Мемлекетті алға сүйреуші, экономикалық тұрғыда дамытушы саланың бірі – ғылым. Отандық ғылым саласы түбегейлі өзгеретін болды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Университет ғылымының дамуы – Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарты» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек университет басшылары және ғалымдармен кездесу барысында отандық ғылымның бағыты туралы толық баяндама жасады. Еліміздің ғылымы соңғы 30 жылда Кеңес Одағы кезіндегі модель бойынша жұмыс істеп келді. Яғни, ғылыми зерттеулер, өнертабыстар және ғалымдардың еңбектері жабық форматқа тәуелді болған. Биылдан бастап аталған сала экономикасы мен ғылымы қарыштап дамыған елдер сияқты ашық форматта жұмыс істейді. Мұндай өзгеріске негізгі себептердің бірі – ғылым саласына қызығушылықтың төмендеуі.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда ғылыми зерттеу институттары қызметкерлерінің орта жасы – 59 жас. Ал, Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің орта жасы – 69 жас. Елдің дамуында маңызды сала мамандары қартайып барады. Осы мәселені түбегейлі шешу жолы да айтылды. Ғылыми зерттеулер ашық жүргізілгенде ғана, қолдаулар болғанда ғана жастардың қызығушылығы арта түседі. Мысалы, бүгінде аталған сала дамыған Оңтүстік Корея, Швейцария, Финляндия, Швеция және АҚШ-тың өзі ғылымды университеттердің негізіндегі және ашық моделде ғана дамытқан.
«Қазіргі таңда 626 мың студентіміз бар. Олардың 92 пайызы – бакалавр, 7 пайызы – магистрлар, PhD докторанттар бір пайызға да жетпейді. Бұл біздің жоғары білімнің оқытушы, зерттеуші емес қасиетін көрсетеді. Сондықтан осы жылдан бастап аталған саланы түбегейлі өзгертеміз. ЖОО көбірек зерттеу университеті форматына көшіреміз. Ғылымды, оның ішінде инновацияны дамыту үшін қаржыландыруды арттырамыз. Өткен жылғы бюджет 59 млрд теңге болса, биыл 3,5 есе артып, 168 млрд теңгені құрады. Алдағы жылы бюджет көлемі 240 млрд теңгеге дейін жетеді. Оған қоса, өнертабыстарды, инновацияны өндіріске енгізу жолы да қарастырылды. Кез келген үлкен компания, зауыт, фабрика ғылыми өнімге инвестиция құйса, өздерінің ішкі өндірістерін ғылыми инновациялық қондырғылармен жабдықтаса, мемлекет жағынан үлкен салық жеңілдіктері берілетін болады. Яғни, біздің мақсатымыз ғылымға бизнесті тарту», – деді Саясат Нұрбек.
Одан өзге, ғылымға деген талап күшейгендіктен, аталған сала мәселесі жылдам әрі толыққанды шешім таба білу керек. Осы орайда Президент жанындағы Ғылым және технология бағытындағы ұлттық кеңес құрылады. Оған еліміздің мықты ғалымдары мен ақылды азаматтары кіреді. Осы арқылы ғылым саласындағы туындаған түйткілді мәселелер Президентке тікелей әрі жылдам жетіп, уақытында шешім табады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында өткен жиын барысында инновациялық көрме ұйымдастырылды. Онда жас ғалымдардың, өнертапқыштардың медицина, биология, жасанды интеллект, энергетика және өндірістік саладағы жұмыстары көрсетілді.
Индира БІРЖАНСАЛ