Ахаң түскен фотосурет

0
3049

Белгiлi әдебиетшi ғалым Бейсембай Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» атты зерттеу еңбегiнде: «ХХ ғасыр басында қазақ арасындағы оқу-ағарту жұмысы екi түрлi болды. Оның бiрi – мұсылманша оқу, екiншiсi орысша оқу едi… Бiрақ, қазақ арасындағы мектеп, медреселердiң аты бар да заты жоқ едi», – деп жазады.

Шынында, сол себептi болар, қазақ жастарының үлкен бiр бөлiгi патшалық Ресейдiң қол астына қарасты Уфа, Қазан, Орынбор, Тройцкi, Бұқара, Самарқанд секiлдi қалалардағы мұсылманша дәрiс беретiн медреселерде бiлiм алуға ұмтылды. Мәселен, сондай iргелi оқу орындарының бiрi – Уфадағы «Ғалия» медресесi болды.

1916 жылдың 23 желтоқсанындағы «Қазақ» газетiнiң №210 санында жарияланған «Медресенiң 10 жылдық тойы» аталатын мақалада «Ғалия» Россиядағы бас медреселердiң қай-қайсысынан да болса, берген тағылым-тәрбиесi жағынан артық болмаса, кем еместiгi және онда ең аз дегенде жылына 30-40-тан қазақ баласы оқу бiтiретiнi, оның шәкiрттерiнiң бәрi де «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тастамай шығатыны туралы айтыла келiп, «Жасасын «Ғалия»! Жасасын «Ғалияны» ашып, тәрбиелеп, рухты жастар шығарушылар!» – деп аяқталады.

«Ғалия» медресесі, шын мәнiнде, мұсылманша бiлiм беру жүйесiнде бiрыңғай таза дiни оқуды ғана жүргiзудi емес, жаңа төте жазуды – ұсулы жәдит тәртiбiн енгiзудi үндеген әрi математика, жаратылыстану, жағырапия, тарих пәндерi бойынша бiлiм беретiн прогрессивтiк бағыттағы бiлiм ордасы болды.

Сонымен қатар, мұнда әдебиет пен баспасөздi дамытуға да ерекше көңiл бөлiндi. Бұл оқу орнында барша қазаққа есімі жақсы танымал мәдени ағартушы, татар халқының жазушысы Ғалымжан Ибрагимов және Зияддин әл-Камали тәрiздi тағы басқадай демократиялық көзқарастағы зиялы қауым өкiлдерi қызмет еттi.

Профессор Тұрсынбек Кәкiшев «Садақ» кiтабында Уфадағы «Ғалия» медресесiнде осы Ғалымжан Ибрагимовтың көмегiмен қазақ шәкiрттерiнiң айына екi рет қолжазба «Садақ» журналын шығарып тұрғанына, сондай-ақ онда Мағжан Жұмабаев, Бейiмбет Майлин, Жиенғали Тiлепбергенов, Нұғман Манаев сынды тағы басқа қазақтың бiр топ болашақ көрнектi әдебиет және қоғам қайраткерлерi бiлiм алғанына тоқталады. Бұған қоса ол осы еңбегiнде «Садақ» журналының шығу тарихына байланысты башқұрттың халық ақыны Сайфи Құдаштың жазған хатынан: «Садақ» журналы 1915 жылы ғана туған емес. «Ғалия қолжазба баспасы» 1907 жылы Ғалымжан Ибрагимовтың «Желiм» атты гектограф газет басып шығаруына байланысты басталған. Содан үлгi алған қазақ шәкiрттерi Нығметолла Күзембаев, Мәннан Тұрғанбаев, одан кейiн Нұғман Манаев, Сүгiр, Бейiмбет, Жиенғалилар шығарды», – деген деректер келтiредi.

