Кешегі Жақсылық, Шәмілдердің ізбасарлары қайда?

0
3781
Қазақстан намысын қорғаған Армения тумасы Мхитар Манукянның 1999 жылғы жеңісінен кейін отандық палуандар жеңістің ең биік тұғырына көтеріле алмай келеді...

Азаттық алған күннен бастап бүгінге дейін Қазақстан жеті жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Осы дүбірлі додаларда ел қоржынына 11 спорт түрінен 72 медаль түссе, соның 17-сі палуандарға тиесілі. Әрине, бұл көз тоярлық көрсеткіш. Бірақ, сол жүлделердің біреуі ғана алтын медаль екені көңіл-күйді түсіреді. Оның өзін сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында грек-рим күресінен Юрий Мельниченко алды. Соңғы рет 1999 жылы Мхитар Манукян Әлем чемпионы атанды. Міне, Қазақстанда күрес түрлерінен сол 26 жылдан бері Олимпиада чемпионы, 23 жылдан бері Әлем чемпионы шықпағанын ескерсек, жауырыны жерге тимеген, намысты қолдан бермеген кешегі Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтердің ізбасарлары көрінбей жүргенін мойындауға тура келеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін күрес түрлерінен ұлттық құраманың соңғы жылдардағы сәтсіздіктеріне тоқталады.

ҚАЗАҚСТАННАН 26 ЖЫЛДАН БЕРІ
ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ, 23 ЖЫЛДАН БЕРІ
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ШЫҚҚАН ЖОҚ

Қазақстандық спортшылар жазғы Олимпиада ойындарында 1988 жылға дейін КСРО сапында өнер көрсетті. 1992 жылы Барселонада (Испания) өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарына әлем картасында пайда болған он бес мемлекеттің он екісінің (Латвия, Эстония, Литва елдері ғана бұл додаға жеке мемлекет ретінде қатысты) жеке ел ретінде қатысуға мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқандарына бірнеше ай ғана болған-ды. Содан бұрынғы Одақ спортшылары Барселонада бір командаға бірігіп, Олимпиада туының астында сынға түсті. Ал, олар жазғы ойындардағы алғашқы қадамын 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында жасады.

Жоғарыда жазғанымыздай, Қазақстан содан бері жеті жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда отандық спортшылар ел қоржынына 72 медаль салса, соның 17-сі палуандарға тиесілі. Бір өкініштісі, азаттық алған отыз бір жылда күрес түрлерінен Қазақстаннан бір Олимпиада чемпионы, үш Әлем чемпионы ғана шықты. Айталық, грек-рим күресінен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Юрий Мельниченко Атланта Олимпиадасында қарсылас шақ келтірген жоқ. Әр жылдары Әлем чемпионатында Қазақстан алған бес алтынның екеуі осы Жалал-Абад тумасына тиесілі. Күрес түрлерінен Қазақстаннан шыққан жалғыз Олимпиада чемпионы 1994 жылғы және 1997 жылғы біріншіліктерде Әлем чемпионы атанды.

1998 жылы Тегеранда (Иран) күрес түрлерінен өткен Әлем чемпионатында Қазақстанның екі бірдей палуаны оза шапты. Мхитар Манукян (63 кг) мен Бахтияр Байсейітов (76 кг) жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, 1999 жылы Анкара (Түркия) қабылдаған біріншілікте Мхитар Манукян 63 келіде өзінің мықтылығын қайта көрсетті. Ақтық сында ол түрік палуанының жауырынын жерге тигізді. Қазақстан намысын қорғаған Армения тумасының бұл жеңісінен кейін отандық палуандар жеңістің ең биік тұғырына көтеріле алмай келеді.

СЕРБИЯДАҒЫ СӘТСІЗДІК: ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕ 7-ОРЫН

Қыркүйек айында Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтті. Еркін күрестен, грек-рим күресінен және әйелдер күресінен 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Өкінішке қарай, күрес түрлерінен Әлем чемпионатында еліміздің нашар өнер көрсетуі үйреншікті жағдайға айналғандай әсер қалдырады. Әр чемпионат сайын көрсеткіш құлдырап барады. Мәселен, 2021 жылы Ослода (Норвегия) өткен күрес түрінен Әлем чемпионатында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 15-орынға тұрақтаса, 2019 жылы Астанада өткен біріншілікте 14-орынды иеленді.

