Ақынмен өткен әсерлі кеш

0
252

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде «Кең дүние», «Уақыттың жүрегі», «Темірен» кітаптарының авторы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Бақыт Беделханның «Уақыт пен Бақыт» атты жыр кеші болып өтті.

Кешке мектеп оқушылары, колледж, университет студенттері мен оқытушылар қауымы қатысты. Жастар қара сөзден қамшы өрген ақынға ерекше ықылас танытты.

Бақыт Беделханның шығармашылығына арналған кеште ақынның жүрекжарды жырларын жас буын өкілдері жарыса оқыды және колледждің жас маманы, заң пәндерінің оқытушысы Ақтөре Әуелов әнмен шашу шашты. 

Өз кезегінде кеш иесі өзінің ақындығы жайында сырлы әңгімелерімен бөлісіп, тыңдарманға сиясы кеппеген біраз өлеңдерін оқып берді. Сырлы сұқбатқа толы болған әсерлі кеште жастар ақын өмірімен, шығармашылығымен, адами болмысымен, рухани әлемімен жақын таныса алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, рухани азық алды.  

Тамаша кеш соңында факультеттің құрметті ұстазы Айша Карипжанқызы мен колледж директорының міндетін атқарушы Мадина Несіпбекқызы ақынға шығармашылық табыс тілеп, тілектерін жаудырды. Ақынға сый-сияпаттарын тапсырып, құрмет көрсетті. Ақын өз кезегінде жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, білім мен ғылымның қара шаңырағына ақ тілегін арнады. Студенттермен естелікке суретке түсті.

Рухани кешті ұйымдастыруға мұрындық болған факультеттің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Суатай Сәбит Құрманжанұлына жиналған қауым алғыс айтты.

Гүлжан ИДРИСОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі
білім беру факультетінің оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here