Ендi Сайфи Құдаш айтып отырған жаңағы қазақ шәкiрттерiнiң бiрi Мәннан Тұрғанбаев 1919 жылы Семейде «Қазақ тiлi» (қазiргi «Семей таңы») газетiн ашса, Нығметолла Күзембаев Жаңасемейдегi Алаш мектептерiнде қазақ тiлi мен әдебиетi пәндерiнен сабақ берген.

Жалпы, ХХ ғасырдың басында «Ғалия» медресесiнде Семейден кiмдер оқыды дегенге келсек, мысалы, жазушы Ғалым Амедовтың «Алаш «Алаш» болғанда» кiтабында 1915-1917 жылдары Семей губерниясы бойынша (Семей, Өскемен, Зайсан, Павлодар, Қарқаралы уездерiнен) «Ғалия» медресесiнде жоғарыда аталған М.Тұрғанбаев пен Н.Күзембаевтан басқа Тайыр Жомартбаев, Мұстақым Малдыбаев, Абзал Жиенғалиев, Хайролла Ибрагимов, Шаймардан Ғұмаров, Ахметжан Күзембаев, Хұсайын Күрлеуiтов, Уәлихан Ғұмаров, Ахмет Жантулин, Ғабдiрахман Сұлтановтардың бiлiм алғаны айтылады.

1917-1919 жылдардағы тәуелсіз қазақ автономиясын құру кезеңiнде көрнектi педагог-ағартушы, публицист-журналист, қоғам қайраткерi Мәннан Тұрғанбаев бастаған «Ғалия» медресесiнiң шәкiрттерi, яғни байырғы қазақ зиялылары Тайыр Жомартбаев, Нығметолла Күзембаев, Мұстақым Малдыбаев, Абзал Жиенғалиев, Хайролла Ибрагимов және тағы басқалар Алашорда үкiметiнiң тiлегiнде болып, алғашқы ұлттық бiлiм беру жүйесiнің іргетасын қалап, дамытуда үлкен еңбек сiңiрдi. Сол сияқты олар тұңғыш қазақ оқулықтарын шығаруда да өзiндiк елеулi үлестерiн қосты. Мәселен, 1913-1915 жылдары Орынбор баспасынан Мәннан Тұрғанбаевтың «Пайғамбар заманы», Мұстақым Малдыбаевтың «Әлiппе оқулығы» және «Имам һәм намаз», Нығметолла Күзембаевтың «Иман иғтикәд» оқулық кiтаптары жарық көрдi. Сол сияқты осы жылдары Абайдың ақын шәкiрттерiнiң бiрi, дарынды жазушы, драматург, педагог Тайыр Жомартбаевтың да «Балаларға жемiс», «Қыз көрелiк» атты әдеби-көркем туындылары дүниеге келдi.

Бұл арада атап айта кетуіміз керек, 1917-1918 жылдары Семейде жарық көрген Алашорданың үні «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналына үнемі мақалалар жариялап, рухани көмек көрсетіп тұрғандардың алдыңғы қатарында да осы қазақ зиялылары болды. Мысалы, бұл басылымдарда педагог-ағартушы Мәннан Тұрғанбаевтың ұлт мүддесіне, қазақ тілі мен бастауыш қазақ мектептеріне байланысты проблемалық мақалалары жарияланып, қазақ қоғамында үлкен серпіліс туғызды.  

Қазақтың тұңғыш журналист қызы, көрнекті педагог-ағартушы Нәзипа Құлжанованың 1915 жылы «Қазақ» газетiнде жарияланған «Семейден» атты мақаласында Ресей мұсылмандары атынан ашылған Петербургтегi соғыс ауруханасы мен мектеп-медреселердегi мұқтаж қазақ жастарының пайдасына жасалған әдеби кештен түскен қаржының орысша және мұсылманша бiлiм алушы 12 адамға, соның iшiнде Уфадағы «Ғалия» медресесiнiң семейлiк шәкiрттерi Мәннан Тұрғанбайұлына 25 сом, Мағфура Найманқожақызына 30 сом бөлiнгендiгi, ең бастысы осындай ел болашағы оқыған азаматтарға ақшалай жәрдем көрсетуде өз көмегiн аямаған ағайын-туысқа көп рахмет бiлдiретiнi туралы хабары берiлген.

