«Тоқалдан туған» жанр

0
2552

Зал іші жым-жырт. Мінбеде біреу шашын жұлғылап, айқайлап тұр. Ара-тұра жұдырығымен қақ маңдайын ұрғылап қояды.

– Ау, ағайындар-ау, туысқандар! Біз енді бәріміз де қағаз «кеміретін» болғандықтан, қанымыз бір туыс болмағанымен, рухани туыспыз ғой. Бірақ, бізді – сатириктерді Жазушылар одағы үнемі бөле жарып, кемсітумен келеді. Оны бүгінгі «мәжілісте» айтпағанда қашан айтамыз?! Байқап отырсақ, осы одақ прозашылардың, «қиялилардың», то есть кешірерсіздер, ақындардың «шалдыр-шатпақтарына» бәйге  жариялап жатады, жариялап жатады. Ал, біз дегенде үн жоқ, қалтада дым жоқ. Әнеки, «Пәленше», «түгенше» сыйлықтың лауреаты деген ақындар, прозашылар «құртша қаптап жатыр», солар біздің мысымызды «аяққа таптап жатыр». Солардың ішінен мемлекеттік сыйлықты айтпағанда, «кәкүр-шүкір» сыйлыққа ие болған, кеуделеріне  жарқыратып орден-медаль таққан көзі тірі сатириктерді көргендеріңіз бар ма? Анау сексенді орталап қалған Жапбас Қанышев ағамызға жетпіске келгенінде «жылатып», «Алаш» сыйлығын «әзер беріпсіздер». Бұларыңыз ұят емес пе? Неге Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бір сатирик жоқ? Бұл барып тұрған әділетсіздік. Бұл сатириктерді өгейсіту, кемсіту, қорлау. Бұған қашанға дейін төзуге болады? Бұлай қорлауды қоймайтын болсаңдар, тап қазір Парламент үйінің алдына барып, асылып өлем.

– Ау, Қисық, – деп залдан бір қасқабас айқай салды. Сен асылып өлгенде депутаттар шаштарын жұлып, беттерін тырнап, ойбайлап жоқтар дейсің бе? Кімге керексің сен? Осы жерде «үрмесең» де,  «иттігіңді» бетіңе айтайын. Сендер – сатириктер біздей ақындар сияқты «бәйбішеден» емес, «тоқалдан» туғансыңдар. Сендердің сатира деген жанрыңның өзі «тоқалдан» туған.

– Тоқалдан туғаны несі?! Тоқалдан туғанымды дәлелдеңіз, әйтпесе, сотқа берем, – деп айқай салды Қисық.

– Оның дәлелдейтін несі бар? – деді қасқабас. Тоқалдан туғандарды бет-ауыздарына қарап-ақ тануға болады. Оларды қашан көрсең де, маңдайлары  тырысады да жүреді, кім көрінгенмен ұрысады да жүреді. Қабақтары бір ашылмайды, «бәйбішеден» туған «ақкөңіл» ақындар сияқты жарқылдап, «қарқылдап», біреулерге «бірдеңесін» құйып, не құйдыртып, ақтарылып, «шашылмайды». Іздейтіндері, жазатындары шатақ, пәле-жала. Үнемі біреулермен дауласып, жанжалдасып, ілініседі де жүреді. Сенің мені «сотқа берем» деген сөзіңнен-ақ, шатынаған көзіңнен-ақ тоқалдан туғаның көрініп тұр. Басқа қандай дәлел қажет?

– Жо… жоқ, – деді Қисық, – біздің ұранымыз – шындық, сол шындықты шырылдатып айту үшін тудық. Біздің қазіргі көріп отырғанымыздың бәрі – сұмдық, айналаңды жайлаған ұрлық. Қоғам қазір «аузы қисайып», ауырып тұр, «үшкіретін» «бақсы-балгер» табылмай, демі тарылып тұр. Қолында билігі көп жемқорлар «қағынып» тұр, олар шығарды талай сұмдықты, еліміздің «бақа-шаянына» дейін бар байлығын қылғытты. Сонда да «қарындары» бір тоймайды, тек «жей беруді» ғана ойлайды, қаншама сотталып жатса да, қылғытуын қоймайды. Шенеуніктердің аузы «көпіріп», айтатындарының бәрі өтірік. Соттарына «бірдеңе» бермесең – «күлмейді», тамақтарынан ас жүрмейді. Бұл қоғамның «есегіне» дейін парақор. «Ақша» бермесең, аңырап, ақырмайды, әтештері «қиқулап», шақырмайды. Итіне дейін үрмейді, полициясы жазықсызды жазғырып, жағадан алып сүйрейді. Ал, енді осындай ұрыларды, жемқорларды, алаяқтарды, кері кеткендерді бет-жүзің бар демей, сатиралық тілмен сүмірейтіп сойып салатын бізді қалайша тоқалдан туған дейсің? Мұндай қоғамда біз қалайша қарқылдап, жарқылдап жүре аламыз? Жүре алмаймыз, біз осы күйімізде қала береміз, қоғамның «ақыл-есі» түзелгенше кері кеткендерді араша шаға береміз.  

