Махаббат тәжін киген жазушының сыры

0
2967
Әзілхан Нұршайықов тоғыз жыл ғашық болып, елу төрт жыл отбасылық ғұмыр сүрген Халимасына арнап «Мәңгілік махаббат жыры», «Халима» атты мұңды да сыршыл хикаяттарын жазды

Шынайы махаббаттың шыңына шыққан, сезімінің серігіне 9 жыл ғашық болып, 54 жыл тату-тәтті ғұмыр кешкен, қосағы жалған дүниеден  қайтқанда жоқтап 500-ден  астам жол өлең арнаған Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әзілхан Нұршайықовпен (1922-2011) көзінің тірісінде алынған осынау сұхбатымызды қаламгердің жүз жылдығына  орай  қайыра  беруді  жөн  көрдік. Сұхбат қаламгердің соғыстағы ерен еңбегі, кәрінің де, жастың да басына жастанып оқыған, әлі де оқи беретін «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасы төңірегінде өрбіген еді.

Қаламгердің 100 жылдығына орай «Фолиант» баспасы «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жаңа форматта жарыққа шығарды

«РОМАНДЫ ЖАЗУҒА ҒАФАҢ СЕБЕПКЕР БОЛДЫ»

– Әзілхан ата, «Махаббат, қызық мол жылдардың» кей құпияларын бүгін ашуға келісер ме едіңіз?

– Келіспей қайда барайын?! Әрине, келісемін… 

– Кітапты жазуыңызға нендей себептер түрткі болды?

– 1945 жылы Ұлы Отан соғысынан елге оралдым. Төрт жыл майданда болып, зеңбірек командирі қызметін атқардым. 786 күн жауға қарсы алдыңғы шепте жүргенімде, менің зеңбірегімнен 9 тонна оқ фашистердің басына құйылыпты.

Әр қаланы азат етуде қаншама достарымыз оққа ұшты. Біз Алматыда жасақталған, қазақ жастарынан құралған 100-ші атқыштар бригадасының жауынгерлері едік. Бригадамыз кілең 17-18 жастағы бозбалалардан құралған. Бригадада 5 мың адам болса, соның арасында жалғыз қыз Мәншүк Мәметова еді. Осы 5 мыңнан 500-дей ғанамыз соғыстан елге тірі қайтыппыз. Олардың біразы жарымжан болып оралды.

Елге қайтып келе жатып, эшалоннан Алматыдан түсіп қалдым. Түсіп қалған себебім, туып-өскен жерім Семей облысының Жарма ауданы еді. Әкем Нұршайық та, әкемнің інісі Нихап та, үшеуміз майданға бірге алынған едік. Әкем 1943 жылы Украинада, ағайым да сол жылы Ленинград қоршауында оққа ұшқан. Соғыста жүргенімізде ауылда қалған шешем де қайтыс болыпты. Содан ойлана келіп «ауылға кімге барам, одан да оқуымды жалғастырайын» деген шешімге келгенмін. Соғысқа Семей педагогикалық институтының 1-курсын бітіріп кеткенмін. Алматыда қалған бойда КазГУ-дің тарих-филология факультетіне құжат тапсырып, 2-курсқа қабылдандым.

Екінші курстағылар отырған аудиторияға кірсем, онда кілең қыздар. Бәрі де екі-екіден жұптасып отыр. Аудиторияның ең соңғы партасына жайғасып, қыздардың бәрімен жөн сұрасып, таныстым. Сабақ аяқталар тұста Нұрғамила есімді қыз: «Конспекті жаздыңыз ба?» – деп дәптеріме үңілді. Соғыста 6-8 келі салмақтағы зеңбіректің снарядтарын көтеріп жүрген қолым кішкентай қаламмен жазуға үйрене алмай, конспектіні жазып үлгере алмағанмын. «Ой, ағай жазбапсыз ғой! Ендеше жүріңіз, менің қасыма отырып, көшіріңіз», – деді әлгі қыз. Нұрғамила қасындағы қызды менің орныма ауыстырып, мені өзінің қасына ертіп келді. Әр студент жазатын сиясын өзі алып келеді екен. Нұрғамила да кішкентай құтыдағы сиясын көрсетіп: «Менің сияммен жазыңыз», – деді. Жаза беремін дегенде сиясауыттың ернеуіне қаламымның ұшы тиіп, құтыдағы сия Нұрғамиланың аппақ кофтасына төгіліп кетті. Қамқоршы қыздан қатты ұялдым. Мұны байқаған ол: «Аға, ұялмаңыз, түк етпейді», – деді.

