Профессор Жиентаев

0
3451
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев пен көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Сансызбай Жиентаев

ҰШҚАН ҰЯ

Олар үшеу. Олардың есімі Тобыл-Торғай өңірінде мақтанышпен айтылып, зор ілтипатпен еске алынады. «Неге, не себепті» дейтін болсақ, мәнісі былай.

Нұрхан Жиентаев – тарихшы-филолог, кәсіби педагог. Көп жылдар бойы Қостанай облыстық Білім департаментінің бірінші орынбасары қызметінде болған.

Аманкелді Жиентаев – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. Польшада, Қазақстанның Қаржы министрлігінде жауапты қызметтер атқарған.

Сансызбай Жиентаев – мектепті үздік бағамен бітірген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, экономика ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры.

Былай қарағанда қазір бұл екінің бірінің қолы жетіп жатқан қызмет сияқты. Аса таңғаларлықтай ештеңесі жоқ. Әйтсе де, Жиентаевтар есімінің елдестері арасында сүйіспеншілікпен айтылуының бір себебі үйде, отбасында алған адами тәрбие астарында жатқандай. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп атам қазақ тегін айтпаған ғой. Ұрпақтарына адамгершілік пен адалдықтың дәнін сепкен әулет басы – Жиентай қажы Ақтамбердіұлы. Ол 1852 жылы Торғай уезі, Қарабалық болысы, Есенкөл ауылында дүниеге келген. Троицк қаласындағы атақты дін ғұламасы, шейх-ислам Зейнолла хазіреттің Расулия медресесін бітіріп, туған жері Қарабалық, Жаркөл өңірінде мешіт ұстап, медресе салып, елді имандылыққа үндейді. 1889 жылы Есенкөлден Түркістанға жаяу сапар шегеді. 1892 жылы Мекке-Мединаға барып, қажылық парызын өтеген бойда сырқаттанып дүниеден өтеді. Сүйегі қасиетті Мекке қаласындағы «Жаннатүл-Мұғалла» атты қорымға жерленеді. Бүгінде Федоров ауданындағы мұсылмандар мешітіне Жиентай қажы есімі берілген.

ҒЫЛЫМНЫҢ ҚИЯ ЖОЛЫНДА

Қостанай жерінде аласапыран нәубеттен бірер жыл бұрын Жиентаевтар әулетінің бір бұтағы – Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхамедқали ақсақалдың шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Қанды қырғын соғыста бір аяғын беріп, елге балдақпен оралған майдангер үшін бұдан асқан қуаныш болмаса керек.

Отбасында ақ түйенің қарны жарылып, сәбиге зор үміт артылып, Сансызбай деген есім берілді. Сансызбай бала күнінен қолды-аяққа тұрмайтын пысық, зерек болып өсті. Мектепті үздік бағамен бітіріп, ауыл баласы үшін қол жетпейтін армандай көрінетін сол кездегі Кеңестер Одағының астанасы – Мәскеудің М.В. Ломоносов атындағы университетінің экономика факультетіне оқуға түсті.

Отбасында әкеден алған өмірлік мол тәжірибе, саналы білім өзіне деген зор сенім оны қандай қиындықтан болса да тайсалмауға үйретті. Жиентаевтың курстасы Ресей Федерациясы Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы Эдуард Соболев өздерінің студенттік шақтары туралы былай еске алады:

– Сансызбай университеттегі ең беделді де таңдаулы шетел экономикасы кафедрасының тыңдаушысы болды. Кафедрада екі-ақ топ болды. Ол бес жыл бойы оқу орнындағы әскери дайындық сағатын француз тілінде оқыды. Содан ол осы тілді жетік меңгеріп шықты. 1972 жылдың желтоқсан айында Кеңестер Одағының құрылғанына 50 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс өтті. Ол МГУ-дың үлкен залында болды. Оған КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшелері қатысты. Сансызбай ең үздік оқушының бірі ретінде осы жиында сөз сөйледі. Және өте сауатты, терең мазмұнды сөйледі.

Оның оқуға алғырлығымен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті де қатарластарынан анағұрлым жоғары болды. Жазғы каникул кезінде көпшілігіміз селтеңдеп бос уақыт өткізсек, Сансызбай жыл сайын студенттік құрылыс отрядының командирі болып өзіне керекті қаржы жинады. «Әкем соғыс мүгедегі, оған салмақ салғым келмейді» дейтін ол.

Сансызбай 1976 жылы конкурстық негізде МГУ-дың экономика факультетінің аспирантурасына түсті. Арада көп уақыт өтпей кандидаттық диссертация қорғады. Осы жылдар ішінде оның ғылымға деген құштарлығы мейлінше ашылды. Кейін «Ауыл шаруашылығында нарықтық қатынастардың қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

ӨМІР – КҮРЕС

1980 жылдың ақпан айында жас ғалым өзінің туған жері Қостанайға оралып, Қостанай ауыл шаруашылығы институтына орналасты. Енді өзін таныту, жұмыс қабілетін, білім деңгейін көрсету кезеңі басталады. Сансызбай әуелден «Жаман мұғалім ақиқатты айтады, ал жақсы мұғалім оны іздеп табуға үйретеді» дейтін Адольф Дистервегтің қағидатын ұстанған болатын. Ол сапалы лекция оқып қана қоймай, студенттерді өзінше ой қорытып, фактіні саралауды үйретті.

