Президент үлкен қаланың үлкен мәселесін көтерді

0
699

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған қаласындағы жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бүгінгі жұмыс сапары алматылықтармен кездесуден басталды. Қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы болуына, орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған теңсіздікті жоюға ерекше мән беретінін айтқан Президент үлкен қаланың үлкен мәселесіне де тоқталды.

Алматы – Қазақстанның ең ірі қаласы. Қазір мегаполисте 2,1 млн халық тұрады. Бұған «пропискасы» жоқ білім, жұмыс іздеп келген студенттерді, ауылдағы ағайындарды және келімсектерді қосыңыз. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, жыл сайын тұрғындар саны артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда халық саны 350 мың адамға көбейген. Әу баста жобалаушылар қаланы 400 мың тұрғынға есептеп салғанын ескерсек, қазірдің өзінде мегаполисте бес есе артық адам тұрып жатқанын байқауға болады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді тудырады. Баспана, балабақша, мектеп тапшылығы, көлік кептелісі, көк түтіннің астында қалған қаланың экологиясы мәселесі осыдан шығады. Сондықтан бүгін Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесін орынды көтерді.

«Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон арқылы жүзеге асады. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек.  Сондай-ақ, балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек. Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді.  Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салу керек. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. Ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Алайда, жас ұрпақты сапалы балабақша, мектеппен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сондықтан, бұл тапсырмалар міндетті түрде толық орындалуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет тарапынан Алматыға көп көңілдің бөлінгені артық етпейді. Себебі, Тәуелсіздіктің алтын бесігі соған лайық. Оның тарихтан алар орнын айтпағанда, еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші. Мың жасаған шаһар елдің жалпы ішкі өнімінің бестен бірін, яғни бюджеттік кірістің 25 пайыздан астамын және сауда-саттықтың үштен бірін қамтамасыз етеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here