Жоғарыда жазғанымыздай, күрестің үш түрінен 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Соған байланысты әр құрама 30 спортшы қатыстыруға мүмкіндік алды. Дегенмен, бес мемлекет қана Белградқа толық құраммен барды. Олар – Қазақстан, АҚШ, Үндістан, Түркия, Украина. Бұл – бір. Екіншіден, Ресей мен Беларусь спортшылары дүбірлі додадан шеттетілді. Ал, үш жыл бұрынғы чемпионатта ресейлік палуандар 9 алтын, 5 күміс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастағанын ескерсек, мықты құраманың болмауы өзгелерге жүлдегерлер қатарына қосылуды айтарлықтай жеңілдетті. Бір әттеген-айы, қазақстандық палуандар осы екі артықшылықты да пайдалана алмады. Олардың жалпы нәтижесі алдыңғы жылдармен бірдей болды.

Еркін күрестен, грек-рим күресінен және әйелдер күресінен біріншілікке толық құраммен барған Қазақстан медаль жиынтығы бойынша 18-орында қалып қойды. Сол отыз спортшының үшеуі ғана ел қоржынына жүлде салды. Бір күміс, екі қола медаль. Салыстырмалы түрде айтсақ, толық құраммен қатысқан АҚШ 15 медаль, Түркия 7 медаль, Украина 6 медаль, Үндістан 2 медаль иеленді. Демек, қазақстандық палуандар қазір әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетсіз болып саналады.

Біздің палуандардың көбінің бәсекеге қабілеттілігінің төмен деңгейін көрсететін тағы бір статистиканы келтірейік. Белградта олар жетпіс рет боз кілемге шығып, соның қырық бірінде жеңіліске ұшырады. Яғни, олар жеңгеннен гөрі әлдеқайда көп ұтылды. Мысалы, қырғыз палуандары 27 жекпе-жекте жеңіске жетіп, 17 жекпе-жекте ғана жеңілді.

Құдай-ау, әлемдік деңгей тұрмақ, посткеңестік кеңістікте де жағдайымыз мәз емес екен. Сербиядағы біріншілікте соған тағы да көз жеткіздік. Медаль жиынтығы бойынша жетпіс жылдай КСРО дейтін бір шаңырақ астында өмір сүрген Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Молдова, Грузия, Украина елдерінің шаңында қалдық. Қырғыздар мен әзербайжандарға тамсана қарадық. Жарты құраммен барған айыр қалпақты ағайындар 2 алтын, 3 қола медаль алса, әзербайжандар 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль еншілеп, қос мемлекет алғашқы жетілікке енді. Ал, бір кездері қазақстандық палуандар, әсіресе грек-рим күресінің шеберлері кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін кеңестік палуандардың арасынан оқ бойы озық шыққаны көпке аян.

ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: ЖАЛҒЫЗ ҚОЛА ЖҮЛДЕ

Белградта бақ сынаған 10 қазақстандық грек-рим күресі шеберінің тек екеуін ғана (спорт үшін) жас деп санауға болады. Алтауы 24-28 жас аралығында болды. Бұл – спортшылар үшін әдетте жақсы нәтиже көрсететін жас. Тағы екеуі отыздың ауылынан асқан. Яғни, Сербияға тәжірибелі палуандар барды. Алайда, сол он палуанның біреуі ғана жүлдемен оралды. Ол – 26 жастағы Айдос Сұлтанғали. Сыр елінің тумасы төрт жыл бұрынғы әлем чемпионатындағы жетістігін қайталап, қола жүлдегер атанды. Грек-рим күресінен Қазақстан қоржынына жалғыз жүлде салған палуан 60 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда қырғыз палуанына жол беріп, қола жүлде үшін айқаста мажар палуанын 7:1 есебімен жеңді.

