Айталық, 1861 жылы қалада 3 млн халық тұрса, айналдырған 40 жылда халық саны бірден екі есе артып, 6,2 млн адамнан асты. Тағы 30 жылда халық саны 8 млн межені бағындырды. Содан жергілікті билік Лондон маңынан серіктес қалалар сала бастады. Бұл өз кезегінде біраз мәселені шешті. Мысалы, жоғарыда сөз болған Базилдон серіктес қаласына алдымен соғыста үйлері қирап қалған отбасылар қоныстанды. Кейін көбі сонда тұрақтап қалды. Демек, серіктес қалалар ішкі және сыртқы миграция ағынын азайтты. Оны демографиялық статистикадан да байқауға болады. Серіктес қалалар пайда болмай тұрып астанада 8 млн халық тұрса, сексенінші жылдары халық саны 6,6 млн адамды құраған.

Халықты астанадан серіктес қалаға қоныстандыру үшін Лондон билігі не істеді? Алдымен сонда тұруға халыққа жағдай жасады. Индустриялық аймақ құрды. Жұмыс орындарын ашты. Жаңа қаланың құрылысы кезінде компанияларға ол жақта өз бизнесін ашу үшін үкіметтік гранттар берілді. Осы грантты алғандардың қатарында Ford Motor Company америкалық алпауыт компаниясының бөлімшесі, Carreras Tobacco Company темекі шығару компаниясы, Yardley London сабын мен парфюмерия компаниясы, Gordon’s Gin арақ-шарап компаниясы болды. Соның арқасында серіктес қала қарыштап дамыды. Қазір Базилдон бауырына 110 мың адамды сыйдырып, Лондонға тиесілі біраз жүкті өз мойнына алып отыр.

МЕГАПОЛИСКЕ СЕРІКТЕС ҚАЛА КЕРЕК ПЕ?

Алматыда ішкі миграция тоқтар емес. Қазірдің өзінде 2,1 млн халық тұратын мегаполисте жыл сайын халық саны шамамен 70-100 мыңға артып келеді. Осы қарқын сақталар болса, таяу 10 жылда мегаполис халқы 3 млн межені бағындырады. Халықтың көптігі тұрғын үй тапшылығын, көлік кептелісін, азық-түлік, киім-кешек секілді тауарлардың бағасын арттырады. Бұл Алматыдағы жағдай. Ал, мегаполистен 78 шақырым арыда Қонаев қаласы жатыр. Биыл ол жаңадан құрылған облыстың орталығына айналды. Қазірдің өзінде облыс орталығына қоныстанып жатқандардың қатары көп. Жаппай белең алған ішкі миграция көптеген мәселенің туындауына тікелей әсер етеді. Түбінде Қонаев та қазіргі Алматының мәселесімен бетпе-бет келеді. Екі қаланың ортасында орналасатын серіктес қалалар осы мәселелердің алдын алуға көмектесер еді. Алматыға түскен демографиялық, транспорттық «салмақты» жеңілдетуге ықпалын тигізер еді. Сондықтан G4 City құрылысына салғырт қарауға болмайды. Бүгіннен қамданбасақ, ертең қапы қаламыз.

Әрине, Алматы іргесінен серіктес қала салу идеясы бүгін пайда болған жоқ. Алматы мен Қонаев арасында серіктес қалалардың салынатыны жөнінде әңгіме 16 жыл бұрын айтыла бастады. Тіпті, 2008 жылы «Алматы облысындағы G4 City Алматы қаласының төрт серіктес қаласының құрылысы» жобасы қалың жұртшылыққа таныстырылды. Ауқымды жоба аясында Алматы – Қонаев жолының бойында Gate City, Golden City, Growing City, Green City серіктес қалалар салынбақ.

Төрт серіктес қаланың өзіндік жоспары мен бағыты бар. Аты айтып тұрғандай, Gate City қаржылық-іскерлік кластер, Golden City білім беру және медициналық кластер ретінде дамиды. Ал, экспортқа бейімделген сауда-логистика және инновациялық-индустриялық өнеркәсіп нысандары Growing City-де, курорттық кешен, гемблинг индустрия нысандары мен арнаулы парктер Green City-де шоғырланады.

