Ғұмыр және ғалым

0
2005

«Түнде ұйқы көрмеген,
Күндіз күлкі көрмеген,
Қызыл қаны төгілген,
Қара тері сөгілген,
Күшін сарқа жұмсаған,
Жауға да шапқан құрсанып» деп келетін дала бөрілері – көне түркілердің тарихи жадын қайта жаңғыртуды, бір ататілден  тараған  түркітілдестердің түп-тұқиянынан бүгінге дейінгісін жүйелеуді, осы мақсатта түркі тілдерін түгел қамтып, лингвистиканың барлық саласында салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы зерттеулер жүргізуді қолға алып, аталған бағытта маман даярлаумен айналысып жүрген бірегей ғалым – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Әмірдинқызы. Тағдыр талайы тар жол, тайғақ кешуден тұратын, күрмеуі қиын сан қатпарлы түркі тарихының сырын ашу жауапкершілігін мойнына алған сындарлы ғалымның жасап жатқан еңбектері ел ертеңі үшін баға жетпес құндылық екенін мойындауымыз керек.

Асылында, әр қадамын абайлап, ақырын жүріп, анық басатын, артында қалдырған игі істерін өзі де байқай бермейтін, бойындағы ізгілікті төңірегіне таратып жүретін жаны жомарт жандар болады. Бүгінде адамзат ғұмырының алтын белесі, абырой мен ардың жасы – 60 жасқа аяқ басқан профессор Раушангүл Әмірдинқызын осындай тұлғаларға жатқызсақ қателеспеген болар едік. Қазақстанның зиялы интеллектуалдық әлеуетін құрайтын үлкен кеңістіктің бір бөлшегі екенін сүйсіне айта отырып, мыңнан бір мезетінің осы бір сәтінде алпыс жылдық саналы ғұмырына антропоцентристік көзқараспен, трансформацияланған жаңа санамен баға беруге болады деп ойлаймыз.

Ел мен жерге қызметті түбі бір түркі жұртының өшкенін түгендеуден бастайтын, сол жолда аянбай амал жасап, ұлт мүддесін ойлаған абзал жан киелі де қастерлі мекен – Нарынқол өлкесінің перзенті. 1963 жылы 24 сәуірде қарт Алатаудың бауырын жазып, жайыла орналасқан тұсындағы тұмса табиғаты бар Сүмбе ауылында дүниеге келген. Үлкен әулеттің алғашқы немересіне ағайын-туыс жиылып, Раушангүл деген әдемі есім берді. Алғашқы тәй-тәй басқан қадамнан жасөспірім балаң жасқа дейін ақ әженің бауырында өсіп тәрбиеленудің де өз ерекшелігі бар сияқты. Астанада әлі оқуларын аяқтамаған екі студенттің тұңғышы Сүмбенің ана-қариясы, ақыл дариясы атанған Мәйімхан әженің бауырында қалды. Босағасынан береке кетпеген, ақ дастарханы келім-кетім қонақтан жиналмаған, көкірегі аңыз-дастанға толы Мәйімхан әженің бойындағы бар асыл қасиетті тамшылап татып, қанына сіңдірген кішкентай Раушангүлдің бала армандары да тым биікте еді. Арабша, латынша хат танитын Мәйімхан әжесінің аузынан шыққан небір шұрайлы әфсаналар мен ертегі-аңыздар тумысынан қабілетті баланың таудай талабына құнарлы топырақтай әсер етіп жатты. Ғалым ақпарат көздеріне берген сұхбаттарының бірінде «тұлға болып қалыптасуымда бойымнан қандай да бір тазалық танысаңыздар, жарық сәуле көрсеңіздер – ол тек әжемнің табиғатындағы саф таза қазынаның көлеңкесі ғана» деп әжеге деген махаббатын ерекше мейіріммен еске алыпты.

