Ұлттық университетте ұлт қаламгері ұлықталды

0
1407

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына арналған «Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  

Мерейтойлық жиынды құттықтау сөзбен ашқын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев «Әдебиетте де, журналистикада да, саясатта да Шерхан Мұртазаның жарқырап даңғайыр даңғыл жолы жатыр. Сол даңғыл жол кейінгі буынға ғажайып, үлкен, дара мектеп болып қалды» – деп, ұлы қаламгердің ұлт руханиятындағы еңбектеріне тоқталды.

Ректор қаламгердің шығармашылығы мен еңбегін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, «Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра береді», – деп атап өткенін тілге тиек етті.

Бүгінде ұлы жазушының мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтілуде. Таразда жазушыға еңселі ескерткіш орнатылып, туған ауылы Талаптыда әдеби-мемориалдық үйі ашылды. Еліміздің әр өңірінде Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған конференция, кездесу, көрмелер ұйымдастырылуда.

Жақында ҚазҰУ қалашығындағы 356 орындық №5 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, журналистика факультетінің студенттеріне салтанатты түрде қайта берілді. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі күрделі жөндеуден өтіп, замануи үлгіде жабдықталды. Университет газеті республикалық статус алып, Фараби медиа телестудиясы жаңартылып, жаңа форматта жұмыс істеп келеді.

Бұл жұмыстардың бәрі Шер ағаң – Шерхан Мұртаза бастаған журналистикадағы сара жолды жалғастырушы бүгінгі мамандарға, білім алушы жастарға жасалып отырған қамқорлық. Қаламгер шығармашылығын насихаттауға бағытталған игілікті қадамдар унвиверситетте әлі де жалғасатын болады.

ҚазҰУ-да өткен конференцияда мемлекет қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин қазақстандық журналистиканы жаңа деңгейге көтере білген Шерхан Мұртазаның басты жетістігін атап, естеліктерімен бөлісті. «Ол өз айналасына қазақстандық журналистиканың бет-бейнесін көрсететін үздік мамандарды жинады. Бұл оның тарихындағы тұтас бір дәуір», – деді драматург. 

Профессор Қансейіт Әбдезұлы «Қазақ әдебиетіндегі Ш. Мұртазаның прозасы мен драматургиясының тарихи маңызы» атты баяндама жасады. «Шерхан Мұртаза – өз бойында жазушының таланты мен мемлекет қайраткерінің қасиеттерін біріктіре білген тұлға. Ол Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Жұбан Молдағалиев сынды тұлғалар шоғыры қатарында ерекше орын алады, – деді Қансейіт Әбдезұлы.

Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры Абдылжан Акматалиев ұзақ жылдар бойы жеке таныс және тығыз қарым-қатынаста болған Шерхан Мұртазаны ерекше толқыныспен еске алды. Ол «Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне керемет шеберлікпен аударып, қырғыз-қазақ қарым-қатынасын нығайту үшін мол еңбек еткен ұлы адам» деп атап өтті. 

Конференция аясында Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы фильм көрсетіліп, ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтаулары және онлайн форматта шетелдік ғалымдардың да арнайы құттықтаулары оқылды. 

Шара барысында ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазір белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендеріне қатысты түйткілді мәселелер жан-жақты талқыланды. Алдағы уақытта конференция материалдары ғылыми жинақта жарияланатын болады.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here