2009 жылы ҚР Үкіметінің «Алматы облысындағы Gate City серіктес қаласының Бас жоспары жайлы» қаулысы шықты. Аталған қаулыда «Алматы қаласындағы Gate City-дің Бас жоспары 2030 жылға дейін қаланы салу және дамыту, экологиялық жағдайды қалыпты ұстау, табиғатын аялау бойынша негізгі құжат» екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Қаулыдан байқағанымыз, Бас жоспар Алматы қаласының маңында өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған серіктес қаланы қалыптастыру мақсатын көздейді. Құжатта Gate City-дің орналасқан жері қаланың дамуына өте ыңғайлы екені, ол Алматы – Қапшағай (Қонаев) тас жолы мен республикалық маңызы бар жол бойында жатқаны, қала маңынан БАКАД пен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі өтіп, Gate City – Орталық Азиядағы нағыз маңызға ие қаланың бірі болатыны баяндалады.

Зымыран уақыт. Жоба сөз болғалы 16 жыл өте шықты. Әзірге толымды жұмыстар көзге көрінбейді. Қазір G4 City серіктес қаласын емес, темір жақтаудағы «Gate City» атауы мен онда ұзақ жылдар бойы салынып жатқан бірнеше үйдің қаңқасын көрумен келеміз. Дегенмен, ара-тұра жергілікті шенеуніктердің Алматыға серіктес болар қалалар туралы айтқан кезекті әңгімелерін естиміз.

19 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында G4 City жобасымен танысты…

ЖАҢА ИНВЕСТОР ЖАҢА ҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАН ЖҮГІРТЕ АЛА МА?

Расында, серіктес қалалардың құрылысы халық арасында ұмытыла бастағанда атқамінерлердің өздері қайта еске салады. Алысқа бармай-ақ қояйық. Соңғы бір айда G4 City жобасына қатысты жаңалықтарға тоқталайық.

29 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Surbana Jurong компаниялар тобының бас директоры Вонг Хеанг Файнды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына инфрақұрылым және қала құрылысы бойынша мамандандырылған сингапурлық мемлекеттік консалтингтік компаниясының бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған «G4 City» деп аталатын төрт серіктес қаланың құрылысын отандық инвесторлармен бірлесе отырып жүргізу жөніндегі жоспары таныстырылды. Қазіргі уақытта G4 City құрылысының жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленген. Жол карта қала құрылысының құжаттарын дайындау, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым, қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мәселелерін қамтиды.   Президент Сингапурмен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың стратегиялық маңызына тоқталып, аталған жоба бойынша шетелдік серіктестерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні туралы баса айтты. Бұл – бір.

Екіншіден, 19 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында G4 City жобасымен танысқаны көңілге сенім ұялатты. Шетелдік инвесторларды белсенді тарту мақсатында қалада арнайы экономикалық аймақ құру, жаңа халықаралық әуежай салу қарастырылғаны айтылды.

Рас, 16 жылдан бері жобаның концепциясы да, инвесторлары да сан рет өзгерді. Сондықтан бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның шамасы жетпейтіндей көрінетін. Енді бұл мәселе Президенттің жіті назарында болуы, ауқымды жобаны алпауыт сингапурлық компанияның қолға алуы серіктес қалалар құрылысының тамырына қан жүгіртіп, бұған дейін кетеуі кеткен шаруаның қайта түлеуіне мүмкіндік берсе керек. «Шешінген судан тайынбастың» жігерімен кіріскен шаруаның жемісін жегіміз-ақ келеді.

G4 City серіктес қаласы 220 мың тұрғынға арнап салынбақ, ал бірінші кезеңде 2 370 га аумақта халық саны 60 мың адамды құрайтын Gate City бой көтереді…

СЕРІКТЕС ҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?