Жалпы, бұл Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мiржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ірі тұлғаларының әрдайым осы Уфадағы «Ғалия» немесе Орынбордағы «Хасание», Тройцкiдегi «Мұхамедие» медреселерi, сондай-ақ патшалық Ресейдiң басқадай жоғары оқу орындары болсын, олардағы бiлiм алып жүрген қазақ жастарының тағдырына бейжай қарап қалмағанын аңғартады.

Осы орайда Алаш көсемi Ахмет Байтұрсынұлының сонау 1916 жылы қазақ және татар жастары арасындағы тiлге қатысты даулы мәселенi шешу үшiн арнайы Уфадағы «Ғалия» медресесiне баруы туралы оқиғаны айтсақ та жеткiлiктi. Сол жолы Ахаң мен Ғалымжан Ибрагимовтың араласуымен бұл келеңсiз жай оң шешiмiн тапқан тәрiздi. Мiне, осы сапарында Ахмет Байтұрсынұлы «Ғалия» медресесiнiң бiр топ қазақ шәкiрттерiмен бiрге суретке түскен екен.

Бұл тарихи фотосуреттiң бiзге аман-есен сақталып жету тарихы және ондағы кейбiр адамдар туралы 1989 жылы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң ақпан және қазан айларындағы сандарында екi бiрдей мақала жарық көрген едi. Мысалы, алғашқы «Халық қамқоршысы» деген мақаланың авторы Марат Әбдешев Алматыдан табылған суреттегi Ахаңмен бiрге суретке түскен Омар Алмасов, Нұрхан Еленов, Әбдiрахман Мұстафин, Зәкiр Сералин секiлдi қазақ шәкiрттерiнiң аты-жөнiн атайды.

«Сурет сыры» атты екiншi мақаланың авторы, белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов: «Суретте екiншi қатарда дәл ортада отырған Ахмет Байтұрсыновты қазiр елдiң көбi танитын болуы керек. Екiншi қатарда сол жақтағы бiрiншi адам Хайролла Ибрагимов, үшiншi қатарда, Ахметтiң дәл ту сыртында тұрған Мәннан Тұрғанбаев (1886-1937 ж.) «Қазақ тiлi» газетiнiң (Семей) алғашқы редакторы, журналист, педагог. Мәннанның сол жағында тұрған – Абзал Жиенғалиев, Семей педтехникумының Әбiкей Зейiнұлы Сәтбаевтан кейiнгi директоры. Бұлар өзiм көрген, бiлетiн адамдар. Екiншi қатарда оңнан солға қарай екiншi отырған, Мағырифа Ибрагимованың айтуы бойынша, Абылғазы Иманов деген кiсi.

Екiншi қатардағы оң жақтан бiрiншi адам – Ахмет Мәметов, дәрiгер әрi ақын. Совет Одағының Батыры Мәншүктiң әкесi.

Ахаңмен бiрге түскен 32 адамның iшiнен бесеуiнiң кiм екенi белгiлi. Бұл бес адамның Хайролла Ибрагимовтен басқа төртеуi 1937 жылғы репрессияның құрбаны болды.

Сонымен бұрын төрт адам анықталса («ҚӘ», №6, 1989), суреттегi «Ғалия» шәкiрттерiнiң отыз екiсiнiң iшiнен тоғыз адамды бiлетiн болдық.

Қалғандарын да танитын, бiлетiн адамдар табылатын шығар деп ойлаймыз.

Сурет Уфа қаласында түсiрiлген, уақыты – 1916 жыл» деп жазады.

