Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы президиумының VI отырысы өтті

0
732

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясында Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы президиумының VI отырысы өтті. Жиынға қатысушылар түркі әлеміндегі ғылыми ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырып, өзара пікір алмасты.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Қанатбек Әбдірахматов, Татарстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Дания Загидуллина, Түркия Ғылым академиясының президенті Музаффер Шекер және Әзірбайжан, Моңғолия, Башқұртстан, Өзбекстан Ғылым академияларының президенттері,  Қазақстан және шетелдік ғалымдар, түркітанушылар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Отырысты Шаһин Мұстафаев құттықтау сөзбен ашып, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде Халықаралық түркі академиясының президенті күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды.

«Бүгінгі басқосу Қазақстандағы көшбасшы оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп отыр. Президиум отырысында бауырлас мемлекеттердегі ғылымның жағдайын талқылаймыз. Сонымен қатар ғылым саласындағы серіктестікті дамыту жолдарын қарастырып, пікір алмасамыз. Алдымызда үлкен міндеттер тұр», – деді Шаһин Мұстафаев.

Келелі басқосуда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасап, Ғылым академиялары арасындағы ғылыми серіктестікті арттыру, ғылыми қоғамдастықты нығайту мәселесіне тоқталды.

«Еліміздегі ғылым саласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. ҚР Ұлттық ғылым академиясына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесі берілді. Түркі мемлекеттерінің арасындағы серіктестік тек қана экономика саласымен шектеліп қоймай, бүгінде ғылым, инновация, технология бойынша байланыс артып келеді. Жоспар бойынша алдағы уақытта бауырлас мемлекеттермен бірлесіп тәжірибе алмасу, ғалымдарды тағылымдамадан өткізу, бірлесіп зерттеулер жүргізу, ортақ гранттар тағайындау секілді жұмыстарды атқару жоспарда бар», – деді министр.

Сондай-ақ басқосуда  Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Қанатбек Әбдірахматов сөз сөйлеп, тілі мен тарихы жақын, мәдениеті мен мүдделері ұқсас түркі әлемі үшін де ортақ ғылыми кеңістік қажет екенін жеткізді.

Кейін Қанатбек Әбдірахматов ТӘҰҒАО-дағы іс басындағы төрағалықты Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясынан Татарстан Ғылым академиясына тапсырды.

Жиында Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының басшылары өз ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады.

Отырыс ары қарай панельдік секцияларға жалғасты.

Айта кетейік, Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы президиумының келесі отырысы Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өтетін болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here