Алып Америка кішкентай Кубаны неге тізе бүктіре алмады?

0
5396

1492 жылы Христофор Колумб аралдарды ашты. Оны «Үндістанның бір бөлігі» деп есептеді, кейінірек бұл аумақ «Батыс Үндістан» деп те аталды. Ақиқатында, әйгілі жиһангездің «жезмаясымен» жүзіп жүріп тапқаны – қазір «Бостандық аралы» деп аталатын Куба Республикасының жері еді. Ал, 1960 жылдың қазан айында АҚШ Кубаны блокадаға алып, сол кездегі мемлекет басшысы Кастроның режиміне қарсы қатаң санкция енгізді. Әлемдік тарихта ең ұзақ деп бағаланған бұл шектеулер Кубаның халқы мен экономикасына зардабын тигізбей қоймады. Бүгінде социалистік жүйеде қалған «Бостандық аралының» жағдайы мәз емес. 11 млн халқы бар елде өнеркәсіп құлдырап, халыққа қажетті тауарлар, оның ішінде дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі жиі орын алады. Қатаң қаулылар өз кезегінде америкалықтарды да миллиардтаған доллар шығынға батырғаны да рас. Дегенмен, 62 жылда алып Америка кішкентай Кубаны тізе бүктіре алмады. Вашингтон Кариб теңізінің солтүстігін алып жатқан «Бостандық аралын» неге жазалайды? Тарихтағы ең ұзақ экономикалық блокада қалай басталды? Кубадағы революция жетекшісі қайтыс болғаннан кейін бұл әрекетке неге тұсау қойылмады? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы және өзге де сұрақтар төңірегіндегі зерттеулерді топшылап, тақырыпты талқылайды.

АҚШ салған санкцияға байланысты Кубадан су жаңа көліктерді кездестіру қиын. Өйткені, «Бостандық аралына»
америкалық, еуропалық, жапониялық жаңа көліктер келе бермейді. Сондықтан кубалықтар америкалық, кеңестік ретро көліктерді жүргізеді. Келмеске кеткендей болған «Москвич» көліктері Куба көшелерінде әлі жүр…

АҚШ-ТЫҢ АЙДАУЫМЕН
ЖҮРМЕГЕН КУБА

Куба кезінде испандардың отарында болған. 1898 жылы АҚШ Испанияға соғыс ашып, оларды елден түбегейлі қуып шығады. Бірақ, бұл бауырластық, жанашырлық деп ойлауға асықпаңыз. 1886 жылы құлдық сауытын әрең шешкен Кариб теңізіндегі «жұмақ аралды» 1899 жылы америкалықтар басып алып, елдегі толқулар қайта өршіді. Сөйтіп, АҚШ Куба территориясына үстемдік етті. Ал, Кубаның өзі колония ретінде күнелткісі келмеді. Бірақ, бәрі керісінше болып, бостандыққа деген ұмтылыс елдің солтүстік көршілеріне тәуелділігін күшейтті. Жағдайды ұтымды пайдаланған америкалық инвесторлар Куба аумақтарын өз қарамағына қосып алды. 1902 жылдың мамыр айында ресми түрде Куба Республикасы жарияланғанымен, ел экономикасы толығымен Американың алақанында еді.

ХІХ ғасырдың аяғында Кубадан тауар тиеп шыққан керуеннің 4/5 бөлігі АҚШ-қа жөнелтілетін. Осыдан кейін АҚШ жылдан-жылға өз ұстанымдарын ұқыптап, жетекшілігін де нығайта түсті.

1926 жылға қарай кубалық қант өнеркәсібінің 60 пайызы АҚШ-қа тиесілі болса, өндірілген өнімді импорттауда америкалықтардың үлесі 95 пайызды құраған. Сол кездегі қант саудасының орасан пайдасына орай жартылай отарлықтағы Кубаны «Американдық қант ыдысы» деп те атаған. Бүгінде жалпы ұлттық табысы жан басына шаққанда 9 500 долларды құрайтын Куба экспортқа қант, минералды шикізаттар, темекі, цитрусты жемістер мен балық өнімдерін шығарып отыр.

Куба басшыларының ішінде Фульхенсио Батиста Вашингтонға жақын әрі сенімді серіктес болды. Оның тұсында Куба бай америкалықтардың туристік оазисіне айналды. АҚШ мафиоздары Гавана қаласындағы казинолар мен жезөкшелер үйіне басшылық жасады. Бұл кезде елдегі жемқорлық та шырқау шыңына жеткен болатын. Мұның бәрі – ел экономикасының жартылай, тіпті кей салалардың толықтай АҚШ тәуелділігінде екендігінің көрінісі. Америкалықтарға айтарлықтай жайлы болған Батиста билігі халық ықыласына бөлене қоймады. Оның кезінде Кубада тапсырыспен кісі өлтіру, адамдардың із-түссіз жоғалуы көбейді. Бұл Батистаның оппозицияны ауыздықтау тәсілі еді.

ШЕГІНЕ ЖЕТКЕН ШЕКТЕУ

Елуінші жылдардың аяғында атақты революционерлер Эрнесто Че Гевара мен Фидель Кастро Батиста режиміне қарсы күресті өз деңгейінде аяқтап, оны биліктен тайдырды. 1958 жылы революционерлермен соғыс қызған сәтте АҚШ серіктестерін сазға отырғызды. Яғни, олар халықаралық келісімдерге сәйкес агрессивті ұрысты қарумен жабдықтай алмайтын еді. Нәтижесінде 1959 жылы Батиста елден безіп, Кастро басшылыққа келді.

Жаңа билік большевиктерге ашық түрде жанашырлық танытып, реформалар барысында олардан үлгі алды. Үкімет алғашқы жылдың өзінде жекеменшіктен арылып, америкалық кәсіпорындарды бір тиын өтемақысыз ел мүддесіне пайдалана бастады. АҚШ экономикадағы шығындарды Кубадан қант сатып алуды шектеп, оларға жанармай сатудан бас тарту арқылы реттемек болды.

Осыдан кейін басқа санкциялар сахнаға шыға бастады. Америка енді аралдың жаңа үкіметімен ынтымақтастық қарым-қатынасқа барған елдерге де көмек беруден бас тартып, соғыста Куба қолданады-ау деген кез келген тауарды бұл елге сатушыларға тыйым салды. Салы суға кете бастаған социалистік елге жаңа серіктес табу керек еді. Кубаның көктен тілегені жерден табылып, көмекке КСРО келді.

Кеңес Одағы идеологиялық серіктестерінен қант сатып алып, оларға мұнай сатуға келісіп, сауда мен саясаттың сәні кіре бастаған. Бірақ, Америка шекара тұсындағы мұндай тамырластыққа да тыйым салып, 1960 жылы ел президенті Дуайт Эйзенхауер Кубаға сауда керуенін кіргізуге толықтай эмбарго енгізді. Тек дәрі-дәрмек пен азық-түлікті елге енгізуге рұқсат етілді.

Куба билігінің тізгінін елу жыл бойы қолында ұстаған Фидель Кастроны Ақ үй басшылары тағынан да тайдыра алмады, саяси ұстанымын да өзгертуге шамалары жетпеді. Денсаулығына байланысты Фидель Кастро 2006 жылы биліктен кетіп, тақты інісі Рауль Кастроға сеніп тапсырды. 2016 жылы 25 қарашада 90 жасында қайтыс болды. Десе де, ол туралы кубалықтардың арасында «Фидель – өлмейтін жауынгер» деген сенім қалыптасты…

АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ АРПАЛЫС

Куба аумағында жаңа көшбасшының қарсыластары партизандық топ құра бастады. Ал, АҚШ-тағы эмигранттар аралға оралып, кек алу мүмкіндігін күтті. Бірақ, олардың мақсаттары әртүрлі болды. Бұл Вашингтонның басып кіру жоспарына кедергі емес еді.

