Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды

0
953

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды. Қаламгердің 90 жылдық мерейтойы аясында жаңадан ашылған Шерхан Мұртаза аудиториясы болашақ журналистерді кәсіби шыңдайтын шеберханаға айналмақ.

Салтанатты шараға көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Шәмшидин Пәттеев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы және оқытушы ғалымдар мен студенттер қатысты. 

Аудиторияны ашқан ақын Нұрлан Оразалин жазушының әдеби және журналистика саласындағы зор үлесі мен жетістіктерін атап өтті.

«Шерхан Мұртаза – XXI ғасырдың жарқын тұлғаларының бірі.  Ол бар ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиетті дамытуға арнап, болашақ ұрпаққа бай рухани мұра қалдырды. Өзінің адалдығы мен әділдігі үшін Шер-аға есімімен тарихта қалды. Бүгін мен Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылғанына өте қуаныштымын, оның үлесі мен еңбегін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ол Қазақстан журналистерінің бірнеше буынын тәрбиеледі. Жаңа аудиторияда біздің болашақ журналистерімізді шабыттандыратын ерекше шығармашылық атмосфера бар. Студенттерге және университет ұжымына үлкен табыс пен өркендеу тілеймін», – деді Нұрлан Оразалин.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай құттықтау сөз сөйлеп, жаңа аудиторияға қолдан тоқылған ерекше кілемді сыйға тартты.

Қазақ журналистикасының мэтрі, классик жазушы Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») тілшісінен «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасына дейінгі үлкен кәсіби жолдан өтті. Әр жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» басылымдарын басқарып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. 

Шерхан Мұртаза – «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» және басқа да шығармалардың авторы. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here