Оқудың басталып кеткеніне екі ай болғандықтан біраз конспектіден де қалып қойғанмын. Содан ол мен қатыспаған сабақтардың конспектісін түгел көшіріп берді. Өзінің туған ағасы майданда қаза болғандықтан ол мені ағасындай көріп, қамқорлық жасап жүріпті.

Өңдері жүдеу, жамау-жасқаулы киімдері көріксіздеу болып киінсе де, бұл қыздардың бәрінің де жандары таза болатын. Бір-біріне деген қамқорлықтары, сыйластықтары өз алдына үлкен әңгіме.

Соғыстан кейінгі жылдары «карточный системамен» әр адамға 500 граммнан нан беретін. 500 грамм нан бір адамның жұмырына қайдан жұқ болсын. Оған қосымша азық керек. Басқа балалардың үйінен көмек келіп тұрады. Менің үміт күтетін ешкімім жоқ. Сабақтан тыс уақыттарда әр жерде қара жұмыс істеп, өз азығымды тауып күнелтіп жүрдім. Темір жолдың бойына барып көмір, сексеуіл түсіремін. Қала тұрғындарына көмір мен сексеуілді талонмен беретін. Солардың алған көмірін арбаға тиесіп, үйіне жеткізіп, болмаса ағашын жарып беріп, берген ас-суын ішіп те жан бақтым. Қара жұмыс қатты қалжыратып, оқуымды қоя тұрып, дұрысырақ жұмыс іздестіруді көздеп, қыздармен ақылдаспаққа бел будым. «Қыздар менің оқи алатын түрім жоқ. Жағдайым келмейді. Тұрмысым ауыр. Оқуымды тастап, мектепке жұмысқа орналасайын. Сендер қалай ойлайсыңдар?» – дедім. «Жоқ, ағай, оқудан кетпеңіз! Сіз қалайда оқуды аяқтауыңыз керек. Біз сізге көмектесеміз», – деді қыздар шу етіп. Мұны Майра мен Нұрғамила бірінші айтты. «Қалай көмектесесіңдер?» – деп таңырқадым. «Біздің әр қайсымыздың бөлмемізге кезектесіп келіп, тойып тамақ ішесіз. Осылай күн көресіз», – деді. Алғашында қысылып жүрдім. Ұялсаң да тамақтану керек. Содан қыздардың бөлмелеріне барып, әр күні тамақ ішіп, тойып қайтып жүрдім. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» дегендей. Бұған қоса жейтін 500 грамм наным бар. Қыздардың көмегімен осылай университетті бітіріп шықтым. Егер қыздар көмектеспесе, мен университетті бітірмей кетіп қалып, мектепте мұғалім болып қана қалатын едім.

Университеттен соң аспирантураға жіберді. Аспирантураның айына берілетін 600 сом стипендиясы бар екен. Мұнымен қоса «Қазақстан пионері» газетінің «Пионер және мектеп» бөліміне меңгеруші болып қызметке орналастым. Жалақы алатын болдым. Осылайша, жағдайым түзеліп, ел қатарына қосылып кеттім.

Мені осындай дәрежеге жеткізген курстас қыздарым. Елдерінен келген азын-аулақ ас-ауқатын ауыздарынан жырып, мені де аш қалдырмай, осы оқуды бітіруіме көмектесті емес пе?! «Қыздардың қарызын қайтсем өтеймін» деп, біраз жылдар ойланып жүрдім. Олардың алдындағы қарызымды өтеу мақсатында «Махаббат, қызық мол жылдар» атты роман дүниеге келді. Бұл романның кейіпкерлері өзіммен бірге оқыған Қазақ мемлекеттік университетінің қыздары болатын.

– Дегенмен, мәйегі бар шығарманы жазуға бір жайт себепші болған шығар?

