Сын сағатта қазақты құрметтеп, Колбинге бағынбағандар

0
3670

Бастығың өзіңнен озып, сені сынауы үшін қыңырлықпен сөзге тартса, оның соңынан ілесе шаппағаның абзал. Бұл жағдайда көп ұзамай жеңілесің және масқара болып кейін шегінуіңе тура келеді. Ұстаған бағытың дұрыс болса да, енді саған сәттілік қайтып келмейді. Сенен қарсыласың айлалы болып шығады. Себебі, ол сен білмейтін ақпараттарға ертерек қол жеткізеді. Мұндайда тек арыңды сақтап қалғаннан өзге жол жоқ. Мұны текке айтып отырған жоқпыз. Геннадий Колбиннің Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануы қателік болғаны жөнінде КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачевке айтқандар да болды. Колбин сайланып алғаннан кейін барлық бюро мүшелері мен Орталық комитеттің бөлім меңгерушілерінің жеке іс-қағаздарын алдырып, онымен танысып шығады. Екі күннен кейін жаңа сайланған хатшы өз бөлмесіне Орталық комитет хатшылары мен бөлім меңгерушілерін жеке шақырып, оларды Дінмұхамед Қонаевқа қарсы айдап салып, алдағы өтетін пленумда оның қателіктерін баса айтуға итермелейді. Айтқанына көнбесе, бірге жұмыс істей алмайтынын ашып айтады. Көнгендері жұмыстарын жалғастыра беруге мүмкіндік алды. Олардың арасында хатшының айтқанына көнбегендер де болды. Енді солардың бірнешеуінің сөздеріне құлақ түріп көрейік.

«МҰНДАЙ СӘТТЕРДЕ АР-ҰЯТ ПЕН ЖҰМЫСТЫҢ
БІРЕУІН ҚҰРБАН ЕТУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ»

Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бұрынғы хатшысы, бюро мүшесі Александр Рыбников:

– Бәрі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін басталды. Колбиннің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінен соң оның Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың қатарында А.Г. Статенинді, М.И. Акуевті, Д.А. Қонаевтың өзін ауызға алуы оларды қаралауға жол ашып берді. Кейін бұл айып Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің Пленумында да айтылды.

Бұл лас іске Мәскеу қатты араласты. Тіпті, ол ерекше шектен шығып кетті. Арандату, адамдар арасында от жағу әрекеттері мақсатты жүргізілді. Біреулер бірінің үстінен кінәраттар іздеп, әуре-сәрсеңге түсті. Маған ауыл шаруашылығы саласына жауапты хатшы ретінде Колбиннің «Республикамыздың Отанымызға миллиардтаған пұт астық беруі шындыққа жанаспайды, ол көрсеткіштер қолдан жасалған, ондай астықтың тапсырылуы өтірік, бәрі қосып жазумен болған құр мақтан» дегені жүрегіме үлкен салмақ салды. Осының бәріне ол Д.А. Қонаевты кінәлады. Әрине, ол арсыздықпен айтылған жала болатын.

1986 жылы республикамыз мемлекеттік ресурсқа миллиард пұт астық тапсырды. Барлық жиналған астықтың әр келісі есепке алынып, сақтау қорына тапсырылған еді.

Осы жылы Мәскеудің нұсқауы бойынша республикамыздың астық өнімдері өнеркәсіп орындары РСФСР-ге – 312 258 мың тонна, Украинаға – 335 мың тонна, Белоруссияға – 305,2 мың тонна, Өзбекстанға – 3 337,8 мың тонна, Тәжікстанға – 913,9 мың тонна астық жөнелтті. Сондай-ақ, Молдова, Эстония, Латвия, Литва, Әзербайжан, Армения мен Грузияға да көп көлемде астық берілді. 122 мың тонна астық экспортқа шығарылды. Мұның өзі 10 миллион тоннадан жоғары еді. Демек, Одақтас республикаларда пісірілген әрбір бөлке нанның құрамында қазақстандық бидайдың болғандығын айта аламын.

Мұнан басқа 6 миллион тонна астық республикамыздың ішкі қажеттілігіне жұмсалды. Оның ішінде: 3 миллион тонна – халықтың ішіп-жеміне, 2 миллион тонна – жем қорына босатылды. Сондай-ақ, 600 мың тонна астық резервтік қорға, 800 мың тонна сақтандыру қорына тапсырылды. Сөйте тұра Колбин тырнақ астынан кір іздеп, тіміскілеу әрекеттерін жүргізе берді. Оған бір нәрседен ілік табу қажет болды. Алайда, ол қанша тер төксе де, ешнәрсе таба алмады.