27 жастағы Аманғали Бекболатов (55 кг) пен 31 жастағы Ибрагим Магомадов (72 кг) жүлде алуға бір табан жақын болды. Қола жүлде үшін таласта біріншісі өзбек палуанына, екіншісі түрік палуанына жол беріп, 5-орынды қанағат тұтты. Содан грек-рим күресінен құрамаға Айдос Сұлтанғали 25 ұпай, Аманғали Бекболатов 10 ұпай, Ибрагим Магомадов 10 ұпай салды. Үздік ондыққа енген тағы үш палуан 6 ұпай қосты. Қорытындысында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы мүмкін болған 250 ұпайдың 51-ін ғана жинап, 51 құраманың арасынан 10-орынға тұрақтады. Үздік бестікті Түркия (125), Әзербайжан (118), Сербия (110), Иран (81) және Қырғызстан (77) қорытындылады.

Бір атап өтерлігі, әрбір қырғыз палуаны орта есеппен ел қоржынына 13 ұпайдан салса, біздегі бұл көрсеткіш 5 ұпайдан сәл асады. Байқасақ, грек-рим күресінен түркітілдес елдер арасында ең нашар көрсеткіш Қазақстан мен Түркіменстанға тиесілі. Белградта грек-рим күресі бойынша Түркия 5 медаль (соның екеуі алтын), Әзербайжан 5 медаль (бір алтын), Қырғызстан 3 медаль (екі алтын), Өзбекстан 2 медаль алды. Қазақстан бір қола жүлдемен ғана шектелді. Отандық палуандар барлығы 28 жекпе-жек өткізіп, соның 15-інде қарсыласына жол берді.

ЕРКІН КҮРЕС: КӨҢІЛ КӨНШІТПЕС СТАТИСТИКА

Грек-рим күресінен Белград төрінде үлкен спорт үшін кілең жасы келген палуандар ел намысын қорғаса, еркін күрестен жеңіл салмақта 22-24 жас аралығындағы палуандар, ал ауыр салмақта 28 жас межені бағындырған палуандар сайысқа түсті. Бірақ, Қазақстан құрамасына жастық жігер де, тәжірибе де көмектесе алмады. Еркін күрестен сынға түскен 10 палуанның біреуі ғана ел қоржынына жүлде салды.

Қазақстандық ардагер палуанның бірі Азамат Дәулетбеков 86 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға дейін жетті. 29 жасқа қараған Азия чемпионының бұл біріншіліктегі жолын атақты америкалық палуан кесті. Жартылай финалда Азамат Дәулетбеков қазіргі Олимпиада чемпионы Дэвид Тейлормен кездесіп, 0:12 есебімен таза жеңілді. Қола жүлде үшін айқаста Пуэрто-Рико палуанынан басым түсті.

Қола медаль үшін таласта тағы бір ардагер палуанымыздың жолы болмады. 120 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 30 жастағы Олег Болтин 28 жастағы Гено Петриашвилиге есе жіберді. Дегенмен, грузин палуаны оңай шағылар жаңғақ емес еді. Болтинге қарағанда Петриашвилидің тәжірибесі мен атағы мол. Ол – үш дүркін Әлем чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері.

Дәулетбеков пен Болтиннен бөлек тек Әділ Оспанов қана алғашқы ондыққа ене алды. 24 жастағы палуан 65 келіге дейінгі салмақта 8-орынды қанағат тұтты. Қалғандары 12-19-шы орындармен шектелді. Демек, он палуанның жетеуі еркін күрестен ел құрамасына мүлдем ұпай салған жоқ. Төрт палуан (соның ішінде 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпанов та бар) алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты.

Тағы бір көңіл көншітпес статистика. Қарсыластары 140 ұпайдан алып жатқанда қазақстандық палуандар нәтижелі әрекеттері үшін бар болғаны 82 ұпай ғана жинады. Яғни, біздің палуандар шамалы айырмашылықпен жеңіске жетсе, көбіне олар ірі есеппен жеңіліске ұшырады. Әрбір төртінші жекпе-жекте отандық палуандар 10-нан жоғары ірі есеппен жеңіліске ұшырады. Әрине, бұл командалық есепте де кері әсер етті. Қазақстан құрамасына еркін күрес шеберлері 31 ұпай ғана салды. Ұпай саны бойынша үздік бестікті АҚШ (198), Иран (150), Жапония (70), Моңғолия мен Грузия (екеуінде 68 ұпай) қорытындылады.

ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ: «ЖАСЫ КЕЛГЕНДЕРДЕН» ҚҰРАЛҒАН КОМАНДА

Еліміздің әйелдер құрамасы Белград біріншілігінде «жасы келгендерден» құралған командалардың бірі болғаны рас. Мысалы, он палуанның ең жасы – 24-те, биыл алтауы өзінің 26 жылдығын, біреуі 28 жылдығын атап өтті, қалған екеуі спорт үшін «пенсионер».

Соңғы біріншілікке қатысқан «егде жастағылардан» бастайық. Біріншісі – екі айдан кейін 35 жасқа толатын Жұлдыз Эшимова, екіншісі – алдағы желтоқсанда 36 жасқа келетін Елена Шалыгина. Екі палуан да 2007-2011 жылдары спорттық мансабындағы ең үздік жетістіктерге қол жеткізіп қойған. Айталық, Жұлдыз Эшимова – 2007 жылғы Азия чемпионы, 2008 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, ал Елена Шалыгина – Азия ойындарының чемпионы, 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2007, 2009 жылдардағы Әлем чемпионаттарының қола жүлдегері, 2010 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Жұлдыз Эшимова Белградта боз кілемге екі рет шығып, екеуінде де жеңіліс тапты. Ал, Елена Шалыгина өзінің алғашқы жекпе-жегінде болгар палуанынан 1:11 есебімен жеңілді.

Қазақстан қоржынына жалғыз күміс жүлдені салған 26 жастағы Жәмила Бақбергенова болды. Осылайша, Алматы облысының тумасы бір жыл бұрынғы Ослодағы жетістігін қайталады. Ол ақтық бәсекеде америкалық Амит Элордан 0:10 есебімен жеңіліп қалды.

Бір айта кетерлігі, біздің командаға 8-ші және 9-шы орындарды иеленген тағы екі қыз ұпай әкелді. Демек, әйелдер күресінен сынға түскен 10 палуанның үшеуі ғана командаға ұпай қосты. Сонымен қатар, отандық палуандар боз кілемге 19 рет шығып, соның бесеуінде ғана жеңіске жеткен. Бұл – аутсайдер командаларға ғана тән көрсеткіш. Содан біздің қыздар нәтижелі әрекеттер үшін 46 ұпай ғана жинады.

Командалық есепте Қазақстан 32 ұпай жинап, 12-орынға табан тіреді. Бұл – Белградқа он спортшыдан тұратын толық құрам жіберген өзге елдерден ең аз ұпай. Тіпті, төрт палуан ғана апарған Молдованың өзі 50 ұпай алды. Ұпай саны бойынша үздік бестікті Жапония (190), АҚШ (157), Қытай (84), Моңғолия (72) және Украина (68) түйіндеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының құрамында 45 жазғы олимпиадалық спорт түрінен 5 714 спортшы, 13 қысқы олимпиадалық спорт түрінен 651 спортшы бар. Соның ішінде Олимпиада ойындарында көп жүлде салатын бокс, күрес, ауыр атлетика спорт түрлеріне мемлекет тарапынан көп көңіл де, көп қаржы да бөлінетіні рас. Оның үстіне «күрес әрбір қазақтың қанында бар» деп бөркімізді аспанға атып мақтансақ та, күрестен Олимпиада ойындарындағы, Әлем чемпионаттарындағы соңғы көрсеткіштерге қарап, өз тілімізді өзіміз тістеуге тура келеді. Бірақ, күрестегі соңғы жылдардағы сәтсіздіктерді қаржымен байланыстыруға болмайды. Өйткені, қаржылық тұрғыдан бізге қарағанда нашар қамтылған қырғыз палуандарының соңғы жылдардағы жетістіктері осы сөзімізге дәлел болса керек. Айыр қалпақты ағайындар соңғы Олимпиада ойындарында екі күміс, бір қола медаль, соңғы Әлем чемпионатында екі алтын, үш қола медаль алды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here