Жеті жылда Алматы қалай өзгереді?

0
3003
Алматының бес жаңа полиорталығына қала бюджетінен 6,1 трлн теңге қарастырылады

Алматы – еліміздің ең ірі қаласы. Қазақстандағы үш донор аймақтың бірі. Былтыр республикалық бюджетке 210 млрд теңгеден астам қаржы құйды. Елдің жалпы ішкі өніміндегі қаланың үлесі 20%-дан асады. Яғни, экономикасы тұрақты, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі дамыған қала болғандықтан, халықты өзіне тартады. Қазірдің өзінде оңтүстік астанада 2,1 млн халық тұрады. Оның сыртында тіркеуге тұрмаған студенттер, ауылдан ағылған ағайындар мен мигранттар тағы бар. Осы басты фактор мегаполисте әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді тудырады. Баспана тапшылығы, көлік кептелісі, көк түтіннің астында қалған қала мәселесі осыдан шығады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Алматы әкімдігі үлкен қаланың үлкен мәселесін қалай шешетініне тоқталады.

ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛҒАН «ҚАЛҚАМАН» МЕТРО БЕКЕТІ 2025 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ «БАРЛЫҚ» БАЗАРЫНА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛАДЫ

АЛМАТЫ ЛОНДОН МЕН ТОКИОҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙДІ

Ресми мәліметке сенсек, бүгінде мегаполисте 2,1 млн халық тұрады. Бұған білім, жұмыс іздеп келген студенттер мен ауылдағы ағайындарды және еңбек мигранттарын қосыңыз. Алматының шет жағындағы елді мекендерден күнделікті қатынап жұмыс істейтіндер тағы бар. Бұл – бір. Екіншіден, тұрғындар саны да көбейіп келеді. Айталық, соңғы бес жылда халық саны 350 мыңға артқан. Әу баста жобалаушылар қаланы 400 мың тұрғынға шақтап салғанын ескерсек, демографиялық дүмпу мегаполистегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді күрделендіре түседі.

Мәселені шешуді қазірден бастап қолға алмаса, кейін кеш болуы мүмкін екенін әкімдік жақсы түсінеді. Содан өткен айда алматылықтар арасында қызу талқыға түскен Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында сегіз ауданнан құралатын қаланы бес полиорталыққа бөліп отыр. Олар – «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық».

Тақырыпты «Шығыс қақпасынан» бастайық. Жаңадан құрылатын бұл полиорталыққа Түрксіб пен Жетісу аудандары кіреді. 250 мыңдай халық тұратын қос ауданда көлік инфрақұрылымы қолға алынады, негізінен көшелер ұзартылады, екі мектеп пен бір аурухана бой көтереді.

«Батыс» полиорталығы Саин көшесі мен Рысқұлов даңғылының солтүстік-батыс аумағын қамтиды. 85 мыңдай халық қоныстанған жаңа полиорталықта бірнеше көше ұзартылады, бір мектеп, жатақханасы бар екі мемлекеттік колледж, 500 орындық емхана салынады, №2 Балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөлмесі және үш жаңа жедел жәрдем бекеті ашылады.

Бір айта кетерлігі, екінші жылу электр орталығын 2023-2025 жылдары жартылай, 2030 жылға қарай толық газға көшіру жұмыстары жүргізіледі.

Медеу мен Түрксіб аудандарының әкімдігі «Шығыс қақпасы» полиорталығы бойынша жұмыс істейді. Оған Талғар мен Құлжа тас жолдарының аумағы енеді. Бұл аумақта 335 мыңнан астам халық тұрады. Көшелер мен қолданыстағы BRT желісі ұзартылады, 200 автобусқа арналған парк пен «Шығыс қақпасы» көлік хабы, төрт мектеп пен 250 орынға арналған онкология орталығы салынады.

Райымбек даңғылының аумағы «Оңтүстік-батыс» полиорталығын құрайды. Алматыдағы ең үлкен даңғылдардың бірі саналатын даңғылдың бойын жағалай 77 мың адам қоныстанған. 2030 жылға дейін ол жақта 708 ескі үй сүріліп, оның орнына 683 тұрғын үй мен 5 мектеп тұрғызылады.

190 мың адам мекендеген «Тарихи орталықты» дамыту да жоспарда бар. Атап айтқанда, Қажымұқан көшесі Назарбаев даңғылынан Сейфуллин даңғылына дейін ұзартылады. 2025 жылға қарай Орталық қалалық клиникалық аурухананың 500 орындық жаңа бөлімшесі бой көтереді. Абай-Масаншы қиылысындағы Балалар медициналық реабилитациялық орталығы жұмысын бастайды. Алдағы екі жылда Қазақстан-Британ техникалық университетінің аумағы, Сәтбаев көшесінен Жамбыл көшесіне дейінгі Бәйсейітова көшесінің жаяу жүргіншілер бөлігі, Әлия мен Мәншүк саябағы жаңаланады. 2024 жылы «Атакент» аумағы, 2025 жылы «Сұңқар» халықаралық трамплин кешенінің аумағы, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының аумағы ретке келтіріледі.