Таңқалмауға да болмас, дегенмен, күні кеше республика басшысы болған Д.А. Қонаевтың алдында «тізесі бүгіліп» жүрген кейбір жекелеген облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары мен республикалық 8 ведомство жетекшілерінің осынау сәтте денесін тік ұстап, кешегі өздерінің басшыларының алдында дауыстарын көтеріп, ар-ұяттарын тәрк еткенін көріп, өзімді қайда қоярымды білмедім. Әрине, бұл іске Колбин өзі бас болып, Димаш Ахметұлының кешегі қызметтес достарын көптеп тартқанын да білемін.

Ол былай басталған еді. Бірде Колбин мені өзіне шақырып: «Біз Сіздің Қонаевтың жақын досы екеніңізді білеміз. Мен Сізден Қонаевтың ауыл шаруашылығына басшылық жасау стиліндегі жағымсыз іс-әрекеттері туралы Пленумда сөз сөйлеп, оны Орталық комитет басшыларына айтып беруіңізді сұраймын», – деді. Мен салған жерден өзімнің былай сөйлей алмайтынымды, ол кісі туралы өте жоғары пікірде екенімді айтып, кабинетінен шығып кеттім.

Колбинмен болған әңгімеден кейін араға 30 минут салып, маған Орталық комитеттің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Борис Демин келіп: «Маған Орталық комитетте Сізден басқа ақылдасатын адам қалмады. Әлгінде ғана Колбин мені өзіне шақырып алып, алдағы Пленумда Димаш Ахметұлының адресіне қарай сыни көзқараста сөйлеуім қажеттігін тапсырды. Не істеуім қажет?» – деп ақыл сұрады. Мұндайда не дерсің, мені де шақырып, осындай тапсырма бергенін, бірақ оған өзімнің қарсылық білдіргенімді айттым.

«Егер оның тапсырмасын орындамасам, мені жұмыстан қуып жібереді ғой», – деді Борис Демин көңілі аласұрап.

«Борис Андреевич, – дедім мен оған, – өзің біл, мұндай сәтте ар-ұят пен жұмыстың біреуін құрбан етуге тура келеді, өзіңнің қарсылығынды білдір».

Араға біршама уақыт салып, ол атқарып жүрген қызметінен босатылады.

1987 жылы 27 шілдеде Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің IX Пленумында мен де Орталық комитеттің хатшысы және Бюро мүшесі қызметінен босатылдым. Димаш Ахметұлы сатқындықты өте жек көретін, бірақ дәл сол қиын кезде сатқындар өздерін өздері әшкере етіп алды…

«МЕН ҮШІН ЖАНЖАЛДЫ ҚАНТӨГІССІЗ
ШЕШУ МАҢЫЗДЫ БОЛДЫ»

«Әскердің араласпайтын жері жоқ» деген пікір қалыптасқан. Бірақ, ол сырттан болатын жауға қарсы ғана бас көтереді. Ал, ішкі мәселе – полицияның міндеті.

Әлемнің бірде-бір елінде армия КСРО-дағыдай саяси катаклизмнің құрбаны болып, орынсыз айыптаулардың соққысында қалып көрмепті. Ең қиын деген кезеңнің өзінде бірде-бір Бас қолбасшы өз армиясын қоғам алдында тәрк етіп, беделін түсірмеген. КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев Жоғарғы Бас қолбасшы бола тұрып: «…1989 жылғы Тбилисидегі төңкерісте де, 1990 жылғы Бакудегі қанды оқиғада да, 1991 жылғы Вильнюстегі әскери іс-қимылда да армияның не істеп, не қойғанын бақылай алмай қалдым, олардың кімнің бұйрығын орындағандарын да білмеймін» – деуі өзіне сеніп тапсырылған аса маңызды стратегиялық құрылымға немқұрайлықпен қарағандығынан еді. Қолында ядролық қару тетігі бар шабадан иесі неге мұншалықты жауапсыз болды? Әрине, бұл жерде көздеген үлкен саяси ойындар болған сияқты.

Не керек, М. Горбачев 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде де оған көз жұмып қалды.

