Еліміздегі 20 өңірдің 17-сі өзін-өзі «асырай» алмай ма?

0
5061

Күні кеше Мемлекет басшысы «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осылайша, Қазақстанның алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеті қабылданды. Алдағы жылғы республикалық бюджеттің шығысы 21 трлн теңге, кірісі 17,8 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Яғни, мемлекеттің кірісінен шығысы көп болғандықтан, қоян жылында республикалық бюджеттің «тесігін бітеуге» қосымша 3,2 трлн теңге керек. Өкінішке қарай, бюджет тапшылығы жылда қайталанатын жағдай. Өйткені, еліміздегі 20 өңірдің 17-сі өзөзін «асырай» алмайды. Содан республикалық бюджет дейтін «ортақ қазанға» қол салады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін еліміздегі жәрдем беретін және алатын өңірлерге тоқталады.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ДОНОР АЙМАҚ ҚАТАРЫНАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫ

Әлемдегі кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай артта қалған өңірлері болады. Бұл бір аймақтың тұрғындары пысық, екінші өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Оның үстіне экономикасы шикізатқа тәуелді әрі жері көп, халқы аз Қазақстан үшін мұндай жағдайдың болуы да заңдылықтай көрінеді.

Еліміздің әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, билік қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм ҚР Бюджет кодексінде нақты жазылған.

Өздеріңіз білесіздер, биыл Президенттің бастамасымен үш жаңа облыс құрылды. Ұлытау облысы Қарағанды облысынан, Абай облысы Шығыс Қазақстан облысынан, Жетісу облысы Алматы облысынан еншісін алып, жеке отау тікті. Сөйтіп, елімізде облыстардың саны он жетіге жетті. Оған астана мен республикалық маңызы бар екі қаланы қосыңыз. Бір әттеген-айы, келесі жылы сол 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың ішінен тек үш донор аймақ қана республикалық бюджетке алғанынан көбірек береді. Айталық, қоян жылы бір облыс пен республикалық маңызы бар екі қаланың бюджеттерінен республикалық бюджетке 431,9 млрд теңге көлемінде қаржы алу көзделіп отыр. Бұл донор аймақтар – Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы.

Байқасақ, биылға қарағанда келесі жылы донор аймақтардан республикалық бюджетке алынатын қаржының көлемі 58,5 млрд теңгеге аз болмақ. Оның себебі де бар. Мәселен, қоян жылы Маңғыстау облысы донор аймақтардың қатарынан шығып қалмақ. Әрине, бюджет бөлінісін бақылап жүргендер үшін бұл тосын жаңалық болған жоқ. Неге десеңіз, Маңғыстау облысы 2019 жылы жергілікті бюджеттен республикалық бюджетке 35,3 млрд теңге аударса, бұл көрсеткіш биыл 20 млрд теңгеге жетпеді. Осылайша, донор аймақ қатарынан шығып қалған Маңғыстау облысы субвенция алатын облыстар санатына енді. Бұл – облыс экономикасының барынша нашарлап, өңірдің өз қаражаты өзіне жетпей, аймақта кіріс азайғандығының көрсеткіші.

Астана донор аймақтардың қатарына 2016 жылы қосылды. Әйтсе де, бастапқыда бас қаланың бюджетке берері жоғарыда аталған үштікке қарағанда азырақ болды. Әлбетте, Елорданың шығысынан кірісі көп өңірлердің қатарына енуі қуантады. Дегенмен, Алматы қаласы мен Атырау облысына қарағанда Астананың «ортақ қазынаға» салары аса көп емес.

ДОТАЦИЯЛЫҚ ӨҢІРЛЕР
(республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке бөлінген
субвенция көлемі, млрд теңге)
Өңір 2021 2022 2023 2024 2025
01 Түркістан облысы 391,6 2,3 976,7 1 001,6 1 103,5
02 Қызылорда облысы 176,4 184,2 400,5 433,0 476,6
03 Жамбыл облысы 193,9 194,4 405,2 426,3 465,9
04 Жетісу облысы 190,9 180,3 338,8 355,3 386,5
05 Ақмола облысы 159,7 160,2 333,4 354,7 383,2
06 Қарағанды облысы 134,3 128,5 312,0 322,7 347,0
07 Қостанай облысы 135,6 133,5 306,4 318,9 340,6
08 Солтүстік Қазақстан облысы 141,5 141,8 306,2 316,6 336,2
09 Ақтөбе облысы 110,1 111,1 279,9 293,0 318,0
10 Шығыс Қазақстан облысы 217,4 217,0 233,3 245,3 270,1
11 Батыс Қазақстан облысы 75,3 75,9 211,0 251,3 266,8
12 Шымкент қаласы 138,3 142,6 191,5 207,5 251,2
13 Алматы облысы 185,7 183,6 203,5
14 Маңғыстау облысы 121,9 135,6 166,8
15 Павлодар облысы 54,9 52,3 121,6 132,3 146,6
16 Ұлытау облысы 49,7 51,8 59,1
ДОНОР АЙМАҚТАР
 (жергілікті бюджеттен республикалық бюджетке алынған
қаржы көлемі, млрд теңге)
01 Алматы қаласы 190,1 211,5 207,2 226,1 251,5
02 Атырау облысы 213,7 220,9 155,0 168,7 178,1
03 Астана қаласы 34,1 38,4 69,6 74,6 74,5
Дереккөз ҚР Қаржы министрлігі
Кесте Маржан Жамбай

 

АЛҒАНЫНАН БЕРГЕНІ КӨП ДОНОР АЙМАҚТАР

Қазақстанның жағдайында барлық донор аймақтарды табыс принциптеріне қарай үш топқа бөлуге болады. Бұл: 

  • қазба байлығы көп Атырау облысы;
  • экономикасы тұрақты, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі дамыған Алматы қаласы;
  • ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан Астана қаласы.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы Алматыдан ең көп ақша алынды. Оның көлемі 115,3 млрд теңгені құрады. Оңтүстік астана 2021 жылы республикалық бюджетке 190,1 млрд теңге құйды. Ал, биылғы жоспар бойынша ең ірі мегаполис «ортақ қазынаға» 211,5 млрд теңге салады. Дегенмен, бұл көрсеткіш бойынша Алматы 2020 жылы екінші орынға түсті. Былтыр да, биыл да солай. Өйткені, оңтүстік астананың алдына мұнай астанасы шықты. Атырау облысы 2022 жылы республикалық бюджетке 220,9 млрд теңге аударады. Бұл 2019 жылға қарағанда екі есе артық көрсеткіш. Оны мұнайдың көп өндірілуімен түсіндіруге болады. Бірақ, бұл көрсеткіш бойынша келесі жылы Алматы қаласы Атырау облысының алдына шығып, қайтадан көшбасшы атанады. Мегаполис республикалық бюджетке қоян жылы мұнайлы өлкеге қарағанда 52,2 млрд теңге артық құяды.

Жоғарыда жазғанымыздай, 2020 жылы Астана қаласы Маңғыстау облысын артқа тастап, донор аймақтардың алғашқы үштігіне енді. Әйтсе де, бұл астананың экономикалық көрсеткішінің өскенін білдірмейді, керісінше сол жылы Маңғыстау облысының табысы айтарлықтай кеміп кетті. Өйткені, елорданың республикалық бюджетке жылда аударып жүрген қаржы көлемінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. 2021 жылы ол көрсеткіш – 34,1 млрд теңге болса, бас қаладан 2022 жылы – 38,4 млрд теңге, 2023 жылы – 69,6 млрд теңге, 2024 жылы – 74,6 млрд теңге, 2025 жылы – 74,5 млрд теңге республикалық бюджетке алу көзделіп отыр. Ал, бұрынғы астана 2025 жылы «ортақ қазынаға» 251,5 млрд теңге құймақ.

Сөйтіп, былтыр донор аймақтар республикалық бюджетке 451,4 млрд теңге берді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы донор аймақтардан қаржыны алу көлемі 490,4 млрд теңгеге дейін жетеді.

Тәуелсіздіктің тал бесігі саналатын оңтүстік астана елдегі барлық салық түсімдерінің бесінші бөлігін береді. Демек, мемлекет шығындарын жабу үшін Үкімет мұнай өндірісінен басқа кірістерге де тәуелді. Егер салық түсімдерін тереңірек қарастыратын болсақ, онда Алматы қаласының барлық салық түсімдерінің жартысы сауда мен қызмет көрсетуден түседі. Яғни, елдің өзге облыстары үш донор аймаққа тәуелді болмауы үшін кәсіпкерлікті үйренулері керек. «Батыстағыдай (Атырау облысын меңзеп отырмыз) мұнай-газымыз жоқ» деу орынсыз. Себебі, донор аймақтар көбейсе ғана ел экономикасы еңсе тіктейді.

КІРІСІНЕН ШЫҒЫСЫ КӨП ӨҢІРЛЕР

Қаржылай көмек алатын аймақтар бір қарағанда тең. Келесі жылы дотация кейбір өңірлер үшін 100 пайызға дейін өседі. Әрине, бұл қуанарлық жағдай емес, себебі ешбір аймақ дотациядан донорлыққа өтпейді. Тіпті, бұл қатарға Маңғыстау облысы мен жаңадан құрылған үш облыс қосылады. Ал, елдің барлық облысы Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы сияқты өз-өзін «асырай» алса, тіпті пайдаға кенелетін болса, онда Қазақстан дамыған отыз елдің ауылына жақындай түсер еді. Бірақ, соңғы жылдардағы субвенция көлемін қарасақ, республикалық бюджет дегенде қалған өңірлердің құлқыны кеңіп, араны ашылып келе жатқанын байқауға болады. Үш жылда республикалық бюджеттен (Алматы, Астана қалалары мен Атырау облысынан басқа) өңірлерге 16 трлн теңге субвенция бөлінеді.

Мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы алатын аймақтардың көшін әдеттегідей Түркістан облысы бастап тұр. Болжам бойынша келесі жылы аталған облыс 976,7 млрд теңге субвенция алады. Биыл 2 млн халқы бар облысқа республикалық бюджеттен 402,3 млрд теңге бөлінді. Яғни, қоян жылы субвенция көлемі екі есе артады. Ал, республикалық маңызы бар үш қаланың бірі Шымкентке «ортақ қазынадан» биыл 142,6 млрд теңге, келесі жылы 191,5  млрд теңге тиесілі.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бөлінген субвенция көлемі қаржылай көмекті көп алатын Қызылорда, Жамбыл, Жетісу облыстарын қосқандағымен тең көрсеткіш. Бірақ, көмекті тұрғындар санына бөлетін болсақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы мемлекет үшін аса қымбат аймақ болмай қалады. Өйткені, бұл көрсеткіш бойынша бәрінен жоғары қаржылай көмекті Қызылорда (400,5 млрд теңге), Солтүстік Қазақстан (306,2 млрд теңге) облыстары алады.  Ал, ең аз субвенция алатын аймақтарға Ұлытау (49,7 млрд теңге) мен Павлодар (121,6 млрд теңге) облыстары жатады.

Ұлытау облысының дотациялық облыстан донор аймаққа өтіп, Маңғыстау облысының орнын басуға мүмкіндігі бар. Ол үшін жаңадан құрылған облыстың бойына қан жүгіре бастауы керек.

Биыл Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шыққан Абай облысына алдағы үш жылда қанша субвенция бөлінгені туралы ресми мәлімет жоқ. Дейтұрғанмен, дотациялық өңір болатыны күмән тудырмайды.

Бюджет заңының көрсетуінше, дотация алатын облыстар қаржымен өздерін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, 2019 жылы Түркістан облысындағы салық түсімдері бар болғаны 59 млрд теңгені құраса, облыс сол жылы «ортақ қазынаның» 402,3 млрд теңгесіне ортақтасқан. Яғни, республикалық бюджеттен өз тапқан табысынан 343,3 млрд теңгеге артық алған. Жамбыл облысының да көмекке зәрулігі сондай. 2019 жылы тапқаны – 56 млрд теңге, алғаны – 161,9 млрд теңге. Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары да салық түсімінен артық дотация алды. Қалған өңірлер салықпен салыстырғанда дотацияны азырақ иеленді. Бірақ, келесі жылға бөлінген субвенция көлеміне қарасақ, дотациялық өңірлердің шығыны екі есе артпақ.

Күні кеше Еуропалық Одақтың (ЕО) Ресей мұнайына жариялаған эмбаргосы мен қара алтын бағасына қойылған шектеуі күшіне енді. Сөйтіп, бұл энергетикалық шикізатты теңіз арқылы тасымалдау тоқтатылды. ЕО, G7 елдері және Аустралия қабылдаған шешім бойынша ресейлік көмірсутегінің баррелі 60 доллардан жоғары бағаға сатылмауы керек. Осындай Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығысқа байланысты мұнай-газдың бағасы мың құбылып тұр. Ал, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет мұнай бағасының барреліне 2023 жылы – 48,9 доллар, 2024 жылы – 42,2 доллар, 2025 жылы – 40,3 доллар деңгейінде болжанды. Яғни, мұнай бағасы бұдан төмендейтін болса, онда бюджет тапшылығы арта түседі. Бұл – бюджетке кері әсер ететін басты фактор.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекеттік бюджетті теңестіру әлем елдерінің көбінде бар. Сондықтан бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, реті де жоқ. Оның үстіне бұл тақырып қозғалғанда «Кім кімді «асырап» жүр?» дейтін сұраққа жауап іздеудің өзі артық. «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазақ үшін бұл таңсық болмауға тиісті. Тек айтпағымыз, бүгінгідей нарық уақытында Қазақстанның кез келген аймағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Дотацияға күні қарап отырған барлық өңір өздерінің әлеуетін ұтымды пайдаланғанда ғана Қазақстан озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын алады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here