– Бір күні Әйтім Абдрахманов деген тілші-ғалым Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов есімді ғалымдармен бірге мені де үйіне қонаққа шақырды. Ғафу Қайырбековті де арнайы шақырыпты. Қара сөздің майын ішкендер дастарқан басында жәй отырмайтыны белгілі. Бір-бірімен қалжыңдасатыны сөзсіз. Мырзабек «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Жомартбек қой. Осы досым қарап отырмай: «Әзілхан, сен «Қызыл көрпеңді» айтшы», – деді. Ойымда дәнеме жоқ мен «Қызыл көрпенің» жазылу тарихымен қоса өлеңін де оқып бердім. Өлеңді оқып бола бергенім сол, Ғафу ақын орнынан ұшып тұрып: «Әй, Әзаға, мынаны жаздыңыз ба?» – деп маған қарады. «Жоқ». «Жазасыз ба?». «Жазсам деп ойлап жүрмін». «Ендеше, жазыңыз. Мұндай оқиғаны текке қалдыруға болмайды. Егер жазбасаңыз, мен поэма жазамын», – деді. «Өзім жазайын». «Қанша уақытта жазасыз? Өзім жазсам үш күнде поэма етіп шығарамын. Сіздер прозаиксіздер, ұзақ отырасыздар ғой. Жарайды, бір ай уақыт беремін», – деді. Екеуміз келісіп, қол алыстық. Отырғандар куә болды. Өзім сол тұста Қазақ совет энциклопедиясында істейтінмін. Мекемеміздің басшысы академик Мұхамеджан Қаратаев ағамызға кіріп, өтінішімді жеткізіп, бір айға демалыс сұрадым. Бұл 1969 жылдың орта тұсы еді. Бас-аяғы екі айда романды жазып шықтым.

2021 жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан әйгілі романның желісі бойынша түсірілген 20 бөлімнен тұратын «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы көрерменге жол тартты

«ҚЫЗ ЖІБЕК СИЯҚТЫ ҚЫЗҒА ҒАШЫҚ БОЛҒЫМ КЕЛДІ»

 – Шығармаға өзге қыздарды емес Нұрғамила апаны бас кейіпкер етіп алуыңыздың өзіндік құпиясы болғаны ғой

– Нұрғамила курсымыздың ең ақылды, ең тәрбиелі қызы болды. Екеуміз ағалы-қарындастай достасып жүрдік. Нұрғамиладан бұрын мен екі қызға ғашық болғанмын. Бірінші ғашығым – әйелімнің қыз күнгі қимас құрбысы Орынкеш. Екіншісі – Халима. Үшіншісі – осы Меңтай деген атпен әдеби кейіпкеріме айналған қыз. Нұрғамила кішкене күнінде ешкінің асығы сияқты кішкентай болса керек, анасы «Мәнтай» деп атап кетіпті. Біздер де Мәнтай деуші едік. Шығармада «Меңтай» боп айтылады.

Алғашқы қызыма 14 жасымда ғашық болыппын. Біздің ауылда 1936 жылы орталау мектеп ашылды. Осы мектепке көршілес ауылдардың балалары қатынап оқитын. Ауылымызға таяу 20 шақырымдай жерде 4 сыныптық деткоммуна болды. Деткоммуна – аштық жылдарында әке-шешесі өліп, жетім қалған балаларды тәрбиелейтін мемлекеттің қарауындағы арнаулы орын. Олар да ауылымыздағы орталау мектепке келіп оқи бастады.

Ауылда өтетін той-жиындарда үлкендер жағы қисса-дастандарды керемет нақышына келтіріп айтатын. Соның ішінде «Қыз Жібек» қиссасы жадымда жатталып қалыпты.

Қыз Жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы,
Ақ тауықтың қанындай.
Оймақ ауыз, күлім көз
Іздеген ерге табылды-ай, – деп шумақтың соңын қиссашылар әуелетіп жіберетін. Сонда мен: «Е, ғашық болған соң Қыз Жібек сияқты аппақ қызға ғашық болу керек екен», – деп қоямын. Баламын ғой. Ғашық болайын деп жан-жағыма қарасам, ауылымда ақ қыз жоқ. Бәрінің реңдері қара. «Қой, бұларға ғашық болмаймын», – деп жүргенімде деткоммунадан келген қыздардың арасында аршыған жұмыртқадай аппақ қыз жүр. «Мен енді осы қызға ғашық боламын», – дедім іштей бекініп.

Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесі болатын. Сол өнерпаздардың арасында «суфлерлік қызмет» атқарамын. Бала күнімнен қағілез едім. Жүйріктігім өз алдына, оқуды да судырата оқимын. Мұғалімдер «жылдам оқисың» деп мектепте өтетін кештерде сахнаның қасына суфлер етіп отырғызып қоятын. Міне, сондай сәттерде сырттай ғашық аппақ қызым Орынкешпен қатарласа жүремін. Бірде Орынкешке: «Орынкеш, мен сені жақсы көремін. Үлкейгеннен соң екеуміз қосылайықшы. Жарай ма?» – деп хат жазып, кітабының арасына білдірмей салып жібердім. Ертеңіне ол біздің үйге қарай келе жатыр. Деткоммунаның жатақханасы біздің үйге қарама-қарсы орналасқан. Оның қасына жүгіріп келдім. Әлгі қыз ақырын жымиды да, қолыма бір жапырақ қағазды ұстата қойып, кете барды. Қағаз емес ыстық зат ұстап, қолым күйіп бара жатқандай халде үйдің сыртына барып, оқып қарасам хатта «жарайды» деген бір-ақ ауыз сөз жазылыпты. Бір ауыз сөзге сонда «Қыз Жібек сияқты аппақ қыз менің жарым болатын болды» деп секіріп қуанғаным-ай…

Мен 7-сыныпты, Орынкеш 6-сыныпты аяқтадық. «Мұғалім боламын» деген арманның жетегімен 7-сыныпты аяқтағаным жөніндегі құжаттарымды Семейдің педучилищесіне жіберейін деп жүргенімде, қолыма жазушы Ғабдол Слановтың «Арман ағысы» кітабы түсті. Кітапта кен инженері деген мамандық туралы қызықты оқиғаларды келтіріпті. Балалық қиялға жеңдіріп: «Жоқ, мен мұғалім болмаймын, инженер-геолог боламын», – деп шештім. Содан Алматыдағы Тау-кен институтының рабфакультетіне оқуға, Орынкеш Семейдегі мектеп-интернатқа оқуын жалғастыруға кетті.   

Екеуміз хат жазысып тұрдық. Суретімен қоса сүйіспеншіліктің белгісі деп орамал жіберетін. Өзім де арнайы суретке түсіп, хатпен бірге жөнелтетінмін. Бір жылдан соң Орынкештен хат келу сап тыйылды. Бұл 1939 жылдың басы еді. Қайта-қайта өлеңдетіп хат жазам, жауап жоқ. Ешқандай хабар ала алмаған соң «Семейдің педучилищесіне барып оқиын әрі қызымның қасында болайын» деп, «рабфактың 1-курсын бітірді» деген анықтама қағазымды алып, Семейдегі Абай атындағы педагогикалық училищесінің 2-курсына қабылдандым. Қыркүйек айында оқу басталды. 5 қыркүйек күні қызымды іздеп, ол оқитын мектептің жатақханасына барсам, есіктің алдында отыратын кемпір: «Бұл араға келуге болмайды, аулақ кет», – деп ішке кіргізбейді. Не істерімді білмей тұрғанымда мектеп жақтан шашы қиылған, аяғына детдомский бәтіңке киген бір аппақ қыз келіп қалды. Интернаттың киімін киген қызды тоқтатып, Орынкешті сұрадым. Ол Орынкешпен бірге оқитынын, бір бөлмеде тұратынын айтқанда «Орынкешті шақырып жіберші» деп өтіндім. Дереу шақыратынын айтты. Шақырушы қыздан да жауап жоқ. «Не боп қалды екен?» деп дегбірсізденіп мен тұрмын. Әлден уақыт өткенде аппақ қыздың өзі ғана шығып келеді. Тымпыңдаған аяғына тас байлап алғандай ілбіп басып, әрең қасыма келді де басын төмен салып, үндемей тұрып қалды. «Орынкеш келе ме?» десем: «Жоқ. Енді келмесін, маған көрінбесін деді» деген сөзін әрең үзіп-үзіп айтты. «Сол үшін Алматыдағы оқуымды тастап келгенде көрінбесін дегені несі?» деп жабырқадым. Жылап тұрып қасымдағы қызға қарасам, ол да жылап тұр. «Сен неге жылайсың?» десем: «Саған жаным ашып кетті» дейді. «Саған жаным ашып кетті» деген сөзі жүрегімді дір-р еткізді. «Мынау нағыз тазалықтың, адамгершіліктің белгісі ғой» деген ой келді.