Желтоқсан көтерілісі кезінде Орта Азия әскери округінің қолбасшысы, армия генералы Владимир Лобов орталықтан 170 шақырым қашықтықта орналасқан әскери гарнизонда болады. Ол тұста әскери округ құрамына Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикаларында орналасқан әскери құрылымдар кіретін. Оқиға енді өріс ала бастағанда әскери округ қолбасшысы Орталық комитеттің бірінші хатшысы Г. Колбиннің өтініші бойынша Алматыға шақырылады. Әрине, округ қолбасшысы Бас қолбасшыға, яғни Мәскеуге ғана бағынатын. Екі аралықтағы 170 шақырымды сағатына 120 жылдамдықпен 1 сағат 20 минутта жүріп өткен қолбасшы қалаға келгенінде шаһар тас қараңғы құшағында екен. Бұрын Д. Қонаевтың кезінде өзі бірнеше рет болған бірінші хатшының бөлмесінде округ қолбасшысын орталықтан келген эмиссарлар бірден ортаға алып, қысым көрсетеді. Олардың біреуі салған жерден қолбасшыдан алаңдағы тәртіпсіздікті жаншып басу үшін әскерді тез арада көтеруді талап етеді. Бұл талапты Колбин де құптай түседі. Мәселені бұдан әрі ушықтырмауды түсінген генерал Лобов орын алған дағдарысты жағдайға әскерді араластырмауды жөн деп табады.

«Менің құзырымдағы әскер өз халқымен соғыспайды» деген генерал билікке қарсы шығады. Бұл генералдың алғашқы батылдығы еді. Өзінің екінші ерлігін ол Семей полигонында жүріп жасайды. Ол туралы кезінде Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған асыл азамат Кешірім Бозтаев өзінің «Семей полигоны» кітабында былай жазады:

«Семей облысынан сайланған КСРО халық депутаты, ол кезде Варшава шарты ұйымы біріккен Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, армия генералы В.Н. Лобов маған КСРО Президентінің Жарлығы бойынша Семей полигонындағы ядролық жарылысты жалғастыруға әрекет жасалып жатқанын құпия түрде хабарлады. Мен оқиғаның алдын алуға тағы бел байладым. «Мазасыздығым үшін сөкпеңіз. Әскери-өнеркәсіп кешені енді КСРО Президентінің Жарлығымен Семей полигонында ядролық жарылысты жалғастырмақ ниетте екені маған мәлім болды. Егер шынында солай болып шықса, оның ақыры неге апарып соғарын болжау мүмкін емес», – деп КСРО Президентіне тағы хат жаздым. М. Горбачев менің хатымды әскерилерге жіберіпті. В. Букатов: «Бозтаевқа бұл фактіні кім, қалай жеткізді?» – деп аласұрыпты. Осы тұста бір сұрақ иықтап тұрды: «Армия генералы В. Лобов облыстық партия комитетінің хатшысына Кремль құпиясын ашып берді, ал онысы өз ортасына жасаған опасыздығы емес пе?!». Жоқ, олай емес! Владимир Николаевич билік басындағы топтың озбырлығын екінші рет әшкереледі. Бұл жолы да генерал емес, азамат сөйледі».

Міне, біз үлгі тұтар азамат!

Колбин және отырғандардың бәрі жабылып, қолбасшыны өз айтқандарына көндіре алмасын біліп, отырған кабинеттен бірден Горбачевке телефон соғып, тұтқаны Лобовқа береді.

Бас хатшы М. Горбачевтің: «Сіздерде өзі не болып жатыр?» – деген сұрағына В. Лобов бірден: «Ауғанстан мен Қытай шекарасында жағдай бір қалыпты, сырттан күш көрсету жоқ, округ әскерлері кез келген жағдайға дайын тұр», – деп байыпты мәлімдеме жасайды. Округ қолбасшысы алаңға бір топ жастардың жиналғанын, алайда оған әскерилердің араласуға қажеттіліктің жоқтығын айта келіп, өзге ведомстволар тарапынан ешқандай іс-әрекет жасалмағанын айтуды да ұмытпайды. Әйтсе де, сақтық шаралары үшін қару-жарақ қоймалары мен техникалардың, әскери нысандар мен қалашықтардың қатаң бақылауға алынғанын баяндайды. М. Горбачевтің әскери округ қолбасшысының мәлімдемесінен соң: «Сізге сол жердегі оқиғаның бәрі белгілі, өзіңіз қадағалаңыз!» – деуге ғана ақылы жетеді.