Қаланың тарихи бөлігінде әкімдік бір тұрғынға 16 шаршы метрді көгалдандырудың нормативтік көрсеткішіне қол жеткізуді көздейді.

Алматы қаласы мәслихатының ХXV сессиясында қала әкімі Ерболат Досаев жаңа полиорталықтар туралы жоспарды құру кезінде Токио, Лондон сияқты әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесіне сүйенгендерін жеткізді. Оған қала бюджетінен 6,1 трлн теңге қарастырылған.

2023-2024 ЖЫЛДАРЫ АЛМАТЫНЫҢ ТРОЛЛЕЙБУС ПАРКІ ЖАҢА 200 ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКПЕН ТОЛЫҒАДЫ

ЕСКІ ҺӘМ ЖАҢА ҒИМАРАТТАР

Алматыдағы қоғамдық ғимараттардың басым бөлігі Кеңес Одағы тұсында салынды. Алып империяның тарих қойнауына енгеніне отыз жылдан асса да, сол ғимараттардың көбінің күрделі жөндеу көрмегені тағы рас. Қазір олардың тоз-тозы шығып, әбден бүлініп, қирап қалуға шақ тұрмаса да, кейбір мәдени нысандар күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл Алматы әкімдігі аталған түйткілдің түйінін тарқатуды мықтап қолға алмақ.

Осыдан 50 жыл бұрын есігін айқара ашқан Қазақ мемлекеттік циркі мен 80 жылға жуық уақыт жас көрерменнің көзайымына айналған Н. Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимараттары биыл күрделі жөндеуге жабылады. Күрделі жөндеу жұмыстары алғашқысында 2024 жылы, соңғысында 2025 жылы аяқталмақ.

2030 жылға дейін Алматы зообағы мен «Медеу» мұз айдыны қайта жаңғыртылады. 2011 жылғы Қысқы Азиаданы қабылдар алдында соңғысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін ескерсек, бұл шаруаның қандай қажеттіліктен туындағанын түсіну қиын. Жергілікті әкімдіктің бір ойлағаны бар шығар.

2010-2011 жылдары 10,4 млрд теңгеге қайта жаңғыртылған Республика сарайында да алдағы екі жылдың көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады. 12 жыл бұрынғы жаңғырту жұмыстарынан кейін мәдени астанасының басты сахнасын күтіп ұстау шығыны 13 есеге артқан көрінеді. Жарайды. Үлкен ғимаратта үлкен шығын болатыны түсінікті. Дегенмен, 2011 жылғы жаңғыртудан кейін Республика сарайының тарихи келбеті жоғалды. Бұл өкінішті жағдай. Енді осы қателіктің Қазақ мемлекеттік циркі мен Н. Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қайталануына жол беруге болмайды.

2016 жылы ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театры да алдағы жеті жылдың ішінде жаңғыртылады.

Әрине, жаңадан салынған немесе соңғы он жылда күрделі жөндеу жұмыстарын көрген ғимараттарды қайта жаңғырту ойлантады. Демек, құрылыс сапасын қадағалауға баса мән беру керек.

Алматыда алдағы жеті жылда ғимараттарды күрделі жөндеумен қатар жаңа ғимараттар да салынады. Мысалы, жеке инвестиция есебінен 11 мың орындық көп функционалды концерт залы бой көтереді. 2023-2025 жылдары «Almaty Museum of Arts» деген атау алған заманауи өнер мұражайының құрылысы жүргізіледі. Оны меценат Нұрлан Смағұлов өз қаржысына салады.

«Боралдай сақ қорғандары» паркінің аумағында Сақ мәдениеті орталығы ашылады. Жаңа орталықтың жобалау-сметалық құжаты дайын тұр.

Биыл Алматы әкімдігі тарихи тұлғалар туралы сыр шертетін «Райымбек батыр» мемориалды кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Алдағы екі жылда «Алаш» мұражайы да ашылады. 2025 жылға қарай Балалар ғылыми-техникалық мұражайы салынады. Бұл өскелең ұрпақты ғылымға баулитын еліміздегі тұңғыш мұражай болмақ.

Сейфуллин даңғылының бойында «Observatorium» мұражайы бой көтереді. Бұл жобаның айтылып келе жатқанына біраз уақыт болды. Әкімдік енді сөзден іске көшкенге ұқсайды. Мұражай 2023 жылдың төртінші тоқсанында ашылмақ.

