Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы сайлаудың 10 ерекшелігін атады. Бұл пікірін Ерлан Тынымбайұлы өзінің Telegram каналында жариялады.
Бірінші ерекшелік – 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);
Екінші ерекшелік – үміткерлерге партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік ашылды;
Үшінші ерекшелік – бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
Төртінші ерекшелік – партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді;
Бесінші ерекшелік – әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады;
Алтыншы ерекшелік – Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;
Жетінші ерекшелік – алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енді;
Сегізінші ерекшелік – сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
Тоғызыншы ерекшелік – облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;
Оныншы ерекшелік – сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны – төртеу).
Айта кетейік, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.