Әрине, Бас қолбасшының әскери күш қолдануға бұйрық беруге құқығы бар болатын. Бірақ, ол қанқұйлы қолбасшы ретінде тарихта жаман атын қалдырғысы келмейді. Генерал В. Лобовтың ұстанған позициясына КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi төрағасының бірінші орынбасары, армия генералы Ф. Бобков қолдау білдіреді.

Орталық комитеттегі осы оқиғадан кейін генерал В. Лобов алаңға барып, шеруге қатысушылармен ашық пікірталасқа араласады. Қолбасшы пікірталас барысында шеруге шығушылардың талаптарынан республика басшылығына «сырттан келушіге» деген қарсылықтың күшті екенін, сондықтан бұл мәселеге аса байыппен бару қажеттігін түсінеді. Ал, алаңға тәртіп орнатуға шыққандар әскери қолбасшының бұйрығынан тыс бой көтергендер болып шығады. Осы оқиғадан кейін ішкі қыжылы бар Г. Колбин бар күшін салып, М. Горбачевтан генерал-полковник В. Лобовты Орта Азия әскери округінің қолбасшылығынан босатуды сұрайды. Бас қолбасшы генералдың жұмысынан ешқандай кінәрат таппайды. Сондықтан оны Мәскеуге шақырып, КСРО Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары қызметіне тағайындайды. В. Лобов осылайша ең қиын сәтте бейбіт халыққа қарсы әскер шығарудан бас тартады.

Армия генералы Владимир Лобовтың кейін атақ-абыройы асып, Бас штаб бастығына көтеріледі. Жалпы, Қазақстан, қазақ халқы туралы оң пікірде болады. Оның қазақтарды құрмет тұтуына Башқұртстанда өмірге келгені, сондағы мұсылман халықтарымен достық сыйластықта болғаны әсер етеді.

Бүгінде 87 жастағы Владимир Лобов – Қазақстан халқының арасында ғана емес, Ресей мен әлемнің әскери басшылары арасында да теңдесі жоқ тұлға.

Генерал өз әңгімесінде: «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жергілікті жастарды тыныштандыруыма тура келді. Олармен сөйлесуден тартынбадым. Осы тыңдаудан кейін Қазақстан партия ұйымының шешімін орындаудан бас тартып, бұл іске әскер араластыруға рұқсат бермедім. Менің сол кездегі шешімім коммунистік партияға бағынудан бас тарту және трибунал еді. Бірақ, оған Бас қолбасшы бұйрық беруден тайсалды. Республикада билік ауысқан кезде алаңда өз пікірлерін ашық айтқан жастар болды. Олардың ойынша, республиканы ұлты жағынан қазақ басқаруы тиіс. Содан кейін менің алдымда наразылық білдірушілермен мәселені бейбіт жолмен шешу міндеті тұрды. Әскери қақтығыстар мен төтенше жағдайлар орын алған өзге аймақтарда басшылар мәселені басқаша шешіп жатты. Бірақ, бұл жағдайда менің мойынсұнудан бас тартуыма байланысты ықтимал отставка туралы ойымда болмады. Мен үшін жанжалды қантөгіссіз шешу маңызды болды», – деген екен.

ӘЛИЕВ КОЛБИННІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА
ЖІБЕРІЛУІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ

Ақиқатты қадірлемеген қоғамның өмірі ұзаққа бармайды. Демек, ақиқатты айту парыз. Сол бір күндері бірқатар республикаларда, соның ішінде Қазақстанда да асығыс тағайындаулардың салдарынан кейбір жерлерде ұлттық қатынастар шиеленісіп кетті. Оларды байқаса да, кейбір бюро мүшелері үнсіз қалды. Сол үнсіздікті КОКП Саяси бюросының басшылығынан алғашқы болып КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Гейдар Әлиев бұзды. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Горбачевті асығыс шешім қабылдамауға көндіруге тырысты. Қазақстан басшылығынан зейнеткерлікке шыққан Қонаевтың орнына «импорттық» басшыны қоюға болмайтынын, оның орнына жергілікті тұлғаны ұсыну қажеттігін алға тартты. Алайда, Горбачев оған құлақ аспады. Қалыптасқан жағдай халықтың ашу-ызасын тудырып, ашулы халық алаңдарға, көшелерге шығып, соңы қанды қақтығысқа ұласты.

