Тәліптер есірткі бизнесінен неге бас тарта алмайды?

0
2169
БҰҰ-ның есебінше, 2015 жылы Ауғанстандағы нашақорлардың саны шамамен 2,3 млн адамға жеткен...

Ұзақ жылдан бері «Талибан» қозғалысы есірткі бизнесін уысынан шығармай келеді. Ал, былтыр билік басына қайта келген тәліптер табысты кәсіптерінен бас тартуға дайын екендерін мәлімдеді. Сонда мұндай мәлімдеменің астарында не бар? Олар бір жыл бұрын берген сол уәдесінде тұрды ма? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп, әлемдік есірткі нарығында тәліптердің алар орнына, апиын көкнәрінің қалайша елдің басты ауыл шаруашылық дақылына айналғанына, АҚШ-тың 20 жыл ішінде жергілікті есірткі бизнесін неліктен жеңе алмағанына тоқталады.

ЖАҢА БИЛІКТІҢ ЕСКІ БИЗНЕСІ

«Героин» сөзі – ХІХ ғасырдың аяғында немістің «Bayer» фирмасы жөтелге қарсы дәрі ретінде шығарған диацетилморфиннің сауда атауы. Препараттың адам психикасына деген әсері өте күшті. Сол үшін ол «батырлық зат» деген бейресми атау алды. Бірақ, атауында ғана болмаса, онда ешқандай да батырлық жоқ. Бұл адамзатқа белгілі ең қауіпті есірткінің бірі.

Есірткі өндірісінің негізгі шикізаты болып табылатын көкнәр алқаптары негізінен Ауғанстанның оңтүстігінде, «Талибан» жауынгерлері көбірек ықпал еткен провинцияларда орналасқан. Олардың қолпаштауымен бұл сала өркендеді. Нәтижесінде, 2015-2020 жылдар аралығында әлемдегі барлық героиннің 83 пайызы Ауғанстанда өндірілді.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыспен күрес агенттігінің (UNODC) мәліметінше, 2018 жылы Ауғанстандағы героин кәсібінің жалпы айналымы 6,6 млрд долларға жеткен. Апиын өндіруге 400 мыңға тарта адам жұмылдырылған. Бұл ел әскерилерінің санынан да көп көрсеткіш. Ал, есірткі саудасы сол жылы Ауғанстандағы ЖІӨ-нің 11 пайызын құраған.

Былтыр тамыз айында билікті қайтарып алған тәліптер күтпеген мәлімедеме жасағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Олар есірткі өндірісін тоқтатуға ниетті екендерін жеткізді.

«Біз өз отандастарымызды, ерлер мен әйелдерді және халықаралық қауымдастықты есірткі өндіруге жол бермейтінімізге сендіреміз. Осы сәттен бастап героин өндірумен ешкім де айналыспайды», – деді әлемдік қауымдастық мойындамаған Ауғанстан Ислам Әмірлігінің ресми өкілі Забихулла Муджахид.

Ақиқатын айтқанда, әлемдік қауымдастық бұл мәселеге келгенде тәліптердің сөзіне илана қоймайды. Себебі, тәліптер бұған дейін есірткі бизнесін қызғыштай қорып қана қойған жоқ, олар бұл кәсіпті бақылауына алып, онымен айналысатындарға салық салып отырды. Героиннен түскен көл-көсір пайда олардың әскери салада жетістікке жетулері үшін маңызды рөл атқарды.

Бүгінде әлемдік қауымдастықтың күдігі расқа айналды. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыспен күрес агенттігі 2021 жылы Ауғанстанда 177 мың гектар алқапқа апиын көкнәрі себілгенін хабарлады. Жаңа билік өткен жылы шамамен 6,8 мың тонна апиын өндірді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық көрсеткіш. Содан есірткі бизнесі ел қазынасын 2,7 млрд теңгеге толтырып, жалпы ішкі өнімнің 14 пайызын құрады.

Аталған агенттіктің 2 қарашада жариялаған баяндамасына сенсек, биыл Ауғанстанда апиын дайындауға болатын көкнәр алқабы былтырға қарағанда 32 пайызға артып, апиын алқабының көлемі 233 мың гектарға жеткен. UNODC биыл сәуірде «Талибан» қозғалысы көкнәр және басқа да есірткі жасауға пайдаланылатын өсімдік түрлерін өсіруге «тыйым салғанын», сол кезде апиын күрт қымбаттағанын, содан оны өсіретін ауған шаруаларының табысы үш есе артқанын, былтыр шаруалар табысы 425 млн доллар, биыл ол (қазірдің өзінде) 1,4 млрд доллар болғанын атап өтті.