1961 жылдың басында америкалық әскер елге 1 500 десант жіберуге қызу дайындықта болатын. Ал, ірі қалалардағы Кастроның қарсыластары бір уақытта шабуыл жасауға әзірленіп жатты. Алайда, революциялық билік белсенділік танытты. Олар «бесінші колонна» басшыларын тұтқындап, қону операциясы белгілі болғаннан бірнеше сағат өткенде ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Куба әскерінің жоғары күштері Плайя-Хирондағы десанттар легін тас-талқан етіп, солдаттардың көпшілігін тұтқындады. Сонымен қоса, шайқас кезінде америкалық 12 ұшақты атып түсірді. Сол кездегі АҚШ президенті Кеннеди Орталық барлау агенттігінің әрекетіне «әп, бәрекелді» демегенімен, Куба билігі бұған дән риза еді.

Кейін Кубада «Плайя-Хирон ордені» тағайындалып, бұл елдегі ең жоғары мемлекеттік наградалардың біріне айналды. Сондай-ақ, елдегі танкілік және әуе күштерінің кәсіби мерекесі осы жеңістерінің датасымен туралас келуі де тегіннен тегін емес. Ал, тұтқынға алынған «америкашыл көтерілісшілер» жыл соңында құны 53 млн доллар болатын азық-түлік пен дәрі-дәрмекке айырбасталды.

КУБА ЖӘНЕ КСРО

Мұның бәрі араздықты ауыздықтай алмады. Вашингтон санкцияларды күшейте берді. Тіпті, «Бостандық аралына» кубалықтар өндірген заттардан жасалған тауарларды да әкелуге тыйым салынды. 1962 жылдың басында АҚШ Кубаны Америка мемлекеттері ұйымынан шығаруға дейін барды. Ал, 1961 жылғы штаттардың аралға басып кіріп, Куба жеріне, халқына түгелдей зиян тигізгені тіпті талқыланбады. Себебі, америкалық билік өз кінәсін мойындамаған болатын.

Содан Куба Кеңес Одағына жақындай түсті. Елге кеңестік әскери мамандар келсе, Фидель Кастроның ағасы Рауль Мәскеуге барып, Хрущевпен кездесті. Кездесу барысында Кеңес үкіметі Кубаны қару-жарақпен, техникамен қамтамасыз етуге келісетіндігін білдірді. Бұл әрекеті үшін Орталық барлау басқармасы (CIA) Кастроның көзін құртуға дейін барды. Бірақ, барлығы сәтсіздікке ұшыраған.

Куба мен КСРО достығы көп ұзамай әлемді ядролық соғыстың шегіне жеткізді. Түркияда Мәскеуге ядролық оқ тасымалдауға қабілетті америкалық ракеталар пайда болғаннан кейін КСРО маңызды қадам жасап, Кубада кеңестік зымыран бөлімдерін орналастырды. Бұл туралы өткен жылы жаздық.

Бұны дер кезінде түсінген АҚШ 1962 жылы қазан айының соңына дейін кең ауқымды интервенция дайындады. Америкалық әскери-теңіз күштері Кубаны қоршауға алып, оқ артылған кеңестік кемелерді өткізбеуге тырысты. Дәл осы тұста Кастро Кеңес басшылығының келісімінсіз Америка аумағына қарсы атомдық соғыс бастауға ниеттенді. Дегенмен, Хрущев Кеннедимен келісімге келіп, АҚШ Кубаға шабуыл жасамауға және зымырандарды Түркиядан және Италиядан да алып тастауға уәде етті.

Өткен іс кубалық-кеңестік араның алшақтай бастауына әсер етті. Бірақ, қос ел социалистік лагерь құлағанға дейін достық қарым-қатынасты қалпынан ажыратпады. 1975 жылы Кубаның көп әскері Анголадағы халықаралық интервенцияға қатысып, батысшыл фракцияға қарсы күресте жергілікті коммунистерді қолдады.