1989 жылы конкурстық негізде осы оқу орнының экономика факультетінің деканы қызметіне жоғарылатылды. Сол жылдан бастап Сансызбайдың бастамашылығымен экономика факультетінің қазақ тілді бөлімі ашылды. Бұл орыс тілді Қостанай үшін зор жаңалық еді. Алыстағы Амангелді, Жангелдин сияқты қазақи аудандардың жастары өз ана тілінде білім алу мәртебесіне қол жеткізді. Мұның өзі жас ғалымның өз ортасында ғана емес, басқа беделді жерлерде де абыройының арта түсуіне ықпал етті.

2001 жылы Халықаралық конкурстың нәтижесі бойынша Қазақстан ғалымдарының арасында бірінші рет Кембридж университетінде лекция оқу құрметіне ие болды. Қазақстандағы аграрлық проблема туралы лекциясын ол француз тілінде оқыды. Конкурсқа әлем елдерінен 6 мың үміткер қатысты. Солардың арасында 9 адам ғана жеңімпаз атанды. Сансызбай сол үздік тоғыздықтың қатарынан табылды.

«Өмір – күрес» деген шын болуы керек. Сансызбай мәртебе биігіне көтеріліп, ілгерілеген сайын оның жетістігіне қызғанышпен қараушылар да табылмай қалмады. Оның қызмет баспалдағында өсуіне олар көп кедергі келтірді. Дегенмен, жас ғалым соның бәріне мойымай, өзінің сүйікті жұмысын табандылықпен атқара білді.

3 монография, 7 оқулық, 260-тан астам мақала жазды. 60 магистрлік жұмысқа, 150 диплом жұмысына жетекші болды. Осындай жемісті жұмыстары үшін ол бірнеше рет медальдармен, мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

БАҒАЛАНУ НЕМЕСЕ СӨЗ ТҮЙІНІ

Өткен жылдың соңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Сансызбай Мұқаметқалиұлы Жиентаевтың 70 жас мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Ол осы оқу орнының ректоры  Сейітбек Қуанышбаевтың тікелей бастамашылығымен өтті.

Конференцияға еліміздің белгілі ғалымдарымен қатар Жиентаевтың бірқатар курстастары да қатынасып, ізгі тілектерін арнады. Соның бірі –Дағыстан мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Феликс Әлиев былай дейді:

– Мен Сансызбайды сонау студент кезінен білемін. Екеуміз бір бөлмеде жаттық. Жастық шақтың думанды қызық қуанышын бірге бөлістік. Ол әуелден мінезі ашық болатын, қарапайымдылығымен өзіне баурап алатын. Ол алғашқы жұмыс практикасын Минск трактор зауытында өткізді. Содан алған әсерін бізге жыр қылып айтатын.

Жалпы ол елді, жерді көріп білуге, халықтардың салт-дәстүрін түсінуге құштар еді. Содан да болар, жазда болатын студенттік құрылыс отрядының жұмысы аяқталған соң қарт Кавказды көру үшін маған Дағыстанға бірнеше рет келді. Тбилисиді көрді. Онда біздің ортақ досымыз Тодрия тұрды. Ол бізді құшақ жая қарсы алатын.

Сансызбаймен менің осы достығым жарты ғасырдан астам уақыттан бері үзілген емес. Оның еңбектегі, ғылымдағы табысына мен шын көңілмен қуанушы едім. Енді мерейтойына арнайы келіп отырмын. Оған мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

Міне, еңбектің бағалануы, талай рет көз майын тауысып жазған диссертация мен ғылыми жұмыстардың жемісін көру, жас ұлғайып толысқан шақта соның рахатын сезіну осындай-ақ болар. Бұл профессор Жиентаевтың адами бақыты.

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Құрметті Сансызбай Мұқаметқалиұлы!

Сізді ғылым жолында жаңалыққа толы тағылымы мен тәлімі мол мағыналы ғұмырыңыздағы 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл жастың салмағы мен мәні зор. Ақыл мен парасаттың, саралау мен пайымның асқаралы өткелінен асып, кемелдіктің көреген белесіне көтерілген адам өмірінің ең бір жемісті шағы деп санаймын. Сіз бұл белеске үлкен абыроймен, қажырлы еңбекпен, адами болмыспен адал жеттіңіз.

Қызмет барысындағы табандылық пен сабырлық, көздеген мақсатқа жету жолындағы жігерлік Сіздің азаматтық бейнеңізді асқақтата түсті. Халқымыздың сөз маржанындағы «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген тамаша мақалы бекер айтылмаса керек. Расымен де, алдымызда өзіңіздей ағамыздың болғаны – зор мақтаныш. Сізді еліміздегі экономика ғылымының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, өз ісінің майталманы, соңынан ерген шәкірттерінің арқа сүйер ақылшысы деп білемін.

 Өзіңізді таныған сәттен үлкенге – құрмет, кішіге – ізет жасай алатын биік адамгершілік қасиетіңізге, дархан көңіліңіз бен жайсаң қалпыңызға дән ризамын.

Жақсы адамның өмірі – жазылған дастанмен бірдей. Сан түрлі жолдан өтіп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғазиз тірлікте шаршамай-талмай, әрдайым ел үшін қызмет ету Сіз сияқты парасатты, өрелі тұлғаға жарасары сөзсіз.

Бүгін міне, даналықтың да, даралықтың да биігі болған келесі ондыққа қадам бастыңыз. Жарты ғасырға жуық өміріңізді ғылым-білімге, еңбекке, ізденіс пен жаңашылдыққа арнаған игі істеріңіз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Осы жолда туған өлкенің танымал тұлғаларының көшін жалғаған ғибратты ғұмырыңыз тек қана жақсылықтармен жалғассын, денсаулығыңыз мықты, еңбегіңіз жемісті, ғылыми жаңалықтарыңыз өміршең болсын.

Ізгі ниетпен, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры С.Қуанышбаев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here