Жаһанды жалпағынан басам деп, жалт етіп өте шығар жастықтың желмаясынан түсе алмай қалған, уақыт атты желаяқты абайсызда көзден таса қылып алған жандар аз ба бұл жалғанда?! Дөңгеленген дүниенің дүрмегіне нәпсінің ғана көзімен қарап, бергенінен алғаны асып жататын адамдар туралы да әфсана көп. Сол кездегі бас қала – Алматыда инженер-техник болып қызмет істеп жатқан әкесі Әмірдин мен А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етіп жүрген Роза анасының қолына тек 1975 жылы алтыншы сыныпта келіп, астанадағы №12 жалғыз қазақ мектебіне қабылданады. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген қанатты сөз текке айтылмаса керек. Кеңестік кезеңнің майталман мамандары – Социалистік Еңбек Ері Рафика Бекенқызы Нұртазина, республикаға аты мәлім әдіскер-ұстаз болған, бүгінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Қарлығаш Лекерқызы Қабдулова сынды мұғалімдердің сүйікті оқушысы болды. Сол кездегі Киров пен Мұратбаев көшелерінің қиылысында орналасқан өзен жағасындағы жер үйде елден келген қонақтардың бірін қарсы алып, бірін шығарып салып, ауыл мен қала мәдениетінің ең озық үлгілерін тел еміп, Аваковтар отбасындағы бес бала ержетті.

Мектеп бітірер жылы әйгілі Мамай мектебінің негізін салған Мамай бидің ұлы ғалым Есенқұл Маманов жас жеткіншектің болмысынан ізденімпаздықтың ізін байқады ма, құжаттарын тек филология факультетіне тапсыруы керектігін айтып кеңес берді. Ғалым кеңесінің ықпалы көп болды ма, талапшыл, арманшыл жастың жүрек қалауы болды ма, нәтижесінде 1981-1986 жылдар аралығында бұрынғы С.М. Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ тілі және әдебитеті мамандығын үздік дипломмен бітіріп шықты. Арасына уақыт салмай осы университеттің Жалпы тіл білімі кафедрасының күндізгі бөлімі аспиранты атанды. Болашақ ғалым алдағы бүкіл өмірінің іргетасы болатын лингвистика әлемінің босағасына аяқ басып, фундаменталды классикалық филологияның майталмандарынан дәріс алды. Мархаббат Томанов, Қанғали Сүйіншалиев, Хасан Каримов, Талғат Сайрамбаев, Зейнолла Қабдолов, Алтай Аманжолов, Әмен Қайдаров, Сапархан Мырзабеков, Алма Қыраубаева сынды тұлғалар бүгінде келместің кемесіне мініп кетсе де, жас ғалым қазақ филологиясында аттары алтын әріппен жазылған аңыз адамдардың алдын көріп, аудиториясында отырды.

Раушангүл Әмірдинқызының ғылым жолына жасаған алғашқы қадамы ескінің соңы, жаңаның басы болған 1991 жылдармен тұспа-тұс келді. Азуы алты қарыс алып империя атанған – Кеңестік жүйенің көбесі сөгіліп, одақтас республикалардың бір-бірінен іргесін алшақтата бастаған кез еді. Қоғамдық үлкен өзгерістер болып, формациялар ауысып, жетпіс жыл қалыптасып, қанға сіңіп, бойға тарап кеткен идеологияның тас-талқаны шығып жатқан уақыт экономикадан бастап, ғылым-білім, өнер мен мәдениет деңгейінде де үлкен дағдарыстар туғызып жатты. Дәл осындай балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетіп жатқан кезеңде болашағы белгісіз, тұманды көрінген ғылымнан қол үзбей, академик Әмен Қайдаровтың  ғылыми жетекшілігімен «10.02.02 – языки народов СССР (ұйғыр тілі)» мамандығы бойынша «Семантико-морфологическая характеристика глагольных фразеологизмов современного уйгурского языка» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

1991 жылдың желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялауымен жас мемлекеттің жаңа даму жолы басталса, дәл осы жылы жаңадан ғана филология ғылымдарының кандидаты атанған Раушангүл Авакованың азат Қазақстандағы ғылыми жаңа дәуірі мен өмірі басталды.