G4 City серіктес қаласы 220 мың тұрғынға арнап салынбақ. Бірінші кезеңде 2 370 га аумақта халық саны 60 мың адамды құрайтын Gate City бой көтереді. Қазір оның құрылысы баяу жүріп жатыр. Бұл жобаға Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау» АҚ жауап береді.

Болашақта іскерлік және қаржылық орталыққа айналатын Gate City қаласының құрылысына 2008-2021 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 37,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қыруар қаржыға қандай жұмыстар атқарылды?

«Алатау» АҚ-ның мәліметінше, аталған нысанда барлық негізгі инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, атап айтқанда:

  • өнімділігі тәулігіне 2 мың текше метр болатын «Ынтымақ» су тартқыш құрылысы;
  • 27 шақырымды құрайтын сумен жабдықтау желілері;
  • «Көкпа-1» КС 110/10 кВ электр қосалқы станциясы;
  • 16,3 шақырым болатын сыртқы электрмен жабдықтау желілері;
  • қуаты сағатына 200 Гкалға жететін ең жоғары су жылыту қазандығы;
  • 14,7 шақырымды құрайтын жылумен жабдықтау желілері;
  • автоматты газ тарату станциясы;
  • автоматты газ тарату станциясынан су жылыту қазандығына дейін 10,2 шақырым болатын газбен жабдықтау желілері;
  • кәріз сорғы станциясы;
  • 18,3 шақырымды құрайтын су бұру желілері жүргізілді.

Қазір Gate City аумағында бірінші кезектегі 44 мың шаршы метрді немесе 573 пәтерді құрайтын 10 тұрғын үй мен жеміс-жидек комбинаты құрылысы жүріп жатыр.

Бір атап өтерлігі, серіктес қалада 60 мың тұрғынға арналған барлығы 2 млн шаршы метр баспана салу жоспарланған.

Алматы облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасы жаңа қалада қандай әлеуметтік инфрақұрылым салынатынын да жариялады. Болашақта 15 мың орындық 10 мектеп, 9 мың орындық 16 балабақша, 2 емхана, 630 орынға арналған аурухана, жедел жәрдем бөлімшесі, спорт залдары, жабық және ашық бассейндер, кітапханалар, сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындары, тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары, моншалар, банк бөлімшелері, қонақ үйлер, 2 өрт сөндіру депосы бой көтереді.

Gate City іскерлік және қаржылық орталық болатындықтан, мұнда республикалық және халықаралық ұйымдардың өкілдіктері, сауда және қаржылық қызметтерге арналған әлемдік деңгейдегі халықаралық қаржы орталығы, қоғамдық-іскерлік және әкімшілік мекемелер, шағын және орта кәсіпкерлік, IT және басқа да қаржы-іскерлік секторға арналған бизнес-парк, индустриялық-логистикалық орталық орналасады.

Алматы мен Gate City арасы – 26 шақырым. Яғни, алыс-берісте, барыс-келісте кедергі болмау үшін мегаполис пен серіктес қала арасында қоғамдық көліктер де қатынайды.

Мегаполиске серіктес G4 City қаласының құрылысы қашан аяқталады? Көптің көкейінде жүрген сауалға «Алатау» АҚ-ның жауабы да дайын. Алматы облысын дамыту жөніндегі акционерлік қоғамның мәліметінше, «G4 City төрт серіктес қала құрылысы» жобасы екі кезең бойынша іске асырылады. Алдымен 2035 жылға дейін Gate City серіктес қаласының құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған серіктес қалалардың құрылысы 2050 жылға дейін қарастырылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Халықтың мұндай ауқымды жобаларға үрке қарайтыны рас. Өйткені, «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, Аstana LRT, «Аққу» планшеті сияқты талай жобалар аяқсыз қалып, оларға бөлінген мемлекет қаржысы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Сондықтан халықтың «G4 City» жобасына да үміттен гөрі күдігі басым.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here