Кейінірек Әлиев ұлттық саясаттағы, атап айтқанда, Кавказдағы жанжалдарға қатысты Кремль басшылығын сынай бастады. Артынан Қарабақта соғыс оты тұтанды. Содан Саяси бюро өздеріне сын айтқан оны өз құрамдарынан шығарып тастады. Гейдар Әлиевтің Саяси бюродан шығарылуына оның оппоненті Егор Лигачевтің ықпалы зор болды. Саяси бюрода Колбин мәселесі шешіліп жатқанда, Бюро мүшелерінің бәрі үнсіз қалған. Кездесуден кейін Әлиев Горбачевқа барады. Бұл әңгімені көзі тірісінде Гейдар Әлиев былай еске алған еді:

«– Михаил Сергеевич, білесіз бе, мен ол жерде ешнәрсе айтқым келмеді, өйткені ол жерде сөз сөйлеуіме тиісті жағдай болмады. Бірақ, айтайын дегенім, мен адамдардың ұлттық психологиясын жақсы білемін. Сіз қателесіп отырсыз. Колбин – жақсы адам. Ол бар болғаны жақсы бірінші хатшы бола алады. Ол Ульяновск облысының бірінші хатшысы болған, әрине, алаяқтықпен айналысса да, жақсы жұмыс істегені көрінді. Мұны бәрі біледі. Айтайын дегенім, оны Ресейдегі ең үлкен партия ұйымына тағайындауға болады. Ол жұмыс істейді. Ал, Қазақстан үшін Колбин жарамайды. Сіз қателесіп жатқаныңызды біліңіз, – дедім. Горбачев осы сөзден кейін маған ызамен, ашумен қарап: «Жарайды, көрейік», – деді. Сондықтан мен өз міндетімді орындадым».

Міне, Гейдар Әлиев Саяси бюро «асханасында» орын алған жағдайдың бар ақиқатын осылай ашып айтқан. Кейін Гейдар Әлиев тағы бір ақиқаттың сырын ашты. Бірақ, біз оны зерттеп те көрген жоқпыз, сұраған да жоқпыз. Гейдар Әлиев Алматыға келген бір сапарында: «Мен Алматыда орын алған Желтоқсан көтерілісінің салдарын бір кісідей білетін адаммын. Бірақ, қазақ жолдастар, менен ол туралы бір рет сұраған жоқ», – деген болатын. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.

САЯСИ БЮРОДАҒЫ ТАРТЫС

Әр нәрсенің өз уақыты бар. Біреу оған шыдас береді, енді бірі күн ілгері жарылады. Сол бір күндері КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Орталық комитеттің хатшысы В.И. Воротников күнделік жүргізіпті. Оның да Бас хатшымен көзқарастары үнемі үйлесе бермеген. Сол күндері Саяси бюродағы пікір қайшылығы екіге жарылған. Оның шет-жағасын төмендегі естеліктерден оқимыз. Енді Виталий Воротниковтың күнделік беттерінен Қазақстан басшысына қатысты тұстарына назар салып көрейік:

«11 желтоқсан. 1986 жылы 11 желтоқсанда КОКП Орталық комитетінің Саяси бюросында Бас хатшы М.С. Горбачев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың мәлімдемесі бойынша хабарлама жасады. «Ол жасының ұлғаюына және денсаулық жағдайына байланысты өзін қызметтен босатуды сұрап отыр» дей келе, Михаил Сергеевич Д.А. Қонаевпен арада болған әңгіме туралы айтып берді. Ол (Қонаев) Н.Ә. Назарбаевқа теріс сипаттама беріп, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы етіп орыс ұлты өкілін сайлау қажет деп есептеді. Горбачевтің ұсынысы бойынша отставка қанағаттандырылып, Қазақстан КП ОК пленумына Г.В. Колбинді сайлау туралы ұсыныс енгізді.