– Міне, міне, – деді манағы қасқабас, – тоқалдан туған сатира сарбазы сөзінің сиқы. Ау, «әулие», сен ғой, Жазушылар одағы сатириктердің шығармаларына бәйге жарияламайды, біз үнемі өгей бала сияқты елеусіз қаламыз деп ботадай боздап, «жылап» тұрсың, «еще» әліңе қарамай, бізді сынап тұрсың. Жылайтын жалғыз сен ғана емес. Сол конкурсты өткізер алдында «анадан» да, «мынадан» да «спонсор» бол деп «садақа» сұрап, Жазушылар одағы да «жылайды». Сен бет-жүзің бар демей сынайтын шенеуніктерден, яғни тиісті министрліктен, әкімдерден, бизнесмендерден, банкирлерден, тағы басқалардан сұрап, «көз жасын көлдетіп» отырып алады. Сосын әупірімдеп «бірдеңе» алады. Бірақ, ақша берген адам «аузы қисық» болса да – қожайын. Ол ақшаны беріп тұрып, «анау «арқасы құрысып, шекесі тырысып жүретін» «тоқалдан туған» «қызылкөз» сатириктердің конкурсын өткізбеңдер. Оларға беретін көк тиыным да жоқ. Шекелері тырысып жүре берсін» деп қатты талап қояды. Содан ғой, Жазушылар одағының «тоқалдан» туған сатириктерді «көзге ілмей», үнемі «бәйбішеден» туғандардың бәйгесін өткізетіні.

– Апыр ай, ә! – деп мәңгірді Қисық. Расында да, сондай талап қоя ма?

– Қойғанда қандай! Енді қалай деп ең?  Сен немене, шенеуніктерді талап-талғамсыз «алақан жайғанның» бәріне ақша шаша беретін тоқалдан туған ақымақ деп пе ең? Олар да «бәйбішеден» туған. Анау министрліктерде отырғандар да, Парламентте отырғандар да, әкімдікте отырғандар да кілең «бәйбішеден» туған «қасқамаңдайлар». Ал, сен болсаң оларды тоқалдан туғандай үнемі «мүйіздеп», жөнді-жөнсіз бәрін бір «қалыпқа» салып, бет-жүзің бар демей сынайсың, мінейсің, сосын ұялмай-қызармай, бетің тырысып, иығың бүрісіп, мүләйімсіп, олардың берген ақшасынан сыйлық сұрайсың. Қай бетіңмен сұрайсың?

– Жарайды, – деді Қисық, – «бәйбішеден» тудық дейтіндер-ақ «тоқалдан туды» дегендерге күн көрсетпейтін болды ғой. Мұның Жазушылар одағында «орын алып отырғандығы» қанымды қайнатады, тілімді сайратады, жынымды «ойнатады». Кезінде Қасым ақын сен айтқандай, «бәйбішеден» туғандарға қаратып: «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деп «тулаған» еді ғой. Бұл биліктегі «бәйбішеден» туған жемқор шенеуніктер кімдердің жүйкесін жүн қылмаған…

Осы сәт Қисықтың арқасы құрысып, шекесі тырысып, иығы бүрісіп, аузы жыбырлап, тамағы қырылдап, көзі аларып, түрі бозарып біраз тұрды да: «Бермесең, бермей-ақ қой сыйлығыңды, сонда да тастамаймын шындығымды, елімді тонап жатқан, ей, жемқорлар, шыңғыртып жаза берем ұрлығыңды, қысыңдар, жетеді енді құйрығыңды», – деп жын ұрғандай айқай салды.

Біреулер оны мақтап, біреулер даттап, зал іші гуілдеп кетті.

Дамир ӘБІШЕВ, сатирик-жазушы

ҚОСТАНАЙ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here