Ту жамылған тұлпарда отырған депутат жазалана ма?

0
1220

Қазақ елінің тәуелсіздігі мен дербестігін бүкіл әлемге паш ететін рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Мемлекетіміздің мызғымас негіздерінің бірі саналатын құнды белгілерімізбен халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мұқалмас рухы мен қаһармандығы астасып жатыр.

Осы құндылықтар жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген ойы өзекті болып отырған сияқты», – деп пікір білдіргені есте. Ендеше, осынау құндылықтарымызды қаншалықты қастерлеп жүрміз? Мемлекеттік Туымызға, Елтаңбамызға, Әнұранымызға құрметіміз қандай? Ойланатын-ақ сұрақ!

Әрине, қоғам болғаннан кейін ішінде ала да, құла да болады. Айталық, 9 қараша күні Facebook әлеуметтік желісі арқылы Атырау облысының Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Бержан Кенжебаевты мерейлі 63 жасқа толуымен жерлестері ат мінгізіп құттықтаған сурет тарады. Бір әттеген-айы, мәслихат депутаты ту жамылған тұлпарда отыр. Осы сурет әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Халықтың сынына ұшыраған суретке қатысты Құрманғазы аудандық әкімдігі де пікір білдірді. 

«Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округінде ауданға белгілі азаматқа көрсетілген құрмет жеке адамдар және қоғамдық ұйым – Ардагерлер кеңесі тарапынан болғанын ескере отырып, тарту еткен атқа жабылған Ту элементтері белгіленген жабынды арнайы зоодүкендерден алынғанын қаперіңізге береміз», – деген ақпарат таратты әкімдік.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Оның үстіне заң ханға да, қараға да ортақ. Айтайық, ҚР Қылмыстық кодексiнің 372-бабы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Демек, осындай бассыздыққа жол бергендер мен ту жамылған тұлпарда отырған  мәслихат депутаты заң аясында жазалануы керек. Жергілікті прокуратураның «құлағына алтын сырға».

Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды талап еткен болатын.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабында көзделген жауапкершілікті қатаңдатуды, соның ішінде ең жоғары айыппұлды 2 000-нан 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімін 600-ден 900 сағатқа дейін ұлғайту бойынша түзетулерді мүдделі мемлекеттік органдар пысықтап жатыр», – делінген Үкімет басшысының жауабында. Яғни, осы өзгерістер қабылданар болса, Мемлекеттік рәміздерді қорлағандар 9 540 000 теңге айыппұл төлеуге міндеттелер еді.

Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі
ұлттық орталығының атқарушы директоры 

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here