Міне, сол қызбен Семейдің облыстық кітапханасында жиі ұшырасып қап жүрдік. Әр кездескен сайын Орынкешті сұраймын. Ара-тұра Орынкешке арнаған өлеңдерімді беріп жіберемін. Ертеңіне «жауап жазды ма?» деймін. «Жоқ» дейді ол. Үш жылдың ішінде Орынкешке 100 хат жазыппын.

Осылайша, ортамыздағы хат тасушы, дәнекер, өте адал қызбен достасып кеттім. Ата-анасы 32-ші жылғы аштықта өлген екен. Отбасындағы 7 баладан жалғыз өзі ғана аман қалғандығын және басынан кешкен азапты күндерін әңгімелегенде менің де жүрегім қосыла жылап: «Орынкеш жақсы көрген қызым болса да, «хат жазба» депті. Енді мен сені жақсы көрем. Екеуміз өскеннен кейін қосылайық. Жарай ма?» – деген ұсынысыма: «Біраз ойланайын» деді. Арада біраз уақыт өткенде ол: «Сенің көңілің адал, мен сені жақсы көрем. Бірақ, қоятын шартым бар. Орынкеш саған тұрмысқа шықпай, өзгеге шығып кетсе ғана қосылам. Егер Орынкеш сені сүйетін болса, онда араларыңа кедергі болмаймын. Екінші шартым – оқуымызды бітірейік, институтты аяқтайық. Тағы бір шартым – сүйіспейміз, сүйкеніспейміз, ешкімге берілмейміз, ешкімге бермейміз, ешкімнен ештеңе алмаймыз», – деді. Біз осылай уәделестік.

Соғыс басталып кетті. 10-сыныпты аяқтағанда Халима өзі сұранып әскерге алынды. Әскерде Халима радист болады. Жастайынан науқас еді. Мектепте жүргенде берген пимасын, бәтіңкесін ұрлатып алып, қақаған қысты күндері сабақтан қалып қоймаймын деп, жалаң аяғымен мектепке жүгіріп баратын болса керек. Табанынан өткен сыздан, суықтан өкпесін суық алады. Майданда осы ауруы асқынып, «әскерге денсаулығы мүлдем жарамсыз» деген комиссияның шешімі шығады. Сөйтіп, Аягөздегі аталас туыстарының үйіне оралады. Мұнда аудандық КГБ-ға қызметке тұрады. «Әскерге жарамсыз» билетін жыртып тастап, аудандық комиссариатқа «мені әскерге алыңдар» деген арыздануын тоқтатпайды. Қайта-қайта өтініш бергеннен соң бір күні Халимаға: «Москвада НКВД-ның оқуы бар, барасың ба?» дейді комиссариаттағылар. Онда Кеңес Одағына қарайтын ұлттардың әр қайсысынан бір-бір қыз әскери цензурада қызмет істейді екен. Олардың негізгі міндеті – сол тілдерде жазылған хаттарды оқиды. Мәселен, әкелерінен майданға, майданнан ауылына жазған хаттарды оқып, тексеріп отыратын көрінеді. Қазақ тілді маман қыз керек болып, тап сол арада Халима сол қызметке шақырылады. Соғыс аяқталғанша Халима осы қызметін мінсіз атқарады. Соғыс аяқталған бойда оның ескі ауруы қайта қозып, госпитальге түсті. «Әзілхан, мені мұнда емдеп жатыр. Кролик тәрізді мені ана институтқа бір, мына институтқа бір апарады. Жаза алатын түрлері байқалмайды. Менің өліп те қалуым мүмкін. Егер өліп кетсем, сен менің жүрегімде кетесің. Тірі жүрсем өмір бойына тілекші боп жүремін. Сен көп бейнет көрдің, соғыстан қайттың, әке-шешеңнен айырылдың. Сондықтан сен үйленіп, ұрпақ жалғастыруың керек. Қазақта жақсы қыздар көп, сол көп қыздардың біріне үйлен» деп хат жолдапты. Бұл хатты Мырзабек досыма оқып бердім. «Мынау ақылды қыз екен. Ауру қыздан не пайда табасың? Қыз Жібекті іздеген Төлеген секілді екеуміз қыз іздейік. Осы Нұрғамиланы сырттай өзім иемденіп жүруші едім. Бірақ, әлі сөз айтқан жоқпын. Сен осы қызға сөз айт», – деді.