17 желтоқсан. Маған М.С. Горбачев қоңырау шалды. Қазақстандағы пленум тыныш өткенін айтты. КП ОК бірінші хатшысы болып Г.В. Колбин сайланды. Жағдай қалыпты. Ол өзінің Саяси бюро мүшелеріне жіберген мақаласы туралы менің пікірімді сұрады, ол 19-ында жарияланады. Мен өзімнің ескертулерімді жібергенімді айттым: «Менің ойымша, жағымды сәттер қамтылған. Бұл дұрыс. Бұрынғы кемшіліктерді бағалауға тағы бір назар аудару қажет сияқты. Объективті тұрғыдан қарасақ, «жақсы нәрсені жақсы, жағымсыз нәрсені жаман» деп айту керек. Ал, өткенді жамандау – күнә. Ағымдағы істер туралы бөлімді аздап қысқартса болар еді». Ол үндемей тұрды да, «жарайды» дей салды. Сонымен қош айтыстық.

18 желтоқсан. Орталық комитеттің кезекті Саяси бюросы. Отырыс Орехова залында өтті. Горбачев 18 желтоқсанға қараған түні Алматыда орын алған оқиға туралы жергілікті жерден түскен ақпараттар бойынша мәлімет жасады.

– Алаңда сапырылысқан халық, олардың арасында жастар көп. Қазақстан КП ОК Пленумының Г.В. Колбинді сайлау туралы шешімімен келіспеушілер бар. Бұзақылық әрекеттер. Студент жастар тарапынан орыстарға қатысты таза ұлтшылдық көріністерінің арандату әрекеттері басым. Бұған қарсы жауап шаралары – тек алаңды қоршауға алу. Шерушілердің жалпы саны шамамен 2,5 мың адам. Қарсыласулар орын алған. Зардап шеккендер бар, олардың ішінде Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері де бар. Көліктер мен дүкендерді өртеу орын алған.

Түнде Алматыда 700 адамнан тұратын актив жиыны өткен, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындарда да осындай жиындар өткізілген. Олар халықты теріс көріністерге қарсы тұрып, жағдайды тұрақтандыруға шақырған. Республиканың басқа аймақтарында салыстырмалы түрде тыныштық сақталып отыр. Қазір қарсылық әрекетін кімнің басқарып отырғаны анықталуда, олар негізінен зиялы қауым арасынан, облыстық комитет, теледидар қызметкерлерінен, жоғары оқу орындарының оқытушылары арасынан іздестірілуде.

Қонаевтың өзі республикада бірінші хатшы лауазымына лайықты кандидат жоқ деп есептейді. Бірақ, тексерілмеген ақпараттар бойынша, «бастамашылар – оның айналасынан шығып отыр» деушілер бар. Димаш Ахметұлымен сөйлескенімде, ол бастама иесінің – Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Н.Ә. Назарбаев екеніне (Горбачев оған сенбейтінін білдірді) емеурін танытты, оған дәлел ретінде оның билікке ұмтылысымен түсіндіреді.

Бүгін, 18 желтоқсанда алаң қоршалды. Бірақ, шамамен бір жарым мың адам әлі де бар. Қаланың басқа аудандарында да шамамен 5 мың тобыр жиналған. Олар сенбі және жексенбі күндері жаппай шеруге шығу идеясын ұстануда. Саяси бюро мүшелерімен пікір алмасқаннан кейін мәжіліс залына кірдік. Горбачев мәселенің мәнін қысқаша сипаттап берді. Осыдан кейін сөзін жалғастырып: «Жанжалды оқшаулау қажет. Қатаң шараларды қолданбау аса маңызды. Бірақ, ІІМ-не (Власовқа) қосымша күштерді тартуды тапсыру керек. Қонаев көңілсіз, бастамасыз қалып отыр. Ең бастысы, теріс ұлтшылдық көріністерді қазақ халқымен теңестіріп, байланыстырмау керек. Баспасөзге нақты объективті ақпарат дайындау қажет», – деді. Осыдан соң Саяси бюро атынан Алматыға – Соломенцев, Власов және Лушевты жіберу туралы шешім қабылданды.

Кешке Горбачев селекторлық байланыс арқылы маған және Саяси бюроның басқа да мүшелеріне қоңырау шалды. Ол өз сөзінде: «Колбинмен сөйлестім. Жағдай жақсарған. Қонаевпен де әңгімелестім, оған жауапкершілік туралы ескерттім, оқиғаның барысына араласуды сұрадым. Менің ойымша, ол көмектеседі», – деді. Баспасөзге беру үшін хабарлама мәтінін оқып берді. Онымен келістім.

