Бекзат өз арманына сенді, бізді де сендірді – Сырлыкүл Шойбекова

0
6999

2000 жылы 31 желтоқсанда жол апатынан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов фәниден бақиға аттанды. Зымыран уақыт. Жиырма жасында Олимп шыңына шыққан боксшының өмірден өткеніне де 23 жылға аяқ басты. Ортамызда аман-есен жүрген болса, өткен 4 сәуірде 43 жасын ел болып атап өтер ме едік, кім білсін… Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекованың сағынышқа толы естелігін жариялап отыр.

АРЫСТАН ЖҮРЕК

«Жаратушы Бекзатты бізден бүлдіршін кезінде де алып кетуі мүмкін еді. Бекзаттың туылғанына бірнеше ай ғана өткен уақытта Түркістан қаласындағы балалар жаппай қызылшамен ауыра бастады. Бұл індет кішкентай Бекзатты да айналып өтпеді. Қызылшаны жұқтырып алған балам төсек тартып жатып қалды да, ақырында комадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер баламды «өлдіге» санап қойды. Өзім де ақ халаттылардың қатарынан болғандықтан, барлық білген ем-домдарымды жасадым. Дәрі-дәрмектер, дәрумендерді уақытында бергендіктен, Бекзаттың беті бері қарап, уақыт өте қызылшадан сауығып кетті. Алланың маңдайына жазған қысқа ғана жиырма жылын жасады ғой», – деп көзіне жас алды чемпионның анасы.

Бекзаттың жарық дүние есігін ашуының өзі ерекше болған екен. Себебі, дәрігерлер анасына екі ұлынан кейін бала көтеруге тыйым салады. Сонда да Сырлыкүл апай дүниеге үшінші баласын, 1980 жылы төртінші баласын, яғни Бекзатты дүниеге алып келеді. Дәрігерлерден қандай да бір ауыр сөз естуден үрейленіп қалған ана жүктілігіне 6,5 ай уақыт өткенде ғана емханаға тіркелуге барады. Гинеколог барлығын тиянақты тексеріп: «Бұл баланың жүрек соғысы керемет, құдды бір арыстан дерсің…» деген екен. Ол кезде ананың құрсағында болашақ батыр жатқанын кім білсін?!

СЫНҒАН ҚОЛЫМЕН ШАРШЫ АЛАҢҒА ШЫҚҚАН БОКСШЫ

«Өмірінің өлшемін білді ме, барлық нәрсені жан-тәнімен жақсы көрді. Білімге құштар болатын. Гүлдер десе ішкен асын жерге қоятын. Спортпен қатар өнерді де алып жүретін. Гитарада, домбырада ойнайтын, ән салатын. Өсе келе спорттың әр түріне қатысып жүріп, ақыры боксқа тоқтады», – дейді Сырлыкүл Шойбекова.

15 жасында бокс үйірмесінің табалдырығын аттаған Бекзат 5 жыл өтер-өтпестен алтын медальдің иегері атанады. Осындай қысқа мерзімде Олимп шыңын бағындыру кез келгеннің басына қонбайтын бақ. Осы бақыт құсы Сиднейде Түркістан тумасының басына қонды. Бір күнде қарапайым қазақ баласының аты алысқа жайылды.

1996 жылдан Бекзат биік шыңдарды бағындыра бастады. Жастар арасында өтетін сайыстарда топ жарып жүрген болашақ чемпион Шымкенттегі спорт-интернатта оқыды. 1998 жылы жастар арасында өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдені қанжығасына байласа, 1999 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия чемпионатында тағы да күміс медаль алды.

«Испанияда өткен чемпионатта Бекзат рингке сынған қолымен шықты. Бір қолымен ғана жұдырықтасып жүріп, ол күміс жүлде иегері атанды. Сонда боксшы Ермахан Ыбырайымов: «Егер сен бір қолмен ғана жүріп күмісті жеңіп алсаң, онда алдағы Олимпиадада алтын медаль шүбәсіз сенікі» деп айтқан болатын», – деп арыстан жүрек баласын мақтана еске алды Сырлыкүл апай.

2000 жылы 15 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Аустралия мемлекетінің ірі қаласы Сиднейде XXVII жазғы Олимпиада ойындары өткенін естеріңізге сала кетейік. Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында екінші рет Олимпиада ойындарына қатысты. Бас-аяғы 130 спортшы ел үмітін арқалап, алыстағы Аустралияға аттанды. Олимпиада ойындарының жалпы қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс жүлдемен 22-орынға табан тіреді. Сол жүлдегер арасында ең жасы – 20 жастағы Бекзат Саттарханов еді.

ЕРТЕ ҮЗІЛГЕН ҒҰМЫР

«Бекзаттың жасына, спорттағы жинаған тәжірибесіне қарап бапкерлері де, басқа спортшылар да көп үміт арта қоймады. Сарапшылар да «Алса – қола жүлде алады» деп қана шектелді. Ал, белгілі боксер Олжас Оразалиев Бекзатқа: «Сен ол жаққа жұмбақ боп кетіп бара жатырсың, бірақ аңыз болып ораласың», – деп айтқаны әлі есімде. Бекзатты құрамаға іріктеп жатқан уақытта Қарағандыға шығарып салып тұрғанымда маған: «Ана, жасалып жатқан сансыз болжамдарға құлақ аспаңыз, мен алтынмен ораламын», – деді. Ол өзіне сенімді болды, өз арманына сенді, соған бізді де сендірді», – деп батырдың анасы сөзін түйіндеді.

Ғасырлар тоғысында туған жері «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағын берді. Салтанатты шара уақытынан кеш басталып, түн ортасында аяқталды. Бекзат салтанатты шарадан шығысымен, анасының жайып отырған жаңа жылдық дастарханына асығады. Үйіне келіп, туған-туыстарымен мерекелік дастарханда отырып, тілек айтып, ата-анасының ақ батасын алып, Шымкентке жол жүріп кетеді. Шымкент-Самара тас жолының 38-ші шақырымында Бекзаттың көлігі аударылып, жаңа жылдың басталуына 15 минут қалғанда оқиға орнында жан тапсырады. Осылайша, ұлтына ұлы жеңіс сыйлаған ұлдың ғұмыры ерте үзілді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Батырдың өзі өмірден өтсе де, артына өшпес із қалдырды. Оның есімі бірнеше спорт мектептері мен көшелерге берілді. Тек бұл ғана емес, Бекзаттың құрметіне қаншама нәрестелерге ат қойылды, өлеңдер жазылды, фильмдер түсірілді. Ең кереметі, өзі туып-өскен қаласында Бекзаттың ең бақытты сәтін, яғни Олимп шыңын бағындырып тұрған сәттегі бейнесін көз алдымызға келтіретін ескерткіш орнатылды. Ескерткіш өз аты берілген спорт мектебінің алдында қойылды. Жыл сайын спортшыны еске алу мақсатында турнирлер өткізіледі. Сонымен қатар, Бекзат Саттархановқа арналған кішігірім музей де бар.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here