Қоршаған ортаны қорғаудың жапондық үлгісі

0
4090

Қазақстанда қазір экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері аса өзекті болып тұр. Осыған орай ел ауқымында қабылданып жатқан шаралар да аз емес. Алайда, бұл орайда экологиялық даму жағынан қомақты жетістіктерге қол жеткізген шетел мемлекеттерінің тәжірибесін зерттеп зерделеудің маңызы зор.   Жапония әлем елдерінің ішінде қоршаған орта мен экологияны қорғау жөнінен алдыңғы қатарлы мемлекеттер құрамында. Елімізде табиғатты қорғау мәселесінің шешілуі қажет басты міндеттердің біріне айналған қазіргі заманда  республикамызда аталған саладағы жапон тәжірибесіне үңілмеске болмайды. Бүгін біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Қиыр Шығыс кафедрасының түлегі Дина Ыбышеваның еліміздің экологиялық дамуына қосып жүрген үлесі туралы сөз қозғамақпыз.

Дина Ыбышева жапонтанушы мамандығында оқығандықтан, жапон тілі, тарихы мен мәдениетін жетік үйреніп шықты. Жапонияның қоршаған ортаны сақтау және жақсартудың қағидаларымен жақсы таныс болған ол күншығыс елінің тәжірибесін Қазақстанға да таныстыруды және енгізуді жөн көрді. Осылай ол 2018 жылы Наурызбай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында «Жасыл жүрек» жеке кәсіпкерлігін тіркеді. Ал, 2018-2019 оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қиыр Шығыс кафедрасында «Green Peace – жасыл жүрек» атты стартап ұйымдастырылды. Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Ғылыми-технологиялық парк» ШЖҚ МКҚК базасында тіркелді. Орындаушысы – Дина Ыбышева, ғылыми жетекшісі – Балақаева Л.Т. болып бекітілді. Құрылған кәсіпорынның мақсаты – пластик пен қағаз түріндегі қоқысты жинау және қайта өңдеу, қоршаған ортаны қорғау және сол арқылы еліміздің инновациялық дамуына үлес қосу.

Компания бастапқыда пластик пен қағазды қолмен қайта өңдеді. Пластикалық пакеттерді компанияға Динаның достары, туыстары және жанашырлары әкеліп жүрді. Компанияда пластмасса мен қағазды өңдеу белгілі бір өндірістік тәсіл негізінде жүзеге асырылды. Қайта өңделген пластиктен әйелдер сөмкелері мен әшекейлері, қайта өңделген қағаздан дәптерлер жасалды. Айына шамамен 4-5 дәптер, 10-15 сөмке, 40-50 әшекей бұйымдар істелді.    

Аталған кәсіпорын қарқынды дамып, көптеген әлеуметтік жобалар мен байқауларға қатысты. Мәселен, 2018 жылдың жазында «Жасыл жүрек» компаниясы «Бизнестің жол картасы-2020» атты арнайы байқауға қатысып, жоба Алматы қаласы әкімдігінде қорғалды. Өкінішке қарай, «Жасыл жүрек» кәсіпорны грантқа қол жеткізе алмады. 2018 жылдың қараша айында Дина Ыбышева «Green Peace – жасыл жүрек» жобасымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен Тұңғыш Президент күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» студенттердің алтыншы патриоттық форумына қатысты және ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификатпен марапатталды. Сол жылдың желтоқсан айында ол құрған кәсіпорын «CCI Қазақстан» компаниясы ұйымдастырған «3.2.1. Бастау!» атты ауқымды әлеуметтік жобаға қатысты. Бұл бағдарлама республиканың әлеуметтік және экологиялық мәселелерін шешу саласындағы жастардың бастамаларын анықтауға және қолдауға бағытталған.

Компания өндірісті механикаландыруға қажетті қаржыны алу мақсатында «Сәби» республикалық қайырымдылық қорының жас кәсіпкерлерге арналған жыл сайынғы «Өз бизнесіңді баста» байқауына қатысты. Нәтижесінде «Жасыл жүрек» компаниясы байқаудың финалына шықты. Байқаудың 630 қатысушының ішінде он бесі ғана финалға шыққандықтан, «Жасыл жүрек» компаниясы үшін бұл үлкен жетістік болды. Ал, 2019 жылы «Жасыл жүрек» компаниясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Инновациялық жобалар байқауында 2-орынды еншілеп, ақшалай сыйлық алды. 2020 жылдың наурыз айында «Green Peace – жасыл жүрек» ғылыми жобасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары» республикалық байқауында 1-орынды иеленді.

Қазіргі таңда кәсіпорын өз жұмысын жалғастырып келеді. Компанияның Instagram әлеуметтік желісінде жеке парақшасы бар. Негізінен өнімдерді сатып алушылар – әлеуметтік желіге тіркелген қауым. Сонымен бірге, кәсіпорын өндірісті механикаландыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көлемін сандық және сапалы тұрғыда ұлғайтуға септігін тигізеді.  Бұл, сөзсіз,  Алматының табиғатын қорғауға оң әсерін тигізеді, сондай-ақ кез келген адам экологиялық өнім жасай алатын ашық кеңістік құруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның жақын болашақта орындалуы тиіс алдына қойған міндеттері жөнінде айтар болсақ, кәсіпорын пластикалық ластану проблемасы жөнінде бұқара халықтың білімін арттыру мақсатында Алматы қаласында тегін және қолжетімді семинарлар мен дәрістер өткізуді жоспарлап отыр.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, табиғат пен қоршаған ортаны қорғау жөнінен әлемде көшбасшы саналатын Жапониядан алатын сабағымыз, ойға тоқитын дүниелеріміз мол. Сайып келгенде, экологияны жақсартудың тиімді стратегияларын қолданатын «Жасыл жүрек» компаниясының қызметінен хабардар болу және кәсіпорынға халық тарапынан қолдау көрсету аса маңызды. Байқағанымыздай, компанияның алға қойған болашақ мақсаттары мен жоспарлары көп. Олай болса, келешекте берілген кәсіпорын қызметінің ауқымы кеңейіп, жасалатын өнімдерінің көлемі ұлғайып жатса, бұл отанымыздың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізетін маңызды іске айналары сөзсіз.

БАЛАҚАЕВА Л.Т.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қиыр Шығыс кафедрасының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты

ТАЗАБЕКОВА Г.Б.,
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы,
жапонтанушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here