Кеше, 20 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев Қазақстан Республикасындағы байланыс және әріптестік жөніндегі ФАО бюросының басшысы Қайрат Нәжімиденовпен кездесті. Кездесуге ФАО-ның ауыл шаруашылығы саясаты жөніндегі аға сарапшысы Лилия Мусина, еліміздегі ФАО бағдарламаларының үйлестірушісі Жаңыл Бозаева, ФАО-ның бағдарламалық талдаушысы Самат Қайырбеков және т.б. жауапты қызметкерлер қатысты.
Тараптар ҚазҰАЗУ мен БҰҰ-ның аштыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық жүйені басқаратын мамандандырылған мекемесі – ФАО арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Қайрат Нәжімиденовтың айтуынша, ФАО-ға мүше 194 мемлекет бар және бұл техникалық ұйым әлемнің 130-дан астам елімен жұмыс істейді. Қазақстан ФАО-ға 1997 жылғы қарашада қосылды.
«Біздің мақсатымыз – барлық елдердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың жоғары сапалы тағамға тұрақты қолжетімділігіне кепілдік беру. Сондай-ақ, ұйымға мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығы секторын дамыту үшін қажетті қолдау көрсетеміз. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры Цюй Дунъюй нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін үш негізгі шарт орындалуы керек екенін атап өткен болатын: инвестицияларды ұлғайту, инновацияларды дамыту және бүкіл әлемдегі фермерлерді қолдау жөніндегі әрекеттерге назар аудару. Соңғы жылдары ФАО ғалымдарға, студенттерге, магистранттарға арналған бірқатар оқыту семинарларын және фермерлерге ғылым мен техникаға инновациялар енгізу бойынша тренингтер өткізеді. Біз бұл жұмысты ҚазҰАЗУ базасында аграрлық ғалымдарды тарта отырып жалғастырғымыз келеді», – деп атап өтті Қайрат Балтабайұлы.
Бұдан кейін ҚР-дағы ФАО бағдарламаларының үйлестірушісі Жаңыл Бозаева нысаналы қорлардың жобалары (GCP жобалары, соның ішінде ГЭФ жобалары), агроазық-түлік секторы мен ауылдық аудандарды дамыту, орман және балық шаруашылығын жақсарту және қалпына келтіру, жер және су ресурстарын тұрақты басқару, климаттың өзгеруін ескере отырып, ресурс үнемдеу технологияларын енгізу үшін Қазақстандағы ФАО-ның экономика және инвестициялар саласындағы жұмыстарының нәтижелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Өз кезегінде университет басшысы Ақылбек Күрішбаев халықаралық ынтымақтастықты дамыту – ЖОО қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын әрі университеттік білім беруді халықаралық деңгейге сәйкестендіруді қамтамасыз ететін қажетті қадам екенін атап өтті.
«ҚазҰАЗУ-дың халықаралық қызметі жоғары білім беру жүйесіндегі университет мәртебесін арттыруға және әлемдік білім беру қоғамдастығына қосылуға бағытталған. Біздің басты миссиямыз – бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу. Біз АӨК инновацияларын дамыту және Қазақстан фермерлерін қолдау бойынша ФАО-мен ынтымақтастыққа мүдделіміз. Білімді практика мен оқу процесіне тарату арқылы агроөндірістің дамуына ықпал ететін озық тәжірибелер мен озық технологияларды тарату үшін ғалымдар, АӨК субъектілері мен ЖОО-лардың өзара іс-қимылын үйлестіруіміз қажет. ҚазҰАЗУ-да халықаралық білім беру бағдарламаларын дамыту үшін барлық жағдай жасалған», – деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.
Кездесу барысында тараптар даму мүмкіндіктерін және осындай перспективалық бағыттарда тәжірибе алмасуды талқылады:
– аштықсыз әлем үшін консенсусқа қол жеткізуге бағытталған ФАО-мен серіктестік орнату;
– ФАО-мен бірлесіп инновациялық ғылыми жобаларды әзірлеу және іске асыру (өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау, өсімдіктер мен жануарлардың селекциясы, генетикасы саласында);
– білімді таратудың ұлттық жүйесін дамыту және дамыған Экстеншн-сервисі бар әлемнің озық елдерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, экстеншн жүйесінің жинақталған әлеуетін арттыру;
– фермерлер үшін үздіксіз жұмыс істейтін біліктілікті арттыру жүйесін құру үшін ҚазҰАЗУ базасын және ғылыми-технологиялық инфрақұрылымдық әлеуетті пайдалану;
– АӨК басым бағыттары бойынша ФАО сарапшыларының қатысуымен пилоттық білім беру бағдарламаларын әзірлеу;
– елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы кадрларды даярлау үшін ҚазҰАЗУ Су хабының әлеуетін дамыту және ілгерілету;
– техникалық білім және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық;
– ФАО ұйымдастырған көпжақты халықаралық форумдарға қатысу;
– ФАО ұсынған тағылымдамаларға қызметкерлер мен жас ғалымдардың қатысуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, тараптар аграрлық сектордың әлеуетін дамытуға және кадрлар даярлауға бағытталған мақсатты және жемісті бірлескен жұмыс үшін оған жұмыс жоспарын дайындай отырып, өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою туралы уағдаласты.
Бұл қадам тек университеттің ғана емес, жалпы Қазақстан мен ФАО-ның білім беру, аграрлық сектор және инновацияларды енгізу саласындағы дамуына ықпал ететін болады.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі