15 желтоқсанда Ахмет Байтұрсынұлы туралы кітап оқырманға жол тартады

0
10122

Алматы қаласында 15 желтоқсан күні сағат 11.00-де Ұлттық кітапхананың Нәзира Дәулетова атындағы залында қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзшіжурналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, Халықаралық шығармашылық академиясының корреспондентмүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Ақылбек Қожаұлы Шаяхметпен кездесу өтеді. Кездесу барысында Ақылбек Шаяхметтің «Ұлт ұйтқысы Ахмет» деп аталған кітабының тұсаукесері болады. Келіңіздер!

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті төменде Ақылбек Қожаұлының әлi сиясы кеппеген өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отыр.

РЕДАКЦИЯ

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Қазақ қызы!
Білім алдың жоғары,
Ару едің, ұстаз болдың саналы.
Сүйікті жар, әже болдың ақылды,
Ел ішінде еңбегің де бағалы.

Төтеп бердің тағдырдың сан сынына,
Арқау болдың ақындардың жырына.
Қазақ қызы!
Қасиетіңнен айналдым,
Ана болдың қазақтың қыз, ұлына.

Қазақ қызы!
Ұйтқы болдың ұлтыма,
Тірек болдың дінім менен ғұрпыма.
Шетке кетсең, жақын қылдың алысты,
Қиналсаң да, шығармадың сыртыңа.

Өрісімді кеңейтетін кіл үлгің,
Арнасы едің шалқар дария – білімнің.
Бесік тербеп айтқан жырдың арқасы
Ана тіл деп аталғаны тілімнің.

Сен сөйлесең, жалғанатын үміттер,
Сен жымисаң жоғалатын күдіктер.
Сен жыласаң, жан-жүрегім егіліп,
Сен ән салсаң, таңдай қаққан жігіттер.

Орындалса көптен күткен арманым,
Шат күлкіге толып тұрса жан-жағым.
Қазақ қызы!
Ырыс-құты елімнің,
Сенің арқаң тәуелсіз ел болғаным.

* * *

Көнбістерді бастаса алға жегіштер,
Өмір жолын жан бола ма тегіс дер.
Шулы, дулы үлкен мекен болмаса,
Ауыл жаққа бұрылмайды рельстер.

Көлігіңмен тез өтпесең қатқақта,
Тас жолдар да тіреледі батпаққа.
Сапасыз жол жатқан болса ойылып,
Құмды жұтқан қомағай да жақсы ат па?!

Малын бағып күнін көрсе төскейде ел,
Жөндеу көрмей тозып жатса ескі үйлер.
Қазы-қарта асағаны аз болып,
Асфальтты да жеп қойыпты мешкейлер.

Азайғанда елден түсер салым бар,
Күре жолды жапқан кезде қалың қар.
Қар астында қалған мұздың өзін де
Көзі тоймай қылғытыпты обырлар.

Көрем десең не қылғанын жемірлер,
Шалғайдағы ауыл жаққа келіңдер.
Қайран, халқым!
Қор боларсың ездерге,
Еңіреген ер болмаса елім дер.

* * *

Жерімізді жайлап алған індетті,
Жоқ қылуға барлық адам міндетті.
Ісі шала басшылардан пайда жоқ,
Бұл шаруаға қарап жүрсе немкетті.

Қырсық та көп кесірлігін қоймаған,
Келешекті бағамдаған ой да алаң.
Аурудың алдын алмай қандай жан,
Кеш батқанда салады екен байбалам.

Қанша жұмыс тұрып қалды тұсалып,
Кісілер көп сөзі семіз, ісі арық.
Жаққан шам да сығырайып тұрғанда
Қараңғыда көрінбейді түсі анық.

Құлан-таза жазылмаса дертіміз,
Су шашсақ та басылмаса өртіміз.
Құран ұстап ант етсе де халыққа,
Орындала қояр ма екен сертіміз?!

Кеудемізде тұрмас мәңгі тозбай жан,
Қысты өткізбей келер дейсің жаз қайдан?
Ұмытпасын күн суытып кетерін
Жылы күнде болатындар мәз-майрам.

* * *

Қызыққа құмар, сөзі көп, сабыры қасыл,
Даңқынан көрі даңғаза дабыры басым,
Дандайсып жүрген шалағай жазармандардан
Үндемей тұрған қаламгер қадірі басым.

Тозығы жеткен тақтайды қайтесің сырлап,
Мәні жоқ жырдан пайда не отырсаң тыңдап?
Айқайлап жүрген әншіден тамағын керіп
Ақырын ғана әндеткен жан досым қымбат.

Бір күнің сәтті, болса да бір күнің қатты,
Жүргенде жаяу бұйырса мінерсің атты.
Сау болып денің, отырсаң үйіңде тыныш,
Қатықсыз ішкен қара су балдан да тәтті.

* * *

Өз жайымды өзім айтып жүрмін бе,
Өлеңімді оқығанда білдің бе?
Азайғанда ой бөлісер дос-жаран,
Өлең – жолдас, өлең – сырлас бұл күнде.

Арнап жүрсем сөздің барлық асылын,
Өлең – менің бала күннен ғашығым.
Жадыраған кезін көрсем, тасыдым,
Жабырқаған қалпын білсем, жасыдым.

Қынабынан суырылған өлеңім,
Жауға сілтер семсерім де дер едім.
Қанжарым да, қалқаным да өлеңім
Өзімді аман сақтарына сенемін.

Әрине, әркім біледі ғой өз жайын,
Шаттықта да, қайғыда да сөз дайын.
Сондықтан да ақ қағазға телміріп
Жыр жазамын, тауысамын көз майын.

СӨЙЛЕМ МҮШЕЛЕРІ

Кім болса да құрағанда сөйлемді,
Сөз табы мен мүшесінен үйренді.
Бастауышым тұрған кезде аялдап,
Баяндауыш жай-күйімді баяндап,
Толықтауыш толықтырды сөзімді,
Анықтауыш анықтығы сезілді.
Пысықтауыш қайда, қашан екенін,
Айтып жатты тіпті барар мекенін.
Әр мүшеден сүйтіп сөйлем құрадық,
Әрқайсының өз орны бар, бұл анық!

СӨЗ ТАПТАРЫ

«Кімсің?» – десең, айтсам сөздің төтесін,
Мен дегенім – өз есімім, зат есім.
Қасиетін танытқанда сын есім,
Жұрнақ қосып, саналы боп жүресің.
Жақсылығын, кемшілігін, пәлесін,
Жіпке тізіп берер санап сан есім.
Ойнап-күлдік, қимылдадық, шекістік,
Соның бәрін білдіретін етістік.
Анау, мынау деп те кейде көсілдік,
«Қайсы?» – десең, жауап берер есімдік.
Үйренгенде біздер сөйлем құрауды,
Пайдаланып жүрдік жиі шылауды.
Білгің келсе мезгіл, мекен түстеуді,
Ұмытпағын көмек берген үстеуді.
Кейде, бірақ, алды-артына қарамай,
«Әттеген-ай!» – деп жатады одағай.
Әр сөйлемді қиын шығар берік деу,
Арасында кездеседі еліктеу.
Ұмытпасам алуан түрлі сөз табын,
Ана тілді ардақтаған өз қамым.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here