Жылдарға жылдар қосылып, күн артқан сайын ежелгі көшпенділер даласын түркілік рухты оятатын «Мәңгілік ел» сарыны тербете бастады. Сарыарқаның даласы Астанадай нән қалаға айналды. Өз Ата Заңы мен шекарасы бар, барлық атрибуттық символдары мен мемлекеттік тілі бар азат елдің алғашқы қадамдары оңай болмағаны белгілі. Білім мен ғылым – әрбір мемлекеттің жүрегі екенін ескерсек, жаңа туған нәресте-елдің жүрек соғысын қалыпқа келтіру де, бірізділікке түсіру де жеңілдікпен келмейтіні түсінікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ағартушылық жолында аянбай еңбек еткен, отандық тіл білімі ғылымы мен Жоғарғы мектеп саласында тоқтаусыз қызмет жасаған ғалымдар легінің алдыңғы толқынында тұрғандардың бірі де, бірегейі де – Раушангүл Әмірдинқызы және оның замандас әріптестері болды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің Жалпы тіл білімі кафедрасының доценті, 2004 жылдан профессорлық  қызметін атқарды.

Қоғам қазір Кеңестік жүйедегі қайсыбір құбылыстың келеңсіз жақтары туралы ақпарат таратуға бейімделіп алған сияқты. Шынтуайтында, сол кеңестік дәуір ғылым үшін де, ғалым үшін де зиялылық пен зайырлылықтың, интеллигенция мен интеллектуалды танымның фундаменталды кешенін шегелеп тұрып қалыптастырып кетті. Нағыз ғалымның кісілік келбеті қандай, академиялық деңгей деген не, ғалым адамды өзгеден ерекшелеп тұратын титулдық стандарттар қандай дегенде көзіміз көрген, дәрісін тыңдаған профессорлар Зейнолла Қабдолов, Алтай Аманжолов, Тұрсынбек Кәкішев ағаларымызды еске түсіреміз. Өкінішке қарай, бүгінгі ғылыми орта сол нормативтерді ескере бермейді, қазіргі ғылымға келіп жатқан жас буынға, жалпы қоғамға нағыз ғалымның абырой-беделінің тұтас бір моделін ұсынатын адам іздегенде сөзсіз Раушан Авакова сияқты ғалымды алға тартамыз. Ол кісінің бойындағы сол зиялылықты, академиялық мәдениетті, қарым-қатынас этикетінен бастап өзінің ғылымдағы миссиясын моральдық тұрғыдан мейлінше таза орындауға тырысатын қасиеті тамсандырады.

Раушангүл Әмірдинқызын ғылыми орта, зияткер көпшілік негізінен фразеолог, түркітанушы ретінде өте жақсы таниды. Бүгінгі отандық лингвистикалық ортада тіл мәселелерінің әртүрлі тақырыптарымен кешенді түрде айналысатын шәкірттерінен тұратын өз мектебі бар, шығармашыл кәсіби мамандардан жасақталған жұмыс тобы бар, ғылыми-зерттеу дәрісханасы бар ғалым. Профессор Раушангүл Авакова 2003 жылы «Қазақ фразеологизмдерінің семантикасы» тақырыбында 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, түркі, қазақ фразеосемантика сегментіндегі ірі ғылыми мектептерге негіз болатын бағыттың іргетасын қалап берді. Осы тұрғыда түркітанушы Раушангүл Авакованың авторлығымен шыққан еңбектердің шоқтығы биік екенін атап өту керек.

Қазақ тіл білімінің тарихындағы ең ірі фундаменталды ғылыми еңбектердің қорында Раушангүл Әмірдинқызының «Фразеосемантика» атты монографиясы – фразеология саласындағы энциклопедиялық салмақты арқалайтын аса құнды кітап. Монографияда фразеологизмдердің семантикасына лингвистиканың түрлі аспектілерінде талдау мақсатында фраземалардың таңбалық мәртебесі анықталған, бейнелі тілдік бірліктер мағынасының символдық тұрғыдан лексикографиялық деректерге дәйек бола алатыны көрсетілген, фраземалардың концептуалды семантикалы өзегі типологиялық тұрғыдан ашылып, олардың семиотикалық табиғаты фразеологиялық қорының жүйесінде лингвистиканың жаңа бағыттары негізінде қарастырылған.