Содан Мырзабек екеуміз осы ойымызды айтуға жатақханаға барсақ, қасындағы қыздары орындарынан тұрып кетіп, бөлмеде Нұрғамила ғана қаперсіз ұйқыда жатыр екен. Көрпесі кеудесінен түсіп кетіпті. Денесі аппақ қардай. Мырзабек «оятайын ба?» деді. «Оятпа» дедім қысылып. Екеуміз аяғымыздың ұшымен басып сыртқа шығып кеттік. Қыз оянғанша жатақхананың алдындағы орындыққа шығып отырдық. Сол жерде отырып «Қызыл көрпе» өлеңін шығардым.

– Ақ етіне қызыл көрпе басылып,
Көкірегі жатыр екен ашылып… – деген жолдармен «Қызыл көрпе» өлеңіңіз осы сәтте шабыттан туған екен-ау! Сонымен, батылданып қызға сөз салдыңыз…

– Екеуміз қайта ішке кірсек, Нұрғамила ұйқысынан оянған. Төсегі ұқыпталып жиылған. Бізге шәй дайындады. Сол аралықта Мырзабек кітабының арасына менің өлеңімді сала қойды. «Жауабын кейін естірміз» деп қайтып кеттік. Ертеңіне сабаққа келгенде Нұрғамила: «Ағай, сіз керемет ақын екенсіз!» – деді. «Ақын болса, ағаңның сөзін тыңда. Мінеки, сүйген қызы Халиманың хаты, ол рұқсат берді. Енді сен ағаңмен қосылуың керек», – деп Мырзабек әңгімені төтесінен қойды. Нұрғамила қып-қызыл боп кетті. «Ағайды жақсы көрем, сыйлаймын. Бірақ, мен біреуге уәде беріп қойғам. «Уәде бұзған оңбайды» деуші еді», – деп біздерге жәутеңдеді. «Уәдеңді бұзба», – дедім мен.

Содан тарих факультетінде оқитын Ботакөзге (шын аты Үміт болатын) арнап өлең жаздым. Ол қыз мені: «Бойы аласа, тапал екен. Мен тапал адамның қасында жүруге ұяламын. Өзімнің сұңғақ бойлы жігітім бар. Менен дәметпесін», – деген жауап айтыпты. Екі қыздан да үміт болмағандықтан Халимаға өзін ғана күтетінімді айтып хат жаздым. Халима екі жыл Москвада емделіп, құлан таза жазылып келді. Уәдемізді орындап, үйленейік десем: «Алдымен Орынкештен рұқсат алайын», – деп Орынкешке хат жазды. Ол әскерде жүргенде күйеуге шығыпты. Рұқсатын беріпті.

«ҚИМАСАМ ДА МЕҢТАЙДЫ «ӨЛТІРІП» ТАСТАУЫМА ТУРА КЕЛДІ»

– Меңтай-Нұрғамила апамен сырласқанымда: «Меңтайды «өлтіріп» қойғанын жүрегіме жақын қабылдап, жаман болғаным бар», – деп еді. (Нұрғамила апаның 75 жылдық мерейтойында үйінде, қасында екі күн қонып, сұхбаттасып, осы кітап туралы біраз сыр ақтарысқан едік, – Қ.Ә.). Трагедиямен аяқтаудың себебі неде?

