Ұлт ұстазы мектебіндегі тағылымды жүздесу

0
539

Бүгін, 12 желтоқсанда А.Байтұрсынұлы музей-үйінде «Желтоқсан желі: маңызы мен мәні» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын қонағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, ф.ғ.д., әдебиеттанушы ғалым Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда.

1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісі туралы, оның қалай басталғандығы, көтеріліс кезінде қандай қиындықтар болғаны туралы көптеген ақпараттар айтты. Және қазіргі қазақ әдебиетіндегі Желтоқсан көтерілісінің шынайы бейнеленуі туралы әдебиеттанушы-ғалым ретінде мағлұматтар берді.

Абай атындағы ҚазПИ-дің Филология факультетінің 2-курсында оқып жүрген Г.Орда Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін оқудан шығып қалады. Бір топтан 7 қыз бір-ақ шығады. 7 қыздың үшеуі Торғай облысынан, қалғаны Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан болған. Торғай облысынан Мырзағазина Бақыткүлді Гүлжаһан апай ерекше атап өтті. Себебі, қыздардың арасында қатты соққы алып, қабағы жарылған осы кісі болған екен. Көзінде оты жанып тұрған бұл жан туралы кейін 30 жылдан соң білдік дейді. Өзі ертерек қайтыс болып кеткен. 30 жыл өткен соң еліне барып, ауыл адамдарынан сұрастырғанда батыр Амангелді Иманов бастаған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, қолбасшы болған Шәкір атты ақсақалдың ұрпағы болып шығады. Сондай өр мінезді, рухты қыздардың ерлігін айтып, қазақ қыздарының бойындағы күш-жігердің ерекше болатындығын да атап өтті.

Оқудан шыққан соң 2 жылға барлығын ауылдарына жіберген екен. Оларды алып қалуға ешкім де қарсы тұра алмаған. 2 жылдан соң барып оқуға қайта қабылданған. «Осы екі жылым мені қатты шыңдап, өмірге баулыды», – дейді Г.Жұмабердіқызы.

Бұдан да өзге көптеген құнды ақпараттар айтылды. Және адам бойына ерекше жігер беретін ақыл-кеңестер де болды. Қатысушылар да өз сауалдарын қойып, толыққанды жауап алып отырды. Жиын соңында естелікке суретке түсіп, музей-үйі жетекшісі Р.Имаханбет жиын қонағы мен қатысушыларға алғыс айтты.

Жансая СМАН,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі,
А.Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here