Америка әскери кемелері Кариб дағдарысынан кейін «Бостандық аралын» азат етті. Әскери-теңіз блокадасы аяқталғанымен, экономикалық шектеулер шегіне жетпей, қайта күшейе түсті.

САНКЦИЯ САЛҚЫНЫ

Эмбарго саясаты, сайып келгенде, арал экономикасына үлкен зиян келтірді. КСРО ыдырағаннан кейін Куба нарықтағы үлесінің 85 пайызын жоғалтты. Ел Венесуэла және Латын Америкасының кей мемлекеттеріне қарағанда салыстырмалы түрде гүлденгенімен, «үшінші әлем елдері» болып қала берді.

Кубаның мәліметінше, 1960 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта АҚШ санкцияларынан елге келген шығын көлемі 104 млрд долларды құраған. Америка экономикасы бұл қарама-қайшылықтан одан көп шығынға ұшырайтын көрінеді. Санкция салдарынан АҚШ экспортының жылдық орташа шығыны 1,2 млрд долларға дейін барады.

Кубалықтарға келген шығын тек ақшамен ғана шектелмейді. 2010 жылғы зерттеулерге сенсек, санкциялар денсаулық сақтау саласына тікелей әсер етіп, елде ауыр эпидемиялар орын алған. Жағдайдың жоқтығынан елде құрт ауруы құлаш жайып, медициналық құралдардың жетіспеушілігінен ауруды ауыздықтау мүмкін болмай келеді.

62 жылға созылған қоршау кезінде талап бірнеше рет күшейтілді. Демократиялық президент Билл Клинтон 1997 жылы қаулыларды біршама жеңілдетсе, бес жылдан кейін билікте болған Буш бұрынғыдан да күшейте түсті. Ол АҚШ туристерінің Кубаға келуіне тыйым салып, екі ел арасындағы қаржы мәселесіне қатаң шектеулер қойды.

Куба билігі ұзақ уақытқа созылған бұл саясатты «геноцид» деп сипаттайды. 2019 жылы БҰҰ-ның 193 елінің 187-сі АҚШ-ты санкциялардан бас тартуға шақырған қаулыға қол қойды. Бұл қос елді татуластыруға жасалған тұңғыш талпыныс емес. Бірақ, Америка үкіметі «Куба адам құқығын бұзады» дегенінен жазбайды. 2014 жылғы мәліметтер бойынша америкалықтардың 56%-ы Кубамен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді қол-дайды.

2009 жылы «Нобель» бейбітшілік сыйлығын алған Барак Обама өзінің коммунист көршілерімен бейбітшілік орнатуға тырысқан алғашқы америкалық көшбасшы болды. Кастро өз кезегінде елдегі шағын және орта бизнеске жол беріп, кей шектеулерді алып тастаса, 2013-2014 жылдары екі мемлекет басшылары Рим Папасы Францисктің қатысуымен құпия келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Американың 44-ші президенті 1928 жылдан бері аралға аяқ басқан алғашқы АҚШ басшысы болды. Ол кей шектеулерді алып тастағаннан кейін, Вашингтонда Куба елшілігі, ал Гаванада АҚШ елшілігі қайта ашылды.

Алайда, кубалықтардың көкке атқан бөріктері көпке бармай, бәз баяғы қалыпқа оралды. Обамадан кейін билікке отырған Дональд Трамп «эмбаргоның мерзімін ұзарту АҚШ үшін қажет екендігін» еске түсірді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Дайрабайдың көк сиырынан» дау басталғалы 62 жыл уақыт өтсе де, АҚШ өз позициясын өзгертуге ниет танытпайды. Вашингтон осы күнге дейін соғыстан кейін басталған бағытты жалғастырып келеді.

«Дүниенің кеңдігін қайтейін, аяқ киімің тар болса» дейді қазақ. Сол айтпақшы кең дүниеге көсіліп шығып, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып, саясатын еркін жүргізе алмаған Куба Қазақстанның егемендігін алғашқы болып таныған елдердің қатарында екендігін бірі білсе, бірі білмейді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here