Республика көлеміндегі жоғарғы оқу орындары үшін дайындалған Раушангүл Әмірдинқызының кезекті ірі еңбектерінің бірі – «Түркі филологиясына кіріспе» оқулығы.

Оқу құралында түркі халықтарының тарихы мен этнографиясы, мәдениеті мен әдебиеті, тілі мен рухани дүниесіне байланысты түркітану ғылымының нысаны, мақсаты мен міндеті, қалыптасу, зерттелу тарихы; тіл және этнос, көне түркі этногенезі, қазіргі түркі халықтары, түркітанудағы алты дәуір, түркі тілдері және олардың топтастырылуы, түркі жазуы мен тіл мәдениеті, көне түркі руникалық ескерткіштері, графикалық жүйе болып қалыптасқан көне руникалық алфавиті және т.б. жайында толық мағлұмат беріледі. Сонымен қатар, студенттердің таным дүниесін кеңейтуге, атамекенін сүюге, халықаралық ынтымақ пен бірлікке тәрбиелеу негізінде өз халқының өткен тарихы мен бүгінгі жайын, әдебиеті мен мәдени мұрасын жетік білуге жол ашатын құнды-құнды мәселелер қарастырылады.

«Тіл біліміне кіріспе: сызбалар мен кестелер» оқулығы – лингвистиканың теориялық және практикалық әрі қолданбалы мәселелелерін жан-жақты қарастырады. Пәнді меңгеруде лингвистикалық терминдермен таныстырып, оларды ғылыми тұрғыдан пайдалануды үйретеді. «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы арқылы студенттер тіл білімінің негізгі мәліметтерімен, ұғымдарымен, терминдерімен және оның өзекті теориялық мәліметтерімен танысады. Сонымен қатар, аталмыш оқу құралы студенттердің лингвистика ғылымының қыры мен сырына әрі теориялық, әрі практикалық тұрғыдан өз бетімен тұжырымдар мен дәйектемелер жасауына мүмкіндік береді.

Раушангүл Авакованың жоғары кәсіби дайындығын, ғылыми дәрежесін, жұмыстағы жауапкершілігін және басшылық қызметтегі қағидашылдығын, дипломатиялық сауаттылығын ескере отырып, басшылық тарапынан ғалымға әр жылдарда маңызды тапсырмалар ұсынылды. Ғалым 2005-2007 жылдары халықаралық жоғарғы оқу орындарының келісімі бойынша Мәскеу лингвистикалық университетінде «Қазақ тілі орталығына» жетекшілік етіп, университет профессоры ретінде Мәскеу студенттеріне қазақ тілінен сабақ берді. Мәскеулік орыс ұлтынан тұратын студенттерін ұлы Абайдың тілінде сөйлете алды.

Сонымен қатар, профессор Раушангүл Әмірдинқызы Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігімен бірлестікте бірқатар дипломатиялық мәдени-ағартушылық іс-шаралардың көшбасшысы болды. Сол тұстағы еңбектері, сұхбаттары Ресей, ТМД елдері мен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына шықты. Ол «ММЛУ-ға сіңірген еңбегі үшін» (2018) төсбелгісімен марапатталды. 2007 жылы ғалым «ҚР Үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы атанды.

2008-2013 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тұңғыш рет түркітану кафедрасын ашып, үлкен ұжымға жетекшілік етті, кафедра меңгерушісі болды. Түркітану саласындағы алғашқы кәсіби біліктілігі бар мамандарды оқытып шығарды.

Раушангүл Авакова тәуелсіздік алғаннан кейінгі Нұрсұлтан Назарбаевтың ең ірі жобаларының бірі болған Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері болды. 2013-2014 жылдары Америка Құрама Штаттарындағы Висконсин-Мадисон университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Осы тұста ерекше атап өтер мәселе – ғалым өзі тағылымдамадан өте жүріп, теңіздің арғы жағында тұңғыш рет қазақ тілінде халықаралық конференция ұйымдастырып, Америка құрлығындағы ғылыми элитаға қазақ тіліндегі баяндамаларды тыңдатты.

