Өңделмеген қоқыстың қоршаған ортаға зияны

0
268

Қоқыстарды өңдеу бірнеше өндірістік процестерді ішіне алады. Олар: жинау, тасымалдау, сұрыптау, кәдеге асыру және жою. Осы процестің біреуі орындалмаса, өңдеу технологиясы бұзылады, нәтижесінде қоқыстың қоршаған ортаға зиянды әсері тиеді.

Жоғарыда аталған жұмыстарды арнайы мамандандырылған кәсіпорындар іске асырады. Ал, арнайы полигондарға шығарылған қоқыстар траншеяларға таптап-жаншып, саз балшықпен қабат-қабатымен көміледі. Бұл қоқыстың сасып, жануының алдын алады. Көмілген қоқыс уақыттың өтуімен шіріп жоқ болады, нәтижесінде қоршаған ортаға зиянды әсері жойылады.

Алматы қаласынан 2022 жылдың 9 айында 335 мың тонна коммуналдық қоқыс Алматы облысында орналасқан полигондарға және Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан қалдықтарды сұрыптау кешеніне шығарылды, оның ішінде қайта өңделген көлемі 62 мың тоннаны, яғни 17%-ды  құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылдан бері 2,6%-дан қазіргі 17%-ға дейін сапалық өсім байқалғанын ескерсек, осы көрсеткіштің өзі жаман емес. Әлемдік орташа көрсеткіш кем дегенде 70%, демек талпынатын нәрсе бар. Қатты тұрмыстық қалдықтардың барлығын қайта өңдеу мүмкін емес, сондықтан олардың кейбіреулері, яғни 30-дан 50%-ға дейін соңғы технологияны қолдану арқылы кәдеге жаратылады. Келешекте Алматы қаласы аумағында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға дейін арттыру керек.

Тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың кейбір түрлері адамдарға және қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін және экологиялық қауіпке алып келеді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда пластик, макулатура, картон, қағаз және шыны қалдықтарын кәдеге жаратуға тыйым салынды. Өркениетті қоғамдағы әдет бойынша барлығын қайта өңдеу керек. Ал, 2016 жылдан бастап құрамында сынап бар шамдар мен құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған майларды, батареяларды және электронды қалдықтарды кәдеге жаратуға тыйым салынған. Шындығында, уақыт көрсеткендей, бұл тыйымдардың барлығы формальды, өкінішке қарай, нақты сұрыптау жоқ, барлығы бір үйіндіге іріктелінбей жиналуда.

Қазір әлемде 50 жыл бұрынғыдан 20 есе көп пластик өндіріледі. Пластикалық қалдықтар коммуналдық қалдықтардың 40%-ын құрайды. Бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, сөмкелер, қаптамалар, бөтелкелер және әртүрлі контейнерлер – біз күнделікті «шығаратын» пластикалық қалдықтардың ең көп таралған түрлері. Оның көлемінің тек бес пайызы ғана қайта өңделеді және күнделікті өмірде қайта пайдаланылады.

Пластмассаның екі жүз жылға жуық ыдырайтыны белгілі. Пластмассалар жерге түскеннен кейін ұсақ бөлшектерге ыдырайды және өндіріс кезінде оларға қосылған химиялық заттарды қоршаған ортаға шығара бастайды. Бұл хлор, түрлі химиялық заттар, мысалы, улы немесе канцерогенді жалынға қарсы заттар болуы мүмкін.

Пластмассадан жасалған микротүйіршіктер мен оның химиялық заттары жер асты сулары арқылы жақын маңдағы су көздеріне өтеді, бұл көбінесе жануарлардың жаппай қырылуына әкеледі.

Бір рет қолданылатын сөмкелер қалалық кәріз жүйелерін бітеп тастап, су тасқыны қаупін тудырады, жағажайлар мен жағалаудағы рекреациялық аймақтарда тасталған пластик қоқыстар туризм индустриясына да зиянын тигізеді.

Құрметті Алматы тұрғындары, жауапты тұтыну мәселесінен қалыс қалудың қажеті жоқ. Тұтынушы тұтыну тізбегінің соңғы буыны, өзіңізден бастаңыз, сонда әлем таза болады. 

Нұржан БӨЛЕКБАЕВ,
Алматы қаласы бойынша экология департаментінің мемлекеттік
экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here