– Алғаш ғашық болған қызым неге мені тастап кетті? Мұның себебін 23 жылдан соң білдім. «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысының меншікті тілшісі болып жүргенімде мені Алматыға Орталық партия комитеті шақырды. Мұндағылар «Қазақстан» қонақ үйіне барып түсесің, орның дайын», – деді. Самолеттен түнде түстім. Қонақ үйдің екінші қабатындағы кезекшіге келдім. Кезекшілікте етжеңділеу келген, реңі аппақ қазақ әйелі отыр. Өңі таныс сияқты. Қайдан көргенімді есіме түсіре алмадым. «Мен сіздің қонағыңызбын, мені қабылдайсыз ба?» – дедім кезекші әйелге. «Қабылдайтын қағазыңыз болса, қабылдаймыз», – деді ол. Қағазыма көз жүгіртті де бетіме бақшия қарады. Алдындағы қағаздарын толтырып, «паспортыңызды көрсетіңіз», – деді. Паспортымды көрсеттім. «Сізге арналған люкс бөлме осы», – деп бөлмені көрсетіп, өзі кілтпен ашып берді.

Таңертеңгі сағат 9-да ЦК-да болуым керек. Оған дейін тамақтанып алайын деп, қонақ үйдің буфетіне кірдім. Ертеңгілік шәй ішіп отырсам, түнде құжаттарымды сұраған әйел анадай жерде маған тесіле қарап отыр. «Бұл неге қарайды» деп қоямын. Бір уақытта кетіп қалды. Бөлмеме келіп, қағаздарымды реттестіріп, бөлменің кілтін тапсырайын деп кезекші әйелге кілтті берсем: «Әй, Әзіл, мені танымадың ғой», – дегені. «Әзіл» деп мені тек бала күнгі достарым немесе ауылдың адамдары ғана атайтын. «Сіз кімсіз?» десем: «Орынкешпін ғой», – дейді. «Ойбай-ау, сені өліп қалды деп еді ғой. Біз Халима екеуміз сені іздеп үйіңе бардық. «Оны іздеп әуре болмаңдар» деп апаң айтты ғой», – десем: «Жоқ, мен тірімін. Міне, алдыңда тұрмын ғой», – деді.

ЦК-ның бұйрығымен «Социалистік Қазақстан» газетіне редактордың орынбасары етіп бекітті. Сонда 5-10 күндей қонақ үйде тұрдым. Сол аралықта Орынкешпен әңгіме арасында: «Сен мені неге менсінбей кеттің?» – деп маған жауап бермей қоюының себебін 23 жылдан соң сұрадым. «Мен сені менсінбей кеткенім жоқ. Мені бір мұғалім алдап, пәктігімнен айырды. Сенің адалдығыңды, жан дүниеңнің тазалығын жақсы көруші едім. Сенің сол қасиеттеріңе лайық бола алмадым. «Маған келмесін, көрмесін, жолықпасын» деген себептерім осы. Сені адал қызға кезіксін деп әрі іштей саған Халиманы лайықтап жүруші едім. Халима сонау Қиыр Шығыста жүргенімде хат жазып, менен рұқсат та сұрады. Мен соған ризамын», – деді.

«Махаббат, қызық мол жылдарда» Орынкештің басындағы жайтты Меңтай арқылы бердім. Осы идеяммен Меңтайды қыз күнінде жақсы көрсем де, құрметтесем де, Халима «басқа қыз іздеп тауып ал» дегенде көңілім ауса да, Меңтайды қимасам да «өлтіріп» тастауыма тура келді. Ал, Меңтай-Нұрғамила өзінің өмірлік жары Тілеубек Әбеуовке адал қосылды. Меңтайдың уәде берген жігіті Тұмажанның шын есімі – Жұмажан. Ол ағасының досы болған. Ағасының аманат еткені де рас. Меңтайдың «оқуымды аяқтамай, тұрмысқа шықпаймын» деген жауабынан кейін-ақ ол басқаға үйленіп кеткен. Оқырмандар кейде жазушының қиялын елеп-ескере бермейді ғой. Бір жағынан Нұрғамила да, мен де екі жанұяның шаңырағын көтеріп, өз сүйгендерімізге қосылған соң осылай аяқталуға тиіс болды. 

– Шығарманың Өзіңізді танымал етуге септігі тиді. Дегенмен, кітап болып жарыққа шыққан соң Өзіңіздің, Меңтай-Нұрғамиланың да отбасы болды. Қызғаныш деген от шарпып өтпеді ме?