Зерттеушi Марат Әбдешев өзінің бұл фотосуретi Зәкiр Сералиннiң баласы Файз ағайдың, ал абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов оны алғашқы ұстазы Хайролла Ибрагимовтың зайыбы Мағырифа әжейдiң үйiнен алғанын айтады.

Ахаң түскен осы Семейдегi фотосурет иесi марқұм Хайролла ақсақалдың үйiнде бұдан басқа да адамдардың – педагог-ағартушы Сейiтбаттал Мұстафиннiң, журналист-газет қызметкері Абай (Абылай) Рамазановтың жеке суреттері, сондай-ақ Семей педтехникумының директоры Абзал Жиенғалиевтің әйелі Тайбамен және Зиямен (Уфа медресесінің мұғалімі Зияддин әл-Камали болуы керек – автор), ұстаз Нығметолла Күзембаевтың әйелі Сақыпжамалмен бiрге түскен фотосуреттер сақталған.

Әрине, ұлағатты ұстаз Хайролла Ибрагимовтың қаратүнек сталиндiк саяси қуғын-сүргiн жылдарында ештеңеден қорықпай бұл фотосуреттердi аман сақтап, бүгінгі күнге жеткізуінің өзi үлкен ерлiк деп білеміз.

Көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедқановтың тұңғыш ұстазы Хайролла Ибрагимов 1900 жылдан бастап 1957 жылға дейiнгi аралықта алғашқыда Семей губерниясының Семейтау және Көкен болыстарында бала оқытады, Алашорда үкiметi тұсында үйiнен бастауыш мектеп ашып, сабақ бередi. Содан 1957 жылы зейнет демалысына шыққанша Семей педагогикалық және өнеркәсіп техникумдарында, орта мектептерде мұғалiмдiк қызметтер атқарады. 1966 жылы 85 жасында қайтыс болады. Ол халыққа бiлiм беру саласындағы осындай жемiстi еңбегiне орай 1946 жылы «Ерен еңбегi үшiн» медалi, 1947 жылы «Қазақ ССР-iнiң еңбек сiңiрген мұғалiмi» атағы және 1949 жылы Ленин орденiмен марапатталады.

Хайролла ақсақал демекшi, кезiнде онымен «Ғалия» медресесiнде бiрге оқыған Ақмола өңірінің тумасы Зейнелғабиден Иманжанов туралы профессор Тұрсынбек Кәкiшев «Садақ» атты  кiтабында: «Зейнел 1918 жылдың ортасында Ойыл болысына келiп, мұғалiм болады. Жаңадан шаңырақ көтерiп жатқан мектепке үй салу керек болғанда ықпалды ақсақалдардың көмегiмен ауыл жастарын жинап, ала жаздай кiрпiш құйып, күздiң қарасуығына ұрынбай бiтiредi. Халық арасында «Зейнел мектебi» аталған оқу орнында 1921 жылға дейiн игiлiктi жұмыс iстеп, талайлардың сауатын ашады. Сонда алдынан сабақ алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Ишанбай Қарағұлов пен тарих ғылымдарының кандидаты Хабиболла Жабасовтың «Зейнел мектебiнде» оқығанын жоғарыда аңғартып өткенбiз. Ол 1949 жылы Ленин орденiмен, 1950 жылы «Қазақ ССР-iнiң еңбек сiңiрген мұғалiмi» атағымен марапатталды», – деп жазады.

Міне, «Ғалия» медресесінің қос бірдей түлегі Хайролла Ибрагимов пен Зейнелғабиден Имажанов сынды азаматтар өздерінің ұлт мүддесі жолындағы ұлағатты ұстаздық еңбектерімен осындай жоғары атақтарға ие болғанын көріп отырсыздар.  

«Ұстаздан – ұлағат, ғалымнан – ғибрат» дегендей, ХХ ғасыр басында Уфадағы «Ғалия» медресесiн бiтiрген байырғы қазақ зиялыларының өмiрi бүгiнгi ұрпаққа осылайша үлгi-өнеге болып қала бермек.

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here