АПИЫНҒА ТӘУЕЛДІ ЭКОНОМИКА

Жиырма жыл бойы тәліптер билік үшін америкалықтармен өліспей беріспеді. Ақыры жеңді. Билікті қайтарып алды. АҚШ әскерилері Ауғанстанды тастап кетті. Ақ үйге болысқан ауғандар үдере қашты. Ал, жеңістің құны қашан да қымбат. Сонда тәліптер қыруар қаржыны қайдан алады? Әрине, жиырма жыл бойы билікке таласқан олардың елдегі лицензияланбаған бай пайдалы қазба кен орындарын бақылауға алғаны, сауда және көлік жолдарының бағыттарына салық салатыны бәріне белгілі. Бірақ, бұдан стратегияларын жүзеге асыруға қажетті мол қаражат түседі деп айту қиын. Ауғанстанның кедей тұрғындарынан алынатын алымдар да қалталарын толтырмайтыны анық.

Кейбір британ сарапшыларының пікірінше, содырлардың көпшілігі заңды тауарларға салынатын салықтардан ақша табады. Алайда, АҚШ-тың Ауғанстан істері бойынша арнайы инспекторы Джон Сопконың айтуынша, тәліптер табысының 60 пайызға жуығы героин саудасынан түседі. UNODC мәліметінше, олардың есірткі саудасынан табатын жылдық таза пайдасы 300 млн доллардан 1,5 млрд долларға дейін жетеді.

Рас, заңсыз психоактивті заттардың кез келген өндірісі сияқты апиынды егістік алқаптарында өсіру басқа саладан табыла бермейтін көл-көсір пайда түсіреді. Дегенмен, ауған шаруаларына табыстың төрттен бір бөлігі ғана тиесілі. Табыстың едәуір бөлігі есірткіні Еуропаға тасымалдайтын контрабандистерге беріледі. Есірткіні Ресейге Орта Азия елдері арқылы, ал Батыс елдеріне Түркия мен Балқан елдері арқылы тасымалданады.

Автомат асынған қаба сақалды контрабандистер көптеген жылдар бойы өздерінің қомақты үлестерін алып келді. Тәліптер бұл кәсіппен айналысқандардың алғашқысы емес. Бұған дейін есірткі өндірісімен Кеңес Одағымен соғысқан моджахедтер де айналысқан. «Қасиетті соғысымыз үшін бәріміз де апиын өсіріп, сатуға тиіспіз» деген еді жиһад көшбасшыларының бірі 1986 жылы «New York Times» газетіне берген сұхбатында. Лаңкестер бастан-аяқ қаруланып алған соң, көкнәр алқабының иелерінен қомақты салық жинады және қандай да бір қарсылықтарды қабылдамады. Мәселен, апиын өсіруді қаламаған адамдарды өлім жазасымен қорқытты.

НАШАҚОРЛАР МЕКЕНІ

Елде америкалық әскерилер пайда болғаннан кейін де апиын алқаптары азайған жоқ. Себебі, «Талибан» қозғалысы оның өндірісін уысында ұстады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Ауғанстанда 50 мың гектарға көкнәр  өсірілді. Он жылдан соң бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, 100 мың гектар алқап оны өсіруге пайдаланылды. 2013 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы екі есеге артты. Сөйтіп, есірткі бизнесі Ауғанстан экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Елде героин әлдеқайда көп болса да, есірткінің барлығы шекара аса бермейді. Айталық, 2005 жылы елде есірткіге тәуелді 200 мыңға жуық адам болса, олардың саны 2009 жылы миллионға жетті. БҰҰ-ның есебінше, 2015 жылы елдегі нашақорлардың саны шамамен 2,3 млн адам болған.

Есірткіге тәуелділер күнделікті өмір салтынан жаңылып, оқшауланған. Бірақ, олар белгілі бір жерлерде жиналады. Сондай орындардың бірі – Кабулдегі Пули-Сухта көпірінің асты. Қоқыс арасында үнемі есірткі қолданатын мыңдаған адам жүреді. Героин эпидемиясы әйелдерге де әсер етті. Олар мұны ауруды басатын құрал ретінде тұтынады. Ал, балалар есірткіге тәуелді ата-анасынан үлгі алады.

Ауғанстанда білікті наркологтар мен әлеуметтік қорғау тетіктері жетіспейді. Сондықтан «Талибан» қозғалысының өзіндік «оңалту бағдарламасы» бар. Тәліптер нашақорларды содырлар жұмыс істейтін шалғай таулы мекендердегі арнайы лагерьге жатқызады. Нашақорлар бірнеше апта бойы «ислам діні» туралы уағыз тыңдап, қалыпты өмірге оралады. Бірақ, солардың әрбір екіншісі «Талибан» қозғалысына кіріп, жиһад жолын таңдайды.

ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ НӘТИЖЕСІЗ КҮРЕС

Тәліптердің барша ауған халқын нашақорлықтан құтқара алмайтыны анық және олардың алдарына мұндай мақсат қоюлары да екіталай. Себебі, бұл саланың тек шетелдіктерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да зиян келтіретініне қарамастан, бұл елде нашақорлыққа қарсы күресе алмайтындар ғана емес, есірткісіз таңын атыра алмайтындар да бар.