– Біз Халима екеуміз 1947 жылы, ал Меңтай оқуды аяқтаған соң, 1949 жылы үйленді. «Махаббат, қызық мол жылдарды» Қазақ совет энциклопедиясында жүргенімде жазғанымды айтып өттім. Осы мекеменің жұмысымен Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысына іссапарға шыққанмын. Обкомның екінші хатшылығына тағайындағалы отырған Аманолла Рамазанов деген досым екеуміз Шымкентке бірге бардық. «Шымкент» қонақ үйіне орналастық. Мейрамханадан тамақ алдырып, түстеніп отырғанбыз. Есік қағылды. «Рұқсат» дегенімізше есіктің арғы жағынан әдемі келіншек пен сымбатты жігіт кіріп келді. Келіншектің Меңтай-Нұрғамила екенін бірден таныдым. Қасындағы жолдасы екенін де аңғардық. Олар бізді үйіне қонаққа шақыра келіпті. Кешкісін бардым. Дос-жарандарының бәрі жиналғанға ұқсайды. «Махаббат, қызық мол жылдарды» дастарқан басына жиналғандардың бәрі де оқыпты. Шығарма туралы әсерлерін айтып жатыр. Біраз отырған соң қызыңқырап қалған күйеуі: «Әй, осы екеуіңнің араңда бірдеңе болған жоқ па?» – деп Нұрғамилаға тиісе бастады. Нұрғамила ашуланып: «Ештеңе болмағанына өзің куәсің ғой. Неге олай сөйлейсің?» – деді. Қызып алған қонақтармен сөзім де жараспай, жәйлап сыртқа шығып, гараждан машинаны шақыртып, қайтып кеттім. Міне, алғаш рет Тілекеңмен осылай таныстық. Одан кейін де бір-екі рет оңтүстікке жолым түсіп, іссапарға барып жүргенде араласқандай болдық. Артынан күйеуі өзінің қателігін түсініп, кешірім сұрады. Ондай сөзді қайта айтпады.

Сосын шығармада Ерболдың 1944 жылы майданнан Қазақстанға делегация басқарып келгені, Ерболдың өз ауылына барғаны, Тана деген қызбен құшақтасып, үш күн бірге қатар жатқаны, оған қылдай қиянат қылмай майданға аттанғаны менің өз басымның оқиғалары. Өзгесі басқа адамдардың бастарынан өткен жайлар…

– Бүгінде Меңтай-Нұрғамила апамен араласып тұрасыз ба?

– 2002 жылы ауруханада емделіп жатқанымда Нұрғамила өзінің 75 жылдық мерейтойына шақырды. Күйеуі қайтыс болған екен. «Әдеби кітаптың кейіпкері ретінде және 49 жыл ұстаздық еңбегімді елеп «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағын бергелі отыр. Менің курстасым әрі авторымсыз, Сіз осы қуанышыма ортақтасып келіп отырсаңыз», – деп Нұрғамила арнайы хабарласты. Содан мен оған шарт қойдым. «Олар: 1-шартым ат мінгізбе, 2-шартым шапан кигізбе, 3-шартым қолыма конверт ұстатпа», – дедім. Бұл «Кітаптың авторы келетініне шашылып-төгілмесін, жұрттан қарызданып-қауғаланып, әуреленбесін» деген жанашырлығым еді. 

Дәрігерлер үш күнге рұқсат берді. «Атамұра» баспасынан қайта басылған «Махаббат, қызық мол жылдардың» 75 данасын арқалап Меңтайдың тойына бардым.

Мерейтой өте керемет өтті. Қайтар кезде Меңтай-Нұрғамила ұл-қыздарын, құда-құдағиын қасына жинап, мен мінген көліктің қасына келді де: «Әзеке, келгеніңізге рахмет! Сіздің арқаңызда біз марқайып қалдық. Мұнда келерде үш шарт қойып едіңіз. «Ат мінгізбе, шапан кигізбе және қолыма конверт ұстатпа» деген. Үш шартыңыздың үшеуін де орындадық. Бірақ, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын жазған қолыңыз нәумез болмасын деп, анам 15 жасымда саусағыма салған алтын жүзікті өзіңізге сыйлаймын. Бұл жүзіктің ендігі иесі – өзіңіз», – деп қолындағы алтын жүзігін менің саусағыма кигізді. Ол жүзік үйде сақтаулы тұр.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here