Алматы әкімдігі спорт нысандарын да шет қалдырмайды. 2030 жылға дейін 24 көп функционалды спорт кешенін салады. Соның тоғызы – 2023-2025 жылдары, қалғаны – 2026-2030 жылдары бой көтереді. Осы ауқымды жобалардың ішінде бес мың орынға арналған жеңіл атлетика кешенін, үш жабық мұз айдынын және гимнастика манежін ерекше атауға болады.

ҚҰЛЖА ТАС ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫНДА ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТАҒЫ АВТОБУС ЖЕЛІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ҮЛКЕН ҚАЛАНЫҢ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕСІ

Үлкен қаланың екі үлкен мәселесі бар. Олар – экология мен сейсмология. Біріншісі үнемі көтеріліп жүрген мәселе, ал екіншісі Түркиядағы зілзаладан кейін күн тәртібіне шықты.

Жол картасында экологияға басымдық берілген. Олай болатын жөні де бар. 2014 жылы оңтүстік астана әлемдегі ең лас 25 қаланың тізіміне енген болатын. Соңғы статистикада Алматы ауасы ең лас қалалардың жүздігіне енген жоқ. Дегенмен, бұл босаңсуға себеп болмаса керек. Өйткені, Алматының көк түтінге жиі тұншығатыны жасырын емес.

Әкімдік экология мәселесін жақсартуда қаланы газдандыру, жылу электр орталығын газға көшіру, зиянды заттар шығаратын ескі көліктерді азайту, жолға экологиялық таза қоғамдық көліктерді шығару сияқты мәселелерді қолға алмақ. Дегенмен, Жол картасында назар аударарлық бір жәйт бар. Мәселен, пилоттық режимде биыл ауаны тазартатын құрылғының 7 блогы орнатылады.

«Smart Eco Electronics» ЖШС өз есебінен «Сайран» автобекетінің маңына пилоттық режимде ауаны тазартатын барлығы жеті «See Air» құрылғысын қояды. Компанияның мәліметінше, аталған құрылғы ауаны азоттан, көміртектен және күкірт қосылыстарынан, канцерогендерден, микроорганизмдерден, бактериялардан және вирустардан тазартуға мүмкіндік береді. Егерде құрылғы өзінің тиімділігін көрсетсе, олардың санын көбейту туралы шешім қабылданатын болады.

Кезінде жасыл желекке оранған Алматыда қазір 4 млн-ға жуық ағаш пен бұта бар. 2030 жылы олардың санын 6,5 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылы 55 мыңнан астам, 2030 жылы 28 мыңнан астам апатты ағаштың тамырына балта шабылады.

Әкімдік жеке инвестициялар есебінен жылына қуаты 500 мың тонна қалдықты жағатын зауыт салады. Оның іске қосылуы 2026-2030 жылдарға жоспарланған.

Таяу он жылда экология мәселесі қалай шешілетініне қысқаша тоқталдық, енді сейсмология тақырыбына ойысайық.

Сейсмология саласы салғырттықты көтермейтінін «Qazaq» газетінің өткен санында жаздық (қараңыз: «Сейсмологиядағы салғырттық», №06 (1161), 07.02.2023). Сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Алматы қаласында ғимараттардың көбі сейсмикалық талаптарға сай тұрғызылып жатпағанын, 1990 жылға дейін салынған ғимараттардың (тұрғын үйлер де бар) жартысына жуығы ескіргенін, ал бертін келе салынып жатқан биік ғимараттардың 30 пайызы жоғары балдық зілзалаға шыдас бермейтінін атап өттік. Түркиядағы зілзаладан кейін алматылықтардың үрей құшағында жүргені рас.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың сөзінше, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында құрылысты қай жерге салуға болатыны, қай жерде салуға болмайтыны тайға таңба басқандай көрсетіледі. Нүктелі және тығыз құрылыс бойынша жаңа ереже қабылданады. Онда құрылысшыларға біраз шектеу қойылады. Ережені сақтамағандар жауапқа тартылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, үлкен қаланың үлкен мәселесін аз уақытта шешу мүмкін емес. Сондықтан Алматы қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бірыңғай кешенді жоспары әзірленіп, дамудың басым бағыттары белгіленді. Оның біразына жоғарыда тоқталдық. Осы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға бюджет, инвестиция есебінен қыруар қаржы бөлінеді. Яғни, Алматының тұрмысын түзеуге бөлінетін қаржы мақсатты жұмсалып, оның «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпеуін, құрылыс жұмыстары сиырқұйымшақтанып, аяқсыз қалған жобалардың қатарын толықтырмауын қадағалау керек. Сонда елдің жалпы ішкі өнімінің бестен бірін беріп отырған Алматы атына заты сай қалаға айналады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here