«АҚШ есірткі экономикасымен күресу үшін үлкен күш пен қаражат жұмсады. Ресми дереккөздерге сүйенсек, 8,6 млрд долларға шығынданған. Алайда, ешқандай күш-жігер – көкнәр егістіктерін жою да, рейдтер жасау да, маңызды нүктелерді бомбалау да америкалықтарға өз мақсаттарына жетуге мүмкіндік бермеді. Біздің сарп еткен күш-жігеріміз нәтижесіз аяқталды», – дейді 2016-2019 жылдары АҚШ-тың Орталық қолбасшылығын басқарған генерал Джозеф Вотел.

Күрестің бұл түрі Кабул мен оның шетелдік одақтастарына қырын қарайтындардың көбеюіне алып келді. Нәпақасын көкнәрдан айырып, тіпті сонымен әл-ауқатын көтеріп отырған шаруалар өздерінің өндірісіне кедергі жасала бастаған соң тәліптермен ауыз жаласты.

Тәліптердің есірткі өндірісін тоқтату туралы былтырғы мәлімдемесі 2001 жылды еске түсіреді. Бұл ауғандық героин өндірісі үшін маңызды кезең еді. Содырлар алғаш рет героин өндірісін азайтуды 2000-2001 жылдары қолға алды. Сол тұста олар экспорт үшін көкнәр өсіруге тыйым салып, егістік алқаптарын он есе қысқартты. Содан 82 мың гектар алқаптан 8 мың гектар ғана қалды. Алайда, АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес агенттігі (DEA) бұл әрекетті ізгі амалға балаудың болмайтынын айтады. Бұл 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейінгі айларда орын алды. Лаңкестер америкалықтардың шабуылын күтті. Үлкен қауіп төніп тұрған тұста тәліптер есірткі бағасын күрт көтеруді шешті. Есірткі экспортына тыйым салу арқылы нарықта есірткі тапшылығы пайда болды. Дәл осы сәтте тәліптер бағаны көтеріп, рекордтық көрсеткішке жеткізді. Елде шамамен бір келісі 95 долларға сатылатын көкнәрдің құны 746 долларға дейін шарықтады. Сонымен қатар, бұл кезде шикізаттың негізгі қоры да тәліптердің бақылауында болатын.  «Талибан» қозғалысы осылайша қаржылық секіріс жасады.

«Brookings Institution» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Ванда Фельбаб-Браун тәліптер сол тұста көкнәр өсірушілердің арасында үлкен наразылық туғызғанын және олардың бақылауындағы аймақтарға қауіп төндіргенін еске салды. Елге басып кірген америкалықтардың есірткі өндірісін жоймайтыны белгілі болғаннан кейін көкнәр алқаптарының көлемі бұрынғы мөлшерге жетті. Мәселен, 2002 жылы көкнәр алқаптары 74 мың гектар жерді алып жатса, 2004 жылы бұл көрсеткіш америкалықтар келгенге дейінгі мөлшерден де асып түсті. Ауғанстандағы соғыс қимылдары экономикалық дағдарысты одан әрі ушықтырды. Кедейленген халық ақшаға мұқтаж болды. Соның салдарынан көкнәр алқаптары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.

Есірткі өндірісі бір ғана героинмен шектелмейді. Ауғанстан баяғыдан гашишті де жеткізумен айналысады. Соңғы жылдары жергілікті халық елде эфедра өсіруді жолға қойды. Олар метамфетамин өндіру үшін пайдаланылады. Бұл есірткі сияқты қауіпті өнім.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жиырма жыл бұрынғы тәжірибе тәліптердің есірткі өндірісіне қарсы шешуші соққы беруге қабілетті екенін көрсетеді. Бірақ, олардың қазір мұндай ниетте болуы екіталай. БҰҰ-ның Кабулдағы есірткі және қылмыс жөніндегі кеңсесінің басшысы Цезарь Гудес айтқандай, ауған нашақорларының есірткіге тәуелді болғанындай, тәліптер де аталмыш өндіріске сондай тәуелді болып тұр.

Расында, шетелден бөлінетін субсидиялар көкнәр өндірісін тоқтата алатын бірден-бір кепілдендірілген шара ретінде көрсетіледі. Тәліптер «егер Түркия, Ресей, Иран және басқа да елдер көкнәр өсірудің орнына бидай өсіруге жәрдем берсе, мыңдаған ауған шаруалары шығындарын өтейді» деп санайды. Дегенмен, Ауғанстанның жаңа үкіметіне бақуатты елдер қол ұшын созуға асығар емес. Билік тізгіні тәліптер қолына өткеннен кейін көбі елге қаржылай көмек көрсетуді тоқтатты. Соның салдарынан онсыз да өлместің күнін көріп отырған ел тығырыққа тірелді. Жағдай күрделі. Демек, дәл қазір Ауғанстан есірткіден түсетін табысқа тәуелді. Бұл ауғанстандық есірткі тасымалының үзілмейтінін, керісінше күшейе түсетінін білдіреді.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here