1987 жылы 25-26 маусымда КОКП Орталық комитетінің Пленумы өтіп, онда негізгі екі мәселе: «Қайта құру кезеңінде экономиканы басқарудағы партияның міндеттері» және «Бүкілодақтық ХІХ-шы партия конференциясын шақыру» туралы мәселе қаралды. Үшінші мәселе ретінде ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Горбачев Лигачевке сөз берді, ол өз кезегінде Саяси бюроның атынан Д.А. Қонаев туралы мәселені қарауды енгізді. Ол былай деді: «Қазақстанның бұрынғы басшылығының қызметінде партиялық қағидаларды бұзуға жол берілді. Протекционизм мен жерлестік өршіп, ол өз кезегінде парақорлыққа, көзалдаушылыққа апарып соқтырды. Облыстық комитеттің бірінші үш хатшысы және облыстық атқару комитеттерінің үш төрағасы, аудандық комитеттің 41 хатшысы және басқа да жауапты қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 1986 жылы желтоқсанда Алматыда ұлтшылдық көріністер негізінде тәртіпсіздіктер орын алды».

 Орталық комитеттің Саяси бюросының атынан Лигачев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы болған кезінде басшылықтағы елеулі кемшіліктері үшін Қонаевты Орталық комитеттің құрамынан шығару жөнінде ұсыныс енгізді.

Соңынан Қонаев сөз алып: «Мен Орталық комитеттің қабылдайтын шешімімен келісемін. Мен Орталық комитет пен Совминде 42 жыл жұмыс істедім. XIX съезден бастап, партияның барлық съездерінің делегаты болдым. Партия маған жауапты лауазымдарды жүктеді. Республикада идеологиялық қателіктер жіберілді, мен оны түзедім. Мен ұлтшыл да, шовинист те емеспін», – деді.

Одан әрі Қонаев 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда орын алған оқиғалар жөнінде өз түсініктемесін білдірді. Назарбаевты сынады. Ол өзінің атқарған жұмыстары туралы айта келіп, республиканы экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамытудағы, халықты интернационалдық рухта тәрбиелеу жолындағы атқарған жұмыстарын баяндап берді. Өз сөзін: «Міне, бұл нағыз арандатушылық. Асықпаңыздар, оны анықтап алыңыздар. Өйткені, онда билік үшін күрес болды. Оқиғаның түпкі төркіні – осында жатыр, тексеріңіздер», – деп аяқтады.

Бұдан кейін Молдабаев (қате берілген, негізі Меңдібаев болуы керек) – Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Комелетдинов (қате берілген, негізі – Камалиденов) – Қазақстан КП ОК хатшысы, Назарбаев – Министрлер кеңесінің төрағасы сөз сөйледі. Олар кадр саясатындағы өрескел заң бұзушылықтар мен ру-тайпалық тәжірибедегі көсемдік туралы жіберілген қателіктер жөнінде айтты. Парақорлық фактілері туралы да айтылды. Қол жеткен жетістіктер мен мадақтау туралы да әңгіме болды.

Соңғы сөзді Горбачев қорытты: «Д.А. Қонаевтың жұмысы туралы мәселе XXVII съезге дейін көтерілген болатын. Бұл туралы онымен әңгіме де болды. Съезден кейін Қонаевты босату  шешіміне келгенбіз. Алайда, Орталық комитет мүшелерінен оны босатуды талап еткен хаттар түсе бастады. Осыдан соң ол жылдың соңында өзінің кететінін білдірді. Біз осылай жасау шешіміне келдік. Ол үстінен не жазылса да, қандай сұрақ көтерілсе де бәрін жоққа шығарды. Осыдан соң оқиғаның қалай өрбігенін өздеріңіз білесіздер». Дауысқа салынды. Д.А. Қонаев Орталық комитет құрамынан шығарылды».

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұлы адамдардың қателіктерін аспан шырақтарының тұтылуы сияқты бәрі байқайды. Өз қателіктеріңді досыңа да ашпа және мүмкін болса оларды өзің де білмеуге тырысқаның абзал. Мұндайда көбірек ұмыту сияқты күнделікті тұрмыс ережесі де жарайды. Бұл жерде осы тәртіп бұзылған. Әдетте, сақ адам өзінің көрген жәбірлері мен жіберген кемшіліктерін айтпайды, бірақ достарын сақтап, жауларын тежеп отыру үшін құлаққа жағымды сөздерді айтуды ұмытпайды. Бұл жолы кім жаңылды – оны енді өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here