Қоян жылы дүбірлі додаларға толы болмақ. Отандық спортшылар биылғы жылдың шымылдығын бейсенбі күні АҚШ-тың Лейк-Плэсид қалашығында алауы тұтанатын XXX Қысқы Универсиада ойындарымен ашса, 21 қарашада Еуро-2024 додасының іріктеу кезеңі аясында футболшыларымыз сырт алаңда Словениямен жылды қорытындылайды. Осы аралықта қазақстандық спортшылар бокстан, дзюдодан, жеңіл атлетикадан, көркем гимнастикадан әлем чемпионаттарына және жазғы Азия ойындарына қатысады.
12-22 қаңтар аралығында Нью-Йорк штатына қарайтын Лейк-Плэсид қалашығында өтетін студенттер сайысында әлемнің 50 елінен барған 1,5 мыңға жуық спортшы спорттың 12 түрінен 86 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Ал, осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің Красноярск қаласында жалауы желбіреген додада қазақстандық спортшылар 4 күміс, 3 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 17-орынға табан тіреді. Көш басында Ресей тұрды. Өз елінде өткен сайыста ресейліктер аянып қалмай, барлығы 112 жүлде алды. Үздік бестікке Оңтүстік Корея, Жапония, Австрия және Финляндия енді.
Қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласы XIX жазғы Азия ойындарын қабылдайды. Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Құрлықтың кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген үздік спортшылары 40 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Бұл – 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасы алдындағы спортшыларымыздың шамасын байқайтын сәт.
Соңғы рет жазғы Азия ойындары 2018 жылы Индонезияда өтті. Онда 76 жүлде иеленген Қазақстан спортшылары жалпы есепте 9-орынды қанағат тұтты. Алдымызды Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Индонезия, Өзбекстан, Иран, Тайпей және Үндістан құрамалары орап кетті.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