Бүгінгі таңда ғалым «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі ретінде мыңдаған тіл теоретиктері мен түркітанушыларға кәсіби біліктілік беріп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты маман етіп шығару жолында аянбай еңбек етуде.

Раушангүл Әмірдинқызы 500-ден аса ғылыми еңбектердің, атап айтқанда, 5 монографияның, 4 оқулықтың, 7 оқу құралының, 3 оқу-әдістемелік нұсқаулықтың, 2 сөздіктің, 30-дан аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 10.02.02 – қазақ тілі, 10.02.19 – тіл теориясы, 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша 13 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы дайындалды.  Раушангүл Әмірдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі болды.

Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, сонысымен де елінің ардақты бір азаматы болып, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген Раушангүл Әмірдинқызының шығармашылық, ғалымдық келбеті туралы арнайы еңбектер де жазылар. Ғалымның ғылыми потенциалы туралы айтқанда, ең алдымен оның ғылыми ортадағы кісілік келбетін атап кеткен орынды. Оның бойында бір адамның басында кездесе бермейтін екі түрлі таным бар. Бірі – ғылыми қабылдауына жауап беретін рационалды ойлау қабілеті болса, екіншісі – шығармашылыққа тән ғылыми түйсік, шығармашылық таным, мәселенің соңғы түйінін көре білу қабілеті, ғылымда «творческое озарение» деп айтатын иррационалды ойлау қабілеті.

Көне түркі тіл білімінің мәселесін зерттеген ірі тұлғалардың бірегейі – Ғұбайдолла Айдаров, екіншісі – Бабаш Әбілқасымов, үшіншісі – Құлмат Өміралиев, Алтай Аманжолов екенін білеміз. Көне түркі тілінің тарихы екінің бірі бара бермейтін күрделі ғылым екендігін ескерсек, олардың қалдырған, зерттеп жатқан еңбектері баға жетпес құндылық екенін мойындауымыз керек. Ұлтжанды арыстарымыздың ұлы шоғырынан дәріс алып, халқымыздың исі түркілік тарихының тамырына тереңдей бойлауға ұмтылған жас ғалымдардың алғы шебінде Раушангүл Әмірдинқызы тұрды. Ол Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенті,  аспиранты болып жүрген кезінде-ақ түркі тілдес халықтардың тіл ерекшеліктері мен ұқсастықтарын зерттеп, алғашқы еңбектерін жариялай бастады. Осылайша, түркі тілінің тереңіне бойлай түсуіне бір жағынан балалық шағында саясат салған сергелдеңдер кезіндегі талай ұлттың өкілдерімен тағдырлас, әңгімелес, сырлас болып, тілдерін білуі себеп болса, екінші жағынан, өзінің туа біткен таланты мен еңбекқорлығы, ізденуге деген бейімділігі себеп болды.

Жалпы тіл білімі және түркітану мәселелері, лингвистикалық мәдениеттану, этнолингвистика, қазақ және түркі тілдері фразеологиясы, сонымен қатар, лексикография теориясы, қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту және т.б. тіл білімінің көкейкесті мәселелерімен айналысуда ғалым қазақстандық ғылыми мектебінің дамуына жағдай жасап келеді.

Тәуелсіздіктің туы желбіреп, азат елдің азаматтары өзінің даңғыл жолымен, өз тарихымен, өзінің ұлттық кодымен жаңа дәуірдің шымылдығын сыпырып, өзгеше салтанатпен болашақты бетке алып келеді. Әзірге отыз жылдық жас толқын тәжірибесі бар еліміздің бағыт-бағдары айқындалып қалды. Осы жолда Раушангүл Әмірдинқызы сынды табиғатынан ғалым бітімді тұлғалар елдің ғылыми потенциалын көтеретін, интеллектуалдық мектебін қалыптастыратын алдыңғы қатар көшбасшылар болмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Ә. Әкімішева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Б. Бектемірова

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here