Қаңтар оқиғасына бір жыл толды

0
279

Қаралы қаңтарға да бір жыл толды. Президент айтқандай, «қираған дүниені қалпына келтіруге болады, бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды». Ащы ақиқат осы. Иә, тірі адам тіршілігін жасайды. Ең бастысы, билік те, халық та одан сабақ алуы керек.

О баста бейбіт басталған шеру басбұзарлыққа ұласқанын алматылықтар өз көзімен көрді. Содан өз ұстанымын білдіруге шыққан бейбіт азаматтар арандап қалды. Ал, заң өз күшінен айырылған жерде жауыздық басталады. Былтырғы трагедия соның айқын дәлелі. Демек, шеруге шыққандардың бәрін «сүттен ақ, суда таза» етіп көрсетуге тағы болмайды. Өйткені, елдің жарқын болашағы үшін бейбіт шеруге шыққандардың қолынан былтырғы жауыздық келмейді. Бұл – анық. Яғни, халықтың болашағы үшін шеруге шыққандар мен ұрымтал тұсты жеке мүдделеріне ұтымды пайдаланып кеткендердің аражігін ажыратып алу керек. Сауда орындары мен дүкендерді тонап қана қоймай, оларды қиратып, өртеп кету, қолға қару ұстау, ішінде өмір мен өлім арасында жатқан науқастың немесе толғағы жеткен әйелдің барына қарамастан, жедел жәрдем көлігін тоқтатып ұстау – басбұзарлардың ғана қолынан келетін жауыздық. Сондықтан оған қатысы бар сыртқы да, ішкі де күштер туралы айтылған мәліметке күмән келтіру негізсіз.

Алматыдағы бүлікке қатысып, сауда орындары мен дүкендерді тонағандар жаппай ұсталды. Көбі рақымшылыққа ілінді. Дегенмен, соларды жақтап, ақтап жатқандар да болды. Бірақ, ұрлықтың үлкен, кішісі болмайды. «Отыз жыл бойы олигархтар бізді тонады, халық бір затты алса ештеңе етпес» деген әлсіз аргумент.

Қаралы қаңтардан кейін билік транзиті аяқталды, тәртіп қалыпқа келді. Билікпен ауыз жаласқан біраз адам ұсталды. Кезінде «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткен біраз мекеме мемлекеттің меншігіне қайта өтті. Саяси реформалар қолға алынды. Дәл қазір бізге қоғам мен билік арасындағы пәтуа, келісім мен үйлесім, өзара сенім мен сыйластық керек. Бұл туралы Конфуций: «Әр адам өз ісін атқара білсін. Билеуші ел билесін, жұмысшы еңбек етсін, әке – әке, бала – бала орнында болсын. Тұрмыстың осы қарапайым қағидасы бұзылса, мемлекет іштен іриді. Өмірдің сиқы қашады, сыйластық жойылады, ел ішін алауыздық пен өтірік-өсек жайлайды. Үлкен өрт кішкене шақпақ тастан шыққан ұшқыннан басталады», – депті. Бұл былтырғы қаңтар оқиғасында ақиқатқа айналды. Енді «бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды. Дәл қазір қазаққа Крыловтың арбаны шаян – шөлге, шортан – көлге, аққу – көкке сүйреген мысалындағыдай болу керек емес. Бұдан ұтылыс көп…

Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» деген романы бар ғой. Сол айтқандай, өз отыңды өзің өшірме, қазақ!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here